Жаңалықтар

ДҰҢҒАНДАРДЫҢ ҚАЙЫРЫМДЫ БАСШЫСЫ

ашық дереккөзі

ДҰҢҒАНДАРДЫҢ ҚАЙЫРЫМДЫ БАСШЫСЫ

Қазақ көтерiлiсiне қатысқан Бұлар батыр жөнiнен бiр үзiк сыр

Биыл қазақ даласындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсiнiң басталғанына 95 жыл толып отыр. Өкiнiшке қарай, дәп қазiр тарихымызда ерекше орын алатын осынау маңызды оқиғаға онша көңiл бөлiнбей отыр. Ал бұл көтерiлiс патша өкiметiнiң майдандағы қара жұмысқа адам алу туралы өктем жарлығына қарулы қарсылық қана емес, ондаған жылдар бойы кең жазира қонысы, шұрайлы өлкелерiнен айрыла бастаған намысқой қазақтардың шынайы жалпы халықтық бас көтеруi болатын. Атамекен, қасиеттi жер үшiн "Аттандап" атқа қонуы. Көтерiлiсшiлердi ұйымдастырушылардың қатарында және қарулы жасақтардың сапында елiмiздегi бiрқатар өзге ұлт өкiлдерi болғаны тарихи шындық. Солардың бiрi — дұңған халқының қаhарман ұлы Бұлар батыр едi.

(Редакциядан)

Қаламыздағы университеттердiң бiрiнде iстейтiн әрiптес құрбым: "Сенi бiр кiсiлер iздеп жүр. Бiр мақалаңа байланысты ғой деймiн. Телефоныңды берсем, қалай қарайсың?" деп хабарласқанда, таң-тамаша қалдым. Көп ұзамай, iздеп жүрген жанның өзi де хабарласты. Менi iздеуiнiң мәнi мынада екен. "Түркiстан" газетiнде 2006 жылы "Қарсы боп ақ патшаға қазақ шықты" атты 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсi мәселесiн қозғаған мақалам шыққан болатын. Сол мақала интернетке енгiзiлiптi. Дұңған батыры – Бұлар Магуев туралы көптен берi мәлiмет iздеп жүрген Iлияс Юсупұлы Бұларов есiмдi замандасымыз қазақ тiлiнде жазылған мақаланы көргенде авторды, яғни менi iздеуге кiрiседi. Өзiн таза қазақша "Iлияс Бұларов деген дұңған ағаң боламын, өскен жерiм Қордай өңiрi" деп таныстырып тұрған жанға өзiмнiң де таңданғанымды жасыра алмаймын. Осылайша, дұңғандар туралы бiрталай зерттеулердi екшеп, 1916 жылғы көтерiлiстегi олардың рөлiн қарастыруға, әсiресе, қазақ-қырғызға танымал болған Бұлар батыр жайлы тың деректер iздеуге тура келдi. Себебi қазақ зерттеушiлерi мен оқырмандары арасында оның өмiр жолы әлi де беймәлiм екенi байқалады. Мысалы 1916 жылғы Қарқара көтерiлiсiн зерттеп жүрген С.Тәнекеев түрмеге қамалғандардың тiзiмi берiлген мұрағат құжатын көрсете отырып: "Туысқан елмiз ғой. Орайы келгенде сол азаматтардың аттарын атай кетелiк. … 20. Бубаза Ого (дұңған халқының беделдi азаматы болса керек – С.Т.). Тiзiмге көз салсақ, қырғыздың беделдi адамдарының ортасында дұңған ағайындардың уәкiлдерi де қамалған көрiнедi "(Алматы, 2002. 48-149-бб.), – деп жазады. Зерттеушiнiң пайымы дұрыс. Мiне, мұның өзi 1916 жылғы көтерiлiске қатысқан тұлғаларды әлi анықтай түсудiң және қазақ-дұңған байланыстарының жайын тұлғаландыра отырып қарастырудың қажеттiлiгiн аңғартса керек.

Бұлар Магуевтiң қоғамдық-саяси қызметiне байланысты мағлұматтардың бiрсыпырасы мұрағаттық деректерде патшалық Ресей билiгi және кеңестiк өкiмет тұсында жазылып қалған. Сонымен бiрге оны көрген қырғыз тарихшысы Белек Солтоноев, қырғыз ағартушысы және шежiрешiсi Осмонаалы Сыдыков шығармаларында аз болса да құнды мәлiметтер айтылады. Кеңестiк заманда М.Сушанло, И. Юсупов секiлдi дұңған халқынан шыққан зерттеушiлер, Г.Б. Никольская сияқты өзбекстандық ғалым өздерiнiң жариялаған еңбектерiнде Бұлар батырдың отбасылық жағдайы мен қоғамдағы орны жайынан iшiнара мысалдар келтiрiп өтедi. Кеңестiк дәуiрде ол үстем тап өкiлi ретiнде әрi Жетiсудағы және Шыңжандағы панисламистiк тыңшылармен байланысы бар адам iспеттi жағымсыз жағынан сипатталса, тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi кезеңде қырғызстандық Л. Владимирова секiлдi қаламгерлер батырдың Қордай өңiрiнде Заимка ауылының негiзiн салғанын, Жетiсудағы дұңған диаспорасының әйгiлi өкiлi болғанын және осы өңiрдiң ауыл шаруашылығын дамытуда сiңiрген еңбегiн жаза бастады. Бұлар батырдың 1916 жылғы қазақ-қырғыздың ұлт-азаттық көтерiлiсi кезiнде жергiлiктi халықтың жағында күрескенi тарихи шындық.

Бұлар батыр Қытайдың Шэньси аймағында шамамен, 1870 жылы дүниеге келген. 1877 жылы 6 желтоқсанда дұңған көтерiлiсшiлерiнiң басшысы Биянху (Бай Яньху, Быйянху – қазақша тайсалмас барыс) бастаған 3314 адамнан тұратын топпен бiрге Бұлардың әкесi Магуй де бала-шағасымен, Жетiсу жерiне өткен. Олар 1878 жылы желтоқсанның ортасында алдымен шекаралық елдi мекен Нарынға, одан соң 27 желтоқсанда Тоқмаққа жеткен. Ал ганьсулiк дұңғандардың Жүсiп Хазiрет (Юсуф-Хазрет) және Ма Дажен бастаған топтарының бiрi Қарақол төңiрегiне, екiншiсi Ферғана өңiрiне өтедi.

Қолдарына құндақтаулы бала ұстаған әйелдерi мен әлi кеткен қарттарын iлестiрiп, қазақ жерiне арып-аршып жеткен босқындардың алғашқыда хал-ахуалы аса ауыр болды. Аштық, жоқшылық, жол азабы сияқты тағдыр тауқыметiнiң ауыртпалығын бiр кiсiдей көтергендердiң арасында Қытайда жүргенiнде-ақ Меккеге барып қажы атанған Магуй мен оның жас баласы Бұлар да бар болатын.

Бұлар Магуев оңды-солын таныған соң, қазақ-қырғыз жiгiттерi секiлдi барымташылықпен де айналысып, көбiне жергiлiктi патша шенеунiктерiнiң, орыс қоныстанушыларының малын айдап кетiп, қандастары арасына тегiн таратып берiп отырған. Жоқшылықтың зардабын тартып, жарқабақты үңгiп, баспана қылып отырған қандастарына тек бiр ғана шарт қояды екен. Сойылған малдың бас-сирағын және терiсiн, айғақ қалмауы үшiн, көмiп тастауды талап еткен. Оның осы барымташылық кәсiбi қырғыздың атақты Шабдан манабымен танысуына да себепкер болады. Күндердiң күнiнде, жергiлiктi шенеунiктердiң бiрiнiң ақ патшаға тарту етсем деп жүрген ақбоз аты жоғалады. Шартарапқа iздеу салынып, ақыры Шабдан манап қыспаққа алынады. Қабағы түсiп, шайханада отырған көңiлсiз Шабдан манапқа кездескен Бұлар iстiң мән-жайын бiлген соң, жоқ малды табуға жәрдемдесуге уәде етедi. Өзi түнеугүнi түн жамыла айдап келген жылқылардың iшiнде емес пе екен деп, таратылған үйлердi аралап, iздеу салады. Бәрi көрмедiк деп шығарып салады. Тек бiр үйдi айнала бергенде, әлдебiр әйелдiң бажылдаған дауысы естiледi. "Бұлар болса, бәрiмiздi асырап-бағуда, ал сен оны алдап, күнәһәр болмақшысың", – деп қалады әйел. Мұны естiген iздеушi жiгiттер үй иесiне қайта келедi. Сөйтсе, әлгi кiсiнiң еншiсiне iздеу салынған ақбоз ат тиген екен, бiрақ ол сұлу жануарды қимай, бiр үңгiрге жасырып қойыпты. Ақбоз ат табылып, хабар Шабдан манапқа жетедi.

Жас жiгiттiң батылдығына разы болған Шабдан манап оны "Батыр" деп атап, туыс бауырындай жақын тартып, достасып кетедi. "Мен қырғыздың батыры болсам, саған дұңғанның батыры болу жазған екен" дептi разы болған Шабдан манап. Осы оқиғадан соң, ел-жұртқа Бұлар батыр деген атпен таныла бастайды.

Уақыт өте келе сауда-саттықпен және егiншiлiкпен айналысқан Бұлар батырдың тұрмысы да түзелiп, адал еңбегiнiң арқасында ел арасында сый-құрметке бөлене бастайды. Осы жерде оның сауда-саттық iсiн қалай бастағаны жөнiнде де айта өткен жөн. Ұрпақтарының айтуынша, алғашында оның Шыңжаннан алған тауарларына төлер ақысы, я кепiлдiкке қояр заты болмай, ең жақын жолдасын кепiлдiкке қалдырып, саудагерлiк iсiне алғашқы қадамын жасаған екен. Дегенмен де Бұлар Магуев өзiнiң iскерлiгi мен алғырлығы арқасында бара-бара Жетiсудағы бай да қуатты ауқаттылардың қатарына қосылады. Дәулетi тасқан ол Пiшпек уезiне қарасты Қарақоңыз (Николаев) болысының басқарушысы қызметiн де атқарып, Жетiсудағы қандастарының бас адамына айналады. Болыс басқарушысы болып сайлану дұңғандар арасында да оңайға соқпаған. Себебi, қазақ-қырғыздардағыдай болыс сайлау толассыз талас-тартыспен өткен. Мысалы, бұрыннан "жақсы" және "жаман" деген екi қарсылас партияға бөлiнген Қарақоңыздағы дұңғандардың 1887 жылғы 12 маусымдағы болыс сайлауы кезiнде тәртiпсiздiктер белең алып, Тоқмақ уезiнiң бастығы, полковник Пущинге бағынбайтындықтарын бiлдiрiп, таспен атқылап, оның шабарманын соққыға жығады. 15 маусымда генерал-майор Фриденiң бұйрығымен тәртiптi бұзды деген 11 адам қамауға алынып, Пiшпектiң түрмесiнде 7 күн жатып шығады. "Аталған тәртiпсiздiктердiң орын алуының басты себебi болыс сайлау жүйесiнiң өзiнде жатыр, – деп көрсетедi сол кездегi Дала генерал-губернаторының қызметiн атқарушы. – Селениенiң (Қарақоңыздағы) бұрынғы меңгерушiсi Сташков те, қазiргiсi Бахирев те партияларды өзара жарастырудың орнына сайлаудағы талас-тартысты өршiтiп жiбердi". Мұндай бәсекелестiк Бұлар Магуев болыстыққа түскен кейiнгi жылдары да жалғасты.

Бұлар Магуев 1910-1916 жылдар аралығында Қарақоңыз болысының басқарушысы болып қызмет атқарады. Болыс болып сайлану үшiн Бұлар батырға да бұрынғы болыс басқарушысы Сандюрмен бәсекелес болуға тура келедi. Бара-бара Сандюр мен Бұлар батыр басында тұрған екi қарсылас партия қатты жауласып та кетедi. Бiрақ Бұлар батыр қандастарының арасындағы араздықтың одан әрi өршуiне жол бермеуге ұмтылып, ақыры 1916 жылға қарай екi партия ымыраға келiп, жараса бастайды.

Патша өкiметiнiң отаршыл саясатының астарын түсiнген Бұлар батыр қашанда қарапайым халықпен бiте қайнасып, жұмыс iстеуге талпынады. Оның тұрмысы нашар жандарға деген қайырымдылығы, адамгершiлiгi, иманжүздiлiгi, турашыл өткiр мiнезi жайындағы жылы сөздер алыс-жақынға таралып, Бұлар батырға қарамағындағы дұңғандар ғана ғана емес, жергiлiктi тұрғындар да құрметпен қарай бастайды.

Тұрмыстың тауқыметiн тартқандар одан көмек сұрап, пана iздеп жиi келетiн болған. Оның көпшiлiктiң көңiлiн таба бiлгенiн мұрағат деректерiндегi "Бұлар Магуев тек дұңғандар арасында ғана емес, Пiшпек, Пржевальск уездерiнiң қырғыздары арасында да аса танымал" деген мәлiметтер байқатса керек. Бұлар Магуевтiң Қарақоңыздағы дұңғандардың беделдi басшысы болғанын және олардың қырғыздан жердi жалға алуы жөнiнде белгiлi қырғыз ағартушысы О. Сыдыков былай деп көрсетедi: "…Олар қыстың қылшылдап тұрған кезiнде келдi. Бiздiң Тоқмаққа, Бiшкекке келген дұңғандардың басшысы Нарын деген екен. Қытайша "дарын" деген сөзден өзгерiп қалған. Мәнiсi– губернатор. Оның өз есiмi Аюп деп аталады. Дарын – Нарын болып қалады. Қазiр оның орнында отырған адам Магуйұлы. Қарақоңыз дұңғандардың басшысы. Олардың әрбiрi өсiп-өнуде".

Қарақоңыз – қазiргi Қордай ауданындағы өзеннiң бiрi. Дұңғандар еңбекқорлығы арқасында Қарақоңыз аймағындағы бiр кездерi тастақты жер саналған Сортөбенi (1998 жылға дейiн Шортөбе аталған) Кебекбай, Ноғайбай билерден сұрап алып, ең жасыл, ең алқапты аймаққа айналдырады. Қарақоңыздағы дұңғандардың жағдайы бiрте-бiрте түзелiп, халықтың да саны өседi. Мысалы 1882 жылғы санақ бойынша Қарақоңызда 50 ұл бала, 31 қыз бала дүниеге келген. Журналист О.Дәуiттiң мәлiметтерiне қарағанда, алғашында Қордай жерiне 20-дай отбасы қоныс тепкен. Қордай ауданындағы негiзiнен дұңғандар тұратын Сортөбе, Заимка ауылдарының аяғынан тiк тұруына Бұлар Магуевтiң де үлесi зор болатын.

Қарақоңыздың болыс басқарушысы патша өкiметiнiң жергiлiктi шенеунiктерiмен қатар қазақ-қырғыздың Шабдан Жантаев, Дүр Сауранбаев, Ғали Өзбеков, Барлыбек Сыртанов, Ыдырыс Садыбеков, Бекболат Әшекеев, Сәт Ниябеков, Ыбрайым Жайнақов секiлдi белгiлi кiсiлерiмен тығыз қарым-қатынаста болып, Жетiсу өңiрiндегi саяси және мәдени-көпшiлiк шараларға да белсендi түрде қатысып отырған. Мысалы 1910 жылы 21 қазанда өткен Ұзынағаш съезiне қатысып, Жетiсудың саяси-экономикалық мәселелерiн талқылауға және тиiстi шешiм қабылдауда белсендiлiк танытады. Съезге қатысушылар Жетiсуға орыс шаруаларын қоныс аударуды тоқтатуды сұрап, патшаға, Петерборға делегация жiберiлсiн деген тоқтамға келедi. Съезд шешiмiмен Барлыбек Сыртановтың Петерборға аттануына зор ықпал тигiзгендер Батыс-Талғар болысының басқарушысы Мiрқасым Сүлейменов, Шығыс-Қастек болысынан Құсайын, Шығыс-Талғар болысының басқарушысы Әбсемет Стамбеков, Үлкен Алматы болысының басқарушысы Ыдырыс Садыбеков және Пiшпек уезi Қарақоңыз (Николаев) болысының басқарушысы Бұлар Магуев едi. Барлыбек Сыртанов пен Дүр Сауранбаевтың Петерборға баруы үшiн қаражат жинауда да Бұлар Магуев көзге түстi. Сол тұстағы жандармерияның және олар жiберген тыңшылардың асқан сақтығына қарамастан, жалпы, қазақ-қырғыз атынан баратын депутацияға әр болыстан 200 сомнан жиналып, барлығы 5000 сом көлемiнде қаражатты құраған.

Балқан соғысы басталған тұста Ресейдегi мұсылман халықтары соғыс қажетiне деп Түркия үшiн жасырын қаражат жинағанда да Бұлар Магуев бұл шарадан тыс қалмады. Қырғыз манабы Қарымбай Қанатқалиев Түркиядан келген хаттың бiрiн Бұлар Магуев және тағы басқа болыс басқарушылары қатысқан кеңестiң талқысына салады. Бұл кеңесте Түркiстан мұсылмандарының, ондағы орыс әскерлерiнiң жайы сұралып, егер де мұсылмандар түрiктерге жәрдем берсе, жеңiске жете қалған күнде Түркiстан генерал-губернаторлығы жерiнде дербес мұсылман мемлекетi құрылатыны баяндалаған хат талқыланып, түрiктерге қажеттi мәлiметтер мен қаражат жиналады, оған Жетiсу өңiрi бойынша Бұлар Магуев басшылық қылады деген шешiм шығарылады. Тiптi кеңеске қатысушылар Түркиядағы әскери қимыл болып жатқан жерге Бұлар және тағы басқалар бастаған 500 ерiктi жасақты даярлау қажеттiгiн де ойластырады. Мұның өзi Бұлар батырдың ХХ ғасырдың бас кезiнде Жетiсудағы ықпалды тұлғаға айналғанын көрсетсе керек.

Болыс басқарушысы қызметiн атқара жүрiп, Бұлар батыр патша өкiметiнiң жергiлiктi шенеунiктерi ұйымдастырған шараларға да тартылды. Мысалы Тоқмақтағы бөлiмшелiк кiтапхананың қажетiне арналған 500 сом көлемiндегi ақшалай қаражатты жинауға белсене атсалысады.

Қазақ-қырғыздың салт-дәстүрiн де құрмет тұта бiлген Бұлар Магуев 1912 жылы күзде өткен Шабдан Жантайұлының асының ойдағыдай өтуiне көмегiн аямайды.

Қазақ-қырғыздың, сондай-ақ дұңғанның беделдi басшыларын өз ықпалында ұстау мақсатында патша өкiметiнiң жергiлiктi басшылары оларды атаулы мерекелерде сый-сыяпаттарға ұсынып отырған. Бұлар Магуев те осындай сыйлықтардан құралақан қалмаған. Ұрпақтарының айтуына қарағанда, Бұлар батыр Романовтар әулетiнiң таққа отыруының 300 жылдық салтанатына қатысқан. Оған хорунжий атағы және басы алтынмен бедерленген былғары белдiк сыйға тартылған.

1916 жылғы маусым жарлығы қазақтар мен қырғыздар секiлдi дұңғандардың да наразылығын туғызды. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстың қарсаңында Жетiсудағы дұңғандардың саны 20 мыңдай адамды құраған. Бұлар Магуев тұратын Пiшпек уезiнде көтерiлiс басталар алдында 9 мың 300 дұңған тұрған. Николаев болысын құраған 950 түтiннен тiзiм бойынша майданның қара жұмысына 540 жiгiт алынады деп алдын ала жоспарланды. Патша өкiметi бiзге жер, пана бердi, сондықтан майданның қара жұмысына бару керек деген кейбiр жасы келiп қалғандар болмаса, маусым жарлығын естiген дұңғандар майданның қара жұмысына жiгiт бермейтiндiктерiн бiлдiрiп жатты. Олардың тап ортасынан Бұлар Магуев те табылды. Патша өкiметiнiң отаршылдық саясатының мәнiн түсiне бiлуi және жергiлiктi тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста болуы әрi терең дiни сенiмi оның 1916 жылы маусым жарлығына қарсы тұрғандар жағынан табылуына себепкер болды.

1916 жылғы көтерiлiс басталғанда дұңғандардың басым бөлiгi қазақ-қырғызға тiлеулес болды. Мысалы Қарақоңызда Сулар Люванло деген кiсi дұңғандарды қырғыздар жағында көтерiлуге және оларға жәрдем беруге ашық шақырған. Дұңғандардың қазақ-қырғызбен бiрiге қимылдауына сол кездегi Пiшпек уезiне қарасты Қарақоңыз (Николаев) болысының басқарушысы Бұлар Магуев те көп еңбек сiңiрдi.

Алғашында Верный уезiнiң қазақтары қырғыздар мен дұңғандардың ықпалды кiсiлерiмен байланыс орнатуға ұмтылады. Мысалы Пiшпек уезi мен Верный уезiнiң Мойынқұм және Сарытауқұм болыстарының қазақтары үш адамды: Ғали Малқаров, Баянды Ордабаев және Мақыш Бәйменов және Шамалған болысынан Байқұлақ Омарбековтi Бұлар батырға аттандырып, оның қазақ қолына басшылық жасауын өтiнбек болған. Осындай өзара келiссөздердiң нәтижесiнде Дүр Сауранбаев, Бұлар Магуев, Самүдүн, Мокуш Шабданов, Белек Солтоноев, Қанат Абукин (Ыбыкеұлы) және т.б. қазақ көтерiлiсшiлерiмен тығыз байланыста болады. Олар алдын ала iс-қимылдарды талқылап, бiрнеше жиындар өткiзедi. Сондай жиындарға Бұлар батыр да белсене қатысып, өз ойларын батыл талқыға салады. Верный уезiне қарасты Қазақ-қырғыз бас қосқан жиындарда дұңған болысының басшысы Б.Магуев жастарды майданның қара жұмысына бермеуге шақырады, егер өкiмет тарпынан мәжбүрлеу күшейiп кетсе, қарулы көтерiлiс жасап, қарсылық бiлдiру қажеттiгiн айтады. Қазақтарға арналып жазылған хатының мазмұнына сүйене отырып, Бұлар батырдың халықты қару-жарақпен жарақтандыру және азық-түлiкпен қамтамсыз ету туралы ұсынысының мазмұны төмендегiдей болғанын анықтауға болады:

– Қажеттi қару-жарақ алдымен байлар мен аңшылардан жиналып алынсын;

– Қырғыз-қазақ шеберлерiне 1 тоқтыға 1 қанжар соқтырылсын;

– Көтерiлiсшiлерге Қарақоңызда сақталған мылтықтар берiлсiн;

– Қажеттi оқ-дәрi Қытайдан алынсын;

– Әр жiгiт өзiне 1 тоқтының етiн кептiрiп, азық-түлiк дайындасын;

– Бұл мәлiметтер құпияда сақталынсын.

Бұлар Магуевтiң осы ұсынысының өзi оның соғыс iсiнен бiршама хабарының барын аңғартса керек. Ол көтерiлiсшiлерге Қарақоңызда көптен берi сақталынып тұрған қару-жарақты беруге және Қытайдан оқ-дәрiнi де жеткiзiп тұруға уәде бередi.

Дегенмен де Пiшпек уезiндегi көтерiлiс кезiнде дұңғандар көтерiлiске белсене қатыса алмады, оның бiр себебi, олардың Бұлар батырдай ықпалды басшысының соңынан тыңшылар түсiп, аңдуға алып, артық қадам бастырмай қойғанынан және көтерiлiс басталар алдында тұтқындап тастағанында жатса керек. Әйтсе де қазақ-қырғыз көтерiлiсшiлерiне кей дұңғандар жазалаушы отрядтардың келе жатқанын, ондағылардың санын, көтерiлiсшiлердi ұстап беруге астыртын жәрдемдескен сатқындар мен тыңшылар туралы және т.б. қажеттi мәлiметтердi жеткiзiп отырған. Себебi, жазалаушы отрядтың құрамында тұрақты әскер қатарына алынған олардың туыстары немесе таныстары бар болатын. Патша өкiметi орталықазиялықтардың iшiнде тек дұңғандады ғана тұрақты әскер қатарына алғаны белгiлi. Мұның өзi 1916 жылы майданның қара жұмысына адам беру мәселесiнде олардың екiге жарылып, өзара араздығын тудырғанын да айта өткен жөн. Мысалы Қарақолдағы (Пржевальскiдегi) 1500-i әскери мiндетiн өтеп келген болатын, сондықтан майданның қара жұмысына қатысты жарлыққа немқұрайлы қарады. Ал ауылдық жердегi майданның қара жұмысына жарамды жастағылар жарлыққа қарсы шықты. Маринск селосында мұндай келiспеушiлiктiң аяғы дұңғандардың өзара қақтығысына соқтырған. Болыс басқарушысы Маджин Марафу бастағандар жiгiт беремiз десе, келесi топ бермеймiз деген. Мәселе ушығып, жас дұңған жiгiттерi Шыңжаңға кете бастаған. Оның үстiне Қарақолдағы жұртр арасында маусымның ортасында-ақ барлық дұңған жiгiттерiн майданға әкетедi екен деген сөз тарап кетедi. 70-80 адамдық алғашқы топ Ақсу мен Құлжаға қашады. Қашып барғандардың қытай тiлiн бiлуi және ондағы ағайын-туыстарын паналуы қудалаудан iз суытып, құтылып кетуге септiгiн тигiзедi.

Бұлар Магуев Қарақолдағы ықпалды дұңған басшыларымен де байланыс орнатып, жiгiт бермеуге, жергiлiктi халықпен бiрлесе қимылдауға үндейдi. Оның бұл үндеуi текке кеткен жоқ. Пржевальск уезiндегi дұңғандар негiзiн салған Ырдық (Маринск) ауылының Осаме Юсупов (Кiшi Хазiрет) және Чилал Умарахунов (Үлкен Хазiрет) бастаған көтерiлiсшiлерi қарулы шайқастарға қатысты. Осаме Юсупов бастаған көтерiлiсшiлер 11 тамызда Қарақолға жақындайды. Сол сәтте Қарақол түрмесiндегi тұтқындар қарауылдарға шабуыл жасап, бiразы қашып шығады. Қазақ көтерiлiсшiлерiнен Қарақол түрмесiнде отырған Ұзақ Саурықов түрмеден қашу кезiнде оқ тиiп, қаза тапты, ал онымен бiрге түрмеде отырған Әубәкiр Солтанбеков, Тұрлықожа Жансекин, Бiләл Ыразақов аман-есен құтылып, Қытайға ауған қазақтарға қосылады. Маринск болыстығының басқарушысы Маджин Марафудың көрсетуiне қарағанда, бүлiк кезiнде қазақ-қырғыз көтерiлiсшiлерiне дұңғандар, ұйғырлар, сарт-қалмақтар да қосылып кетiп отырған.

Бұлар Магуевтiң Жетiсудағы көтерiлiсшiлермен байланысы патша өкiметiнiң жергiлiктi әкiмшiлiгiнiң назарын аудармай қоймады. 1916 жылы 23 шiлдеде Бұлар Магуев тұтқындалып, Пiшпектiң түрмесiне қамалды. 1916 жылы 28 шiлдеде шыққан Жетiсу облысы губернаторының қаулысында Николаев болысының басқарушысы Бұлар Магуев өз болысындағы дұңғандар ғана емес, сонымен бiрге Пiшпек және Верный уезi қырғыз-қазақтарын тәртiпсiздiк туғызатын әрекеттерге арандатқаны үшiн 3 айға Верныйдағы түрмеге жабылсын және жазалау мерзiмi оның ұсталған күнiнен – 23 шiлдеден саналсын деп көрсетiлдi. Бұлар Магуевтен өзге Сулар Люванло атты дұңған да тергеуге алынады. Облыс губернаторына Бұлар Магуев туралы "Гардь", "Нияз" деген жасырын аты бар тыңшылар мәлiметтер жеткiзiп тұрған. Жетiсуда болған 1916 жылғы шiлде, тамыз және қыркүйектегi көтерiлiске байланысты тергеуге алынғандардың 1916 жылы 24 қыркүйекте жасалған тiзiмiнде Бұлар Магуев пен Сулар Люванлодан басқа 132 адамның аты-жөнi көрсетiлген. Олардың арасында қазақ, қырғыз және ұйғырлардан шыққан танымал кiсiлер Аман, Мөкүш, Кемел, Самүдүн Шабдановтар, Белек Солтоноев, Қанат Абукин (Ыбыкеұлы), Дүр Сауранбаев, Бекболат Әшекеев, Байбосын Тамабаев, Қарынбай қажы Диқанбаев, Сәт Ниязбеков, Заит Якубов және тағы басқалар едi.

Бұлар Магуев түрмеден ақталып шыққаннан соң да қоғамдық iс-шаралардан қалыс қалмады. Патша өкiметi құлап, Уақытша үкiметтiң орнауы Б. Магуевтiң қоғамдық қызметiне жаңа қарқын бердi. Қоғамдық негiзде құрылған ұйымдардың құрамында жүрiп, Бұлар Магуев әсiресе Қытайдан арып-аршып елге жеткен босқын қазақ-қырғызға жәрдем беруде нағыз кiсiлiктiң өнегесiн көрсете бiлдi. Сол уақытта Ташкент қаласынан шығып тұрған "Бiрлiк туы" газетiндегi Қ. Ғибдаллиннiң "Жетiсу қырғыздары" деген мақаласында (1917. – № 26) бұл жөнiнде былай деп баяндалады: "Өткен ғинуар iшiнде үйезной қазақ-қырғыз комитетiнiң жұмсауыменен аш қазақтар хәлiн бiлiп қайту үшiн Тоқмақ қаласына бардым. Аштықтан қырылғандардың есебi жоқ. 2-3 күндей көмiлмей қалатындары болады екен. Ақырында сасып, шiрiп бара жатқан соң орыс болсын, қазақ болсын – бәрiн жинап, бiр шұқырға тыға тастайтын көрiнедi. Бұндай оқиғаларды көрiп тұрған Шурай ислам жамиғаты қаладағы сарт, ноғай һәм басқаларды шақырып, бiр шара қарастыру амалына кiрiскенде бiреулер жәрдем берген, бiреулер өлмесе-тұрмасын деп кетушiлер де болды. Аштан өлiп бара жатқандар қатын, бала-шағаларын 50-100 сомға сатты осы күнi бұрынғыдан да күшейттi. Бұны алушылар … сол арадағы сарт, дұңған, талан-таражға ұшырамаған қазақ-қырғыздың өздерi көрiнедi… Мiне, осылай адам сату кәдiмгi алыпсатар сауда есебiне кiрiп жатқан түрi бар.

…Жығылған үстiне жұдырық болып, хохол солдаттары фронттан қайта сала атып-асып, зорлық, зомбылықты үдетiп тұрған жайы бар. Ұзынғара деген жерде 26 [-сын] өлтiрiп, мал, ақша, iске асар нәрселерден алып кеттi. Бұл тонаушылар ұсталған, бiрақ тергеп, тексерiп түк қылған жоқ.Әуелi бұл Тоқмақ қаласында қазақтан 10000 сом алып, бiр асхана ашып едiк, бiр жетiге жетпей бiтiп қалып, осы күнi Пiспек үйезiндегi 45 болыс қазақ-қырғыз арасындағы 800 үй шамалы дұңғандар екi айдан берi қарай 1700-дей аштарды асырап келе жатқан көрiнедi. Бұлар Ахун Магуй баласы дегенi бас болып азық-түлiк жинап берiп, үстерiне күрке жасауға 20 мың бау қамыс берiп оны тасып әкелiп беруге, отындарын әзiрлеуге 7 ат-арбамен жiгiттер жалдап қойыпты. Бiр уыс дұңғандар мұндай iс iстеп жатқанда 45 болыс қазақ-қырғыздың iстеп жатқан көзге көрiнерлiк iстерi жоқ".

1916 жылғы көтерiлiстi де, Қытайдан қайтқан босқындарды да өз көзiмен көрген, қырғыз тарихшысы Белек Солтоноев былай деп көрсетедi:"Қарақоңыздық Бұлар Магуев Шортөбеде асхана ашып, 1500 шамалы босқынды үш ай бақты".

Ел күйзелiске ұшыраған сол ауыр жылдарды көргендердiң мәлiметтерiне қарағанда, Бұлар батыр 40 үй тiгiп, 40 қазан көтерiп, аш-жалаңаш халыққа жұмыс берiп, Шудан берi қарай тартылған канал мен арықтар қазуға жұмылдырып, 3 жыл бойы баққан. Сол жылдары Бұлар Магуевтiң басшылығымен ел болып, жабыла жүргiзген суландыру жүйелерi қордайлықтарға әлi күнге қызмет етiп келедi.

Азамат соғысы, одан кейiнгi Кеңестер билiгi тұсында да Бұлар Магуев Жетiсу өлкесiндегi оқиғалардың ортасынан табылып жүрдi. Бұлар белгiлi қайраткер Мағазы Масанчимен тығыз байланыста болып, жақын араласады әрi қолынан келген жәрдемiн аямаған. Алайда Кеңес өкiметiнiң солақай саясатының нәтижесiнде Бұлар Магуев қуғынға ұшырап, тағдырдың тағы бiр тәлкегiн көрiп, түрмеге жабылып, ақыры, немересi Iлияс Буларовтың айтуынша, 1924 жылы 54 жасында көз жұмады.

Бұлар Магуевтiң көпшiл, иманды болып қалыптасуына, әрине, өскен ортасы да өзiндiк әсер еткенi белгiлi. Дұңғандарда шыққан тегiн әулеттiң бастауынан берi қарай тарқату дәстүрi қалыптасқан. Оларда отбасы үлкен және кiшi болып бөлiнген. Бiрнеше ұрпақты бiрiктiретiн отбасы үлкен болып саналған және дүнгендер оны дажя деп атаған. Жетiсуға келгенде де дұңғандар бұрынғы дәстүрiн сақтап, әулет болып қоныстануға тырысқан. Әр әулеттiң әр дүнген жақсы бiлетiн өз аты болған. Мысалы, Бұлар батыр шыққан әулет Ма дажя Қарақоңыз ауылының шығыс жағын алып жатса, ал батысына Ван дажя, солтүстiгiне Бай дажя әулетi орналасады. Олар қалаларға да осы тәртiппен қоныстанатын болған. Бiрнеше үлкен әулет фон деп аталатын туысқандар қауымына бiрiгетiн. Бұл қауымға басқа әулеттен келiп қосылғандар iшiнара кездесiп қалғанымен, олар сол әулеттiң әдет-ғұрпы мен заңын қатаң сақтауы тиiс болды. Әр қауымның өз дiни мектебi, ақсақалдары, молдасы, мешiтi, тiптi, отбасылар арасындағы iстердi қарайтын және араздасқан жақтарды бiтiстiрушi қазылары да (дұңғандардың – газуй) болған. Дұңғандардың отбасылық тұрмысы жайын зерттеген Мұхамед Сушанло 1979 жылы жариялаған еңбегiнде Қарақоңыздағы дұңған болысында ең үлкен отбасы Бұлар Магуевтiкi, оның екi әйелi мен үйленген үлкен балаларынан тараған жанның саны 70-ке жетедi деп жазады. Үлкен отбасы болып тұруды ұнататын дұңғандар үйленген үлкен ұлдарын жеке бөлiп шығаруды қаламаған. Тауар-ақша қатынасының дамуы үлкен отбасылардың жеке, шағын отбасына бөлiнуiн барынша жылдамдатты. Әсiресе ХХ ғасырдың басында бұл үрдiс жылдам жүрдi. Аралас неке де шағын отбасылардың көбеюiне әкелдi. Дұңғандар қыздардың басқа ұлт өкiлдерiне күйеуге тиюге олар, тiптi мұсылман дiнiнде болса да, қатаң тыйым салып отырған. Ал жiгiттердiң аралас некеге тұруы М. Сушанлоның көрсетуiнше, екi жағдайда болған. Бiрiншiден, кедей дүнген отбасынан шыққан жiгiттiң той шығынын көтеруге шамасы жетпейтiндей болса, өзге жұрттың қыздарынан жар таңдауға мәжбүр болған. Екiншiден, Жетiсуға қоныс тепкен дұңғандардың арасында алғашында ер азаматтардың басым болуы да аралас некенiң қанат жаюына өз әсерiн тигiзген. 1897 жылға қарай дұңғандардың қалыңмалға беретiн қаражаты 240 сомнан 400 сомға дейiн жеткен. Ал Бұлар батырдың қазақ қызына үйленуi ерекше оқиға болған.

Бұлар батырдың қазақтан алған әйелi Ұлы жүздiң Шапырашты руының белгiлi де дәулеттi кiсiлерiнiң бiрi, болыс басқарушысы Бектас Сүттiбайұлының қызы екен. Бектас батыр Жетiсудағы белгiлi Нарбота бидiң, Тулақ батырдың туысы болып келедi. Бектас батырдың ұлы болмаған, Ләттай, Қатипа, Кәкен атты үш сұлу да сымбатты қызының ортаншысын, яғни Қатипаны Бұлар батырға ұзатқан.

Қатипа Бектасқызы, ұрпақтарының айтуынша, қазiргi Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданының Қастек ауылы маңында дүниеге келген.

Бүгiндерi Қазақстанда дұңғандардың саны 50 мыңнан асып түсетiн көрiнедi. Баспасөз мәлiметтерiне сүйенсек, осы күнi Қазақстандағы дұңғандардың 70 пайызына жуығы Қордай өңiрiнде тiршiлiк кешуде. Қордай өңiрiндегi өсiп-өнген дұңғандардың бүгiнгi ұрпақтарының бiраз бөлiгiн Бұлар батырдың ұрпақтары және ағайын-туыстары құрап отыр.

Бұлар батыр қазақ қызы Қатипадан Юсуп, Харки атты екi ұл мен Рахима атты 1 қыз сүйген. Қазiргi таңда Бұлар батыр мен Қатипа апаның бауырынан өрбiген ұрпақ Жамбыл облысының Қордай өңiрiнде, Алматы мен Жамбыл қалаларында және көршiлес қырғыз елiнде тұрып жатыр. Бұлар батырдың ұрпақтары түрлi мамандықтардың иесi. Ата жолымен басшылық қызметте өздерiн көрсете бiлгендерi де аз емес.

Олар тұңғыштары Юсуптан 6 немере сүйдi. Осы алты ұлының үлкенi – Исмар бар ғұмырын ұстаздық жолына арнап, Қордай ауданы Сортөбе ауылындағы мектепте 40 жылдай iстедi, соның iшiнде 36 жыл бойы директор болып қызмет атқарды. Бүгiндерi ауылда бiлiм алғандардың тең жарымына жуығы Исмар Юсупұлы Буларовтың шәкiрттерi екен. Халықтың алғысына бөленген Исмар Юсупұлы Қордай ауданының құрметтi азаматы.

Юсуптың екiншi ұлы – Лоу Исһар Қордай ауданындағы Масанчи ауылын 25 жыл бойы колхоз төрағасы болып басқарды, сондай-ақ елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiн Масанчи ауылдық округының әкiмi болып iстедi. Сонымен бiрге Лоу Исһар Юсупұлы 1992 жылы құрылған Қазақстан Республикасы дұңғандар қауымдастығының тұңғыш төрағасы болып, оны 2002 жылға дейiн атқарды.

Юсуптың үшiншi ұлы Исир Қырғызстанда, "Тянь-Шань-Лада" акционерлiк қоғамы Бас директорының 1-шi орынбасары, ал төртiншi ұлы, бүгiндерi марқұм болған, Рамазан да iскер жандардың бiрi болды.

Ал бесiншiсi – Iлияс Юсупұлы Буларов 30 жасында-ақ "Коммунистический" (қазiргi Сортөбе) ауылының колхоз төрағасы қызметiне көтерiлiп, нарықтық экономикаға көшудiң алғашқы қиындықтары тұсында басшылық қызметте болды. Қордай ауданының талай қайырымдылық iс-шараларына белсене қатысатын Iлияс Юсупұлы республикамыздағы екi бiрдей жоғарғы оқу орнын бiтiрген инженер, бүгiндерi "Казтрансгаз-Алматы" акционерлiк қоғамының беделдi қызметкерi.

Бұлар батырдың екiншi ұлы, мамандығы бойынша тарихшы Харки Бұларов Қордай өңiрiнде талай жас ұрпақты тәрбиелеген беделдi ұстаз. Ол 40 жыл бойы ұстаздық еттi, ұзақ уақыт мектеп ұжымының басшысы да болды, бүгiндерi Қазақстанға еңбегi сiңген ұстаздар қатарында, талай сый-құрметтiң иесi.

Харки Бұларұлы екi ұл тәрбиелеп өсiрдi. Сталинград шайқасына қатысқан майдангер, Ұлы Отан соғысының ардагерi. Осы екi ұлының үлкенi – Аюп Қырғызстанда құрылыс саласының маманы болса, ал кiшiсi – Лугмар Харкиұлы Буларов Жамбыл облысы дүнгендерi қауымдастығының төрағасы, сонымен бiрге Қордай аудандық мәслихатының депутаты.

Бүгiндерi Бұлар батырдың ұрпақтары қазақ-қырғыздың ас-тойынан қалмай, Бұлар ауылы атынан үй тiгiп, көпшiлiктiң көңiлiнен шығып, қолдарынан келгенше аталары салып кеткен алыс-берiстiң жолын жалғап келедi. Осы ұрпақтарының атсалысуымен 1996 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Сортөбенiң батыс жағына қарай орналасқан Заимка ауылына және сол жердегi көше мен мектепке, сондай-ақ мешiтке Бұлар батырдың аты берiлдi. Қазақ-қырғыз Бұлар батыр деп атаған дұңғанның көрнектi ұлының, белгiлi қайраткердiң аты араға уақыт салып, Қордай өңiрiне, осылайша, қайта оралды.

Ескерту: Мақалада көрсетiлген суреттер Бұлар батырдың немересi Iлияс Юсупұлы Буларовтың жеке мұрағатынан алынды.

P.S. Бұлар батыр мен оның әкесi Магуйдiң сүйегi қазақ жерiнен, Қордай ауданындағы Масанчи ауылының iргесiндегi мазардан мәңгiлiк орын тапты. Дұңғандарда әруаққа арнап ескерткiш орнату, күмбез салу дәстүрi жоқ. Әйтсе де сонау қасiреттi жылдардағы халықтар ынтымағының белгiсi iспеттi 1916 жылғы көтерiлiске қатысқан жетiсулықтарға (арасында Бұлар Магуев те бар) арналған ескерткiш тақта Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Бұлар батыр ауылында орнатылса игi iс болар едi.

Айткүл МАХАЕВА, тарих ғылымдарының докторы: 01.09.2011 ж.