ШЫҒАЙБАЙЛАР неге ШЫЖ-БЫЖ?
ШЫҒАЙБАЙЛАР неге ШЫЖ-БЫЖ?
«Экономикалық дағдарыстың екiншi толқыны таяу қалды» деп мәлiмдегенде Кәрiм Мәсiмов көрiпкелдiк жасаған жоқ. Ғаламдық экономикалық айналымдағы соңғы онжылдықтардағы үрдiстi жiтi бақылап отырған сарапшылардың болжамдары мен ой-тұжырымдарына жүгiнген, шамасы. Ал сарапшылардың болжамы көңiл көншiтерлiктей емес: ғаламдық валюта саналатын доллардың күнi таяу, АҚШ пен Еуропа елдерi қарызға белшесiнен батқан, бұл мемлекеттердiң қай-қайсысы да кез-келген сәтте дефолт жариялауы мүмкiн…
АҚШ-тың сыртқы қарызының көлемiн арттыру оқиғалары бұрын да болған, бiрақ дәл осы жолы мұны тым саясиландырудың астарынан да жымысқы саясат iздеушiлер бар. Өйткенi саяси экономикадан сәл-пәл хабары бар адамдардың бәрiне де америкалық доллардың құны баспахана қағазының құнынан артық емесi белгiлi. Дегенмен де осы «көк қағаздың» тағдырына барша әлем алаңдаулы. Себебi ғаламдық экономикадағы алыс-берiс, сауда-саттықтың денi осы валюта арқылы жасалады.
Долларға бәсекелес болады деген еуроның да күнi кiсi қызығарлықтай емес. Еуроға iлесе Ероодақтың тарап кету қаупi бар деседi кейбiр сарапшылар. Сондықтан да еуропалық экономистер қазiргi сәтте экономиканы тығырықтан алып шығудың қамымен жанталасып жатыр.
Ең ғажабы, доллар мен еуроны құтқаруға байлар да бiлек сыбана кiрiстi. Әуелi, «Форбс» тiзiмiндегi алғашқы үштiктен түспейтiн белгiлi миллиардер Уоррен Баффет Ақ үй әкiмшiлiгiнен өзiне және аса бай америкалықтарға салынатын салықты ұлғайтуды сұраса, iле-шала Францияның миллиардерлерi де Саркози үкiметiнен өте бай азаматтарға салынатын салық көлемiн арттыруды сұрап, өтiнiш бiлдiрген. Осылайша олар ел бюджетiнiң тапшылығын жоюға атсалыспақ. Францияның 16 топ-менеджерi мен миллиардерi осы мақсатта «қайырымдылықтың арнайы қорын» ашты.
Бiр қарағанда, шық бермес Шығайбайлар қысылтаяң шақта мемлекеттiң, экономиканың жайын ойлап тағатсызданды деуге де болар. Бәлкiм, солай да шығар. Бiрақ осы әрекеттiң астарында не бар?
Сол Уоррен Баффеттiң өзiн алайықшы. Бүгiнгi америкалық қор нарығындағы құнды қағаздардың сауда-саттық айырмасының арқасында байыған қаржыгер осындай дағдарыстардың кезiнде баюдың мүмкiндiгi көп дейдi. Оның «Майкрософт» компаниясының негiзiн салушы Билл Гейтстiң алдына шығып, әлемдегi ең бай миллиардер адам атанғаны да 2008 жылғы дағдарыстан кейiн. Ендеше, қазiргi дағдарысқа бола Баффеттiң асып-сасатын ретi жоқ-ты. Шындығында да, ол жақында 5 млрд. долларға банкротқа ұшырауға таяу қалған Америкалық банктiң акцияларын сатып алып, оны ұйыққа батудан аман сақтап қалды. Өзi бұл инвестицияны ең сәттi салым деп санайтынын да айтып өттi. Әйгiлi қаржыгердiң айтуына қарағанда, қазiргiдей бәрi құнсызданып жатқан уақыт оның жұлдызды сәтi, «бәрi сатады, ал мен сатып аламын», – дейдi ол
Ендеше, Баффет бастаған әлемдiк байлардың мазасын алған не? Бұған дейiнгi дағдарыстар кезiнде мұндай «Атымтай жомарт» қылық танытпаған миллиардерлер мемлекеттiк мүдденi жеке мүддеден жоғары қоя ма?
Шамасы, әлемдiк валюта ретiнде доллардың күнi таяу екенi расқа шықты. Егер Америка бiр-ақ күнде дефолт жариялап, доллардан тайқып шыққан күнде, бүгiнгi таңдағы әлемдiк қор нарығы кәмпит қағаздарымен саудалаған «жабайы базардың» кебiн кимек. Көптеген миллиардерлердiң қисапсыз байлығы «көп нолдерге» айналып шыға келмек. Ал бүгiнгi байлар осы ғаламдық экономикалық жүйеде мықтап орныққан айрықша мәртебесiнен айрылып қалмақ. Доллар құнсызданып, оның орнына барша әлем нағыз алтын дiлдалармен сауда жасауға көшкен күнi (мұндай да болжам бар) әлемдiк жетекшiлiкке кiмдер шығатынын кiм бiлген?
Бәлкiм, сол кезде «Форбс» журналындағы атақты байлар тiзiмiнiң ең басында қор нарығындағы басты ойыншылар емес, Құдай берген қабiлетiн жұмсап, ой немесе қол еңбегiнiң жемiсiн көрген адам тұратын болар?
Ал ғаламдық жүйе осындай iрi өзгерiске ұшырайтын болса, Қазақстандағы жағдай қандай болмақ? Әрине, шұлығында сақтайтын мың-миллион доллары жоқ қарапайым халыққа Америкадағы дефолт не, Еуропадағы қарыз не – бәрiбiр сияқты. Бiрақ бүгiнгi қор нарығындағы аз-кем қобалжулардың өзi мұнай бағасының төмендеуiне әкелгенi байқалады. Ал егер мұнай бағасы тым құлдыраса, не болатынын елестету қиын емес. 2008 жылдан басталған дағдарысты еске түсiрiңiз. Оның үстiне, сыртқы қарыз, теңгенiң инфляциясы мәселесi бiзде де бар.
Егер алда-жалда Қазақстанның басына бұлт туса, осы жерден өсiп-өнген байлар не iстер екен? «Форбс» журналына сенсек, Қазақстаннан шыққан миллиардерлер тiзiмiнде биыл Владимир Ким (4,7 млрд. доллар), Алиджан Ибрагимов (3,7 млрд. доллар) т.б. есiмдерi аталады. Ал осы азаматтар алмағайып заманда халқының аузына су тамызуға жарай ма? Әлде шетелдегi жеке ұшақтарына отырып алып, кең сарайдай зәулiм үйлерiне қоныс аударып кете ме?
Қоғамдағы байлар мен кедейлердiң арасы тым алшақтаған сайын, байлардың қайырымдылығына, кедейдiң қанағатшылдығына деген сенiм де азая түсетiн сыңайлы…
01.09.2011 ж.Гүлбиғаш Омарова