ТYРIКТЕР ТЕЛЬ-АВИВТI ТЕЗГЕ САЛМАҚ
ТYРIКТЕР ТЕЛЬ-АВИВТI ТЕЗГЕ САЛМАҚ
Түркия мен Израиль арасындағы дипломатиялық, әскери қарым-қатынасқа сызат түстi. Еврей елшiсiн елiне түре қуған түрiктер Тель-Авивтi халықаралық сотқа бермек. Ал 9 түрiк азаматын оққа байлаған Израиль қаза тапқандардың отбасына өтемақы төлемек тұрмақ, кешiрiм сұраудан бас тартып отыр.
Түрiктер мен еврейлер арасындағы шиеленiс ушығып барады. 2010 жылдың мамырында түрiктердiң Газа аумағына қарай бағыт алған «Бостандық флотилиясын» (флотилия — кейбiр елдердiң әскери-теңiз күштерiндегi оперативтiк бiрлестiк немесе құрама. Белгiлi бiр теңiз, өзен немесе көл ауданындағы әскери мiндеттердi орындайды) Газаға кiргiзбеуге тырысқан текетiрес барысында 9 түрiк азаматы израильдiк әскерилер қолынан қаза тапты. Екi елдi достастыруға тырысқан БҰҰ даудың неден туындағанын және қай жақтың кiнәлi екендiгiн анықтау мақсатында арнайы комиссия құрды. Тексеру жұмыстарын жүргiзген Джеффри Палмердiң комиссиясы «Газа аумағын сыртқы дүниеден оқшаулау халықаралық құқықтық талаптарға сәйкес келедi. Ал екi жақты текетiреске израильдiк әскерилер де, «Мави Мармара» кемесiндегi түрiк азаматтары да кiнәлi» деген шешiм шығарды. Жерорта теңiзiнiң жағалауындағы Газа аумағы шығысы мен солтүстiгiнде Израильмен, оңтүстiк-батысында Египетпен шектеседi. Ұзындығы 50 шақырымға созылатын Газа аумағының енi 6-12 шақырымға жуық, ал жалпы көлемi 360 шаршы шақырымға тең. 1947 жылғы БҰҰ-ның Палестинаны араб және еврей мемлекеттерiне бөлу жоспарына сәйкес, Газа аумағы араб мемлекетiн құру үшiн қарастырылған болатын. Жер дауына әкеп соққан бұл шешiм 1948-1949 жж. араб-израильдiк соғыстың туындауына себеп болды. Жер дауы әлi күнге созылып келедi. Бүгiнде сыртқы ортамен байланысы шектелген Газадағы адамдарға гуманитарлық көмек жеткiзудiң өзi қиынға түсуде. «Мави Мармара» кемесiндегi түрiк азаматтардың оққа ұшуына да Газаға бағытталған көмектi жеткiзу себеп болған едi. Джеффри Палмердiң комиссиясы Израильдi қайтыс болған түрiк азаматтарының отбасыларына өтемақы төлеуге және ресми түрде Түркиядан кешiрiм сұрауға шақырған. Алайда Тель-Авив өтемақы төлемек тұрмақ, кешiрiм сұраудан да бас тартты. Израильдiң премьерi Биньямин Нетаниягу БҰҰ баяндамасын кейбiр ескертулер мен түзетулер енгiзе отырып, ресми түрде жарияланғаннан кейiн қабылдайтындықтарын көлденең тартқан. Ашуға мiнген Анкара еврейлер жерiндегi төтенше және өкiлеттi елшiсiн елге шақырып алып, Түркиядағы израильдiк дипломатия қызметкерлерiне 2011 жылдың 7 қыркүйегiне дейiн Түркиядан кетудi талап еттi. Сейсенбi күнi түрiктердiң премьерi Реджеп Тайип Ердоған Түркия мен Израильдiң қорғаныс саласындағы, сондай-ақ әскери-өндiрiстiк кешен тауарларының саудасына қатысты қарым-қатынасын тоқтататынын, Анкараның жаңа антиизраильдiк санкциялар дайындап жатқанын мәлiмдедi. «Израиль әрдайым ерке баланың рөлiнде ойнады. Бiрақ бұл жолы басқаша болады. Бiздiң кемелерiмiз Ақ теңiзге жиi-жиi шығады» («Yeni safak» газетi, «Israil s1mar1k oglan rolunde»). «Теңiзге жиi шыға бередi» деген мәлiмдеменiң астарында «Газа аумағына бағытталатын гуманитарлық көмектi тоқтатпаймыз» деген сес жатыр. Израильдiк дипломатиялық қызметкерлердi елдерiне түре қуып, әскери қатынасын үзуге бел буған шешiмдерiн «А» және «Б» жоспарларымен белгiлеген Ердоған алда «С» жоспары тұрғанын айтты. Жуырда ғана Түркияның сыртқы iстер министрi Ахмет Дауытоғлы «Өзiн халықаралық заңдардан жоғары қоятын Израильдiң жауап беретiн кезi келдi» дей келе, екi ел ел арасындағы сауда қатынасы да үзiлуi мүмкiндiгiн және Анкара БҰҰ Халықаралық сотына Тель-Авивтiң үстiнен шағым түсiретiнiн жеткiзген.
Ердоғанның мәлiмдемесiнен кейiн пiкiр айтуға қызу кiрiсiп кеткен халықаралық қауымдастық өкiлдерi екiге бөлiндi. Олардың бiрi «түрiктер Газа арқылы ислам әлемiндегi өктемдiкке ұмтылады» десе, ендi бiрi «Халықаралық құқықты жиi сақтамайтын Тель-Авивтi тезге салу керек» деп Анкараның шешiмдерiн құптайды. Кемедегi жанжалдан кейiн аралары суып кеткен екi елдiң келешек қатынастары қалай өрбитiнi әзiр белгiсiз. Бiрақ түрiк премьерi Ердоған БҰҰ тарапынан тыйым салынғанына қарамастан, жақын арада Газа аумағына өзi барып қайтатынын мәлiмдедi.
08.09.2011 ж.Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ