Жаңалықтар

ЛАҢКЕСТIК ӘРЕКЕТТЕН КЕЙIНГI 10 ЖЫЛ

ашық дереккөзі

ЛАҢКЕСТIК ӘРЕКЕТТЕН КЕЙIНГI 10 ЖЫЛ

2001 жылы АҚШ-та жан түршiгерлiк лаңкестiк орын алды. 2001 жылғы 11 қыркүйекте Нью-Йорктегi Дүниежүзiлiк сауда орталығының ғимаратына ұшақтар бiрiнен кейiн бiрi келiп соғылып, биiктiгi аспанмен таласқан қос ғимарат күл-талқаны шығып, жермен-жексен болып опырылды. Биыл әлемдi дүр сiлкiндiрген оқиғаға 10 жыл толып отыр.

Бұл оқиға құдды үшiншi дүниежүзiлiк соғыс басталғандай әсер еттi. Бiрақ та адамзат тарихындағы осынау жан түршiгерлiк оқиғаның лаңкестiк әрекет екенi анықталып, артынан оны Усама бен Ладен жетекшiлiк ететiн "әл-Каида" ұйымы мойнына алған болатын.

Сонау 80-шы жылдары пайда болған Бен Ладендi 2001 жылғы 11қыркүйек терактiсiнен кейiн күллi әлем таныды. "Әл-Каида" және Бен Ладенге қарсы күрес әлемдiк деңгейде жүргiзiле бастады. Оның басына АҚШ 50 миллион доллар тiктi. Ал әуелгiде жан түршiгерлiк жарылысқа өзiнiң қатысы жоқтығын айтқан Усама тек 2004 жылы өз жауапкершiлiгiне алатынын ресми мойындады. Осы қанды оқиғадан кейiн Бен Ладеннiң қыр соңына түскен АҚШ арада тура он жыл өткенде ғана атышулы террористiң көзiн жоя алды. Дегенмен, осы лаңкестiк әрекет АҚШ бастаған халықаралық күштердiң Ауғанстан мен Иракқа басып кiруiне, Саддам Хусейнге ядролық бомба жасауға ұмтылуда деп айып тағып, оның көзiн жоюға жол ашты.

2001 жылғы 11 қыркүйектегi оқиғадан берi 10 жыл өтсе де жарылыстың астарында қандай саяси құпиялар бар деген сауал жауапсыз қалуда. Саясаттанушылар болса, "Шынымен де, оны ұйымдастырған Бен Ладен бастаған "Әл-Каида" ма, оның осындай үлкен шараға күш-қуаты жететiн бе едi, сол күш-қуаты рас болса, одан берi неге сондай терактiлер болмады деген сауалдар кеуденi қамайды" деген пiкiр айтуда.

Жыл сайын АҚШ-та сол бiр зұлмат күнде құрбан болған жандарды еске алу шаралы өтуде. Қайғылы оқиғаға куә болғандар мұндай жойқын апаттың екiншi мәрте қайталанбауын мың мәрте тiлеп келедi.

08.09.2011 ж.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ