КЕЛЕШЕГI КҮМӘНҒА АЙНАЛҒАН ЕЛ

КЕЛЕШЕГI КҮМӘНҒА АЙНАЛҒАН ЕЛ

КЕЛЕШЕГI КҮМӘНҒА АЙНАЛҒАН ЕЛ
ашық дереккөзі

Мұнай мен газдан келетiн пайда Ирактағыдай талан-таражға түспес үшiн Ливиядағы жаңа билiк не iстеуi тиiс? Хан сарайын қарсыластарына тастай қашса да, өлiспей берiспеуге бел буған Каддафи таққа қайта отыра ма? Көмiрсутегiлер үшiн күресте Ливияның Уақытша ұлттық кеңесi қай елге басымдық бермек? Каддафидiң бүгiнде аңызға айналған алтыны қайда сақтаулы? Осы сауалдар бүгiнде әлем елдерiнiң көпшiлiгiн қызықтырған тақырыпқа айналып отыр.

NATO ӘСКЕРIН ӘЗIР ӘКЕТПЕЙДI

Ливиядағы билiкке қарсы наразылық шарасы 2011 жылдың ақпанында басталған. Тунис пен Египеттегi төңкерiстен қанаттанғандар тобы билiк басында 1969 жылдан берi отырған Муаммар Каддафидiң режимiне наразылығын бiлдiрiп, одан премьер-министр Багдади Махмудидiң үкiметiн отставкаға жiберудi талап еттi. Уақыт өте келе наразылық шарасы азаматтық соғысқа ұласып, бес айға жуық уақыт бойы Каддафи режимiне қарсы күрескен көтерiлiсшiлер тобы Ливияның бас қаласы Триполиге басып кiрдi. Билiк пен наразы топ арасындағы текетiресте қанша адам қаза тапқаны туралы нақты деректер жоқ. Бiрақ әлемдiк БАҚ-та жарияланған деректердiң көпшiлiгiнде жалпы адам шығыны 6 мыңнан астам делiнген. Негiзi көтерiлiсшiлер Триполидi соншалықты тез әрi оңай жаулап алады деп ешкiм күтпеген. Мемлекеттiк әскер де, тiптi Муаммардың тақ мұрагерi саналатын ұлы Сейф-әл-Ислам Каддафидiң әйгiлi әскери тобы да көтерiлiсшiлерге ұрыссыз берiлдi. Талай рет NATO тарапынан болған қарулы қақтығыстарда есе жiбермеген ливиялық әскерилердiң бұл әрекетiн әлем неге жорырын бiлмей дал болған. Сәл кейiнiрек мемлекеттiк БАҚ арқылы мәлiмдеме жасаған Муаммар тақты қарсыластарына, яғни Ливияның Уақытша ұлттық кеңесiне өз еркiмен беруiн «тактикалық әдiс» ретiнде түсiндiрдi.

Бiраз бұрын халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары «Каддафи мен оның тақ мұрагерi Сейф-әл-Ислам Каддафидi көтерiлiсшiлер қолға түсiрдi» деп хабарлаған болатын. Бiрақ бұл хабар жаңсақ боп шықты. Өйткенi үкiметтiк әскердiң бақылауындағы бiр қонақүйдi паналап жатқан Каддафидiң ұлы журналистерге берген сұхбатында өздерiнiң мiндеттi түрде жеңiске жететiндiктерiн, оларды Ливия халқының қолдайтынын мәлiмдедi. Жауға өлiспей берiспейтiнiн Муаммар Каддафи де айтты. Ал NATO Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен: «Ливиядағы бейбiт тұрғындарға төнген қауiп бұлты сейiлмейiнше, NATO әскерлерi ол жақтан кетпейдi», – дедi. Ал Саркози полковник Каддафи қолға түскен жағдайда Триполиде соттала ма, әлде Гаагада ма, оны Ливия халқы шешетiнiн жеткiздi.

КӨМIРСУТЕГIЛЕР ҮШIН КҮРЕС

Дәл қазiр Ливияның келешегi қандай болатынын тап басып айту қиын. Текетiрес әлi бiткен жоқ. Бiрақ жаңа билiк елдiң мұнай өндiретiн және өңдейтiн кәсiпорындардағы жұмысты қайта iске қосуға мүдделi. Көмiрсутегiлер көлемi жағынан алғанда, Африкада бiрiншi орынға ие Ливия күн сайын 1,6 млн. баррель мұнай мен жыл сайын 15 млрд. текше метр газ өндiредi. ОРЕС-ке мүше елдерде өндiрiлетiн «қара алтынның» 5 пайызы Ливияның үлесiнде. Жалпы қоры 46,42 млрд. баррель мұнайға тең Ливияда 80 жылға жететiн мұнай мен 100 жылға (1549 млрд. текше метр) газ қоры бар. Мұнай мен газ экспортынан түсетiн кiрiс жаңа билiктiң жақсы өмiр сүруге талпынған халық алдындағы беделiн арттыруға сеп болуы мүмкiн. Қазiр халықаралық қауымдастық Ливияның мұнайға бай кен орындары қайтадан ашылғанда кiмге және қай мемлекетке басымдық берiледi деген сауалмен бас қатыруда. Сарапшылардың басым бөлiгi мұнай инвестициясы мәселесiнде кезiнде көтерiлiсшiлердi жақтарғандар, әсiресе, Франция, Италия, АҚШ пен Ұлыбританя басымдыққа ие болады деген сенiмде: «Ал Қытай мен Ресей сияқты Каддафидiң жоғын жоқтағандар керiсiнше, ұтылады». Егер БҰҰ Ливия үкiметiне қарсы жарияланған санкциядан бас тартса, Швейцария миллиондаған доллардан тұратын ливиялық активтердi қайта iске қосуға дайын отыр. Ал АҚШ көтерiлiсшiлерге көмек ретiнде 1-1,5 млрд. доллар көлемiнде қаржы бөлетiнiн айтқан, бiрақ өткен аптада Париждегi «Ливияның достары» конференциясында бас қосқан 63 мемлекеттiң өкiлi 1,5 млрд. долларды 15 млрд. долларға дейiн өсiретiндiктерiн хабарлады. Бұл қаражат – Каддафидiң Ұлыбритания, Франция мен АҚШ-та сақталған құнды қағаздарының бiр бөлiгi. Ал экс-басшыға тиесiлi болған активтердiң жалпы құнын еуропалық шенеунiктер кем дегенде 50 млрд. долларға бағалап отыр. АҚШ Ливиядағы жаңа билiктен қару-жарақ сақталатын қоймаларға күзет пен экстремизмге қарсы күрестi күшейтудi талап етсе, БҰҰ Бас хатшысы Ливияға арнайы миссиясын жөнелтетiнiн мәлiмдедi. Конференция соңында «Ливияның достары» әскери шараларды 27 қыркүйекке дейiн тоқтатпауға шешiм шығарды. Ал Түркия тарапынан бөлiнетiн ақша – 300 млн. доллар. Оның 100 млн. доллары грант есебiнде болса, 100 млн. доллары – жаңа билiкке қаржылық қолдау, 100 млн. доллары – жобаларды жүзеге асыруға арналған қаражат.

ШЕТЕЛДIКТЕРГЕ СЕНIМСIЗДIК

Бүгiнде Каддафи жақтастарының қатары да сиреп барады. Оның кезiнде үкiмет басшысы болған әл-Бағдади Әли әл-Махмуди көтерiлiсшiлер жағына өттi. Ақпарат құралдарының кейбiрiндегi «Махмуди Туниске қашып кеттi» деген ақпараттарды көп ұзамай терiске шығарған ол Ливиядан аттап баспағанын жеткiздi. Ал арабтардың Al-Arabiya телеарнасы арқылы халықты Уақытша ұлттық кеңеске қарсы соғысуға шақырудан танбаған Каддафидiң қайда жүргенi әзiр белгiсiз. Алайда халықаралық БАҚ-тың кейбiрi Нигерге Ливиядан келген 200-ге жуық әскери техниканың бiрiнде Каддафи жасырынуы мүмкiн десе, ендi бiрi машиналарға оның аңызға айналған мол алтыны тиелгенiн айтады. Ливиядағы ескi және жаңа билiк арасындағы текетiреске қатысты тарап жатқан деректердiң басым бөлiгi бiр-бiрiне қайшы. Мәселен жуырда ғана «уақытша үкiмет Қытайды Каддафидiң жақтастарын қару-жарақпен қамтамасыз еттi деп күдiктенедi» деген ақпарат тараған болатын. Апта басында арнайы баспасөз мәслихатын өткiзген ҚХР Сыртқы iстер министрлiгiнiң өкiлi Цзян Юй қытайлық компаниялардың ливиялықтарға қару-жарақ сатпағанын, БҰҰ Қауiпсiздiк кеңесiнiң резолюциясына қайшы келетiн әрекеттерге бармағандықтарын мәлiмдедi: «Қолда бар деректерге сүйенсек, Каддафи режимiн жақтаушылар шынында да Қытайға келiп, қытайлық үкiметтiң хабарынсыз бiрқатар компаниялар өкiлдерiмен кездескен. Бiрақ қару-жарақ тасымалына қатысты ешқандай келiсiмшартқа қол қойылған жоқ. Пекин БҰҰ ҚК 1973 және 1970-қарарын мүлтiксiз орындап келедi». Қазiр ливиялықтар жерiнде нәпақа табуға келген шетелдiк азаматтарға да қиын. Өйткенi Уақытша ұлттық кеңес сырттан келгендерге сенiмсiздiкпен қарайды. Адам құқығын қорғайтын ұйым – Human Rights Watch Триполидi көтерiлiсшiлер басып алғаннан кейiн Гана, Судан, Оңтүстiк Африка, Шығыс Еуропа т.б. елдердiң 5 мыңнан астам азаматы тұтқынға алынғанын және жаңа билiктiң оларға «Каддафидiң жалға алған тыңшылары» деген айып тағылғанын айтады.

08.09.2011 ж.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ