Үш WEB-сайт ашылды
Үш WEB-сайт ашылды
Кеше Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында «balbulag.kz», «economika-gun.kz», «kazmunay.kz» атты мемлекеттiк тiлде шығатын үш web-сайттың ашылу рәсiмi өттi.
Аталмыш үш сайт «Мемлекеттiк тiлдi дамыту» Президенттiк қоры «ҚазМұнайГаз» ҰК» Акционерлiк қоғамының қолдауымен әзiрленiп отыр. «balbulag.kz» танымдық порталы балаларға арналса, «economika-gun.kz» сайты экономикалық тақырыптарға бағытталып отыр. Ал газ-мұнай тақырыбын қаузайтын «kazmunay.kz» сайты болады.
Жаңа сайттарды таныстыру үшiн баспасөз-мәслихатына «Мемлекеттiк тiлдi дамыту» Президенттiк қорының директоры Азат Шәуеев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның баспасөз хатшысы Ғалым Тұмабаев, «Абай-ақпарат» қазақ Интернет кеңiстiгiн дамыту қоры» қоғамдық қорының президентi Дәурен Қуат, «Назар» қазақ журналистерiнiң Қоғамдық қорының PR-менеджерi Жандос Смайылов қатысты.
Мемлекеттiк тiлдiң электрондық-ақпараттық кеңiстiкте дамуын қамтамасыз ету мақсатында сайттарға қолдау көрсету Қордың басты басымдықтарының бiрi болып саналады. Отандық сайттарға үнемi қолдау көрсетiп жүретiн Қор өткен жылдары да 6 түрлi бағыттағы жаңа интернет-сайттарды ашқан болатын.
Жаңадан қолданысқа енiп отырған сайттар Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасына сәйкес және Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына орай жоспарланған iс-шараның аясында жүзеге асырылған.
Сәкен ҚОЙБАҒАРОВ 08. 09. 2011 ж.