«НАША KZАША» НАМЫСЫМЫЗҒА ҚАШАНҒЫ ТИЕДI?
«НАША KZАША» НАМЫСЫМЫЗҒА ҚАШАНҒЫ ТИЕДI?
Қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл. Дәл солай ата-заңымызда нақтыланып жазылған. Қазақ халқы өз тiлiн сүйетiндiгi соншалық, «ана тiлiм» деп атайды.
Ал қазiр сол ана тiлiмiздiң қадiр-қасиетiн неге төмендетiп алдық? Аралас неке етек алып тұрғанда, тiлге деген қажеттiлiк жоқ болған заманда өз тiлiн – өзi менсiнбейтiндер саны азаймай тұр. Тiптi, қазақ тiлiн қорлап жүрген ойы таяз сықақшысымақтарға тойтарыс бермесек, ана тiлi әлi талай жыл жетiм күйден арыла алмайтын секiлдi. Бiз өзi қызықпыз! Өткенде Солтүстiк Қазақстанның бiр газетi қазақтың бiртуар ақыны Мағжан Жұмабаевты «Мағжан Пятницабаев», ал талантты әншi Бақытжан Жұмадiловтi «Бақытжан Пятницадiлов» деп жазған Бурабай аудандық «Бурабай», «Луч», Еңбекшiлер аудандық «Жаңа дәуiр», «Сельская новь» газеттерiне ештеңе жасай алмадық. Дәрменсiзбiз. Тiптi орыс тiлiнде шығатын «Степной маяк» газетi «Жилье бомжа-казаха» деген сөзжұмбақ құрастырып, қазақтың намысына тиiп едi, оның өзi у-шудың арқасында небәрi 150 мың теңге айыппұл төлеп құтылып кеттi. Бұл не масқара! Басқа тiлдегi басылымдар қазақ тiлiн күлкiге айналдырып жатқанда, өзiмiздiң қаракөздерiмiз ұлттық болмысымызды арзан сайқымазақ етуде.
Отандық телеарнада күн сайын қазақ халқы мен тiлiн келемежге айналдырып жүрген «Наша KZашаны» көзге iлмейтiнiмiз қалай? Олар сатира жанрын қарық қылып меңгермегенi бiр бөлек, өз тiлiн өздерi жете түсiнбей ме деймiн. Тiптi, үндемеуiмiздiң салдарынан ана тiлiн қорлап, намысымызға тиiп жүр. Масқарасы сол, осы бағдарламаның жiгiттерi (қаракөз қазақ балалары) салт-дәстүрiмiз бен әдет-ғұрпымызды да мазақ етiп болды. Мысалы ұлттық болмысымызды паш ететiн «Беташар», «Айтыс» сияқты дәстүрiмiздi бөтен тiлмен былғап, көрерменге күлкi етуде. Ашынғаным соншалық, «Наша KZашаға» қарағанда жатжұрттың «Пятницабаев» дегенi айналайын ба деп қалдым.
«Наша KZашаны» телеарнаға тықпалай беретiндердiң пиғылы айтпаса да түсiнiктi. Қазақтың тiлiн, дiнiн, дiлiн, дәстүрiн, сондай-ақ ұлттық құндылығымыз – айтыс пен беташарды келемеждеуге дәтi қалай барады? Жүрегi мен қаны «қазақ» деп соқса, мұндай бассыздыққа бармас па едi, кiм бiлсiн?! Бiр өкiнiштiсi, бұл жiгiттердiң аты қазақ болғанымен, заты басқа сияқты. Менiңше, әуелi сыртқы жаудан бұрын iшкi жаудың қауiптi екенiн естен шығармаған жөн. «Жау жағадан алғанда, бөрi етектен» демекшi, сол бөрiлер «Наша KZаша» сияқты iшкi iрiткiлерден шығатын сияқты.
Өзифа ЖАТҚАНБАЙҚЫЗЫ,
«Мемлекеттiк тiлге құрмет» бiрлестiгiнiң хатшысы
08. 09. 2011 ж.