ЯДРОЛЫҚ ПОЛИГОН ҚҰРБАНДАРЫ
ЯДРОЛЫҚ ПОЛИГОН ҚҰРБАНДАРЫ
Әлеуметтiк қорғаудан неге шет қалды?
1992 жылдың 18 желтоқсанында аяғын тәй-тәй басқан жас республикамыз "Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" Заңды қабылдағанда қалың жұртшылықтың "әп, бәрекелдi, ел екенбiз!" деп шын жүректен қуанғаны есiмiзде. Осы Заң бүгiнгi таңда ескiрдi. Заңдағы "зейнеткерлiкке 50 жаста шығу үшiн төтенше радиациялық аумақта 10 жыл тұру керек" деген бапқа байланысты күшiн жойды. Осы бап аталған аумақта 1953 жылдан былайғы уақытта дүниеге келген ұрпақты әлеуметтiк қорғаудан сырт қалдырып отыр.
Алғашқы ядролық заряд 1949 жылдың 29 тамызында сыналды. Ядролық зарядтан, әлбетте, атом бомбасы жасалады. Алғашқы бомбаны жасауға екi жылдай уақыт кетедi де, 1951 жылы екi атом бомбасы сыналған. Қуаты 20 килотоннаның ар жақ-бер жағы болған соң ба, бұл жарылыстар жалпы алғанда елеусiздеу өттi.
Ал 1953 жылдың 12 тамызындағы төртiншi жарылыс туралы әңгiме басқа. Оны «елеусiз» өттi деуге ешкiмнiң де аузы бармас. Жарылыс деген пәленiң көкесi осы болды. Бiрiншiден, бұл тiрi организмдi жоюға бағытталған ядролық қарудың жаңа түрi – термоядролық немесе сутегi деп аталатын заряд едi. Екiншiден, биiктiгi небары 33 метрлiк мұнараға бiрден куаты 480 килотонналық жойқын заряд қойылған болатын (бұл санды бағамдау үшiн кейiнгi ондаған жылдарда зарядтардың қуаты 20-40 килотонна, мықтағанда 150 килотоннаға барғанын, оның өзiнде жер асты тереңiнде жарылып келгенiн естерiңiзге салайық).
Жойқын заряд ендi бомбаға айналып, тағы бiр жарылуға тиiстi болатын. Зарядты бомба қалпына келтiруге бұл жолы да екi жыл уақыт жұмсалды. Сөйтiп, алғашқы сутегi бомбасы 1955 жылдың 22 қарашасында сыналды. 1500 метр биiктiкте жарылған бұл бомбаның қуатынан алыстағы Семей қаласындағы үйлердiң де қабырғасы қақырап, терезе шынылары быт-шыт сынған едi. Сонымен, айнала ажал отын шашқан сутегi заряды (1953) мен сутегi бомбасын (1955) сынау нәтижесiнде 70 мыңға дейiн бейбiт халық сәулелi радиациямен нақты уланды деп кесiп айтуға болады.
Тұрғындар радиация тозаңынан қынадай қырыла бастаған шақта (1954 ж.) полигон «тәңiрi» Игорь Васильевич Курчатовке үшiншi мәрте Еңбек Ерi атағы берiледi. Қанқұйлы iстi өлермендiкпен жалғастырған адам қайбiр сүйкiмдi көрiнсiн, қатал әрi өркөкiрек Игорь Васильевич те айналасындағыларға сүйкiмсiз кiсi болғанын барша құжаттар дәлелдейдi. Шошқа сақалды бұл кiсiнi маңайындағылар көбiне «Козел» деп атағаны соның айғағы.
Академик Курчатов Семей атом полигоны үшiн Еңбек Ерi атағын үш мәрте (1949, 1951, 1954) алды. Демек атын шығармақ болған. Бар бәленi бастаған Сталин мен Берия екенi де баршаға мәлiм. Қалай десек те, Курчатовтың әйтеуiр, айнала бейқам жатқан ел мен бейкүнә сәбилердi есiне алмағаны анық…
Айтайын дегенiм, Қазақстанның бiлдей бiр қаласын Курчатов есiмiмен атауымыз әдiлеттiлiкке жатпайды. Өйткенi жаңағы екi сутегi бомбасының салдарынан 70 мыңдай адам зардап шегiп, көз жұмғаны құпия емес.
«Академик Курчатов продолжает нести гибель» атты мақаласында («Семипалатинские ведомости» газетi, 7 мамыр, 1998 ж.) Егоров деген автор «Курчатов – қылмыскер» деп кесiп айтыпты. «Апырай, айнала ядролық тауқыметтi тартқан халық отырғанда қаланың басты айыпкердiң есiмiмен аталғаны несi? Бұл атаудың әлi күнге сақталғаны қалай?!», – дейдi отаншыл азамат.
Семей жұртшылығы осы сұрақты қоюға құқылы. Тоқ етерi, бiреуi тiршiлiк мәресiне жетсе, көбi оған жете алмай тосыннан кетiп жатқан өңiрдiң халқы И.В.Курчатов есiмiнiң дәрiптелуiн құптай алмайды.
Семей атом полигонында барлығы 500-ге жуық, оның iшiнде 26-сы жер үстiнде, 124-i ауада, ал 1963 жылдан бастап жер астына көшiрiлiп, осы жылдан 1988 жылға дейiн жылына 14-18 жарылыстан, барлығы 343 жерасты сынағы өттi. Бұлардың жиынтық қуаты Хиросима мен Нагасакиде жарылған бомбалардан 2 мың есе артық екенi мәлiм. Олардың iшiндегi ең сойқандысы әрi ең улысы, қайталап айтқанда, 1953 жылы жерде және 1955 жылы әуеде сыналған сутегi бомбасының жарылыстары болып табылады. Ендеше 1953-1963 жылдары дүние есiгiн ашқан азаматтар ядролық от-жалынның нағыз сұрапылына дөп келгенi шындық екенiн баршамыз мойындауымыз керек.
Өз басым Бөдене ауылындағы ондаған отбасыларды сұрастыра келе, 1954-55 пен 1958-59 жылдар аралығында шетiнеген жас өскiндердiң саны орасан екенiне көз жеткiздiм.
Ядролық ойраннан сәби шағында шетiнемеген, ер жетiп, ат жалын тартқандардың бүгiнгi тағдыры қандай? Осы сұрақ төңiрегiнде де өзiмше «журналистiк тексеру» жүргiзген боп бiр барғанда ауыл дәрiгерi Керiмбай Баймұратовқа жолыққан едiм. Керiмбай осы ауылдың тумасы әрi 1954 жылдың төлi. Ашаң, жүдеу өңiнде шарасы үлкен боп көрiнетiн мұңды көзiнен, сөздi шашау шығармай сөйлеу мәнерiнен бұл фәниге деген әлдебiр салқындық сезiледi. «Өлiм-жiтiмдi көп көргеннен, сiрә», – деп түйгем iштей. Ол аз-кем ойланып ап: «Мамыржанов Қайырғазы, Солтанов Сайлау, Шрәмбеков Құдайберген, Әбдiрахманова Риза, Қайыркенова Ардақ – бұлар 1954 жылғы, Солақаев Серiк, Ахтанов Серiк, Қалабаева Дәметер, Жұмабаев Ықылас – бұлар 1955 жылғы…», – деп есiне алып санамалай бастаған.
– Есiңiзде болсын аға, бұлар анық радиация дертiнен қайтыс болғандар, – дедi ол менiң қағазға түртiп жатқанымды байқап. – Шыны сол, қақ жартымыз қырықтан аса алмай қынадай қырылдық!
Атом полигоны қасiретiн ерiнбей-жалықпай, арнайы тексерер кiсi табылса, қаралы Қасiрет кiтабы дүниеге келер, сiрә. Әттең, осынау бейбiт өмiрдегi аянышты құрбандық әлемдiк қауымдастық назарына жөндi iлiнбей-ақ қойды.
Осы тұста төтенше радиациялық аумақта зейнеткерлiк жасын нелiктен 50-ден асырмау керек деген мәселемiзге қайта оралайық.
К.Бозтаевтың «Семипалатинский полигон» атты кiтабында: «Как показывают исследования в Семипалатинском регионе, в течение ближайших 10 лет следует ожидать повышения частоты лейкозов и в течение ближайших 40 лет – увеличение частоты других опухолеи» (96-бет) делiнген арнайы медициналық комиссияның қорытындысы бар. Қарапайым тiлмен айтқанда, адам ағзасының ауруға қарсы тұру қабiлетi (иммунитетi) төмендеуiне байланысты болатын өлiм-жiтiм таяудағы 40 жылда азаймайды делiнген. Яғни, жоғарыдағы «қырыққа жетпей қырылдық» деген сөздi растап, құптап тұр.
Хиросима мен Нагасаки тұрғындарын бүкiл жапон елi аялы алақанына алғаны ерiксiз еске түседi. Қазiр олардың орта жасы әлемдегi ең жоғары көрсеткiштiң бiрi. Радиация салдары, сөз жоқ, әлеуметтiк жағдай мен тұрмыстық дәрежеге тiкелей тәуелдi. Бiздiң елiмiздiң де туған халқынан аянып, тартынып жатқан жерi жоқ, әрине. Мұны айтпай ауызды қу шөппен сүрту жарамас, сiрә.
Бiр сөзбен айтқанда, жабылғанына 20 жыл толған ажал полигонының проблемалары әлi жетерлiк. Бiр сөзбен айтсақ, «Полигон туралы» Заң әлi де қажет. Медициналық сараптамада көрсетiлгендей, полигон зардабы 40 жылға созылатын болса, Заңды да сонша уақыт сақтау қажет-ақ.
Иә, өлгендер қайтып келмейдi. Бiрақ, «бiздiң хәлдi жазыңызшы, ағатай!», – деп жалына өтiнген, мемлекеттен әдiлеттiлiк, қоғамнан қамқорлық дәметкен қамкөңiл, жаутаңкөз бауырлар арамызда екенiн ұмытпалық, халайық.
Сонымен, «Төтенше радиациялық аумақта 1963 жылға дейiн туылған азаматтар және сол аумақта ата-анасы он жыл тұрған, медициналық тексерулер денсаулығы қалыпты емес деп тапқан азаматтар 50 жаста зейнеткерлiкке шығуға құқылы», – деп (әрине, басқадай нұсқамен де жазуға болады) «Полигон туралы» Заңды толықтыру қажет екенi дәлелдеудi қажет етпейтiнi даусыз.
Асан ОМАРОВ,Қазақстан Журналистер одағының мүшесi 01.09.2011 ж.