Жаңалықтар

Евгений ЧАЙКОВСКИЙ: ТҮЙЕҚҰС – ҰЛТТЫ САУЫҚТЫРУДЫҢ БIРДЕН-БIР ЖОЛЫ

ашық дереккөзі

Евгений ЧАЙКОВСКИЙ: ТҮЙЕҚҰС – ҰЛТТЫ САУЫҚТЫРУДЫҢ БIРДЕН-БIР ЖОЛЫ

Англия, Шотлания, Франция, АҚШ, Польша, Ресей… менiң алдымда жатқан кiтапта әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен келген саяхатшылардың жазып қалдырған тiлегi, ризашылығы, қолтаңбасы… Осыншама турист сонау мыңдаған шақырымнан келгенде, Қазақстанда ненi қызықтап, ненi тамашалады екен? Қазақтың тауына да, даласына да тамсанған шығар-ау, бiрақ олар үшiн қызықтың көкесi Алматының iргесiндегi асыл тұқымды түйеқұс фермасы болған сияқты. Олардың жазбасын оқып отырып ұққаным осы болды.

Бiз де түйеқұс фермасының қызықтары туралы елден естiп, арнайы ат басын бұрдық. Iрi торкөз қақпаның ар жағында мамыражай жайылып жүрген, екi кiсiлiк бойы бар түйеқұс табынын тамашалаған соң, "Фауна" фермасының қожайыны Евгений Чайковскиймен әңгiме-дүкен құрдық. – Түйеқұстарды Еуропадан әкелгенiңiз рас па? – 2001 жылдың 8 мамырында Еуропадан түйеқұстардың алғашқы партиясын әкелдiм. Бельгия, Голландия, Франция елдерiнен екi күндiк 440 балапан алдық. Бiз Орта Азия елдерiнен Еуропадан осындай iрi көлемдегi түйеқұс тасымалдаған алғашқы топ едiк. Сондықтан еуропалықтар бiздiң қандай елден екенiмiздi бiлуге қатты ынталы болды. Осыдан он жыл бұрын олар үшiн Қазақстан не, Ауғанстан не, бәрiбiр сияқты едi. Екi жылдан соң Түйеқұс өсiрушiлердiң еуропалық қауымдастығының вице-президентi бiр топ голландық пен бельгиялық азаматтармен бiрге түйеқұс шаруашылығымыздың жағдайын бiлуге келдi. Шындығында, 440 түйеқұсты Еуропадан жыл сайын тасымалдап жатқан жоқ. Сондықтан олардың аңсарын түсiнуге болады. Бiздiң түйеқұстарды қалай өсiрiп жатқанымызға тәнтi болды. Осы сапардың нәтижесiнде қолымыздағы түйеқұс табыны – асыл тұқымды табынға жатқызылды. Бiз – Орталық Азиядағы африкалық қара түйеқұстарды өсiретiн бiрден-бiр асыл тұқымды шаруашылықпыз. Одан берi бұл iске қырғыздар да, өзбектер де, тәжiктер де бiртiндеп ден қоя бастады. Қырғыздар бiраз балапанды бiзден сатып алған болатын. Ал өзбектер осы бағытта голландықтармен бiрлесiп жұмыс iстеп жатыр. Ал тәжiктер, менiңше, Қытайдан тасымалдайтын болуы керек. – Құпия болмаса айтыңызшы, бiр түйеқұс балапанын қаншаға сатып алдыңыз? – Құпия ештеңесi жоқ, бiр балапанды Алматыға әкелу шығынын қосқанда, 116-118 долларды құрады. – Қазiр әр балапанды қаншаға сатасыздар? – Мен оларды 120 доллардан сатамын. Осыдан он жыл бұрын бiр күндiк балапандарды қандай бағаға алсам, екi апталық балапанды сонша бағаға саудалаймын. – Ал әлемдегi нарықтық бағасы қанша? – Қазiр бiзде түйеқұс балапандарына сұраныс көп, екi жылдан берi кезекте тұрғандар бар. Бұрын 5-7 бас алғандар ендi келiп 40-100 бас сұрайды. Ал бiз көп дегенде, жылына 70 түйеқұс балапанын өсiрiп шығарамыз. Қазiр Алматыға алып келу шығынымен қосқанда әр балапан Еуропада 120-130 еуроға бағаланады, ал Израильде аздап төмен. Бұлар тек бiр күндiк балапандар. Түйеқұс балапанын өсiрудiң ерекшелiгi неде? Оның сарыуызы балапанның iшiнде бiрге туылады. Сондықтан түйеқұс балапаны кiндiгiмен бiрге туылады деуге де болар. Оның кiндiгiне алғашқы күндерi айрықша күтiм керек. Осы кезеңде олар 4-6 күн ас-су iшпейдi. Оларды әлемде тарататын кездерi де осы мерзiм. Ал бiз неге екi апталық балапандар сатамыз? Екi апталық балапан iшкi қуатынан сырттан тамақ қабылдауға бейiмделедi. Бiрақ олардың арасында өлiм-жiтiм де осы кезеңде көп болады. Жем-шөптен бе, болмаса генетикалық себептен бе, әйтеуiр сыртқы тамаққа көшкенде көбiсi қырылып қалады. Мен аздап болса да сыртқы ортаға бейiмделген, әрi қарай бағып-қағуы оңай екi апталық балапандар сатамын. Менiңше, егер түйеқұс шығыны болатын болса, ол шығын осы фермада қалсын. – Қазақстанда түйеқұс туралы мағлұмат тапшы болған кезде осындай шаруамен айналысу туралы ой сiзге қайдан келдi? – Мен 1986 жылы жұмыс сапарымен Бельгияда болдым. Ол кезде Семей ядролық полигонында жұмыс iстейтiнмiн. Бельгияда бiздiң уранмен жұмыс iстейтiн атом станциясы болды. Осы сапар барысында бiздi мәдени бағдарлама аясында түйеқұс фермасына алып барды. Сол жерде өте бiлiктi, сауатты түйеқұс мамандары жұмыс iстейдi екен. Олар менi толғандырған көп сұраққа егжей-тегжейлi жауап бердi. Мысалы менi бұрынан қызықтыратын нәрсе: ұзақ өмiр сүргiсi келетiн жапондықтар нелiктен түйеқұс етiн аса iрi көлемде импорттайды? Жерiнiң тарлығына байланысты түйеқұсты өз аумағында өсiре алмайтыны түсiнiктi, сондықтан да еттi iрi көлемде Израильден тасиды. Ал түйеқұстың терiсi Оңтүстiк Корея мен Италияға жөнелтiледi. Шын мәнiсiнде, түйеқұс терiсi қолтырауынның терiсiнен де қымбат тұрады. Сол кезде маған бiр ой келдi: жапондықтардың балық өнiмдерi мен түйеқұс етiнiң ақуызы адам саулығына, ұзақ өмiр сүруiне ең қажеттi тағам деп санайтыны бекер емес қой? Түйеқұс етiнiң тауық етiне "үш қайнаса сорпасы қосылмайды". Бұл – гемоглобинге бай кәдiмгi қызыл ет, бiрақ ондағы холестерин көлемi шамалы ғана. Бұл – диеталық, емдiк тұрғыдан өте пайдалы тағам түрi. Жапондардiкi рас қой, олар әлемдегi ең ұзақ өмiр сүретiн халықтың бiрi. Жапония әлемдегi атом қаруымен шабуылға ұшыраған бiрден-бiр ел. Бiрақ сол атом сынағын бастан өткерген Хиросима мен Нагасакидiң өзiнде ұзақ жасаушылардың саны өте көп. Осының бәрiн ойлай келiп, неге Қазақстанда Семей ядролық полигоны сияқты экологиялық апатқа ұшыраған жерлерде түйеқұс өсiрiп, қазақтың дәстүрлi ас мәзiрiне түйеқұс етiн қоспасқа деген ой келдi. Берi қараңызшы, бағзы замандарда қазақ түнге қарай қой етiне тыңқия тойып алып жататын болса, таң бозамық ата ұйқысынан оянып, жақсы атты ерттеп алып, жазық даланы аралап, бой жазатын болған ғой. Саф ауамен дем алып, күннiң сәулесiнен қуат алып, салауатты өмiр сүрген емес пе? Дәстүрлi ас мәзiрi сақталды, бiрақ дәстүрлi өмiр сүру салты баяғыда өзгерген. Қазiргi қазақ атпен шаппайды, тау-даланы араламайды. Қазiр түнде ет жеп алған соң, таңертең "Мерседеске" күмп берiп отыра кетедi де, 1-1,5 сағат көлiк кептелiсiнен әрең шығып, кеңсеге келедi де, жайлы орындыққа тағы да "күмп" берiп жайғаса кетедi. Бұл ұлтты сауықтыруға әкелмейдi. Ол үшiн түбегейлi өзгерiстер керек. Осындай өзгерiстердiң бiрi дәстүрлi ет тағамдарымен қатар диеталық түйеқұс етiн тағам түрiнде пайдалану болар ма едi. Бiрақ 86-жылы бұл идеяны жүзеге асыру мүмкiн емес болатын. Мен 1992 жылдан бастап бiрнеше жыл ғылым және жаңа технологиялар министрлiгiнде жұмыс iстедiм, бiрақ сол жылдарды өзiм ең бос өткен жылдарым деп есептеймiн. Мен шенеунiк емеспiн, бұйрық беру-бағыну мәжбүрлiгiне мойынсұнуым қиын. Инженерлiк-ғылыми ортада өсiп-қалыптастым. Ол ортада бiр-бiрiнiң айтқанына құлақ асады. Содан мемлекеттiк қызметтi тастадым да, азын-аулақ жинаған ақшамен не iстеу керектiгiн ойлай бастадым. Үй салу, сарай салу менiң ойыма кiрiп те шықпаған болатын, сондықтан мен осы ферманы (қазiргi "Фауна" шаруашылығының аумағы – Г.О.) сатып алдым. Бұл жерде бұрын шошқа шаруашылығы болған, ал түйеқұс ұстау үшiн қоралардың төбесiн қайта жауып, биiктiгiн кемiнде 3 метр 20 см етiп қайта жабу керек болды. Мен сатып алғанда, бұл жер бiр жылдан берi қаңырап қалған екен, қоралардың есiгi, үйдiң не терезесi, шатыры жоқ, аңғал-саңғал болатын. Бәрiн жөндеп, сырлап, қайта қалпына келтiрiп, түйеқұстарды алып келдiк. – Мамандығыңыз бойынша атом өнеркәсiбi саласында көп жыл қызмет етiпсiз. Ал түйеқұс шаруашылығын ұстау үшiн кем дегенде ауылшаруашылығы саласынан хабарыңыз болуы керек қой? Әлде қайта мамандану курсына бардыңыз ба? – Қалай десем екен? Маған қазiр жұмысқа қабылдау туралы ондаған резюмелер келiп түседi. Бiздiң кезiмiзде оны жәй "анкета" деп атайтын. Оқып отырсам, үш жоғарғы бiлiмi бар, төрт жоғары бiлiмi бар азаматтар жұмыс iздеп жүр. Бүгiнде жоғарғы бiлiм бiртүрлi, талдап сататын тауарға айналған сияқты. Бiздiң кезiмiзде адамда жоғарғы бiлiм не бар едi, не жоқ едi. Екiнiң бiрi. Жоғарғы бiлiм дегенiмiз – Кук теоремасы немесе арифметикалық теңдеу емес. Бұл ең әуелi дүниетаным, әдiстеме, мәселенi шешудiң жолын табуға әдеттену, одан қалса сараптау, қорытынды жасау. Сондықтан да мұндай дүниетаным мен жоғарғы бiлiмiңе қоса мәселенi шешу дағдысы болса, биология оқулығын қолыңа алып, түйеқұстың ерекшелiктерi, оларды бағып-қағудың өзгешелiктерi туралы оқып-бiлiп алуға болады. – Қазiр шетелдiк әрiптестермен қарым-қатынасып тұрасыздар ма? – Олар бiзге келiп тұрады. – Келiп, мастер-класс өткiзiп тұратын шығар? – Жоға, ендiгi жерде бiзге мастер-класс керек емес. Осы он жылда талай таяқ жеп, талай опа көрдiк, маңдайымызды тасқа да, тауға да ұрып, өзiмiз де айтарлықтай тәжiрибе жинадық. Түйеқұс балапандарын қалай өлтiрiп алғанымызды бiлмейтiн кездерiмiз де өткен. Қазiр қандай жағдай болса да, балапандарды аман алып қалуға сауатымыз жетедi. – Қазiргi таңда фермаңызда қанша бас түйеқұс бар? – Қазiр 61-63 бас бар. Түйеқұс фермасындағы бас саны олар қыстайтын қораның аумағымен шектеледi. Жазда мен 1000-ға тарта түйеқұс ұстай аламын, оларға жеткiлiктi жем-шөп те, жүгiретiн жер аумағы да бар. Ал қыста түнемелiкке мен оларды қораға кiргiзуiм керек. Қыстыгүнi күндiз олар ашық қора iшiнде жүредi. Түйеқұстың дене температурасы – 40,5 градус. Олар жүгiрiп, қозғалыста болғанда – 28 градус суыққа шыдайды. Ал түйеқұс ұйқыға бас қоятын кезде, оларды жабық, жылы қораға кiргiзу керек. Таңертең бiз қоралардың қақпасын айқара ашамыз, сонда мына тобыр құс топ-тобымен сыртқа, таза ауаға лап қояды! Олардың қанатының лебiнен ұшқындаған қар ауаға көтерiледi, ал түйеқұстардың бойынан бу бұрқырап, өздерi тiзесiмен қар кешiп жүгiре жөнеледi! Африкалық түйеқұстардың Қазақстан Республикасындағы әр жаңа күнi осылай басталады! – Сiздердiкi африкалық түйеқұс қой сонда? Одан басқа түрлерi бар ма? – Бұдан бөлек, австралиялық түйеқұс бар, аты – эму. Оңтүстiк Америкалық түрi де бар – нанду. Эму да, нанду да африкалық түйеқұстан бойы 2 есе, салмағы 3 есе кiшi. Түйеқұсты таңсық көрiп, ауласында ұстағысы келетiн адамдарға африкалық түйеқұс қол емес. Эмму мен нандуды асырауға әбден болады. Бiзге түйеқұс асырауға құмартқан жандар ақыл-кеңес сұрап көп келедi, оларға бiлгенiмiздi ашық айтамыз. Африкалық түйеқұсты ұстау үшiн кең аула керек, ол жүгiрiп қана бой жазады. Халықаралық стандартқа сай түйеқұс ұстайтын қораның ұзындығы кемi 100 метр, енi 24 метр болуы тиiс. Хайуанаттар парктерiнде жер көлемi шектеулi. Сондықтан көп хайуанаттар паркi эмму мен нанду ғана ұстайды. Оларды бағудың да машақаты аздау. – Түйеқұс өсiрудiң экономикалық тиiмдiлiгi қандай? Мәселен бiр балапанды бағып-қағу мен одан алатын пайда қаншалықты? – Сiз сұрақты дұрыс қойып отырған жоқсыз? – Неге? – Бұл қанша ақша салып, қаншаға сатқаныңды оңай есептей қоятын шұлық саудасы емес қой. Мәселе басқаша. Кез келген бизнестiң өзiндiк қыр-сыры бар. Сиыр шаруашылығын алар болса, бiр табында шамамен 80-нен астам сиыр ұстаған ләзiм. Ал түйеқұсқа келсек, оларды қорада ұстау мүмкiндiгiне байланысты. Дәл қазiр мен 60-тан көп түйеқұсты асырай алмаймын. Себебi бiз түйеқұсты ет түрiнде сатпаймыз. Бiз екi апталық балапан түрiнде ғана сатуға шығарып отырмыз. Бiздiң қолымыздан шыққан балапандар Қарағандыда, Жезқазғанда, Шымкентте өсiп жатыр. Қырғызстаннан алып кеттi. Кейде табындағы еркектерiнiң саны басымдау болатын кез болады. Сондай кездерде 1-2 айда бiр түйеқұсты пышаққа жығып, жер-жерден келiп жатқан туристерге түйеқұс етi қосқан бәлiш пiсiрiп, котлет қуырып беремiз. Әр сенбi-жексенбiде жер-жерден саяхатшылар тамашалауға келедi. Мысалы тамыз айының бiр сенбi-жексенбiсiнде бiздiң фермада 911 турист болып кеттi. Ендi түйеқұс етiнiң дәмi қандай екенiн ауызша түсiндiрiп айтқаннан, бiр рет татып көргендерi де жөн емес пе? Осыдан он шақты жыл бұрын мен түйеқұстарды ендi алып келгенде Алматыдағы мейрамханаларға өткiзу қиын болатын. Ол кезде түйеқұстың қандай аң, қандай жануар екенiн бiлетiндер аз едi. Ал қазiр мен түйеқұс сата бастасам, осы табын 3-4 күнде түгесiлген болар едi. Бiрақ түйеқұс етiн мейрамханаларға, асханаларға таратумен айналыспаймыз. Себебi түйеқұс етiн сату үшiн кемiнде 280-320 бас құс ұстау керек. Соған орай, қыстық қора-жайларын дайындау керек. – Фермаңыз табысты ма? – Табысты болса, түйеқұстардан түскен пайдадан емес. Ол шаруа өз шығынын ғана жабатын шығар. Бiз фермада тек түйеқұс өсiрмеймiз ғой, мұнда 120 гектарға жүгерi, сұлы, бидай егемiз. Түйеқұстардың жем-шөбiн айырған соң, қалғанын базарға шығарамыз. Сондықтан ферма осындай егiс алқабының арқасында күн көрiп отыр деуге болады. – Түйеқұстың жұмыртқасы мен қауырсынын саудаға шығарасыздар ма? – Негiзi стандартты, яғни салмағы 1 кг 300 гр – 1 кг 600 гр болатын жұмыртқалар инкубаторға жiберiледi. Ал одан кiшiрек көлемдегi жұмыртқалар асханаға жөнелтiледi. Түйеқұс жұмыртқасы құрамы жағынан бөдененiң жұмытқасына өте ұқсас. Ал тауық жұмыртқасымен салыстырсақ, түйеқұстың бiр жұмыртқасынан 12 адам тоятын құймақ пiсiруге болды. Ал олардың қауырсынын фольклорлық ансамбльдер әшекей үшiн сатып алады. Көбiне туристер естелiкке алып жатады. – Түйеқұс етiн "Халал" стандартына шығарып көрдiңiз бе? – Бiз ет сатпаймыз ғой. – Дегенмен де оның етi "Халал" стандартына сай келе ме? – Менiңше, оған еш қайшы емес. – Менiң бiлгiм келiп отырғаны… Түйеқұс жыртқыш емес қой? – Жоқ, түйеқұс жыртқыш емес, шөппен ғана қоректенедi. Өз басым түйеқұстың құмырсқа немесе маса қуып жүргенiн көрген емеспiн. – Бiр түйеқұстан қанша ет шығады? – Былтыр қыркүйекте өлшедiк, сонда ең кiшкентайы – 123 кг, ал ең үлкенi 157 кг болды, осының жартысы ет деп есептеңiз. – Фермаңызда түйеқұстың адамға шабуыл жасаған кезi болды ма? – Түйеқұстан таяқ жемеген қызметкерiмiз жоқтың қасы. – Солай ма? Жарақат алғандар болды ма? – Болды, әрине. 20 күндей бюллетень алып емделгендер де болды. Әр түрлi жағдай болды. Мұның бәрi бiз өзiмiздi қалай ұстауды үйренгенше жалғасты. Қазiр мен қораға кемi үш адаммен топтасып қана кiруге рұқсат етемiн. Онда да бiр адам қауырсын, жұмыртқа жинап, қораны тағам қалдықтарынан, қоқыстан тазартса, қалған екеуi оны қорғаушы ролiн атқарады. Үш адам егер де түйеқұс аяқ астынан шабуылдағанда өздерiн қалай ұстау керектiгiн бiлсе, онда қорықпауға болады. Ал адам түйеқұспен бетпе-бет келгенде, қашан да адам жеңiлiске ұшырайды. – Сонда түйеқұс қалай шабуылдайды? – Түйеқұс аяқпен тебедi. Егер ат артқы аяғымен тепсе, түйеқұс алдына қарай тебедi. Оның аяқ тепкiсiнiң күшi 700-800 кг. Егер арыстанды бастан тепсе, жағын сындырады. Табиғат түйеқұсқа ежелгi дұшпандары: адам, арыстан мен жолбарыстан қорғанудың үш тәсiлiн берген: түйеқұс жылдам жүгiредi, яғни жауынан қашып кете алады (жылдамдығы сағатына 70-80 шақырым), одан соң аяқпен тебедi (700-800 кг күш) және дауыс. Егер жолыңыз болса, сiз түйеқұстың үнiн ести аласыз, ол дыбыс арыстанның арқырауына ұқсайды. Жiңiшке ұзын мойынды құстан оқыстан мұндай дыбыс шыққанда, аңдаусыз жау үркiп кетуi мүмкiн. Түйеқұстар осындай үнмен iрi жыртқыштарды, оның iшiнде адамдарды үркiтiп, балапандарын қорғайды. – Түйеқұс қорқақ бола ма? – Қорқақ дейсiз бе? Түйеқұс Құдай жаратқан кез-келген басқа аң-құстан қорқақ емес! – Айтасыз-ау! Бала кезде әлденеден қорыққанда түйеқұстың басын құмға тығатынын мультфильмдерден көрiп, кiтаптардан оқып өстiк емес пе? Бұл сонда аңыз ба? (Чайковский бiр күрсiнiп алды) – … Иә, түйеқұс басын құмға тығады. – Табиғатта ма? Қандай жағдайларда? – …Қашан дейсiз бе? Сiз бен бiз балаларға арналған талантты мультипликациялық фильм көрiп отырғанда…. (Ендi мен күлдiм). – Иә-иә… – Бiзге бұл аңыз қатты ұнады. Бiз осы аңызбен өстiк. Және де оған сене беруiмiз қажет. – Не үшiн? – Бұл әдемi аңыз. Адамда мұндай аңыз көп емес. Осындай әдемi аңыздар көп болса, адамның өмiр сүруi оңай болмақ. Шындығында, мыналар ешуақытта басын құмға тықпаған, қайқиған кiрпiктерiн қағып, басын асқақ көтерiп жүретiн өткiр көздi жануар. Мен түйеқұстың кiрпiгiне қызықпаған әйел баласын көрмедiм осы маңайда.. – Иә, көрдiм, қазақтың мойылдай деп сипаттайтын көздерге ұқсайды… Сонда түйеқұстың басын құмға тығатыны туралы аңыздың адамдарға не көмегi бар? – Егер бiр адамды қатты ренжiткiңiз келмесе, бiрақ оған "Сен қорқақсың және нашар адамсың" деп айтқыңыз келген кезде, "Неғып түйеқұс құсап басыңды құмға тығасың?" дейсiз ғой…   Әңгiмелескен Гүлбиғаш ОМАРОВА   01.09.2011 ж.