Жаңалықтар

МҰНАЙЛЫ ЕЛДIҢ МҰҢЫ ЖОҚ ПА?

ашық дереккөзі

МҰНАЙЛЫ ЕЛДIҢ МҰҢЫ ЖОҚ ПА?

Кейде менi "бiздiң елде ұлтжандылар көп пе, әлде оаз ба?" деген сауал мазалайды. Өкiнiшке қарай, сауалыма жауап таба алмай қиналамын…

Қазақ – сайқымазақ Бораттың қиялындағы қазақ емес екенiне еш күмән жоқ. Қазақ – әлемге әдебиетi мен мәдениетiн танытуға толық мүмкiндiгi бар халық.

Дегенмен «бiздi әлем тек мұнайымыз арқылы ғана таниды» деп даурығатындардың да пiкiрiнде жан жоқ емес. Осы жазда Стамбұлдағы Мимар Синан атындағы Көркем өнер және мәдениет университетiнде профессор Ахмет Ташағлының шеберханасында дәрiс алып, ғылыми iс-тәжiрибеден өттiк. Стамбұлда жергiлiктi халық пен шетелдiк саяхатшылармен әңгiмелескенiмiзде олардың көпшiлiгi: «Сендер мұнайлы елден келдiңдер ме? Сендерде мұнай көп қой. Сендер де арабтар секiлдi бай шығарсыңдар», – деп таңырқап жатты. Сұлтан Ахмет мешiтiнде екi араб әйелiмен тiлдесiп қалдық. Олар бiздi жапондарға ұқсатты. «Сiздер Жапониядан келдiңiздер ме? Елдерiңiздегi апат бiздi де үрейлендiрдi. Бiз сiздерге қатты алаңдадық», – деп Жапонияның бүгiнгi хал-ахуалын сұрады. Бiз жапон емес, қазақ қыздары екенiмiздi айтқанда олар: «жапондарға қатты ұқсайды екенсiздер», – деп таңданыстарын жасырмады. Қазақстан деген мемлекеттi естерiне түсiре алмай ойланып тұрғанда Әсел құрбым: «Сiздер Қазақстанның президентi Нұрсұлтан Назарбаевты естiмегенсiздер ме?», – деп ренiшiн жасыра алмады. Сонда егде жастағы әйел: «Ә, бiлемiз, бiлемiз. Сiздер де мұнайлы ел емессiздер ме?», – дедi. «Иә, бiздер де «қара алтынға» бай мемлекетпiз», – дедiк.

Стамбұлда қоғамдық көлiктердiң билет бағасы қымбат екен. Мәселен бiр бағытқа жүру билетi екi лира (екi жүз теңге). Үлкен Стамбұлда барар жерiңе көбiне екi-үш автобусқа не кемеге мiнуге тура келедi. Сонда орта есеппен күнiне шамамен он лира, яғни мың теңге кетедi. Жергiлiктi студенттер: «Рас, бiзде жол жүру құны қымбат. Сiздердiң елдерiңiз секiлдi мұнайға бай мемлекет емеспiз. Бензин бағасы қымбат», – деп түсiндiрдi. Стамбұлда оқитын қазақ студенттерi де жол жүру бағасының қымбат екенiне қынжылды.

Стамбұлда бiздер алғашында қонақүйде тұрдық. Екi-үш күннен кейiн қазақстандық доктаранттың көмегiмен «Ozel ulubat» атты қыздар жатақханасына орналастық. Бұл баспанасыз жастар мен студенттерге арналған жатақхана. Жабдықталуы қонақүйден еш кем емес. Әр бөлмеде теледидар, тоңазытқыш бар. Сонымен қатар жатақхана тұрғындарына арналған спорт залы мен интернет пайдалануға берiлген. Қалтаңызға қарай бiр адамнан бастап, төрт адамға дейiн жабдықталған бөлменi таңдай аласыз.Ал бағасы жергiлiктi халық үшiн қымбат емес. Және мұндай жатақханаларды Стамбұлдан ғана емес, Түркияның кез-келген қаласынан таба аласыз. Бұл жатақханаларға университет жатақханасынан орын ала алмаған кез-келген студент барып орналаса алады. Жатақханалардың иесi кiмдер дейсiз ғой? Түркияның iскер азаматтары жастарға арнап жатақхана салуды өздерiне мiндет деп санайды екен. Жатақхананы олар ең бiрiншi пайда табу мақсатында емес, жастарға көмек көрсету үшiн салады. Мысалы бизнесмен Сақып Сабаншы Анкарада жиырма сегiз қабатты қыздар жатақханасын салған. Ол бiр сұхбатында: «Мен Анкарада пәтер ақысының қымбат екенiн бiлем. Бiрақ менiң бұл жатақхананы ешқандай пайда көздеп ашпағанымды осында тұратын кез-келген жас бiлер деп ойлаймын. Әрбiр iскер азамат Түркияның болашағына алаңдауы тиiс. Және түрiк жастарының алдында өздерiнiң парызын түсiнуi тиiс», – дейдi.

Иә, бiз мұнайға бай мемлекетпiз. Шетелдiктер бiздi мұнайлы ел, бай ел деп түсiнедi екен. Әрине, бұл көңiлге қуаныш ұялатады. Бiрақ неге бiздiң елде жастарға арнап салынған жатақханалар жоқ? Қазақтың iскер азаматтары жастар алдында, қазақ елiнiң болашағы алдында өздерiнiң парызын түсiне ме? Әйелi мен қарындасын, қызы мен баласын қолдан әншi жасап, теледидардан күндiз-түнi жарнамалап, «бақырғандарды» «жұлдыз» жасаймын деп шаршап-шалдығып жүргендерден не күтуге болады? Шыны керек, бiздiң iскер азаматтардың «парыздары» «от басы, ошақ қасынан» аспайтын секiлдi. Одан қалса, ақша төлеп, теледидардан сұхбат бередi. «Сұхбатында» не айтып, не қойғанын өзi түсiнбесе, ешкiм түсiнбейдi. Ендi түр-кескiнiн халыққа көрсетiп қоюы керек қой. Олар бiлмейдi: жастарға жатақхана салып, жастар үшiн, халық үшiн игiлiктi iс жасаса, журналист қауым оларды өзi iздеп тауып, сұхбат аларын. Олар бiлмейдi: халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген журналистердiң де баспанасы жоғын… Олар бiлмейдi: дарынды жас ақын-жазушылардың пәтерден-пәтерге көшiп жүрiп, соңында әдебиеттен алыстап кететiнiн… Олар бiлмейдi: сахнада басында тәжi, астында тағы бар патша мен ханның, үлде мен бүлдеге оранған ханшаның үйсiз-күйсiз қаңғып жүргенiн… Бiр нәрсе анық: қоғамды көзi көрсе де соқыр, құлағы естiсе де керең адамдар құлдыратады.

P.S. Сiз бiлесiз бе, айтыңызшы: бiздiң елде ұлтжандылар көп пе, әлде аз ба?

Тоты СЕРIКБАЙҚЫЗЫ, ҚазҰУ-дiң магистранты

08.09.2011 ж.