Жаңалықтар

Жас тiлшiлер аға буыннан дәрiс алды

ашық дереккөзі

Жас тiлшiлер аға буыннан дәрiс алды

Алматыда «Қаламгер-Азамат» жас тiлшiлер форумы болып өттi. Үш күнге жалғасқан шарада елiмiздiң түкпiр-түкпiрiндегi қаламды өзiне өмiрлiк серiк етуге талпынған жас тiлшiлер бас қосып, қазақ баспасөзiнiң бүгiнгi келбетi, отандық телевизия мен қазақ тiлiндегi интернет ресурстардың дамуы жөнiнде өзара ой бөлiстi.

Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отырған шараның өтуiне Байланыс және ақпарат министрлiгi мен «Заңғар» шығармашылық бiрлестiгi мұрындық жасады. Форумның басты мақсаты – журналистиканың қыр-сырын үйренуге талпынған жас буынның басын қосып, жинау, оларға семинар-тренингтер, шеберлiк дәрiстер өткiзу, жастарды отансүйгiштiкке, елжандылыққа, елдiң гүлденуiне атсалысуға шақыру болып табылады», – дейдi шараның ұйымдастырушылары.

Форумға елiмiздiң әр аймағынан, сонымен қатар, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан елдерiнен 18 бен 29 жас аралығындағы жас тiлшiлер қатысып, аға буын тiлшi қауымынан арнайы тренинг-дәрiстер алды.

Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов, Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов, «Нұр Отан» ХДП хатшысы Қайрат Сатыбалды мырзалар форумға қатысушыларды құттықтап, хат жолдады. Мәселен Қайрат Сатыбалды мырза: «Қаламгер – Азамат» жас тiлшiлерiнiң IV форумы жас қаламгерлердiң талпыныстарына қанат бiтiрiп, құлшыныстарына демеу болып, бiлiмдi де, бiлiктi дарынды жастарды тәрбиелейтiндiгiне кәмiл сенемiн» дептi өз құттықтауында.

Жас тiлшiлердiң осымен төртiншi рет өтiп отырған форумында журналистиканың аға буын өкiлдерi мен жас мамандар осындай сауалдарға жауап iздеп, отандық бұқаралық ақпарат құралдарының бүгiнгi дамуы жөнiнде өзара пiкiр алысты. Олар отандық телебағдарламаларда жастарды патриоттық сезiмге баулитын тақырыптардың аздығына алаңдаушылық бiлдiрдi.

«Заңғар» шығармашылық бiрлестiгiнiң төрағасы Айдар Қырықбайдың айтуынша, алдағы жылы жас тiлшiлердiң бұл форумы халықаралық деңгейде өтедi деп жоспарлануда.

Динара ДҮРМӘН 25.08.2011