Мұзафар ӘЛIМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы: ҚАСЫМ — АУДАРМАНЫҢ ҚЫРҒИЫ ЕДI
Мұзафар ӘЛIМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы: ҚАСЫМ — АУДАРМАНЫҢ ҚЫРҒИЫ ЕДI
1950 жылдар басында Қасым Аманжолов бiр әңгiмесiнде қасында отырған ақынға бұрылып, шәлкездеу бiр сөз айтты. "Жақсы өлеңдi жаман өлең асырайды",– дедi. Отырғандар одырая қарасты. "Ол қалай?" – дестi. Қасым түсiндiрдi. "Жақсы өлең жазу үшiн қаншама өлең жазамын. Жасықтарын лақтырамын. Сөлi жоғын тастаймын. Сорпаға шығарын ғана кiтапқа қосамын. Сонда жаман өлең жақсы өлеңдi асырамағанда қайтедi".
* * *
Сөздiң аясынан көздiң аясы кеңiрек пе, көздiң аясынан сөздiң аясы кеңiрек пе?! 1950 жылдың басында Владимир Маяковскийдiң таңдамалы өлеңдерiн қазақшаға аударып шығаруға әзiрлiк басталды. Редакциясын көрнектi ақын Қасым Аманжолов басқарды. Аударуға әйгiлi қаламгерлер: Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Қалижан Бекқожинмен бiрге үш-төрт жас ақындар ат салысты. Солардың бiреуi мен едiм. Әркiм аудармасын Қасымға әкеп көрсетiп алып, қайта жөндеп, қырнап жетiлдiрумен болды. Мен де өз тәржiмәларымды аға ақын алдына сан әкелдiм. Бiр жолы Маяковскийдiң бiр томдығын қолтығыма қыстыра барғанмын. Қасым аға қасына отырғызып, аудармаларымды түпнұсқамен салыстыра қарап шығып, құптайтынын бөлек алып, шалағайларын оңдырмай сызып, ескертпелерiн тұжырымды түрде айтты. Мен бөлмеден шығуға оңтайлана берiп едiм редакторым: "Мына бiр томдықты бiр күнге маған қалдырып кетшi. "Атлантический океан" деген өлеңiн аударайын деп едiм. Өзiмнiң кiтабымды бiреу сұрап әкеттi",– дедi.
Екi-үш күннен кейiн кiтабым қолыма қайта тидi. Кейiн Владимир Владимировичтiң кiтабы қазақша аударылып шыққаннан соң iшiнде "Атлант мұхиты" жоқ болып шықты. "Аудармаған-ау" – дедiм де қойдым. Бертiнiректе бiр керегi болып әлгi томдықты парақтасам, 106-беттен Қасым қолтаңбасы көзiме оттай басылды. Қызыға қарадым. Бес жерге сұрақ қойыпты. Төрт сөздiң астын сызыпты. Аудармашының қолымен қазақша жалғыз-ақ сөз жазылыпты. "Слепяш" деген атауға балама iздеген болса керек. "Көз қарыта" деп қиғаштай қондырыпты. Астын сызған сөздерi мыналар: "окованным носом", "водянные глыбой", "водмячи ревком" және жаңағы "камень слепяш"… Сұрақ қойған тұстарына да тiсi бата қоймаған екен ғой. Содан ба Қасым аға әлгi өлеңдi қазақшалауға жол таппаса керек. Өз ана тiлiнде ғана сөйлейтiн аяулы сөздердi өзге тiлде қиқалақтату қиянат екенiн кәмiл бiлетiн алғыр Қасымдар мiне осылай етедi. Ал далбасалар болса, долбарлай салар едi-ау, ә?!
* * *
Қазақ поэзиясында сегiз буынды жыр екi түрлi. Бiреуi Абайдың "Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң арқалан. Сенде бiр кiрпiш дүниеге, Кетiгiн тап та бар қалан". Екiншiсi, Қасым ақынның "Ақын өлiмi туралы аңызындағы" "Қара толқын орман шашын, жұлды талдап снарядтар…" сияқты ырғақтар. Талайлардың ұстанышы бұл соңғы өлшемдi Асқар Тоқмағамбетов, Қасым Аманжолов, Тайыр Жароковтар Ұлы Отан соғысы алдында ғана үрдiске енгiзген деп ойлайды. Алайда осы ырғақ яғни, төрт буыннан екi бунақ болып келетiн өлшем халық фольклорындағы "Есет атам ет асатар, ет асатса бес асатар" сияқты жаңылтпаштарда да, мақал-мәтелдерде де кездеседi. Оны айтасыз, сонау "Ақтабан шұбырынды" тұсындағы қатыгез қыс азабынан туған тарихи шағын өлеңдердiң қатарындағы мына бiр өлеңдi алыңыз. Аштықтан өзегi талып аңыраған баласын анасының жұбатқаны: "Бұрынғыдай жайың бар ма, Мiнетұғын тайың бар ма? Жылағанда дайын тұрған, Қарындағы майың бар ма?". Бұны Сәкен Сейфуллин "Қазақ әдебиетi" атты 1932 жылы Қызылордада басылып шыққан кiтабында келтiрген. Сегiз буынды өлеңнiң ең көне нұсқасы осы болар-ау. Ендеше жаңа дегенiмiз – ұмытылмаған көнелер деген формуланың жалған болмағаны.
ДайындағанКөлбай АДЫРБЕКҰЛЫ 01.09.2011 ж.