НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРГЕНIМIЗ ЖОҚ
НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРГЕНIМIЗ ЖОҚ
Ұлттық рух және ұлтжандылық – қай қоғам үшiн де өзектi мәселе. Соған орай, өзiнiң ұлтжандылығын 1991 жылдың үрейлi қыркүйек күндерiнде асыл парасатымен дәлелдеген, облыстық ардагер журналистердiң бейүкiметтiк ұйымының төрағасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi Орынбай Жәкiбаевты әңгiмеге тартып, өзiндiк ойларын айтып беруiн сұрағанбыз. – Ореке, бүгiнгi әңгiмемiздiң өзегi – ұлттық рух және ұлтжандылық жайында. Сол туралы ой қозғасаңыз…
– Шыны керек, кеңестiк кезеңде қазақ ұлты туралы қоғамда қым-қиғаш пiкiр күшпен қалыптастырылды. Ал қазақ болса – ежелден-ақ өз жерi мен елiнде ру-тайпа болып қалыптасқан байырғы халықтың, қала бердi ұлттың бiрi. Соған орай тiлi мен мәдениетi дамыған. Оған көне тарих куә болар айғақтар толып жатыр. Мәселен қашанда ақиқаттан аттамайтын, арабтың орта ғасырлық жиһанкездерi: Ахмед ибн Фадлан, Әл-Маруазилер қыпшақ даласындағы найман, керей, жалайыр, арғын руларында болып, жақын танысқанда олардың өзiн-өзi «қазақ» деп атайтынын сөз етедi және осы жағдаятты соңына жазып, қалдырып кеткен. Олардың пайымдауы бойынша, әр тайпаның атам заманнан берi қалыптасқан қыстауы мен жазғы жайлауы болған. Оларға ешкiм де қол сұға алмапты. Бәрiн де қазақтар қызғыштай қорғаған. Мiне, сол дәстүрдiң тамтығы ғасырдан ғасырға жалғасып, бiздiң заманымызға дейiн жеттi. Сондай қайсарлық пен қажырлылықтың арқасында сақталып қалған Қазақ елi – жерiнiң көлемi жөнiнен әлемде тоғызыншы орында. Мiне, осыны қазақтың әрi ұлтжандылығы, әрi ұлылығы дер едiм.
Иә, «ұлылығы» деп жаңсақ айтып отырғаным жоқ. Қасиеттi қазақ халқы мен елiнiң сонау ықылым заманнан берi қалыптасып, осы кезге дейiн жойылып кетпеуiн бiрiншi, ұлан ғайыр жердi иемденуiн – екiншi, бес Франция сыйып кететiн аумақты басқадан ерлiкпен қорғап қалуын – үшiншi ұлылығы деп есептеймiн. Әрi қарай. Кең байтақ жерде тұрып, қазақ ұлтының түсiнiктi ортақ тiлде сөйлеуiн – төртiншi, жерiнiң қойнауында Менделеев сызбасында жазылған қазба байлықтың бәрiнiң болуын – бесiншi, ал ең бастысы – елiндегi сан ұлттың диаспораларымен тату-тәттi өмiр сүруiн алтыншы ұлылығына балаймын. Сол ұлылықтың нәтижесiнде бiзде өзге одақтас республикалар бастан кешiрген Днестр жағалауы немесе Қарабақ қырғыны болмады, болмасына да сенгiм келедi. Демек қазақ ұлтжанды, бiрақ әсiреұлтшыл (ультранационалист) емес. Бiреулер қазақтың көңiлiнiң кеңдiгiне өкпелеп, оны «ұлтжанды емес» деп, күстәналап жатады. Ондаймен келiсу қиын. Менiңше, осындай ұлт пен халықты үнемi мақтан тұту керек. Ұлтыңды жан-тәнiңмен жақсы көру – мерейлi мәртебе.
Әсiреұлтшылдық дегенiмiз не? Ол – кез келген елдегi жiкшiлдiктiң серiгi. Қатерлiлiгi сонда – ол белгiлi бiр ұлттың өзiн өте жоғары қойып, өзгенi кемсiтуi. Ұлтжандылық болса, соған керiсiнше бауырмалдық ұғым.
– Оның қандай белгiлерi бар?
– Тiлге тиек етiп отырған әсiреұлтшылдықтың айқын көрiнiсi осыдан 20 жыл бұрын, қыркүйек айында өткен Орал дүмпуiнде анық байқалған едi. Онда бiр елдiң адамдары екiге жарылып, қанды қақтығыстың алдында тұрды. Бiреулер шовинистiк жiкшiлдiктi жақтаса, екiншiлерi оған батыл қарсы шықты. Елi мен ұлтының намысын ойлап, бой көтергендерге қазақ жерiнiң түкпiр-түкпiрiнен жанкештi азаматтар көмекке келдi. Олардың саяси-әлеуметтiк дүниетанымы сан алуан болғанымен, әсiреұлтшылдықтан ада едi. Яғни Балтық бойының елдерiндегiдей: «Орыстар тарихи Отанына кетсiн!» деп ешкiм ұрандатқан жоқ, ондай қадамға бармасы да сөзсiз. Керiсiнше олар жергiлiктi диаспора өкiлдерi мен сыртқы күштер желiктiрген жiкшiлдердiң арасын айыра бiлдi. Яғни бәрiне байыппен қарайтын жергiлiктi өзге ұлттардың сарабдал азаматтарымен бiрге жағдайды ушықтырмау үшiн бар күшiн салды. Ал өздерiн «Дон, Ставрополь, Сiбiр казактарының ұрпағымыз» деп жар салған, Кремль көсемдерi қолтығына су бүркiп, айдап салған жергiлiктi кейбiр жауапсыз тұлғалар жiкшiлдiктi Оралдан бастап, ойлаған шарасын салтанатты түрде өткiзуге тырысты. Егер ол мақсаттары жүзеге асса, әрi қарай ол елiмiздiң кемiнде 12 облысында жалғасын табарына үмiттендi. Бiрақ нағыз ұлтжанды азаматтар бас қосып, иық тiрестiрiп, қазақ жерiн бөлшектеуге бағытталған зымиян жоспарды орындатпай тастады. Мiне, нағыз ұлтжандылық дегенiмiз осы. Өзгенi өзегiне теппестен, өзiңнiң ұлттық намысыңды қорғап қалу. Кезiнде солардың қатарында жүргенiмдi бүгiнде де мақтан тұтамын.
– Сiз коммунистiк өктемдiк пен қатал цензура жағдайында, астыртын түрде «Азаттық үнi» атты үнқағаз (листовка) шығарып, таратыпсыз. Сол туралы не айтар едiңiз?
– Иә, сол кезде астыртын түрде «Азаттық үнi» атты үнқағаз (листовка) шығарып, таратуға тура келдi. Ол туралы «Азаттық» атты үштомдық кiтабымда егжей-тегжейлi жазылған. Сол 1991 жылдың қыркүйек күндерiндегi ахуалды толыққанды бiлгiсi келгендердiң кiтапты сұрап не сатып алып, оқуына болады. Әдiлдiгi керек, 1990-1992 жылдары қазақ елiнiң тұтастығы мен егемендiгi үшiн белiн бекем буып, қу жанын шүберекке түйген ұлтжанды азаматтар өзара тығыз топтаса бiлдi. Мен солардың бiрi ғанамын. Елiң, жерiң, ұлтың үшiн арпалыстан артық бақыт бар ма?! Тiптi сол мақсат жолында соттың да алды ауыр емес екен.
Жоғарыда айтылған кiтаптан бұрын, ертеректе «Атамандар ат-тонын ала қашты» деген мақалам да жарық көрдi. Сонда бiреулер сұрақ қойған-ды: «Мақалаңыз өңiрiмiздегi ұлтаралық татулыққа нұқсан келтiрмей ме?», – деп. Оған нақты жауабым қашанда даяр. Сол бiр қыркүйектiң үрейлi күндерiнде Оралға Кеңес Одағындағы барлық атамандар келдi. Олардың арасында Кеңес Одағының соңғы билеушiсi М.Горбачев жерлес досы ретiнде генералдық шен берген бас атаман Мартынов та бар. Бабаларымыз соңғы 3-4 ғасыр бойы атамандармен арпалысып, жандарын қиғанда, сол қыркүйектiң үш күнiнде бiр емес, күйреушi империяның барлық атамандарының бас сауғалап қашуын қалай көрсетпеуге болады?! Кейiн жерлес атамандардың бiрi былай деп ағынан жарылды: «Бiздi сол кезде күйреп бара жатқан Кремль қолпаштады. Алғашында бiз соған сенiп қалдық. Әйтеуiр, Құдай сақтап, жаңсақ басқанымызды дер кезiнде түсiнiп үлгердiк. Оған сiздердi де қосқан үлестерiңiз зор». Несi бар, мұндай мойындауға да мың да бiр рахмет! Бұл – ұлтаралық татулықтан басқа жол жоқ екендiгiнiң айғағы. Бiрақ қашанда қырағылық қажет. Қазiр Отанымызда қалыптасқан ұлтаралық татулық пен түсiнiстiктi көздiң қарашығындай сақтауымыз керек. «Азаттық» атты үш томдық кiтап – сол мақсатта, өткеннен сабақ алу үшiн жазылған рухани дүние.
– Сол 1991 жылы елiмiздiң өзгелер көзiн алартқан бiрқатар облысын сақтап қалу –ұлы жеңiс. Ол тарихи бағасын алды ма?
– Жоқ. Күнi бүгiнге дейiн лайықты саяси бағасын алмауы өкiнiштi-ақ. Неге? Оған бiр жағынан бiздiң сол мезгiлде жiберген қателiгiмiз себеп. Нақты айтқанда, сол жылы облыс басшыларының бiрi болған Гартманды теледидардан «азаттықтарды» жiкшiлдерге балағаны үшiн сотқа берiп, жұмысынан түсiруiмiз керек едi. Екiншiден, сол кездегi облыстық Кеңеске қыркүйек оқиғасына саяси баға беру туралы ұсыныс жасалғанда, оны депутаттар толық қолдады. Сол iстi аяғына дейiн жеткiзу керек екен. Мүмкiн, келешекте бұл тарихи түйткiл де шешiмiн табар.
Сөз соңында айтарым, ұлтжандылық –сәл нәрсенi сылтау етiп, ашық майданға шығып, күресе беру емес. Менiңше, ол –ұлт мүддесiн санаңда берiк сақтап, халқыңды қалтқысыз қастерлей бiлу болмақ.
– Әңгiмеңiзге рахмет!
Серiк ЫҚСАНҒАЛИ 01.09.2011 ж.