ӘЛДИЛЕП ӨТСЕМ ДЕП КЕЛЕМ
ӘЛДИЛЕП ӨТСЕМ ДЕП КЕЛЕМ
Жайлаубай Қазиев ҚазМУ-дiң журналистика факультетiнде оқып жүрген студенттiк шағында-ақ өлеңдерi жыр сүйер қауымның көңiлiнен шығып, бiрқатар беделдi оқырмандарымыздың батасын алған болатын. Осыған дейiн оның қаламынан туған «Айдын шалқар», «Қарлығаш» жыр жинақтары оқырмандардың жүрегiнен орын тапты. Бiз ақынның бiр топ өлеңдерiн жыр сүйер қауымның назарына ұсынуды жөн деп таптық.
БҰЛАҚТАР БИIН БАСТАДЫ
Күн нұрын төгiп көгiмнен,
Iргесi мұздың сөгiлген.
Құйқылжып құстар ән салып,
Мың түрлi әуен төгiлген.
Ызғары күннiң тарқады,
Тасыды көңiл шалқары.
Кең дала жұмсақ жұпарын
Жаһанға сыйға тартады.
Әлдилеп көктем жас таңы,
Бал бұлақ биiн бастады.
Көгiлдiр шыңдар асқары
Көрпесiн серпiп тастады.
Төскейден төлi жамырап,
Саулықтар жатты маңырап…
Бұралған сынды өрiмтал
Жапырақ сырға тағып ап.
Биiктен алып қуатты,
Сайларда жөңкiп су ақты.
Жер бетiн көктем-махаббат
Аймалап тұрған сияқты.
КҮН ҚҰШАҚТАП СҮЙДI ЕНДI
Көлдерге қонып шағала,
Ұмтылды толқын жағаға.
Көктемiм келдi көгiлдiр
Қанаты оның көк ала.
Ақтарды нұрын шуақ күн,
Аумағы кеңiп суаттың.
Көктемiм келдi көгiлдiр,
Көк мұзды кеше уаттым.
Балауса балғын көк белде,
Нұр төгiп нөсер өткенде,
Жырлап бiр қоя берiппiн:
– Көктемiм келдi, – деп мен де.
Көңiл бiр дархан, пейiл кең,
Көгердi қырың-ойыңмен.
Қабағы қату күн ару
Қарады жерге мейiрмен.
Ақ самал соқты қыр беттен,
Қарсы алдым оны құрметпен,
Түк емес көктем, Жүректе
Болмаса егер жыр-көктем!
ШАБЫТ
Сомдармын қашан, дариға,
Құрыштай сұлу жыр-мүсiн?!
Құяды күйiн құлаққа,
Бағыма келiп бiр құсың.
О, менiң дүлдүл шабытым,
Бұлбұлы болып көктемнiң,
Кеудемдi әнге толтырып,
Тағы да келiп жүрмiсiң?!
Сәуле боп жарық ымыртта
Ұйқымды менiң ап қаштың,
Толқынын тербеп жүректiң,
Болып та келдiң ақ тасқын.
БОЗ АЛА ТАҢ
Боз ала таң…
Тағы ұйқыдан тұрдым мен,
Арылғандай көңiлiм мұң, кiрбiңнен.
Бұйдаланған ботасына алаңдап,
Таң сәрiде боздап қырда жүрдi iнген.
Барады ағып қәусар бұлақ сырлы үнмен,
Атар таңды құттықтай ма, кiм бiлген?!
Қоштасып тұр қақпасының алдында
Менiң ағам көршi үйдегi құрбыммен…
Құйқылжытып бозша торғай –
күй-құсым,
Күй төседi, құй түсiнбе, құй түсiн!
Тәттi әуенмен тербетiлiп бесiкте,
Нәресте-өмiр тұр аша алмай ұйқысын!..
Еңбек торы атын жемдеп ал атам
Шықты өрiске, керiледi дала паң.
Қасиеттi боз ала таң ұяда
Басып жатқан сияқты әлi балапан!..
ӨЛЕҢIМ-ӨНЕРIМ
Қоздатып ойды тереңнен,
Ағытып сөздi көгеннен.
Өнермен бiрге аттанып,
Арманды iздеп келем мен.
Алаулап сезiм көгiмде,
Мөлдiреп тұнған көңiлде.
Жүрекпен, қызу қаныммен,
Ынтықпын iзгi өмiрге.
Өрiлiп өлең шумағы,
Кеудемде шабыт туады.
Өлеңнiң сәуiр шапағы
Жанымды менiң нұрлады.
Самғай бер, самға, өренiм,
Өлеңiм қымбат өнерiм.
Сен жүзген мұхит кеменiң,
Ескегiн есiп келемiн.
Тербелiп жаным өлеңмен,
Нұрларын күннiң өбем мен.
Бұлбұлым сайра ғарышқа!
Еңбегiм сонда еленген.
Өнерсiз болсам не етермiн,
Тексiз босқа өтер күн.
Шалқып келiп шабытым,
Дүниеге сыймай кетемiн.
Сезiмдi ойға берiлем,
Адалдық сырмен көрiнем.
Соға түс жүрек толассыз,
Тiл қатам жырдың елiнен.
Бұлағын жырдың бастадым,
Шығам деп биiк асқарым.
Теңiздей тасып телегей,
Шабыттың жалын ұстадым.
Ер-тұрман салып көрейiн,
Өзiңе тұлпар өлеңiм.
Ұстаусыз асау болсаң да,
Қайратым барда сенемiн.
Өмiрдi жырлап өлеңмен,
Сыр берем әрбiр кезеңнен.
Жақсы да жаман кезiгер,
Пенде ғой адам дегенмен.
-2-
Iзденбей өлең келмейдi,
Талантты адам өлмейдi,
Ақынның шабыт бесiгiн,
Өмiрдiң өзi тербейдi.
Кәусарын жұтам даламның,
Ұғамын жанын адамның.
Көңiлге дархан жиямын.
Асыл сөздерiн дананың.
Үнiмен тау-тас жаңғырып,
Қарсы ал бiздi таң күлiп.
Жалыңнан ұстап мiнейiн,
Талайды жолға қалдырып.
Тап баспай жолды көздеген,
Қанатты кештеу сермегем.
Тасқынын жырдың бастайын,
Ағыл да тегiл мен деген.
МЕН САҒАН ҒАШЫҚ ЖАНМЫН
Мен саған ғашық жанмын,
Сен маған асыл жансың.
Қараймын әр күнiме
Таңы атқан ғасырдайын.
Бұлбұлым бақтағы әнiм,
Сен бе деп шаттанамын.
Бiлмеймiн қалай жетем,
Биiк-тау тас қамалың.
Жаз дәурен қас-қабағың,
Жырақтан қарсы аламын.
Сүйем деп айтуға да
Алдыңда жасқанамын.
Айды аспан жүзiк еттi,
Жерге де нұры жеттi.
Көрмедiм бұл өмiрде,
Дәл сендей құдыреттi.
СЕН БОЛЫП ҚАЛДЫ-АУ САҒЫНЫШ
Есiл-дертiм, iңкәрiм
Жалғыз-ақ өзiң расында.
Кездеспей кеткен бiр шағың
Татиды-ау анық ғасырға.
Құлазып көңiл сабылып,
Жанарға моншақ тағынып.
Сен болып қалды-ау сағыныш,
Жүрсем де тауым шағылып.
СЕРГУ
Боз бұлттар көшiп барады,
Ақ қарлы шыңға табынып.
Бәйшешек оттай жанады,
Қызғалдақ қырды жамылып.
Күмiс күн көктен ентелеп,
Тұрғандай жерге құмартып.
Ағады бұлақ еркелеп,
Сағымдар шыңда мұнартып.
Көктемнiң кешкi самалы,
Гүлдердi желпiп тербетiп.
Арудың ерке жаны
Жүрекке кiрдi төрлетiп!
Жүрекке сезiм сыр төккен
Ғашықтар кештi сағынып,
Құлпырар сонда қыз-көктем,
Жiгiттiң сырын жар ұғып.
Көңiлiме шаттық менiң де,
Сыйлаған көктем екен ғой.
Шат күлiп өмiрде,
Қияға самғап кетедi ой.
ЛАУЛАҒАН ОТЫМ СУЫНБА
Жүр дейсiңдер ме жадырап,
Жанымның ұқпай жалынын.
Көңiлiм менiң қаңырап,
Күнiмнiң кейде бәрi мұң.
Ойласам тағдыр тәлкегiн,
Өртенiп кете жаздаймын.
Мен бiрақ оның әр кегiн,
Сергiтiп жырмен маздаймын.
Өтпеген менiң бос күнiм,
Өмiрге сонша ынтықпын.
Қайтемiн көңiл қоштығын,
Жауыннан кейiн күн шықсын.
Селт етпе сезiм жұбаныш
Арманды күтем алыстан.
Сабылтып келсiн қуаныш,
Мен сонда ғана қамықпан.
Талпына берем ғұмырда,
Жасаймын жерде сол үшiн.
Лаулаған отым, суынба,
Кеңейе бершi, өрiсiм.
Елестеп кеттiң ерке қыз,
Кездесiп едiк көк белде.
Махаббат сырын шертемiз,
Ғашықтық жыры көп менде.
Шуақты көңiл сезiмдi,
Жанарыңмен төккенде.
Тыңдадым, жаным, өзiңдi
Бұлбұлым болдың көктемде.
Тәттi бiр қиял арманмен,
Iздедiм талай кештерде.
Оралып ойым барғанмен,
Оралмас уақыт өткенге.
Кеттiң сен неге бұрылмай,
Мұңайып алау тұр гүлдер.
Сәуiрдiң төккен нұрындай,
Оралмай кеттi-ау ол күндер!
25.08.2011