«ИТ ЖЕТЕКТЕГЕН ӘЙЕЛ» Немесе БIЗДIҢ ЕЛДЕ ОРЫС ТIЛI НЕГЕ ҚАДIРЛI?

«ИТ ЖЕТЕКТЕГЕН ӘЙЕЛ» Немесе БIЗДIҢ ЕЛДЕ ОРЫС ТIЛI НЕГЕ ҚАДIРЛI?

«ИТ ЖЕТЕКТЕГЕН  ӘЙЕЛ» Немесе БIЗДIҢ ЕЛДЕ ОРЫС ТIЛI НЕГЕ ҚАДIРЛI?
ашық дереккөзі

"Алтын ордаға" бағыт алған 128-шi автобусқа отырдым. Екi аялдамадан соң автобусқа итiмен бiрге орта жастағы орыс әйелi мiндi. Иесi орындыққа отырып, үлкен ақ ит салонның ортасына жатып алды. Келесi аялдамалардан мiнген бiр топ жолаушы үлкен иттi аттап өтуден қорқып, бос орынға отыра алмай, есiк алдында қақайып тұр.

Кондуктор: – Салон бос тұр ғой. Есiктiң алдында тұрмай, жылжыңдар, бос орын бар, — деп айқайлап қояды. – Балам, ана түйедей иттiң қасынан өтуге қорқып, бос орынға отыруға батылымыз жетпей тұр, – дедi бiр егде әйел. Кондуктор үн қатқан жоқ. – Өзгешелеге бұлар ештеңе демейдi, ал қазақ болсыншы, итiмен бiрге қуып шығар едi, – деп әлгi кiсi күңкiлдегенiмен еш әсер еткен жоқ. – Бәлкiм, тiктеп сөйлесуге оның орысшасы жетпей тұрған шығар? — дедi өзiмен құралыптас әйел. Олардың әңгiмесiн естiсе де, кондуктор назар аудармай тұра бердi… …Артқы орындықта отырған менiң ойымнан "бiздiң елде неге орыс тiлi қадiрлi?" деген сұрақ шықпай қойды. "Алтын ордаға" келгендегi жұмысымды бiтiрiп, тағы да 128-шi автобусқа жайғастым. Жас кондуктор жiгiт тiлiн бұрап, орысшалап, келесi аялдаманың атауын жеткiздi. Күйiп кеткен бiр апамыз: – Тiлiңдi қинап бұрамай-ақ, қазақша сөйлесеңшi. Қазақстанда жүрсiң. Қазақсың ғой, – деп дүрсе қоя бердi. Қызық. Бара жатқанда басқа "оқиға", келе жатқанда басқа "оқиға". Маған, шынымды айтсам, қалаға қайтудағы "көрiнiс" ұнады. – Дурыс айтады, казакша сөйлендер. Биз орис тилинде окип, коп нарседен макрум калдык. Сендер биздин кателигимизди кайталамандар, – дедi орыстiлдi бiр апамыз.– Мен елу жастан аскан сон казак тилин уйренип жатырмын, – деп қосып қойды апамыз тағы да. Демек, ұяты бар адам. Ұлттың алдында, өзiнiң ар-ожданының алдында ұяты бар адам. Жазда Түркияның белгiлi университетiнде ғылыми iс-тәжiрибеден өттiм. Сонда бiр докторанттың айтқан әңгiмесi есiме түстi. Ол: "Бiлесiңдер ме, түрiктер – өте ұлтшыл халық. Түркияның азаматтығын алатын кез-келген өзге ұлт өкiлдерiнiң төлқұжатына "түрiк" деп жазылады. Қалайсың ба, қаламайсың ба, бәрiбiр төлқұжат бойынша "түрiксiң". Өзге ұлттарды "түрiк" етудiң астарында үлкен саясат жатыр. Түркияда бiр жыл тұрған шетелдiктер осы уақыт аралығында түрiк тiлiн меңгерiп шығады. Себебi қажеттiлiк бар. Қалалық түрiк те, далалық түрiк те өзiнiң ана тiлiнде сөйлейдi. Түркияны мекен еткен кез келген ұлт өкiлi түрiк тiлiнде сөйлейдi және сол тiлдi құрметтейдi. Қызығы, Қазақстаннан келетiн орыстiлдi қазақтар да, тiптi орыстар да бiр-екi жылдың iшiнде түрiк тiлiн меңгерiп алады. Екi орыс көшеде түрiк тiлiнде сөйлеп бара жатса, таңғалуға болмайды. Түрiктер түрiк тiлiн "әлемдiк тiл" деңгейiне көтеру үшiн көп қаржы жұмсауда. Қазақстанда жоғары оқу орнын бiтiрiп, Түркияға магистратураға түскен орыстiлдi қазақ қызы түрiк тiлiн оқыту курсында төмен балл жинап, өте алмады. Жазда елге бармай, түрiк қыздарымен бiрге тұрып, түрiк тiлiн үйрендi. Тағы бiр жыл түрiк тiлiн оқып, магистратурасын бiтiрiп, елге қайтты. Сол қыз оқуын бiтiргенше елге бiр рет бармады. Бiр ауыз қазақша бiлмейтiн қыздың түрiк тiлiн үйренуге деген жанталасын көрiп, таң қалдым. "Қазақ тiлiн неге үйренбейсiң?" – десем, "Қазақстанда қазақ тiлiн бiлмесең де жақсы өмiр сүруге болады. Онда орыс тiлiн бiлмесең проблема. Жұмысқа ең бiрiншi кезекте орыс тiлiн жетiк меңгергендердi, нақты айтқанда, орыс тобын бiтiргендердi алады" – деп жауап бердi. Бiлем ғой, шындығында да, бiздiң елде солай ғой", – деп басын шайқады. Бұл мәселе тұрғысында, шынымды айтсам, докторантпен пiкiр таластыра алмадым. Шындығында да, бiздiң елде солай ғой. Қазақ мектебiн бiтiрген жақын құрбым университетте орыс тобында оқыды. Себебi оның танымынша "қазақ тобына қарағанда орыс тобында бiлiм бар". Қазақ мектебiн бiтiрген тағы бiр танысым құжаттарын орыс тобына тапсырды. Оның да жөнi бар, орыс тобына аз баллмен оқуға түсуге болады. Жасыратыны жоқ, шындығы сол. Грантқа түстi. Оның мамандығына қазақ тобына одан жиырма балл жоғары жиған балалар түсе алмай, жылады. Басқа мәселелердi термелеп айтпай-ақ қояйық, осы бiр мәселемен-ақ қаншама баланың өз тiлiне деген сүйiспеншiлiгiн жоғалтып жатырмыз. Өкiнiштi, әрине. Бұрнағы жылы түрiк тiлi курсын оқыдым. Ұстазымыз, түрiк қызы сабақты орыс тiлiнде түсiндiретiн. "Неге қазақ тiлiнде түсiндiрмейсiз?" дегендерге: "Бiлесiз бе, Қазақстанға келгенде орыс тiлiн бiлудiң өте маңызды екенiн түсiндiм. Бұл өтiрiк пе?.." дейтiн. Бiз жауап таба алмай қиналамыз. Сол түрiктер курста емтиханнан өте алмағандарды алты ай қайта тегiн оқытатын. Неге? Түрiк тiлiн көтеру үшiн! Дамыту үшiн! Кейбiр қазақ тiлiн үйрету курстарының бағасы басқа тiлдерге қарағанда өте жоғары. Және үйренуге талпынушылар саны да өте аз. Былтыр ағылшын тiлi курсына бардым. Тағы да сол баяғы… қазақша бiр сөз бiлмейтiн ағылшын сабақ арасында араластырып, орысша сөйлеп қояды. "Сiз сабақты бастан-аяқ ағылшынша түсiндiрiңiз. Бiз түсiнбейдi деген жерлерiн ғана қазақша түсiндiрiңiз" деп талап қойдық. "Мен қазақша бiлмеймiн. Онда орысша араластырмай, бастан-аяқ ағылшынша сөйлейiн" деп күмiлжiдi ол. Кiм бiледi, қазақша бiлмейтiнi үшiн оны жазғырудың қажетi жоқ шығар. Иә, қазақ тiлiн өзге түгiл өзiмiздiң қадiрлемей жүргенiмiз өкiнiштi.
15 қыркүйек
Тоты СЕРIКБАЙҚЫЗЫ, ҚазҰУ-нiң магистранты