Жаңалықтар

МҰНАЙЛЫ ҚАРАШАҢЫРАҚ

ашық дереккөзі

МҰНАЙЛЫ ҚАРАШАҢЫРАҚ

Осыдан жүз жыл бұрын, яғни 1911 жылдың 29 сәуiрiнде қазiргi Атырау облысының шығыс жағынан мұнай кенi табылыпты. Жер астында сан ғасырдан берi буырқанып жатқан қара алтын сол күнi ұңғыма құбырынан жиырма бес метр биiктiкке атқылаған екен. Ресей патшасының мұнай өндiрушiлерi бұл жердi картаға белгiлеу үшiн, жергiлiктi қазақтардан жер атауын сұраса керек. Олар: «Мына жерде Дос деген бай тұрады. Бұл жер соның келе-келе түйесiнiң өрiсi», – деген екен. Аналар жан-жағына көз жүгiртiп: «Апырай жерi сортаң жерге де түйе өсiрiп, тiршiлiк етуге болады екен-ау» – деп таңырқаса керек. Содан картаға Достың сорлы жерiнде деп белгi салады. Кейiн бұл кен орны Доссор атанып кеткен.

Мұнай өндiрушiлер арзан жұмысшы күшi ретiнде жергiлiктi ауыл қазақтарын тартыпты. Олардың жұмыс iстеуiне бүгiнгiдей қолайлы жағдай қайдан болсын. Өндiрiс құралдары да қарапайым. Жұмыстың көбi қол күшiмен атқарылады. Шөл далада кейде ауызсу да болмай, қиналған кездерi көп болған екен. Шiлденiң ми қайнатқан ыстық күндерiнде құрым киiздi көлеңке етiп, аңызық желдiң өтiнде жүрiп еңбек еткен. Ал қақаған қыста ескi киiз үйлердi паналап, күнкөрiс нәпақа табу үшiн бар қиындыққа төзiптi. Солай жергiлiктi ұлттың алғашқы жұмысшы табы қалыптасқан. Бұл аңыз емес. Жүз жыл бұрынғы ақиқат.

«Алтынды шыққан жерден қаз» демекшi, Кеңес өкiметi орнаған соң геологтар Доссор маңын жан-жақты барлап, бiрнеше мұнай көздерiн ашады. Жиырмасыншы жылдардың соңына қарай Каспий маңы ойпатының оңтүстiк бөлiгiнде үш жүзден астам мұнай мұнаралары тұрғызылған. 1931 жылы Байшонас пен Сағыз, 1934 жылы Ескене, 1935 жылы Қосшағыл кендерiнен мұнай өндiрiле бастады. Мұнайдың құрамындағы күкiрт пен парафин төмен, 70 пайызы керосиннен тұрғаны жөнiнде сол кездiң құжаттарында анықтама бар. Кейiн бұл аймақ Ембi мұнай кәсiпшiлiгi деп аталынады. Мұндағы мұнай қорының көлемi 21 млн. тоннадан 31 млн. тоннаға дейiн артқан. Екiншi дүниежүзiлiк соғысқа дейiнгi жылдары бұл кен орындарынан 700 – 750 мың тонна мұнай өндiрiп, Одақ экономикасын арттырды. Ал соғыс жылдарында мұнайды өңдеусiз танктерге құйғанын да жұрт жақсы бiледi. Бейбiт еңбек жылдары Ембi мұнайшылары бiрнеше рет Одақ көлемiндегi жарыстарда алдыңғы қатардан көрiнген.

Доссор – жасампаз еңбектiң шежiресi. «Жылыоймұнайгаз» өндiрiстiк басқармасындағы ардагерлер кеңесiнiң төрағасы, байырғы мұнайшы Аманжол Өмiров өткен өмiр жолдарын былай деп еске алды.

– Мен ұлт өкiлдерiнен шыққан алғашқы геологтардың бiрiмiн. 1956 жылы Гурьев мұнай техникумын бiтiрдiм. Еңбекке араласып жүрген кезiмде басшылар менi Мәскеудiң Губкин атындаға институтқа жiбердi. Бес жылдан соң осы Ембi мұнай кәсiпшiлiгiне жолдамамен қайта оралдым. Сол жылы Құлсары кен орындары тәулiгiне екi жарым мың тонна мұнай өндiретiн. Онда үш жүзге жуық жер асты мұнайын соратын қондырғылар болды. Солардың елуiнен мұнай жер асты қысымымен бұрқақша атқылап шығып жатты. Өзiм тiкелей Қисымбай мен Ақiнген кен орындарын ашуға атсалыстым. Бұл кен орындарының мұнайы 1200 метр тереңдiктен шықты. Арада үш ай өткен соң менi өз мамандығым бойынша геологиялық барлау жұмысына ауыстырды. Шөкеев, Рахметов, Маташов, Шақабаев секiлдi майталман геолог мұнайшылармен қоян-қолтық еңбек еттiк. Арамыздан өндiрiстен тәжiрибе жинап, ғылым жолына түскен Мырзағалиев Дүйсен деген профессорымыз да бар.

Ардагер мұнайшы Әбенов Дәрiбай:

– Мен Украинаның Львов қаласындағы бұрғылаушылар техникумын 1974 жылы бiтiрген жанмын. Осындағы кәсiпшiлiктiң бұрғылау саласында көп жылдар еңбек еттiм. Еңбегiм жанған жанмын. 1983 жылы Теңiз мұнай көздерiн игергенiм үшiн Қазақстан Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты атандым. Бұл кен орнын игеру өте қиынға түстi. Мұнай бес мың метр тереңдiктен тартылды. Естерiңiзде болар, ана бiр жылдары жер астынан атқылаған мұнай жалыны сексен метр биiктiкке дейiн көтерiлiп, бiрден игеруге мүмкiндiк бермедi. Американдық мамандарды, техникаларды көмек ретiнде пайдалануға тура келдi. Бұрғышылар өте сақ болмаса, осындай табан асты өрт қаупiнiң тууы мүмкiн. Менiң қиын мамандық деп отырғаным сол. Сол кезде мен ай сайын 530 метр жер астын бұрғыладым. Мұндай көрсеткiшке жететiндер өте аз. Мәскеуде өткен мұнай кәсiподақтарының құрылтайына екi рет делегат болып қатыстым. Он жылдай облыстық партия комитетi пленумының мүшесi болдым. Жұмысты көмекшi бұрғышыдан бастап, жылдармен тәжiрибе жинап, барлық сатылардан өтуiме тура келдi. Мұнай кәсiпшiлiгiнде бұрғышы болу оңай емес. Өнiмдiлiк солардың шеберлiгiне тiкелей байланысты. Сондықтан да қиын әрi мәртебелi мамандық. Кейiнгi он жыл бедерiнде аға оператор болып еңдек еттiм. Қаншама шәкiрттер тәрбиелеп өсiрдiм. Қазiр солардың бiрi – мынау «Ембiмұнайгаз» өндiрiстiк филиалының директоры Жұмабек Жамауов. Отбасымда он балам бар. Әйелiм Сауранбаева Алтын – «Ардақты ана». Балаларымның бiразы өз жолымды қуып, мұнайшы болып жүр.

Елiмiздiң тәуелсiздiгiнен кейiн жаңартылған техникалардың күшiмен мұнай өндiру қарқыны барынша арттырылды. Компьютер арқылы бiр орталықтан басқару тәсiлi ендiрiлiп, жұмыс көп жеңiлденуде. Жұмысшылардың еңбек етуiне қолайлы жағдайлар жасалынып, еңбек өнiмдiлiгi арттырылды. Қара алтынның арқасында ел еңсесi көтерiлдi.

Қазақстан мұнайының 100 жылдық мерекесiне арналған салтанатты жиын Атырау қаласының Махамбет атындағы драма театрынан бастау алды. Әуелi жиналған көпшiлiкке компанияның баспасөз жөнiндегi қызметкерi Дәулет Жұмадiл қазақ мұнайының тарихы мен бүгiнгi жайын баяндайтын «Атамұнай» және «Каспий: мұнай және мәдениет» кiтаптарының тұсаукесер рәсiмiн өткiздi. Содан соң салтанатты жиынды облыс әкiмi Бергей Сәулебайұлы Рысқалиев ашып, мұнайшылар мерекесi тәуелсiздiгiмiздiң жиырма жылдығымен тұспа-тұс келiп отырғанын айта келiп, Республика Президентi Н.Назарбаевтың мұнайшыларға жолдаған құттықтау хатымен таныстырды. Мұнайдан түскен пайданың арқасында облыс халқының әлеуметтiк жағдайлары жақсарғанын тiлге тиек еттi. Мұнай-газ саласының бiр топ ардагерлерi мен мұнайшы озаттарын «Алғыс хатпен» марапаттады. Содан кейiн мiнберге көтерiлген «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқармасының төрағасы Қайыргелдi Қабылдин мұнай саласындағы табыстарды айта келiп, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ төрағасы Т.Құлыбаевтың мерекеге құттықтауын жеткiздi.

– Үстiмiздегi жылдың өткен алты айында Ұлттық компанияға қарасты кен орындарынан 6 млн. 311 тонна мұнай өндiрiлдi. Бiрiншi тоқсандағы таза табысының өзi 59 миллиард теңгенi құрады. Ұлттық компанияның өндiрiстiк қызметiнiң қорытындысы оның қаржылық нәтижелерiне де оң әсер еттi. Соның нәтижесiнде компания елiмiздiң бюджетiне 251,7 млн. құйды. Алдағы он жылда Ұлттық компания мұнай өндiрудi екi есеге дейiн арттыратын болады.

Мерекенiң келесi күнi «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқармасының төрағасы Қайыргелдi Қабылдин, «Қазмұнайгаз» Барлау-Өндiру» АҚ-ның бас директоры Асқар Балжанов, «Ембiмұнайгаз» ӨФ-ның директоры Жұмабек Жамауов және ардагер мұнайшылар облыс орталығындағы «Ембiмұнайгаз» ӨФ мұнай даңқы мұражайы бар жаңа кеңсе ғимараты құрылысының iргетасын қалау салтанатына қатысты. Бұл ғимараттың екi жылдан соң пайдалануға берiлетiндiгi хабарланды.

Мұнайшылар мерекесi қара алтынның алғашқы көзi табылған Доссор елдiмекенiнде жалғасын тапты. Әуелi мұнайшылар кесенесiн жөндеуден өткiзген Байбақты ата әруағына арнап ас бердi. Содан соң жиналған қауым Доссордағы «Қазмұнайгаз» Барлау-өндiру АҚ-ның демеушiлiгiмен небәрi үш айда салынған 80 төсектiк «Ботақан» балалар бақшасының кiлтi ауыл әкiмiне тапсырылғанына куә болды. Сондай-ақ Доссордың 90 жылдығында пайдалануға берiлген дене шынықтыру кешенi қайтадан күрделi жөндеуден өткiзiлгенiн өз көздерiмен көрдi. Олар «Мұнайшы» мәдениет үйiнiң алдындағы бақтан биiктiгi 13 метрлiк «Доссор мұнайына – 100 жыл» ескерткiш мұнараның ашылу салтанатын тамашалады. Ал мәдениет үйiнде өткен жиында «Доссор ғасыры» атты деректi фильм көрсетiлiп, «Қазмұнайгаз» АҚ-ның бас директоры Асқар Балжанов баяндама жасады.

– «Қазмұнайгаз» Барлау-Өндiру» секiлдi iрi компания құрылғаннан кейiн, Доссор сияқты кен орындарының екiншi тынысы ашылды деп айтсам артық болмас. Сонымен қатар, көне кен орындарына жақын орналасқан ауыл тұрғындарының ертеңгi күнге деген сенiмi артып келедi. Ескi кен орындары өзiнiң өндiрiстiк және коммерциялық құндылықтарын жоғалтқан жағдайда да бiздiң компания өмiрiн мұнай өнеркәсiбiмен байланыстырған адамдардың тағдырына бей-жай қарамайды. Өздерiңiз бiлесiздер, компания Қошқар, Комсомол, Бек-бике ауылдарының тұрғындарын басқа жерге көшiруге қаржы бөлдi. «Доссормұнайгаз» басқармасы, жалпы «Ембiмұнайгаз» өндiрiстiк филиалының барлық мұнайгаз өндiру басқармалары секiлдi «Қазмұнайгаз» Барлау-Өндiру» деп аталатын үлкен отбасының мүшесi. Бұл отбасы күннен күнге өсiп, өркендеп, дамып келедi. Соңғы кездерi бiр үлесi сатып алынған бiрқатар компаниялар да осы отбасының құрамына кiрдi. Жаңа барлау активтерi пайда болды. Десек те осы үлкен отбасының ең маңызды мүшелерi – сiздер ардақты мұнайшылар!

Сөз соңында ол бiрқатар ардагерлер мен озат мұнайшыларды марапаттады.

Жер асты табиғи байлықтарының да таусылатын кезi болады. Оған әлгiнде ғана Балжанов мысалға алған Қошқар, Комсомол, Бек-бике байырғы кен орындарын айтсақ та жеткiлiктi. Ендi мiне солардың қатарына жер асты мұнай қорлары таусылған Байшонас пен Ескене ауылдары қосылып отыр.

Байшонас мұнай өндiру учаскесiнiң бастығы Жандарбек Тiлеумұқанұлы Ермұхан:

– Байшонас мұнай өндiру учаскесi осы Доссордың iнiсi деп айтуға болады. Байшонастан мұнай кенi шыққалы биыл сексен жыл болды. Екiншi дүние жүзiлiк соғыс кезiнде осы Байшонас кенiнен тiкелей мұнай тасылды. Әкем Ермұқан соғыстан келген соң, 44 жыл мұнайшы болып еңбек еттi. Байшонас елдiмекенiнде 380 үй, 1980 адам тұрады. Мұндағы мұнай қоры сарқылғаннан берi елдiмекеннiң күйi кеткен. Байшонас мұнай өңдеу учаскесiнде де солай. Бiз екеуiн егiз ауыл санаймыз. Соңғы жылдары орталық жылу жүйесi iстен шыққан едi. Жұрт қыстан өздерiнше қам жасап, iлдалап әзер шығатын. Бiзде аурухана, Мәдениет сарайы жоқ, балабақша 1937 жылы салынған, күрделi жөндеуге мүлдем келмейдi. Мен өзiм Мақат аудандық мәслихаттың депутатымын. Байшонастың мәселесiн аудандық мәслихат жиналыстарында үнемi көтерiп жүрдiм. Мұндағы тұрғындар қалауы Атырау маңындағы Бесiктi деген жерге көшу. Осы жөнiнде «Атыраумұнайгаз» Барлау-Өндiру» АҚ директоры А.Балжановтың және «Ембiмұнайгаз» өндiрiстiк филиалының директоры Ж.Жамауовтың аттарына арнайы хат жаздық. Бiз көтерген бұл мәселелер де әзiрге оң шешiмiн тапқандай болып отыр. Жамауовтың айтуына қарағанда бiздiң көшi-қонға бюджеттен төрт миллиардтан астам теңге бөлiнетiн көрiнедi. Ал соған дейiн биыл қыстан шығу үшiн жылу орталығындағы қондырғыны жөндеп берудi «Доссормұнайгаз» басқармасы қолға алып, ендi аз күннiң iшiнде аяқтамақ. Жұмыстың жоқтығынан жастардың көбi Атырау қаласында кеттi. Бiразы сонда мұнай университетi мен колледжде оқиды. Ата-аналары солардың тәрбиесiне, болашағына алаңдауда. Терiс ағымдағы сектанттардың ыңғайына кетiп қала ма деген күдiкпен күн кешуде. Атырау маңына қоныс аударса, пәтер жалдап жүрген балаларын қолдарына алмақшы. Айналып келгенде, бәрi сол балаларымыздың қамы ғой.

Ұлттық компанияның өздерi салғызған спорт, мәдениет кешендерi жақсы-ақ. Бұлар мұнайшылардың денсаулығын жақсартып, мәдени демалысының мәнiн көтерерi сөзсiз. Алайда мұнай қоры таусылған кен орындарындағы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту үшiн шағын кәсiпорындар қажет-ақ. Қазiргi өмiр талабы да сол емес пе.

* * *

Республикада экономиканың негiзгi тiректерiнiң бiрi – мұнай саласы. Мұнайлы өлке Атырау облысындағы үлкен кен орындарының бiрi Теңiз кешенiн толық игерудiң сәтi 1993 жылы түстi. Сол жылы Қазақстан Үкiметi мен «Шеврон» корпорациясы «Теңiзшевройл» бiрлескен кәсiпорнын құрған едi. Содан берi тәуелсiз кәсiпорын мұнай-газ өндiруде жылдан-жылға өнiмдiлiгiн арттырып келедi. Алғашқы жылы-ақ кәсiпорын 940 мың тонна өндiрсе, содан берi жетiлдiрiлген технологияның арқасында өнiмдiлiктi барынша арттыру үстiнде. Олар ағымдағы жылы 26 млн. тонна мұнай өндiрудi жоспарлап отыр.

«Теңiзшевройл» бiрлескен кәсiпорынның бас директоры Тим Миллердiң «ҚазАқпарат» тiлшiсiне берген сұхбатына қарағанда, ендi Атырау облысындағы Теңiз кенiшiнде үшiншi кезектегi зауыт құрылысын жасақтамақ.

– Қазақстанның мемлекеттiк органдарына, барлық акционерлерге үшiншi кезектегi зауытты эскиздiк жобалауға көшiруге рұқсат беру жөнiнде сауал жiберiлдi. Теңiздегi сол жаңа зауытты салу 2012 жылы басталуы тиiс. Рұқсат алған бойда бiз Теңiз кенiшiн игерудiң жаңа фазасы үшiн жұмысқа қосымша қызметкерлер қабылдауға кiрiсемiз,– дейдi ол. Үшiншi кезектегi заут пайдалануға берiлгеннен кейiн мұнай өндiру көлемi жылына 26 млн. тоннадан 36 млн. тоннаға дейiн жеткiзiледi екен.

Өткен жылы Атырау табиғат қорғау прокуроры «Теңiзшевройл» компаниясына қоршаған ортаға келтiрген зияны үшiн ҚР ӘҚБТК-нiң 243-бабымен ауа бассейнiн ластайтын заттарды жiберiп алғандары үшiн, 509520687 теңге айыппұлды мемлекет қазынасына құйған едi. Биыл олар бұл жайға сергек қарауда. Компания баспасөз қызметiнiң ақпараты «Теңiзшевройл» 2000 жылдан 2010 жылға дейiнгi кезеңде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларға 2,2 млрд. доллардан астам қаражат инвестициялағанын, ал бұл инвестициялар Теңiз кен орнынан жағылатын газдың жалпы көлемiн 94 пайызға дейiн төмендетуге мүмкiндiк беретiнiн, атмосфераға шығарылатын қалдық заттардың жалпы үлес салмағы бiр тонна мұнайға, 74 пайызға дейiн кемiгенiн жеткiзiп отыр.

«Теңiзшевройл» компаниясы Жылыой ауданының халқы үшiн «Келешек кеңею жобасының» құрылысын инвестициялауды қолға алмақшы. Бұл жобаның жүзеге асуы аймақтың әлеуметтiк-экономикалық дамуына, жұмыссыздық мәселесiнiң оңынан шешiлуiне айтарлықтай ықпал етедi. Алдын ала жасалған бағдарлама бойынша жоба 2016-2017 жылы iске қосылды. Ең бастысы шикi газ айдау нысандарымен қоса жылдық мұнай айдауды 12 млн. тоннаға арттыру көзделген. Жоба құрылысының жұмыстары кезiнде 15 мыңнан астам адам жұмыс күшiн қажет етедi. Олар вахталық әдiспен жұмыс iстейтiн болады.

«Келешек кеңею жобасының» бағдарламасына көңiл тояды. Ал бұл жүзеге қалай асады? Бар гәп сонда.

P.S. Байырғы геолог Молдияр Серiкбаев:

– 1960 жылдардан кейiн Ресейдiң Түмен өлкесiнде мұнай кендерi ашыла бастады. Сол кезден бастап Қазақстан мұнайына ақша бөлу бұрынғыдан төмендеп кеттi. Мұнайшы Салауат Шалабаев маған өзi куә болған мына жайды айтқан едi. Қазақстан Компартиясы ОК Бiрiншi хатшысы Дiнмұхаммед Қонаев мұнайшылар атынан СССР Министрлер Советiнiң төрағасы Николай Косигиннiң атына арнайы хат дайындатқан. Сол хаттан соң Қазақстан мұнайына 12 миллион қаржы бөлiнедi. Сол ақшамен Қарашығанақ пен Теңiз мұнай кендерiнiң болашағына жол ашылады. Шалабаев кейiн Оңтүстiк Қазақстан геология басқармасында мұнай бөлiмiн басқарды. Ол сол алпысыншы жылдары КПСС ОК Бас хатшысы Н.Хрущев Маңғыстау мұнайын өндiрудi Түркменияға бермекшi болғанын, Қазақстан Компартиясы ОК Бiрiншi хатшысы Дiнмұхаммед Қонаевтың қарсы болуының арқасында оның бұл ойы жүзеге аспай қалғанын, сексенiншi жылдар басында осындай жағдай тағы қайталанғанын, СССР Министрлер Советiнiң төрағасы Рыжков елiмiздiң Қарашығанақ мұнай кенiшiн Ресейдiң Орынбор мұнай орталығына қоспақшы болғанын, бұл шешiмге сол кезде де Қонаев қарсы болып, әйгiлi кен орны өз республикамыздың игiлiгiнде қалғанын да айтқан едi. Қазақ мұнайының жүз жылдық тарихында жоғары басшылықтар арасында осындай күрестер де болған. Оны тарихтан сабақ алу үшiн жұршылықтың бiлгенi жөн.

«Қазмұнайгаз» ҰК өткен алты айда өзiне қарасты кен орындарынан 6 миллион 311 тонна мұнай өндiрдi. Компанияның бiрiншi тоқсандағы таза табысы 59 миллиард теңгенi құрады.

Мақат мұнай өндiру кәсiпшiлiгiнде 96 жыл iшiнде барлығы 591 ұңғы қазылып, 3 млн. 963826 мың тонна мұнай өндiрiлiп, елiмiздiң экономикалық-әлеуметтiк базасын көтеруге зор үлесiн қосты.

Қазiргi таңда Мақат, Солтүстiк Жолдыбай, Шығыс Мақат кен орындарынан барлығы 7883477 тонна «қара алтын» өндiрiлдi.

«Доссормұнайгаз» басқармасы өткен жылдың қорытындысы бойынша 516076 тонна мұнай өндiрсе, соның 49 пайызы, яғни 252873 тоннасы Мақат, Солтүстiк Жолдыбай, Шығыс Мақат кен орындарының үлесiне тиедi.

Өткен жүз жыл бедерiнде Доссордың қойнауынан 5 миллион тонна сұйық отын, 100 миллион тонна су шығарылған.

Ғасыр шежiресiнде Доссор мұнайшылары қазақ елiнiң тарихына талай ерлiк, еңбек iстерiн жазды.

Теңiз және Корольев кен орындарында мұнай өңдейтiн «Теңiзшевройл» компаниясының мемлекетке тiкелей төлемдер сомасы 7 млрд. долларға жеттi.

2010 жылы «Теңiзшевройл» компаниясы қызметiнен мемлекет бюджетiне 9,6 млрд. доллар пайда түскен.

Әлемдiк мұнай өндiру алпауыттары АҚШ, Франция, Голландия, Ұлыбритания, Норвегия, Сингапур, Австралияда қазақстандық 27 инженер оқу-тәжiрибеден өтiп, бiлiм-бiлiктiлiгiн жетiлдiруде.

08.09.2011 ж.

Көлбай Адырбекұлы