ТӨР АЛТАЙДЫ ӘЛДИЛЕДI ӘН МЕН ЖЫР
ТӨР АЛТАЙДЫ ӘЛДИЛЕДI ӘН МЕН ЖЫР
Алтай – түркi халықтарының қасиеттi қара шаңырағы ғана емес, дала мәдениетiнiң бастау алған тұғырлы мекенi. Сондықтан бауырлас елдердiң әдебиетi мен мәдениетiн зерттейтiн академия осы өлкеде құрылуы тиiс екенiне ешкiм шәк келтiруi мүмкiн емес.
Өскемен қаласында тамыздың 26-27 күндерi «Алтай – түркi әлемiнiң алтын бесiгi» атты алғашқы Халықаралық форум өз мәресiне жеттi. Онда Қазақстан, Ресей, Корея, Жапония, Түркия сияқты 12 мемлекеттен белгiлi түркiтанушы-ғалымдар мен дипломаттар бас қосып, ұлттық-мәдени құндылықтарымызға қанықты.
Ғылыми шараға мұрындық болған Шығыс Қазақстан облысы әкiмi Бердiбек Сапарбаев өз сөзiнде түркi әлемiн насихаттап жүрген ғалымдарға алғысын айта келе: «Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң бастамасымен Өскемен қаласында өтiп отырған «Алтай – түркi әлемiнiң алтын бесiгi» атты халықаралық форумның мақсаты – түбi бiр түркi халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтау және қайта жаңғырту, Алтайдың археологиялық және мәдени ескерткiштерiн қалпына келтiру, кең мұрасын сақтау, Алтай өңiрiнiң экологиялық және тарихи-мәдени әлеуетiн тереңдете зерттеу жөнiндегi мемлекетаралық жобалар құру және оларды iске асыру болып табылады», – дедi.
Президент әкiмшiлiгi Iшкi саясат бөлiмiнiң меңгерушiсi Дархан Мыңбай форумға қатысушыларға Елбасы Н.Назарбаевтың құттықтауын жеткiздi. «Алтай ежелден «өркениет бесiгi» – Еуразия құрлығындағы көптеген түркi халықтарының атамекенi саналады. Өзiнiң табиғатынан ғажайып өлке Еуразияның географиялық және саяси орталығы болып табылады. «Ұлы көшi-қон» уақытында Таулы Алтай аумағы көне мәдени дәстүрлердi сақтаушылардың трансмиграциясы өткен «дәлiз» болды. Шығыс пен Батыс халықтарын бiрлiкке үндейтiн ғажайып өңiрдiң қайта жаңғыруы жолында одан арғы қадамдарын айқындайтынына сенемiн», – делiнген Президент құттықтауында.
Түбi бiр түркi елдерiн бiр тудың астында бiрiктiрiп отырған ТҮРКСОЙ ұйымы өкiлдерi де әдейiлеп атбасын бұрыпты мұнда. Ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қасейiнов бұдан былай бұл форумды өткiзудi дәстүрге айналдырып, ЮНЕСКО-ның мамандарын, ғалымдарын шақыруды ұсынды. «Бұған Шығыс Қазақстанның рухани-мәдени потенциалы, тәжiрибесi жетедi», – деп атап өттi ол. Сонымен қатар, жиынға Түркияның Төтенше және өкiлеттi елшiсi Лале Улькер ханым, Жапонияның Төтенше және өкiлеттi елшiсi Харад Юдзо, Корей Республикасы Елшiлiгiнiң Консулы Квон Донг-Сок және Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясы Елшiлiгi iстерiндегi уақытша сенiмдi өкiлi Сергей Тарасенко қатысты.
Тұсауы Өскеменде кесiлген, үш кезеңнен тұратын «Алтай – түркi әлемiнiң алтын бесiгi» атты халықаралық форум өткен сенбi күнi Катонқарағай ауданындағы атақты Берел қорғанында жалғасты. Арғы ата-бабалары ықылым заманда осы өңiрде өсiп-өнген 12 халықтың өнерлi ұрпақтары ата салтын жалғастырып, асқар таулар мен қарағайлы жоталар көмкерген Алтайдың аясын ән мен күймен тербеттi. Түркiтанушы ғалымдар Берел қорғанын ежелгi өркениет бастауына теңейдi. Онда ерте тас дәуiрiне жататын 70 қорған бар. Бүгiнде олардың 24-i зерттелген. Алғашқы қазбалардың бiрiнде бiздiң эрамызға дейiнгi 322 жыл көсетiлген. Бұл Александр Македонский билiк еткен уақытқа сәйкес келедi. Сол кездiң өзiнде жерлеу дәстүрiне үлкен мән берiлген. Берел қорғанынан табылған бабаларымыз тұтынған тұрмыстық және шайқас құралдары, ер-тұрманды сәйгүлiктер сұлбасы сияқты жүздеген жәдiгерден құралған көрме де қонақтарды тамсандырмай қоймады.
Жапонияның Қазақстандағы елшiсi Харадо Юдзо: «Берел қорғанының «Мәдени мұра» бағдарламасына енгендiгi қуантады. Алдағы уақытта Жапон ғалымдары да осында келiп, зерттеу жүргiзетiн шығар. Ежелгi мәдениеттiң зерттелуi халықтардың өткенiн саралауға мүмкiндiк бередi» десе, корей ғалымдары бiрлесiп зерттеу жүргiзуге ниет бiлдiрiптi. Қазiр отандық археологтар өңiрдiң жаңа картасын жасауда. Бұл жолы зерттеу тобы таудың басында қазба жұмыстарын жүргiзудi жоспарлап отыр.
Қонақтарға сақ бабаларымыздың қорғанының қыр-сырын ежелгi тарихты зерттеуге саналы ғұмырын сарп етiп келе жатқан Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институтының қызметкерi, ғылым докторы Зейнолла Самашев ағамыз таныстырды. Алтынмен апталған екi бiрдей сақ патшасының мүрдесi табылған. Бiздiң заманымызға дейiнгi IV-III ғасырдан сыр шертетiн өзге де құнды жәдiгерлер өз алдына. «Бiздiң алдағы мақсатымыз – қалған зираттарды қазу емес, қазылған қорғандарды қалпына келтiру, аспанасты мұражайы болдыру. Ол үшiн әуелi атшаптырым қорым аумағы қоршалады. Оған облыс әкiмi биылдың өзiнде қаржы бөлiп отыр. Ал келер жылдан «Алтын адам» табылған қорғанды қайтадан қалпына келтiрiп (биiктiгi – 4 метр, диаметрi – 40 метр), бiр жағынан кiрiп, екiншi жағынан шығатын жер асты кесене жасалып, мүрде салынған ағаш табыты, құйма табаны орнына қойылады. Болашақта сiздер, сiздердiң ұрпақтарыңыз, көне өркениетпен танысқысы келетiн әлем елдерiнiң жиһанкездерi тамашалайтын, ғибрат алатын киелi орынға айналады», – дейдi археолог-ғалым.
«Алтай – түркi әлемiнiң алтын бесiгi» атты халықаралық форум үлкен концертке ұласты. Фестивальге әлемнiң 12 елiнен танымал музыканттар шақырылған. Көрермен қауым олардың өнерiн жоғары бағалады. Өйткенi түркi халықтарының әрқайсысында өзiне тән дәстүрлi аспаптары бар. Олардың үнi бiр-бiрiне ұқсамайды. Түркiтiлдес 12 елден келген өнерпаздар сақ тайпалары жерленген қорғандарды өз көздерiмен көрiп, Алтай аспанын әнге бөледi. Арнайы форум аясында ұйымдастырған фестивальде қазақ елiнiң барық өңiрiнiң әншiлiк және күйшiлiк мектебiнiң, исi түркi әлемiнiң өкiлдерi өнер көрсеттi.
01.09.2011 ж.Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ