Жаңалықтар

ТАСТАҒЫ ДАСТАНДАР

ашық дереккөзі

ТАСТАҒЫ ДАСТАНДАР

Кез келген ғылым атаулының, оның iшiнде қоғамтану саласындағы танымдық iлiмдердiң ұлттық идея мен мүдде, таным аясы тұрғысынан тұжырымдалып, тұғырлы iлiмге айналуы өте күрделi үрдiс. Өйткенi iргелi iлiм – сол қоғамның барлық болмысын қамтиды және сол ұлттың рухани тарихаты дүние жүзiлiк мәдениет мағрифатында мойындалуы тиiс. Бұл – нақты заттай және көркем ойлау қабiлетi арқылы шешiм қабылдауға жетелейтiн тәуелсiз сана, тәуелсiз ойлау жүйесi, тәуелсiз таным, тәуелсiз идея, тәуелсiз тарихат, тәуелсiз руханият, тәуелсiз пiкiр, тәуелсiз қорытынды, тәуелсiз тұжырым сияқты алғышарттарды талап ететiн жалпыұлттық өркениеттi анықтайтын парасат деңгейi. Көшпелiлер әлемiмен, түркi дүниесiмен тiкелей тамыр тартып жатқан қазақ елi үшiн сондай түбiрлi iлiмннiң бiрi – түркология. Бiздiң тәуелсiздiгiмiздiң тұғыры мен тарихының өзi осы түркi руханиятымен қатпарласып, астасып, арқаласып жатыр. Қазақ елiнiң тектiк, танымдық, ұлттық тарихын суыртпақтағымыз келсе ең алдымен жүгiнетiн жөргемiз, жатқызатын тiгiсiмiз, сөгетiн көбемiз осы. Онсыз әдебиеттану, тiлтану, мәдениеттану, дiнтану, тарихтану, қоғамтану, пәлсафа, аймақтану, жағырафиятану, саясаттану, заңтану сияқты iргелi ғылымдардың iргетасын қалай алмаймыз. Бүгiнгi таңдағы аталған ғылымдардың жаттанды, яғни, сақ, скиф тайпалары – ирантiлдес, ғұн тайпасы -монғол-шүршiт тiлдес деп Қазақстан тарихында баса айтылмас едi. Мұның себеп-салдары неде, неге осынша өзiмiздi өзiмiз тексiздендiруге жол бердiк, таным тамырымызды неге таяздан iздедiк?

"Отырар кiтапханасы" ғылыми орталығының ғылыми жобасы бойынша Түркiтану және алтайтану орталығымен қанаттаса жүргiзген "Қазақ жазуы тарихы" туралы зерттеудi жүргiзу және "Жазу тарихы мұражайы" оқу-әдiстемелiк мұрағатын жасақтау барысында, сондай-ақ, "Қазақ қолжазбалары" атты он томдық ғылыми жоба аясында қамтылуға тиiстi осы салада жарық көрген азды-көптi, көлемдi-шағын еңбектермен танысып шыққаннан кейiн және осы тақырыпты қырық жылдан берi түркi тарихымен, археологиямен, жалпы тарихпен, тiлмен, әдеби жазба үлгiлермен, көркемөнермен, жазу тарихымен байланыстыра зерттеп келе жатқан көрнектi түрколог филология ғылымының докторы, профессор, "Күлтегiн" сыйлығының иегерi Қаржаубай Сартқожаұлының "Байырғы түрiк жазуының генезисi" (2007) атты көлемдi монографиясын және "Орхон ескерткiштерiнiң толық атласының" I томын (М.Жолдасбековпен бiрге. 2005), жеке авторлығымен дайындалған II томын (2011) оқып шыққан соң осы сұрақтар ойыма оралды және түйткiлдi түйiндердiң себебiне көзiм жеткендей болды.

Сөйтсем, танымдық түйткiлдiң басты себебi, бiзде қазақстандық түркологияның тұжырымдамасын былай қойғанда, бұл iлiмнiң тұғыры негiзделе қаланбапты. Өздерiн түркiтанушы ретiнде танытатындар бар және көп, бiрақ нағыз түркiтанушы жоқтың қасы. Көне түркi жазба ескерткiштерiн түпнұсқадан оқып, тiлтану тұрғысынан зерттеп, тiкелей аударма жасаған С.Аманжолов, А.Аманжолов, А.Құрысжанов, Ғ.Айдаров сияқты тұлғаларымыздың еңбектерiмен түркiтану iлiмi тоқырап қалғандай екен. Өйткенi, әлемде 18 мыңнан аса көне түркi жазба ескерткiштерi мен таңбаларының 5-6 мәтiнi ғана, оның өзiнде Томсен, Радлов, Малов, Рамстед, Самойлович, Айдаров аударған нұсқаларды ғана малданып, соны жаңғыртумен ғана шектелiп келедi екен. Яғни, белгiлi мәтiннiң оқылуы мен тоқылуына шолу жасап, тиiрменнен өткен кебектi (иә, кебектi! Өйткенi дәнi ғылыми айналымға түсiп кеткен) қайтадан араластырып, өзiнше електен өткiзгенсiп, баяндап берудi машық етiп алыпты. Бұл – бiздегi түркология iлiмiнiң тарихы басқа ұлт өкiлдерiнiң көзiмен жазылған, солардың пiкiрiн пайдаланып қана тәуелдi тұжырым жасап келемiз деген сөз. Өзге-өзге, түркiтанудың тәуелсiз де iргелi, тұғырлы тұжырымдамасы қазақ қоғамтану ғылымы үшiн аса мүдделi iлiм саласы болып табылуы тиiс едi. Басқаны былай қойғанда, осы уақытқа дейiн немiс, француз, орыс, қытай, монғол, түрiк, қырғыз (!) ғалымдары түпнұсқадан аударған 300-ге тарта мәтiннiң өзi қазақ жұртшылығы үшiн беймәлiм қалпында. Сол аудармаларды көшiрiп басып, ғылыми түсiнiктеме жасап, тым құрығанда "кебегiн қалқып" беру де ойымызға оралмапты.

Әлмисақтан осы заманға дейiн түркi, оның iшiнде қазақ елi де пайдаланған 16 әрiпте жазылған, Тұрфаннан, Дунхуаңнан, Ши-аньнан, Енесей аңғарынан, Пенжикенттен табылған мұралар – әфсаналар, драмалық дастандар, жоқтаулар, тәңiрлiк тәпсiрлер, азасөздер мен аманат сөздер Қытайда 300 том етiп жариялану үстiнде. Түркi әлемiнiң тұғыры саналатын қазақ мемлекетi мұндай мұрадан қалай тыс қалады? Әлгi түркiтаушыларымыз қайда? Қытайдағы ғылыми сапармен жүрген алты айдың iшiнде және ондағы түркiтанушы тарихшы, тiлшi, әдебиетшi ғалымдармен тереңдеп ашық әңгiмелескен кезде ойға түйгенiм жоғарыдағы 300 том еңбек тек қана ұйғыртану мен моңғолтану тұрғысынан түсiндiрiледi. Түркiтану деген сөз астарлап та айтылмайды. Қытайдың маңдайалды түркiтанушысы, түркология саласы бойынша Бас сыйлықтың иесi, қазақ тiлiн мақалдап, тектеп, түбiрлеп сөйлейтiн Гың-шы Мин ғұламаның маған күйiне әрi аманат ете отырып, тектi дегдар: "Менiң бiр қазақ ғалымдарына таң қалатын бiр жайым бар. Қазiргi түрiк, әзiрбайжан, өзбек, түрiкмен, ұйғыр, монғол, татар сияқты халықтардың түркi мұралары боп табылатын жазба ескерткiштерде тiкелей қазақ халқының мұрагерлiк құқы бар. Қай жағынан алып қарасаң да тарихи дерек те, мәтiн де, тiлi де соған негiз қалайды. Туыстас тұқымдарың оларды меншiктеп алды. Менiң осындай пiкiрiме ұйғыр шәкiрттерiм қарсы шығып, мақала жазып та жатады. Егерде мына тәуелсiздiк тұсында негiздеп, құқықтық тектерiңдi дәлелдей алмасаңдар, онда ол мұралардан мүлдем айырылғандарың. Еуропа ғалымдарының пiкiр-тұжырымдары қалыптасып қалады. Оны өзгерту меншiктеуде де қиынға соғады. Көшпелi қазақ дегеннен құтыла алмайсыңдар. Қазақтардың жариялаған түркология туралы зерттеулерiнен тұрақты мағлұмат алып тұрамын. Ондай еңбектi көре алмадым. Жалқаусыңдар ма, паңсыңдар ма, жоқ, шынымен сауттарың жетiспей ме?", – деген сөзiнiң мәнiн ендi түсiнгендеймiн. Шындығында да, бiзде түркологияда өзiндiк жаңалық ашқан ғалым жоқтың қасы екен-ау.

Сонымен қатар, Алтайдың Ресей қапталынан 60, монғол Алтайынан 20 жазу табылғаны, олардың оқылғаны туралы Қ.Сартқажаұлының кiтабынан мағлұмат алғанда, Алтайдың Қытайдағы аңғары мен Қазақстандағы төскейi тұсынан бiр жазудың табылмағаны таңғалдырды. Ендi табыла қоюы қиын. Өйткенi күнгейi мен төскейiн су қоймасы басып қалған. Ол үлкен арман болсын, ал жаңағы 80 жазудың мәтiнi неге бiзге осы күнге дейiн бейтаныс? Осындайда Гың Шы-Мин дегдардың сөзi есiме түсiп: "Бiрiңе түсiңде аян берiп, бiрiңе әулие жол көрсетiп, бiрiңе "ассисентiң" көмектесiп "көсем болған ғұламалар", сендер қайдасыңдар. Жорта жорысаңдар да жолда қалмасаңдаршы?", – дегiм келедi.

Мiне, "Жазу тарихы мұражайы" оқу-әдiстемелiк мұрағатын жасақтау, сондай-ақ, "Қазақ қолжазбалары" атты он томдық ғылыми жобаны негiздеу барысында Қ.Сартқаожа ұлының монографиясын оқи отырып өзiммен-өзiм таласып, өзiме-өзiм сұрақ қойып, жауабын таба алмаған алғашқы үстiрт әсерiм осындай ойға жетеледi. Тауыса оқып, қайталай парақтап, тереңiне таман байырқалағанда байқағаным, жоғарыдағы түйткiлдi жайлардың бiреуiне, түркi жазуының шығу тегiне, оның тарихи жолына, қалыптасу кезеңдерiне, пайда болған тарихи шарттарына, түркiнiң ойлау жүйесiнiң тұрақтануына, әр қарiптiң дыбысталуы мен тұлғалануына, тұрлаулануына, бәдiзделуiне қатысты пiкiрлер "Байырғы түрiк жазуының генезисi" атты монографиясында барынша жан-жақты қамтылып, тұжырым дәрежесiде зерттелiптi. Сондықтан да, үш жүзге тарта мұқым көне түркi жазуын тұтастай қамтымасақ та (ол бiр жобаның аясына симайды және мүмкiн де емес), барды ұқсата жинақтап, мүмкiндiгiнше жүйелей отырып, жаңа мәтiндердi қамтып, назарға ұсыну мақсаты көзделiп едi. Бастапқыда көшпелiлер өркениетi мен түркi жұрты жазуының пайда болуының алғышарттары, даму жолы, қалыптасуы туралы толық ғылыми мағлұмат беру талпынысы жасалып едi. Iс барысында оның ондаған ғылыми бағыттарды бiрiктiретiн аса күрделi зерттеу екенi, бiр жоба мен бiр-екi ғылыми орталық игере алатын тақырып емес екенi анық байқалды. Сондықтан да, жалпы жазу тарихы мен түркi жазуы тарихына қысқаша кiрiспелiк мағлұмат берумен шектелуге тура келдi. Ал бұл басылымға тек Орхон өңiрiнен табылған жәдiгерлердiң мәтiндерi ғана iрiктелiп алынды. Ал Енесайдан табылған жазулардың өзi жеке жинақтың жүгiн көтеретiнi анық. Жазу тарихы мен түркi жазуының тегiн тектемей кету – қандай да бiр сылтауды көиермейтiн болғандықтан да қысқаша шолуды назарға ұсынуды лайық санадық.

II.

Жазу – адамзаттық ақыл-ой парасатының жемiсi, адамның сәби санасын тербетiп, өркениетке тәрбиелеген ой ұйытқысы. Ол кеңiстiктер мен уақыт арасындағы тылсымдарды байланыстырды. Сол арқылы дүниетаным мен тарих тәжiрибелерi жинақталып, рухани мәдени құндылыққа айналды. Егерде жазу өнерi дүниеге келмесе, онда адамзат тарихы мүлдем басқаша жолмен дамыр едi. Тастағы таңбалардан бастап бүгiнгi қалыптасқан әрiп үлгiсiне дейiн жазу тарихы төрт түрлi (пиктографиялық, идеографиялық, буындық және әрiптiк-дыбыстық) даму дәуiрiнен өттi. Бұл – адамның ойлау мен сөйлеу қабiлетiн байланыстырды, сөздiк қорын молайтып, тектiк тiл жүйесiн қалыптастырды.

Адамзаттың даму тарихындағы көшпелiлер өркениетiн қалыптастырып, "мәңгiлiк ел" идеясын ұсынған, қазiр өзара тамырлас 33 тiлде 30-дан астам диалектiде сөйлейтiн түбi бiр түркi жұрты өзiнiң әлмисақтан бергi тарихында 16 жазу үлгiсiн қолоданды.

1. Фразограммалық шолу. Байырғы түрiк бiтiгтiң бастау қайнары осыдан 20-15 мың жыл бұрынғы тас бетiне сызылған петроглифтен басталады. Пиктографиялық бұл идеограммалар Еуразия құрлығында мол сақталған. Соның бiрi Солтүстiк Алтай жотасының Хойт-Ценхер үңгiрiнен табылған суреттер (А.П.Окладников. Цетнтральноазиатский очак первобытного искусство.// ВАН. 1967, №1. – 108 стр.) Бұл идеограммалар жазу тарихында фразограммалық жазулар деп аталады. Екiншi бiр үлгiсi жыл қайрудан бұрынғы 14-10 мың жыл бұрын тасқа қашалған Аршан-хад таңбалары (Э.А.Новоградова. Аршан-хад древнейший памятник изобразительного искусства Восточный монголий // История и культуры Центральной Азии. 1983 с., 306 – 310).

2. Бiтiк жазуы өзiнiң даму тарихының келесi кезеңiнде логограммалық – мағыналық суреттер сызу деңгейiне көтерiлдi.

3. Үшiншi кезеңде буындық жазуға көштi.

4. Фонограммалық (дыбыстық) жазу сатысы байырғы түрiк бiтiгi (руника) жазуын өмiрге әкелдi. 552-580 жылдары аралығында оның грамматикалық ережесi жасалып, ежелгi түрiк бiтiгiне реформа жасалған екен (Сартқожаұлы Қ. Байырғы түрiк жазуының генезисi. Астана, 2007. – 93-153 беттер).

Байырғы түрiк әлiпбиi фонограммалық кезеңнен бастап әлiпбилiк жазу үлгiсiне ауысқан. Бұл б.з.б. IV-II ғ.ғ. аралығын қамтиды. Ол дәуiр Х ғасырына дейiн қолданыста болғаг. IХ ғасырынан кейiн соғды, соғдыдан бас алған ұйғыр (мұны бiраз зерттеушiлер найман жазуы деп дәлелдейдi) жазуын қабылдады. Ал Х ғасырдан бастап арап әлiпбиiне көше бастады. Соғды жазуынан кейiнгi жазулар түркi "санасына өгей әлiпбилер". А.Байтұрсынов байырғы түрiк бiтiгiнiң ғылыми жүйесiн 1400 жылдан соң жаңғыртып, араб графикалы қазақ (төте) әлiпбиiне көшiрдi.

5. Түркiлер VII – VIII ғасырларда қытай иероглифiн дипломатиялық қатынаста жазуы ретiнде қолданған. Оның тарихи дерегi – Ордабалық қаласындағы үш тiлдi ұстындағы қытай мәтiнi. Бұған Қарағол (Қара өзен) ұстынын және де басқа сол сияқты тарихи мұраларды жатқызуға болады.

6. Брахми жазуын байырғы түрiктер IУ-УI ғасырларда дипломатиялық қарым-қатынас құралы ретiнде қолданған. Күйiстолғай (Кiндiк төбе), Бұғыты, Ордабалық ұстынындағы мәтiндер соның бұлтартпас дәлелдерi.

7. VI– VIII ғасырларда түркiлер соғды жазуын еларалық мәмiлегерлiк iсiне пайдаланған. Бұл кезеңде соғды тiлiндегi көптеген дiни уағыз дар аударылған. Дерегi: Ордабалық ескерткiшi және Бұғыты ұстыны.

8. Бiрiккен түрiк қағанат дәуiрiнде (789 жылдан бастап) Тоғыз-оғыз (керей), Сегiз-оғыз (найман) тайпалары соғды жазуының бiрнеше әрiптерiн, жазудың жазу бағыттарын өзгертiп пайдаланды. Ол әлiпбидiң негiзiнде VIII-ХVII ғасырлар аралығында жүздеген кiтап жазылды. Атақты "Құтадғу бiлiктiң" (Жүсiп Баласағұн) бiр нұсқасы – "Алтын жазық", "Бал ашу кiтабы" сияқты еңбектер осы ұйғыржын-соғды жазуымен сақталған.

9. Манихей жазуы. Бұл әлiпбидi ту баста Қосөзендiк Мани деген адам манихей дiнiн өмiрге келген кезден бастап енгiзген. Манихей әлiпбиi III ғасырда пайда болды. Ол түркiлердiң арасында шамамен 760– 805-жылдар аралығында қолданыста болды. Манихей әрпiмен жазылған кiтаптардан түрлi аудармалар жасалған. Манихей әрiпiмен әлемге әйгiлi "Хаустуанафт" (Покаяннная молитва манихейцев VII-VII в.в.), "Бөгү-қаған жазбасы" (VIII ғ.), байырғы түркi өлеңдер циклi, манихей дiнiнiң трактаттары жазылған.

11. Араб әлiпбиi. Араб әлiпбиi ислам дiнiне дейiн қалыптасып үлгерген. Араб жазуының бiрнеше түрi болған. Оның бiрi – геометриялық куфилiк жазу (Месоптоманның Куфа қаласының атымен аталған). Байырғы ескерткiштер мен ақшаларда ХII ғасырға дейiн пайдаланған. "Құран" осы куфи жазуы арқылы тараған. Араб әлiпбиiнiң екiншi түрiн "насх" деп атаған. Бұл бүгiнгi кiтаби араб жазуының қарпi.

12. Сириялық әлiпбиi. Христиандық әдебиеттер "экстрангел" деп аталған Сирия жазуын V ғасырдан бастап пайдалана бастаған. Шығыс сириялықтар сСрия жазуының несторион нұсқасын, ал батыс сириялықтар "серито" деп аталатын нұсқасын пайдаланды. Бұл жазулармен христиан дiнiнiң уағыздары, Талас бойындағы құлыптастардың эпитафиясы жазылған.

13. Қидан жазуы. ХI-ХII ғасырда "қара қытай" деген атпен белгiлi болған моңғол тектес халық. Қидандарда "үлкен" немесе қытай иероглифi, "кiшi" немесе қиданның ұлттық иероглифi болған. Осы кiшi жазумен мыңдаған шежiре, кiтаптар, деректер, ескерткiштер қалған. Өкiнiштiсi, бұл жазудың бүгiнге дейiн кiлтi табылған жоқ.

14. Моңғол жазуы (ХIII-ХХI), жоғарыдан төмен қарай жазылады. Шыңғыс ханның қолына тұтқынға түскен найман мемлекетiнiң Таян-ханының хатшысы Тататуңға қағанның бұйрығымен ұйғыр әрiпiнiң негiзiнде моңғол жазуын жасап шығарған. Бұл жазумен "Құпия шежiре", "Алтын шежiре", "Қазыналар қоры", "Ганжурдың" 105 томы, "Данжурдың" 215 томы сияқты ғылыми еңбектер жазылған. Монғол жазуының негiзiнде ойраттар – "тот" (анық), манжур ханы Нұрхаштың бұйрығымен Дахай деген оқымысты 1632 жылы "манжу" жазуын өмiрге әкелген.

15. Армян жазуы (V ғ.). Солдан оңға қарай жазылатын аршакид (пехлеви) әрiпiнiң негiзiнде жасалған. Оның жазбша және баспаша түрi бар. Түркi-қыпшықтар осы армян жазуын пайдалана отырып, түркi-қыпшақ сөздiктерi мен уағыздық әдебиеттердi дүниеге әкелдi. Бұл әлiпби әлi күнге дейiн пайдаланылады.

16. Қазақ әлiпбиi. Қазақ жазуы. Ахмет Байтұрсынұлының әлiпбиi (ХХ ғ.). IХ ғасырдан берi қолданып келе жатқан әлiпбидiң негiзiнде қазақ тiлiнiң дыбыстық жүйесiне негiздеп, оған жаңа әрiптiк таңбалар қосып (ә, ң, ғ, з, қ, ө, ү, ұ) жасап шыққан. 1912 жылдан бастап қазiргi күнге дейiн пайдаланып келедi. Шығыс Түркiстандағы қазақтар қазiр де осы әлiпбидi қолданады.

17. Латын әлiпбиi (1928-1940). Қазақ ұлтының он жыл көлемiндегi рухани мұралары осы әрiппен жазылады.

18. Криллица. Қазақстандағы қазақтар 1940 жылдан бастап қазiрге шейiн қолданып келедi.

Бұл жазуларда түркiлiк психология, түркiлiк ой-сана (мышление) жоқа тән. Байырғы түркi бiтiг (жазу – runik) түркi халықтарының әлем өркениетiне қосқан қомақты үлесiнiң бiрi. Осы жазудың шығу тегiне байланысты батыс ғалымдары еуропашыл көзқарасқа негiзделген сыңаржақ пiкiрдi ұстанып келдi. Еуропаның түркiтанушылары байырғы түркi бiтiгiн арамей, семит, соғды жазуынан шыққан деген дәлелсiз, дәйексiз сараптамалар жүргiзуде. Олар түркi халықтарын рухани құндылық жасайтындай деңгейге көтерiле алмаған халықтардың қатарына қосты.

Мiне, түркi жазуларының тарихына қысқаша шолуды осымен тәмәмдаймыз.

III.

Ендi "Байырғы түркi жазба ескерткiштерiнiң" "Орхон мұралары" атты томды баспаға дайындаған көрнектi ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының еңбектерiнен қысқаша мағлұмат бере кетемiз. Монғолдың түркология мектебенiң түлегi Қ.Сартқожаұлы ұзақ жылдар бойы көне түркi ескерткiштерi мен жазуларын зерттеумен айналысты. Бiрнеше жаңа жазба ескерткiштердi тауып, тұңғыш рет ғылыми айналымға түсiрдi. Қазақстанның түркология iлiмiн дамыту мақсатында 2001 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiне шақырылды. "Түркi эпиграфиясы" бөлiмiн ашты. Кейiн бұл бөлiм кеңейтiлiп "Түркiтану және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығына" айналды.

Өткен 10 жыл iшiнде Орталық түркi халықтарына ортақ Еуразия құрлығындағы жазба деректердi iздестiру, жинау, ғылыми айналымға енгiзу жұмыстарымен айналысты.

Университеттiң жанынан "Жазу тарихы мұражайы" ашылды. Түркi жұртының 3 000 жылдық жазу-сызу өнерiнiң тарихын қамтитын көрнекi мұрағаттар мен ескерткiштер, Күлтегiн, Елтерiс, Құтлұғ қағандардың бас мүсiндерiнiң көшiрмелерi мұражайға қойылды. "Күлтегiн" атты тарихи-деректi фильм түсiрiлдi.

Моңголияға бес мәрте, Оңтүстiк Сiбiрге (Алтай, Тува, Хакасия) 2 мәрте, Орталық және Батыс Қытайға 2 мәрте ғылыми экспедиция жасақталып, ғылымға белгiлi-белгiсiз 600-ге жуық түркi жәдiгерлiктерi мен 200-ге жуық көне ұйғыр графикасымен жазылған деректер орталық қорына жинақталды. Соның қатарында Орта ғасырдың классикалық жәдiгерлерi – М.Қашқари сөздiгi, "Қутағу бiлiк", "Әл адап сөздiгi", қыпшақ тiл материалдары т.б.бар. Сол ғылыми экспедиция нәтижесi туралы 150-ге жуық ғылыми мақаласы жарық көрдi және оның мынандай iргелi еңбектерi жарық көрдi: "Объединенный каганат тюрков (в 744-760г)", Астана, 2002 г. (15 п.л.); "Орхон мұралары", Астана, 2003ж. (30 б.т.); "Орхон ескерткiштерiнiң толық атласы". I том. (М.Жолдасбековпен бiрге). Астана, 2005 ж. (60 б.т.); "Атлас Орхонских памятников" (в соатворства М.Жолдасбековым). Астана, 2007 г. (60п.л.); "Байырғы түрiк жазуының генезисi". Астана, 2007 ж. (21 б.т.); "Орхон ескерткiштерiнiң толық атласы" II том. Астана 2011 ж. (60 б.т.).

"Қазақ қолжазбалары" атты он томдық жобаның II томына арнайы орындалған бұл басылымда жиыны 17 көне түркi жазба ескерткiшiнiң мәтiнi енiп отыр. Бұрыннан ғылымға мәлiм "Күл-тегiн", "Билге қаған", "Тұй-ұқұқ", "Күүлi-чор", "Онгин", "Тэс", "Теркiн", "Ел-етмiш Бiлге қаған" (Моғойн Шинэ-ус ұстыны) жазулары ғалым тарапынан жаңаша оқылып, ғылыми сипаттама берiлдi. Соның iшiнде: "Бөмбөгөр жазуы", "Дэл-ула жазуы", "Ханан жазуы "Налайх жазуы", "Тэвш I жазуы", "Ғалуты мәтiнi", "Тэс I жазуы", "Алтайдан жазуы", "Чойр жазуы" тұңғыш рет ғылыми айналымға түсiп отыр. Жалпы ғылыми жүйенi сақтау мақсатында түпнұсқа, оқылымы, аудармасы, түсiнiктемесi жарыстырыла берiлдi.

Бұл үш жүзге тарта көне түркi жазба ескеркiштерiнiң белгiлi бiр бөлiгi ғана болғанымен де, қазақ руханиятының тарихына белгiлi бiр мөлшерде қосылған үлес деп есептеймiз.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,

жоба жетекшiсi, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ– нiң жанындағы "Отырар кiтапханасы" ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.

08.09.2011 ж.