ҚАРАЖАТТЫ ҚАЙЫРЫМДЫ IСКЕ ЖҰМСАУ – САУАП

ҚАРАЖАТТЫ ҚАЙЫРЫМДЫ IСКЕ ЖҰМСАУ – САУАП

ҚАРАЖАТТЫ ҚАЙЫРЫМДЫ IСКЕ ЖҰМСАУ – САУАП
ашық дереккөзі

Осымен бесiншi жыл «Бауыржан» қайырымдылық қоры «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөздi ұран етiп, «Алтын Жүрек» сыйлығын ұйымдастырып келедi. Аталмыш сыйлық әртүрлi саладағы мамандарды, әр жастағы адамдарды бiрiктiрiп келедi. Оларды бiрiктiретiн қасиет – қайырымдылық.

«Алтын Жүрек» Қазақстандағы қайырымдылық пен меценаттық дәстүрдiң дамуына ықпал етiп қана қоймай, сондай-ақ қоғамның назарын әлеуметтiк мәселелерге бұрды, игi iс iстеуге ынталандырды. «Бауыржан» қайырымдылық қорының мақсаты -осы жоба арқылы атымтай жомарттарға халықтың атынан алғыс айту. «Алтын жүрек» сыйлығының арқасында меценаттар мен қайырымды жандардың игi iстерi көлеңкеде қалмай, басқаларға үлгi болып келедi.

Соңғы жылдары елiмiзде үкiметтiк емес ұйымдардың өткiзiп жүрген қайырымдылық шаралары көптеп санауға болады, алайда ешқайсысы «Алтын Жүрек» сыйлығының деңгейiне жете алмады.

Биыл «Бауыржан» қайырымдылық қорының «Алтын Жүрек» атты жобасы 5 жасқа толып отыр. Жылдан жылға үмiткерлер де артып келедi. Мәселен алғашқы жылы 70 өтiнiш қабылданса, кейiнгi жылдары олардың саны 90, 110, 150 болды. Өтiнiштер мен құжаттар 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында қабылданады. Марапаттау салтанатты кешi әдеттегiдей 27 қазанда Абай атындағы Опера және Балет театрында өтедi.

«Алтын Жүрек» сыйлығы сатылмайды, сондықтан да барлығы шынайы. Өткен жылдардың мысалы көрсеткендей, кейбiр бизнес өкiлдерi ықпал еткiсi келгенмен еш нәтиже болмады. Жоба ол қаражатты қайырымды iстерге жұмсау керектiгiн ұқтырғандай.

«Түркiстан — ақпарат»
01.09.2011 ж.