АЛТЫН – КӨЗДIҢ ҚҰРТЫ
АЛТЫН – КӨЗДIҢ ҚҰРТЫ
Мыңдаған жылдардан берi алтын тот баспайтын, ескiрмейтiн бағалы металл ретiнде ғана емес, сондай-ақ алып күштiң қайнар көзi саналады. Алтынды көбейтуге ұмтылған адамдар қорындағы құнды тасты бабадан балаға мирас еткен. Бүгiнде отбасылық, рулық, тайпалық, тiптi мемлекеттiк қазыналарда ең қымбат заттар, зергерлiк бұйымдар, теңге, жамбылар сақталып тұр.
Грек аңызында алтын құдайлардың сенiмдi серiгi саналады. Гректер үшiн әсiресе, молшылық құдайы Ван мен алтын – егiз ұғым. Сондай-ақ қаһарлы құдай Ньердтiң ұлы әрi астатөк астық пен байлық, бейбiтшiлiк символы Фрейр мен қызы – махаббат пен сұлулық құдайы Фрейя тағдыры алтынмен тығыз байланысты. Өйткенi күйеуiн алыс сапарға аттандыратын сәттерде Фрейя көзiнен алтын жас тамызған. Ал олардың қыздары – Хнос (Бағалы тас) пен Герси-ми (Қазына) аттары да алтынға қатысты. Скандинавиялық аңыздарда алтын Фрейяның көз жасы деп есептелген. Ал батыстық мифологияда алтын толы қазынаны күзететiн қанатты айдаһарлар жиi кездеседi. Көздiң құртына айналған алтын толы қазыналар жаугершiлiк замандарда талан-таражға түсiп, ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кеткен. Бiрақ кейде адамдар игiлiгiне қайта өткiзiлген қазыналар да кездеседi. Мәселен 1653 жылы Бельгияның Турне қаласына жақын маңдағы мың жарым жыл бұрын франктер корльдiгiнiң иелiгiнде болған аумақтан өте iрi әрi аса бай қазына табылды. Мамандар пiкiрiнше, бұл байлықтың қожайыны кезiнде ауқатты да ықпалды адам болған көрiнедi. Алтыннан жасалған сансыз зергерлiк бұйымдар, қымбат қару-жарақ, византиялық дiлдалар, бағалы тастармен көмкерiлген белдiктер т.б. соның айғағы. Сондай-ақ алтын жүзiктердiң бiрiнде "Хильдерик король" деген жазу болған. Ал 1922 жылы ағылшын зерттеушiсi Говард Картер Египеттен дүние жүзiндегi ең iрi қазынаны тапты. Бұл Мысырды б.д.д. 1333-1323 жж. билеген Он сегiзiншi династияның перғауыны – Тутанхамонның мазарының кiреберiсi едi. Бiрнеше бөлiктен тұратын қабырда үлкен алтын тақ, зергерлiк бұйымдар т.б. салынған. Ал Тутанхамонның өзi жалпы салмағы 110,4 келi тартатын саф алтыннан жасалған табытта бетiнде алтыннан құйылған бетпердемен, бастан аяқ алтын бұйымдарға оралған күйiнде көмiлiптi.vҒасырлар бойы құнын жоғалтпаған саф алтын кейiнгi кездерi үздiксiз қымбаттап келедi. Бұл – Таяу Шығыстағы берекесiздiктiң, дағдарыстағы әлемдiк экономика мен инфляцияның, қордаланған қарыздардың т.б. кесiрiнен. Мысалы соңғы 10 жылда құнсызданған доллардың арқасында алты есеге қымбаттаған алтынның бағасы бүгiнде унциясына (шамамен, 30 гр.) – 1 736 АҚШ доллары немесе 1219 еуро. Долларды уыс-уысымен басып жатқан АҚШ-тан қалғысы келмеген Еуропалық Одақ та ЕО-ға мүше елдердiң қарызын қайтаруға қауқарлы болу үшiн еуроны басып шығаруда қағазды аяп жатқан жоқ. Есесiне, алтынның құны артты. Алдымен қаржылық, сосын экономикалық дағдарыс тығырыққа тiреген әлемдiк экономиканың ертеңi бұлыңғыр тартуы да халықаралық нарықта алтынға деген қызығушылықты арттыра түскен. Өйткенi алтын қолдағы қорды сақтауда сенiмдi актив саналады. Bloomberg агенттiгiнiң сарапшылары инвесторлар құнды қағаздардан гөрi алтынға көбiрек бүйрек бұратынын айтады. Сұраныстың күшеюi себептi, бағалы тастың құны 2010 жылы 30 пайызға көтерiлсе, биылғы жылдың алғашқы жартысында 5,3 пайызға, ал шiлдеде 8,5 пайызға артқан. Сарапшылардың айтуынша, он жыл бойы үздiксiз қымбаттау үрдiсi 1920 жылдан берi болмаған көрiнедi. Оның үстiне, валюталардың тұрақсыздығы, компаниялар акцияларының құлдырауы, Еуропаның қарызға белшеден батуы және АҚШ экономикасының қиындықтарға ұшырауы алтынның бағасын асырды. "Жығылғанға – жұдырық", тамыздың ортасында кездескен немiстер мен француздардың басшылары Еуропалық Одақ экономикасының бүгiнгi көрсеткiштерi мен ертеңгi дамуы туралы жағымсыз деректерi халықаралық нарықты әп-сәтте қайта әбiгерге салып, онсыз да үздiксiз өсуден жаңылмаған алтынның құнын 0,3%-ға тағы өсiрдi. Кейiнгi кездерi алтынның қымбаттауына доллардан бас тартуды көздеген әрi iшкi нарықтағы инфляцияны ауыздықтай алмай шаршаған Қытай қатты ықпал етуде. Мәселен швейцариялық UBS AG банкiнiң хабарлауынша, аспанасты елi әлемдiк нарықтан 2011 жылдың қаңтар-ақпан айларында 200 тонна алтын сатып алыпты. Нарықтағы дүрбелең алтын қоры бар мемлекеттердiң бағалы тасты барынша молынан шығаруға сеп. Қазақстанға келсек, 2011 жылдың алғашқы жартыжылдығында елiмiзде өндiрiлетiн алтын өндiрiсi 60 пайызға артқан. Елiмiздегi 170-ке жуық алтын кен орнының ең iрiсi – Көкшетаудың солтүстiк-батысындағы 17 шақырым қашықтықта жатқан Василевское кен орны. Нақты деректер бойынша мұндағы алтын қоры 370 тоннаға жуық. Кендегi бағалы металдың үлес салмағы 2,8 грамм (тоннасына). ҚР Статистика агенттiгiнiң хабарлауынша, үстiмiздегi жылдың қаңтар-шiлде аралығында 8,485 тонна саф алтын (шiлдеде – 1 639 тонна), 18 832 өңделмеген және жартылай өңделген алтын өндiрiлген. Бұл былтырғы алғашқы жартыжылдықпен салыстырғанда, 57,9 пайызға көп. Сонымен қатар Қазақстандағы 312,9 тонна өңделмеген және жартылай өңделген күмiс өндiрiсi былтырға қарағанда, 20,5 пайызға артыпты. ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгi 2014 жылға қарай жыл сайын 70 тонна алтын өндiрудi жоспарлап отыр. Бұл 2010 жылғы көрсеткiшке қарағанда, 2,3 есеге жоғары. Бүгiнде инвестициялық құралға айналған саф алтынға салынатын салық жүгiн де Салық кодексi арқылы жеңiлдету көзделедi. Мысалы 2011 жылдың қаңтарынан бастап инвестициялық алтынмен байланысты әрекеттерге бекiтiлген салықтың жаңа тәртiбi қарастырылған. Осылайша, егер 1 тоқсан iшiнде инвестициялық алтынға қатысты шараларды жүзеге асыру барысында алтынның жалпы салмағы 32 унциядан аспайтын болса, қосымша құн салығынан босатылады. Сондай-ақ инвестициялық алтынды Кассалық әрекеттер мен құнды заттарды сақтау орталығының немесе екiншi деңгейлi банктердiң заңдық талаптары бойынша ашылған металл есепшоттары арқылы iске қосу сияқты қаржылық шара да қосымша құн салығынан босатылған. Бұл әсiресе, зейнетақы пен жарна қорларына, сақтандыру компанияларына, екiншi деңгейлi банктер мен қаражатын алтын қорына айырбастаған жеке инвесторларға тиiмдi.
25.08.2011Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ