ТАУ ЕЛIНIҢ ТӘУЕЛСIЗДIК КҮНI
ТАУ ЕЛIНIҢ ТӘУЕЛСIЗДIК КҮНI
Бiшкекте Шыңғыс Айтматовтың ескерткiшi ашылды
Өткен аптада, 31 тамызда қырғызстандықтар республика тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерекесiн үлкен салтанатпен атап өттi. Бiшкектiң орталық Алатау алаңында әскери парад өтiп, ол қаладағы кәсiпорындардың және ұйымдардың еңбекшiлерi мен қызметкерлерiнiң шеруiне және өнер қайраткерлерiнiң концертiне ұласты.
Бұл күннiң ең басты оқиғасы – орталық алаңда Айкөл Манастың ескерткiшiнiң ашылуы. Ат үстiндегi Манас батыр ескерткiшiнiң биiктiгi – 8,5 метр, астындағы тұғырын қосқанда – 20 метр. Таза қоладан құйылған, салмағы 11 тонна. «Манастың келбетiн заңғар манасшылар Сағымбай Оразбақов пен Саяқбай Қаралаевтың және жыршы Жайсаң Үмөтұлының дастандарын оқу арқылы сомдадым», – дейдi ескерткiштiң авторы, қырғыздың белгiлi мүсiншiлерiнiң бiрi Базарбек Сыдықов. Бiр күн бұрын, 30 тамызда осы алаңның оңтүстiк қапталында Шыңғыс Айтматовтың ескерткiшi ашылған болатын. Мүсiншiлер Настар Мамай мен Садабек Әжиев сомдаған қолдарынан жаралған ұлы жазушының бейнесiне оның орта жастағы кемелiне келiп тұрған шағы негiз болған. Биiктiгi – тұғырымен 6,2 метр, салмағы – 7 тонна. Бұл да таза қоладан құйылған. Екi мүсiн де Мәскеудегi ескерткiштер жасайтын комбинатта әзiрленген. Ескерткiштiң ашылуына Ресей Президентi әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi Сергей Нарышкин қатысты. «Бiздiң тарихи және мәдени кеңiстiгiмiз осы екi тұлғамен өлшенедi. Бiр алаңда бiр-бiрiн қарап тұратын батыр Манас пен Шыңғыс Айтматовтың келбетi мен айбаты бiзге елiмiздiң, мәдениетiмiздiң және рухани мұрамыздың алдында жауапкершiлiгiмiздi сездiрiп тұратын болады», – дедi президент Роза Отынбаева заңғар жазушының ескерткiшiн ашу рәсiмiнде.
Қырғызстанның тәуелсiздiгiнiң жиырма жылдық тарихында қырғыз демократиясына тән бiр көрiнiс бар. Ол – өлкеде орын алып жатқан кемшiлiктердiң биiк мiнберлерден ашық айтылуы. 30 тамызда ел егемендiгiнiң 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста да мемлекет басшысы бiраз нәрселердiң басын ашып айтты. Президент Қырғызстанның 20 жылдық тарихына сереп салып, егемендiк мезгiлiнде экономикадағы реформалар жүйесiз жүргiзiлгендiктен мемлекеттiң ұтқанынан жоғалтқаны, құрғанынан қиратқаны көп болғанын бүгiп қалған жоқ.
ЖЕР ТАҒДЫРЫ ОНЫ ШАБАДАН ТОЛЫ АҚША ШЕШУДЕ…
Осыдан екi ай бұрын Қырғызстанда сот қызметкерлерiн таңдау мiндетi қоғамдық ұйым – Соттарды таңдау кеңесiне жүктелген болатын. Көпшiлiктiң талабымен оның төрағасы бiрер апта бұрын орнынан алынып, бұл өте маңызды кеңеске баспасөз саласында құқық қорғау қызметiмен көзге шалынып жүрген Шамарал Майчиев сайланып, iс жаңаша өрiс алды. Президент жиналыстағы сөзiнде соттар төңiрегiндегi мәселелерге өзгеше екпiн жасап: «Жұрт бұрынғы сот жүйесiнiң iсiне «әбден тойды». Қандай ғана мемлекет болмасын, оның тұрақтылығы және болашағы әдiл соттарына байланысты. Соттардың сатылатынынан зығыры шығып, инвесторлар да кетiп жатыр. Сайлау кезiнде соттар байлығы не билiгi барлардың пайдасына ғана шешiм шығарады. Қолдан қолға өтiп жатқан мемлекеттiк кәсiпорындардың, он мыңдаған гектар жерлердiң тағдырын шабадан толы ақшалар шешуде. Соттың бiр сатысынан екiншiсiне дөңгеленiп бетi ашылмаған азаматтық даулар мыңдап саналады! Сотқа шыншыл, пейiлi таза, сот әдiлеттiгiн көздеген жас заңгерлер келсiн», – деп айтты.
Қазiргi уақытта 30 қазанда өтетiн президенттiк сайлауға қызу даярлықтар жүргiзiлiп жатқан кез. Президенттiкке үмiткерлердiң бiрсыпырасы сайлау мерзiмi жарияланғанға дейiн-ақ, өздерi билiкке келсе, Конституцияны өзгертiп, президенттiк басқару жүйесiн қалпына келтiру ниеттерi бар екендiгiн айтқан. Олардың мұндай мақсатына мемлекет басшысы үзiлдi-кесiлдi қарсы екенiн мәлiмдедi. «Президенттiк басқару моделiне қайта оралу бейберекеттiкке алып келедi, елдiң жаңалану жолымен дамуына кедергi жасайды, жеке билiктiң үшiншi толқыны туып, сыбайластық күшейiп, демократиялық реформалар тежелуi мүмкiн», – дедi президент.
2005 жылдың 24 наурызындағы және 2010 жылдың 7 сәуiрiндегi революциялардың себептерiне тоқталған президент, олар қоғам мен билiктiң ортасындағы шиеленiстiң қатты ушығып кеткенiне байланысты шықты деп өз байламын айтты.
ӘЛЕМДЕГI БIРIНШI – «ӘЛIППЕ-ТВ»
Тәуелсiздiк күнi қарсаңында Қырғызстанда тағы бiр жақсы жоралғының тұсауы кесiлдi. 1 қыркүйектен бастап дүние жүзiнде орта мектептiң оқушыларына интерактивтiк бiлiм беру бағытында алғаш рет Қырғызстанда «Әлiппе-ТВ» деген телебағдарлама жұмыс iстей бастайды. Жоба Қырғыз Республикасының Президентiнiң қатысуымен 29 тамызда сынақтан өттi. “Бұл “Әлiппе-ТВ” бағдарламасын көрiп, адам бiрiншi жолы ғарышқа ұшқан 1961 жылғы сезiмдi басымнан кешiрдiм”, – дедi Роза Отынбаева жаңа жобаның жетiстiгiне ризашылығын жасырмай.
1-11 сыныптарға арналған әр сабағы 20 минуттан тұратын бағдарлама жексенбiден басқа күндерi күнi бойы цифрлiк теледидар жүйесi бойынша көрсетiлмекшi. Бағдарлама мемлекеттiк бiлiм беру жүйесiнiң негiзiне құрылған. Оқушы қайсы сабаққа қандай уақытта қатысқысы келетiнiн алдын ала таңдай алады. Сабаққа қатысу үшiн құны 60 – 120 доллар аралығындағы арнайы фирмалық қондырғыны сатып алып, орнаттыру керек және он айлық оқу мерзiмге 4 мың сом жарна төлеу қажет.Теледидар арқылы ғаламторға қосылуға да мүмкiндiк бар. Оқушылар сабақты көрумен қатар арнайы тетiктер арқылы мұғалiммен тiкелей электрондық пошта арқылы байланысып, бiр-бiрiмен жазбаша сөйлеседi. Сабаққа қанша баланың қатысып отырғаны мұғалiмге де бiлiнiп тұрады. Мұғалiмдер «Әлiппе-ТВ-ға» қатысқан басқа мұғалiмдермен байланысқа шығып, бiр-бiрiмен пiкiр алысып тұрмақшы.
Телебағдарламаның тұжырымдамасы, технологиясы және жабдықтары қырғызстандық «Әлiппе-ТВ-ның» өз қаржысымен жасалған. Оған екi жарым жылдай уақыт кеткен. Электробайланыс бойынша халықаралық бiрлестiк бағдарламаны таратуға қолдау көрсетпекшi. Сабақ қырғыз тiлiнде жүргiзiледi. Жыл аяғына дейiн орыс, ағылшын, түрiк, жапон, қытай және немiс тiлдерiнде сабақ беру iске қосылмақшы. Жобаның жетекшiсi Алмаз Абеков баспасөз мәслихатын өткiзiп, журналистерге бағдарламаның жай-жапсарын түсiндiрiп бердi. Оның айтуынша оқушы теледидар арқылы интернеттiң көңiл ашатын сайттарына кiре алмайды және жетi бағдарламадан тұрған телекөрсетуде ешқандай жаңалықтар, саяси және жарнамалық хабарлар болмайды, үзiлiстерiнде тек әлеуметтiк мәнi бар шағын роликтер ғана эфирге шығады. Оқушыларды қызықтыру үшiн сабақ барысында сұраулар берiлiп, бiрiншi жауап бергенiне арнайы сыйлықтар белгiленедi. Тарих сабағының жеңiмпаздары арнайы жолдамаға ие болып, шетелдердi көрiп келуге мүмкiндiк алады.
«Әлiппе ТВ-ның» сынақ ретiнде өткен бiрiншi сабағында Президент Роза Отынбаеваның он-лайн байланысы арқылы қойған сұрауына Шу облысының Кемiн ауданының Бiрбұлақ ауылындағы орта мектептiң оқушысы Назира Бақтыгүлқызы бiрiншi болып жауап берiп, президенттiң арнайы сыйлығын – қалта компьютерiн жеңiп алды (суретте).
Назарбек БАЙЖIГIТОВ08.09.2011 ж.