Жаңалықтар

КЕРЕКУДЕ КЕМШIЛIКТЕР КЕМIР ЕМЕС

ашық дереккөзі

КЕРЕКУДЕ КЕМШIЛIКТЕР КЕМIР ЕМЕС

Тiл жанашыры араша сұрайды

Әр өңiрде туған тiлi үшiн отқа да, шоққа да түсетiн жанашыр жандар болады. Қазақ тiлiне мұрын шүйiре қарайтын Солтүстiк Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан секiлдi облыстардағы мемлекеттiк тiлдiң мәселесiн аз-маз болса да шешуге септiгiн тигiзiп жүрген де солар. Мiне, сондай азаматшаның бiрi, газетiмiздiң тұрақты оқырманы – Руза Бейсенбайтегi Кереку өңiрiндегi ана тiлiмiздiң жай-күйiн шама-шарқы келгенше тынбай айтып, керек кезiнде баспасөзге де жариялап келедi.

Павлодар қаласы мен облысындағы мемлекеттiк тiлдiң ахуалы көңiл көншiтерлiк емес. Мұндағы халыққа қызмет көрсету орталықтары да қазақ тiлiн өгейсiтетiн көрiнедi. Оған тiл жанашыры Руза Бейсенбайтегiнiң басынан өткен жағдай куә. Ол бұған дейiн де қазақ тiлiнiң мәртебесi үшiн қаншама жерге арызданды да. Өкiнiшке қарай, ол ашқан есiктiң бәрi терiс айналған.

Мәселенi тарқатып айтсақ, Павлодар қаласының тұрғыны Руза Бейсенбайтегi 1999 жылдан берi «Павлодарлифт» ЖШС мекемесiмен келiсiм-шартқа отырып, тиiстi қызметақысын төлеп келiптi. Неге екенi белгiсiз, соңғы айлары түбiртектi жеткiзiп тұратын қызметкердiң ат iзiн салмауынан оның қарызы 3 мың 454 теңгеге өсiп кеткен. Мән-жайды бiлу үшiн «Павлодарлифт» ЖШС-не телефон шалса, тұтқаның арғы жағындағы мекеме қызметкерi «Что вы там говорите? Говорите на нормальном русском языке» деп дөрекi жауап бередi. Бұған дәтi шыдап, қарап тұра алмаған Руза Бейсенбайтегiнiң тiл үшiн айқасы осы жерден басталады.

«Мен қазақтiлдiмiн! Сiз менiң тiлiмде қызмет көрсетiңiз!» десем, «Еще пожалеете о своем казахском, вот подадим в суд, тогда посмотрим, на каком заговорите!» деп қоқан-лоққы көрсеттi. «Павлодарлифт» ЖШС-нiң директоры Котов мырзаға қанша рет хабарлассам да, жауап бермедi. Хатшысы: «Либо переходим на русский язык, либо я кладу трубку», – дейдi. Содан текетiрес басталып, олар менiң үстiмнен арыз түсiрдi. Мен де қарап қалмай, «Сендер қазақты кемсiткендерiңдi қойыңдар! Екiншiден, түбiртектерiңдi қазақша жазбасаңдар, ақшамды төлеуден бас тартамын», – дедiм. «Одан бөлек, түбiртекте аты-жөнiм әдейi бұрмаланып, «Бейсенбай MERI», «Бейсенбай тiги ТЗ», «Бейсенбай ТЗ» деп жазылады. Осындай өрескел қатеге жол бергенi үшiн оларды мен де сотқа бердiм», – дейдi Руза Бейсенбайтегi.

Павлодар қалалық прокуроры Н.Әбеновтiң қолы қойылып, мөрi басылған құжатта: «лифтiмен техникалық қызмет көрсеткенi үшiн есептелген сома тек орыс тiлiнде ғана жазылып, «Павлодарлифт» ЖШС қызметкерлерi тарапынан Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнама талаптарын орындамау фактiлерi анықталды. Осыған байланысты, қала прокуратурасымен «Павлодарлифт» ЖШС директоры В.М. Котовқа заңды түсiндiру берiлiп, онда Қазақстан Республикасының тiл туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары, кез келген меншiк нысанындағы ұйымдардың бiрiншi басшылары, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болатыны ескертiлген» делiнсе де, сот мұны қаперiне алмапты. Есесiне, сот «Павлодарлифт» ЖШС-нiң өкiлi Т.Ф.Скубановичтiң: «ҚР «Қазақстан Республикасының тiлдер туралы» Заңының 5-бабына, ҚР Конституциясыньң 7-бабы 2-тармағына сәйкес, мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады. Заңмен орыс тiлiне тыйым салынбаған, сондықтан да түбiртектер лифттерге техникалық қызмет көрсету бойынша көрсетiлген қызметтер үшiн орыс тiлiнде басылған. 2011 жылдың маусым айынан бастап «Павлодарлифт» ЖШС түбiртектерi мемлекеттiк – қазақ және орыс тiлдерiнде болып екi тiлде басылады…», – деген уәжiне құлақ асқан сияқты (талапқа қарсылығын сөзбе-сөз берiп отырмыз – Автор).

Соттың шешiмiнде: «Руза Бейсенбайтегi елiнiң мемлекеттiк тiлi жауапкермен қорланып жүргенiн көрiп жүйкесi тозып, үнемi стрессте жүргенi үшiн жауапкерден келтiрiлген моральдық шығынын 100 мың теңге сомасында өндiрiп алмақ болған» делiнедi. Сондай-ақ судья И. Медерова ханым мемлекеттiк тiлдi ысырып қойып, жәбiрленушi Руза Бейсенбайтегiнiң аты-жөнiнiң құжатта дұрыс жазылмағандығын алға тартыпты. Сот отырысының бұрмаланғанын айтқан Руза Бейсенбайтегi: «Фамилияңыз дұрыс емес, «тегi» деп жазылмау керек» дейдi. Мәселе – фамилиямда болып тұрған жоқ. Мәселе – менiң аты-жөнiмнiң бұрмаланып жазылуында. Оны маған Әдiлет министрлiгi бердi. Бұл мекеме құжатты дұрыс бердi ме, бұрыс бердi ме, солардан сұрауы керек едi. Бұл ҚР «Азаматтық Кодексiнiң»115-бабының 3-тармағында: «жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарға: жеке адамның өмiрi, денсаулығы, қадыр-қасиетi, абыройы, игi атақ, iскерлiк бедел, жеке өмiрге қол сұқпаушылық, есiм алу құқығы және басқа материалдық емес игiлiктер мен құқықтар жатады», – деп бекiтiлген заң нормасын өрескел бұзу емес пе?!», – дейдi ашынып.

«ҚР азаматтық кодексi 951-бабының талаптарына сәйкес, моральдық зиян жеке тұлғалардың өзiндiк мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуы, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуы, соның iшiнде жәбiрленушiнiң өзiне қарсы құқық бұзушылықтың жасалуы салдарынан басынан кешiрген (төзiмiн тауысқан, уайымға салған) жан азабы немесе тән азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, т.б) болып табылады. Бiрақ судья Медерова сот барысында құқық бұзылуы, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуы анықталмады деп ұйғарыпты. Сот тiптi, аты-жөнiнiң бұрмаланғанын да ұмытып, «Жоғарыда аталған заң талаптарына сәйкес, талапкердiң Бейсенбайтегiне «тегi»-«фамилиясы» сөзiн тiркеу заң талаптарына қайшы келедi, соның нәтижесiнде азаматтық айналымға қатысушы басқа тұлғалардың талапкердiң аты-жөнi жазылуы жайында адасуларын туғызып отыр» деген шешiм шығарған.

«Павлодарлифт» ЖШС заңгерi Скубановичтiң өзi «Да правда, работники предприятия, обслуживающие население не могут отвечать на казахском языке» дегенiне қарамастан, сот өз шешiмiнде, соны да қаперiне алған жоқ! Бұны соттың iстi жауапкер жаққа нақтылы бұрмалауы деп бiлемiн! «Тiл туралы» заңның 21 бабына сәйкес, түбiртектер, басқа да жазба, басқа да ақпараттар мiндеттi түрде мемлекеттiк тiлде жазылуы тиiс. Түбiртектер де, «Павлодарлифт» ЖШС iшiндегi тұтынушыларға iлiнген ақпараттар да тек орыс тiлiнде жазылған» деген Руза Бейсенбайтегi облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсiргенiн жеткiздi. «Павлодарлифт» ЖШС туған жерiм Павлодар қаласында өмiр сүруге мүмкiндiк бермесе, онда жоғарғы сотқа шағымданам. Егер облыстық соттан жеңiлсем, Павлодар қаласында қазақ тiлiнде өмiр сүруге құқым жоқ» деуден басқа ештеңе қалмады», – дейдi тiл жанашыры.

Орыстiлдiлердiң қазақ тiлiн менсiнбеушiлiк әрекетiне тосқауыл қоюға тырысқан Руза Бейсенбайтегi ақырғы демi қалғанша күресуден тайынбайтындығын айтады. Осының өзiнде қазақ тiлiне мұрын шүйiре қарайтын жергiлiктi мекемелер аяғын бiраз тартатын болыпты. Алайда «Жалғыздың үнi шықпас, жаяудың шаңы шықпас» демекшi, Кереку өңiрiндегi тiл мәселесiн бiр Рузаның өзi шеше алар ма екен?!

01.09.2011 ж.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ