72 ТҮЛЕК ГРАНТҚА ИЕ БОЛДЫ
72 ТҮЛЕК ГРАНТҚА ИЕ БОЛДЫ
Қасиеттi Рамазан айында қайырымдылық iс жасау – үлкен сауап. Мұны тiптi өзiне парыз санайтындар да баршылық. Жақында «Бөбек» ұлттық ғылыми-тәжiрибелiк бiлiм беру орталығында ата-анасының қамқорлығынан айрылған және әлеуметтiк жағынан аз қамтылған отбасы балаларының толыққанды бiлiм алуы үшiн тегiн оқу гранттары салтанатты түрде табыс етiлдi.
«Бөбек» қорының грантына Қазақстанның түкпiр-түкпiрiндегi бiлiмге құштар, талантты түлектер ие болды. Олар арнайы жүргiзiлген байқаудың нәтижесiнде iрiктелiп алынған. Байқауға түлектердi қабылдау шарты мамыр айында өткiзiлгенi мәлiм. Оған елiмiз бойынша 120 үмiткер қатысса, сынақ барысында 72 түлектiң бағы жанып, өзiнiң қалаған мамандығы бойынша бiлiм алуға мүмкiндiк алды. Олардың 53-i жоғары оқу орындарына жолдама алса, 19-ы әртүрлi колледждерде оқиды.
Сара Назарбаева ханым тағайындаған бiлiм грантына қол жеткiзген түлектердiң қуанышында шек жоқ. Ата-анасынан айрылған жетiм балалар мен жағдайы нашар отбасынан шыққан балалар: «Бұл грант бiздiң арманымызға қанат бiтiрдi. Еңсемiздi түзеп, алға қарай ұмтылуға септiгiн тигiздi», – деген жүрек түкпiрiндегi жылы сөздерiн тебiрене жеткiздi. Олар елiмiздiң бiрiншi ханымымен емен-жарқын әңгiме өткiзiп, өздерiн қызықтырған түрлi сауалдарына жауап алды. Өз кезегiнде Сара Алпысқызы бiлiм ұясынан қанаттарын қағып ұшқан жас түлектерге ақ тiлегiн айтып, сәт-сапар тiледi. Әсерлi кеш соңы ән-думанмен жалғасты.
Динара ДҮРМӘН 01.09.2011 ж.