Жаңалықтар

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

ашық дереккөзі

«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

Елiмiзде 50 мың балаға көмек жасалған

«Мектепке жол» акциясының әлеуметтiк жағынан аз қамтылған отбасы балаларына беретiн көмегi көп. Қазiргi кезде елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде жүзеге асып жатқан акцияның арқасында жүздеген бала мектеп формасы мен мектепке қажеттi құрал-жабдықтармен қамтамасыз етiлдi.

Тамыз айынан басталған дәстүрлi шараны ұйымдастырушы «Нұр Отан» ХДП мектеп табалдырығын жаңадан аттайтын бүлдiршiндер мен тұрмыстық деңгейi төмен жасөспiрiмдерге ерекше қамқорлық көрсетуде. Бұл iстiң басы-қасында жүрген «Нұр Отан» ХДП бiрiншi орынбасары Нұрлан Нығматуллиннiң өзi мектеп-интернатында тәрбиеленiп жатқан, сондай-ақ түрлi өңiрдегi жағдайы нашар 20 мың балаға арнайы көмек жасады.

Бастама аясында Елордада өткен жылы 2412 рейдтiк iс-шара өткiзiлiп, соның нәтижесiнде 4074 бала 26 млн. 776 мың теңге көлемiнде көмек алған. Оның iшiнде 17 млн. теңгеден астам қаржы бюджеттен, 9,5 млн.-ға жуық қаржы меценаттар мен демеушiлер тарапынан бөлiнiптi. Биылғы акция әсiресе, Батыс Қазақстан облысының Зеленев ауданындағы көктемгi су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың балаларына бағытталды. Мектеп жасындағы балаларға жаңа оқу жылына орай су жаңа сөмкелер мен әртүрлi оқу құралдары сыйға берiлдi. Ал Солтүстiк Қазақстан облысында «Нұр Отан» ХДП мен «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясы бiрлесiп ұйымдастырған «Баланы мектепке даярлайық» атты қайырымдылық iс-шарасы аясында Петропавл ауыр машина жасау зауытында еңбек ететiн көпбалалы жұмысшылардың балаларына оқу құрал-жабдықтары салтанатты түрде табыс етiлдi.

Мiне, осылайша дәстүрге айналған «Мектепке жол» бағдарламасы жыл өткен сайын балалардың сабаққа баруын толықтай қамтамасыз етуде. Биылғы акция шеңберiнде 50 мың оқушыға 122 млн. теңге көлемiнде көмек көрсетiлiптi. Айта кетелiк, iс-шара жылдың 30 қыркүйегiне дейiн жалғасады.

Динара ДҮРМӘН 01.09.2011 ж.