ЖАНЫҢДА КIМ ЖҮРГЕНIН БIЛГЕН ЖАҚСЫ
ЖАНЫҢДА КIМ ЖҮРГЕНIН БIЛГЕН ЖАҚСЫ
Маған "әу" дегеннен "Әшiмханып" деп сөйлейтiн бiр адам – кешегi университеттегi ұстазым Темiрбек Қожакеев едi. Ендi екiншiсi – Тұрсын Жұртбай болды. Кәдiмгi қара танитын қазақтың бәрi дерлiк бiлетiн "шоң" жазушы, шын "зор" ғалым Тұрсын Жұртбай. Оның менi "Әшiмханып" деп белден басатын жөнi де бар. Өйткенi бұл Жұртбайдың о бастан маңдайға бiткен қаспағы менiкiнен қалыңдау болған. Қалай дейсiз ғой? Мен сонау Алтайдың бiр түкпiрiнде әкемнiң атын ендi бiле бастаған кезiмде, бұл Жұртбай Абай мен Мұхтардың табаны сан рет тиiп өткен қасиеттi топырақта тал ат мiнiп шапқылап, сол ұлылар туралы небiр әңгiме-естелiктердi өз құлағымен естiп, олардың түстенiп өткен, түнеп кеткен әрбiр жерiн өз көзiмен көрiп, сосын өзi де көптi көрген қариялардай көсемси сөйлеп: "Анау таудың етегiндегi тасбұлақтың жағасында Абай Тоғжанмен кездескен. Мынау Майқұдық деген жерде Оразбай Бейсенбайды тiрiдей көмген" деп, таңдайы тақ-тақ етiп тұрған ғой. Тiптi бұл қызылқарын бала кездi былай қойып, кейiн түбiт иек кезiмiзде де ол менен оқ бойы озық кеткен… Мектепте мен қабырға газетiне қара мақаламды әзер бастырып жүргенде, Тұрсын Жұртбаев деген жас ақын "Лениншiл жаста" топ-топ өлеңiмен жалпағынан жатып алған. Мен 69-жылы "дорстройда" күрек көтерiп жүргенде, ол КазГУ-дiң студентi болып үлгерген. Өстiп кете барады. Тұрсын – бiзден бұрын журналист, бiзден бұрын жазушы… ғылым кандидаты… докторы… профессор. Бұның бәрi, Қалтай ағам айтқандай, фамилиясының соңына "құйрық" болып жалғанған. Және қандай ұзын құйрық десеңшi! Бiрақ ол тым қарапайым азамат қой (шын мәнiнде, қалжыңсыз), әзiрге "филология ғылымының докторы, профессор" дегендi ғана жалғап жүр. Әйтпесе, әр жерден алған "алтын медаль", жай медаль, төсбелгi, "Құрмет Грамотасы", жай грамоталарды былай қойғанда, "Қазақстан Педагогикасы Академиясының академигi", "Отырар кiтапханасы" ғылыми орталығының директоры", "Абай ауданының Құрметтi азаматы" т.б. атынан ат үркетiн атақ, лауазымдарын тiркей берсе, көп көбiктiден оның қандай айырмасы болар едi.
Осындайда еске түседi, қарап жүргенше мен де фамилияма бiрдеме жалғап алайын деп, 90-жылдардың аяғында кандидаттық диссертация қорғамақшы болғанмын. Бұған итермелеген де, тақырып бекiтiп берiп, ғылыми жетекшiм болған да – баяғы ұстазым Темiрбек Қожакеев. Бiрақ ұзын арқан кең тұсаумен жүрiп бұл iске мүлде кiрiсе алмағам ғой. Сөйтiп арада бiраз уақыт өткенде, кездейсоқ кезiге қалған Темкең:
– Әй, Әшiмханып, анау диссертацияң не боп жатыр? – деген бетiме шақырая қарап.
– Газет жұмысынан қолым босамай… жазып жатқан кiтап та бар дегендей… – деймiн бүгежектеп.
– Ондай жұмыс басқаларда жоқ па! Әне, өзiңдей Жұртбайып қызметiн де iстеп, кiтабын да жазып, ендi мiне докторлығын да қорғайын деп жүр, – дейдi ұстазым менi қайрағысы келгендей.
Осы мезетте менi бiр сайтан түрттi ме, "әзiлiң жарасса атаңмен ойнасаң" да Қожакеевпен ойнауға болмайтынын естен шығарып:
– Ой, аға, маған Жұртбайыптай болу қайда! – демеймiн бе.
Темкең;
– Әй, сен өзiңдi сүмiрейтпе! – деп шақ ете түскен. Шақ ете түскен де:
– Жұртбайыптың шешесi жеген қалжаны сенiң шешең де жеген.
Одан да жүйелi түрде жұмыс iстей алмаймын, бүгiн iстейтiн жұмысты ертеңге қалдыра берем десеңшi, – деп жүре берген.
Қайран Темкең! Осы сөзiмен-ақ ол өзiнiң ешкiмге бас ұрмайтын, ештемеден рух-жiгерi басылмайтын "тау тұлғалы Қожакеев" екенiн танытып кетiп едi-ау!
"Жүйелi түрде жұмыс iстеу… Бүгiн iстейтiн iстi ертеңге қалдырмау!.." Түсiнген адамға бұл Темкеңнiң "Әшiмханыпқа" айтқан ақылы, "Жұртбайыпқа" берген бағасы да. Бұл бағаның әдiлдiгiне кейiн талай көзiм жеткен. Тұрсынның басқа жерлерде "комбайндай орып, ұстарадай қырып жүрген жұмыстары "өз алдына, ал мына мен басқаратын "Ел-шежiре" қоғамдық қорында, соңғы жетi жылда ғана тындырған iстерiне қараңызшы!
Ол дайындауға мұрындық болып, құрастырып, алғысөзi мен ғылыми түсiнiктемелерiн жазып шығарған: Қайым Мұхаметжановтың 9 томы. "Қазақ ұлт-азаматтық қозғалысы" көптомдығының 5 томы, Нарманбет Орманбаевтың "Кер заман", Балхаш Бафиннiң "Тарихи шежiре", Т.Қоңыровтың "Теңеулер табиғаты", Ноғайдың "Елiм үшiн кектiмiн", К.Таңатарұлының "Арман да, арман шын арман" атты жинақтары өзiнiң "Құнанбай", "Ұраным – "Алаш!" атты (екi том) публицистикалық зерттеу кiтаптары, оның басшылығымен биыл жарық көрiп жатқан "Қазақ қолжазбалары" 10 томдығының тұтастай 4 томы (әрқайсысы 500 беттен)… Мiне, "жүйелi түрде жұмыс iстеудiң" жемiсi!
Сөйте жүрiп бұл Тұрсын қолы қалт еткенде ел аралап, жер кезудi де ұмытпайды. Ол бұған дейiн Құнанбай, Абай, Мұхтарлардың жүрген, тұрған, отырған жерлерiнiң бәрiн бiтiрiп, ендi шетел асып кеткен. Оның қайда ат басын тiрегенiн тек газеттерден бiлiп отырамыз. Жолсапар кезiндегi "Күнделiк беттерiнен" өз бетiн қоса көрiп қаламыз. Ол бiрде Моңғолияда Шыңғыс хан ескерткiшiнiң алдында ойланып тұрады. Ендi бiрде Бұрхан тауының басынан Әлiбек екеуiмiзге күлiп қарайды. (Не деп күледi дейсiз ғой? "Алтайдан қолсозым жердегi осы тауды да сендер бiр көре алмадыңдар ғой" деп. Бұнысы газетке шығып кеткен. Мен ойдан құрап отырғам жоқ). Тағы бiрде бiздiң кәдiмгi Тұрсынымыз Қытайдың Таң дәуiрiндегi Император сарайында жүргенiн, сол императордың "алтын тағында" отырғанын көремiз. (Музей-сарайда Тұрсындай бiр қазақ бiр отырып кеткенге тақтың сәнi кете қалмаған шығар). Бұдан соң газетте – Түркия. Ондағы бүкiл түркi жұртының тарихы түгел сақталған Топқапы сарайы. Төрiнде – тағы да Тұрсын.
Сонда қалай ойлайсыздар, бұл Жұртбайып Азияның сонау шығысындағы – Эрдене-Зу, Бурхан, Бейжiннен бастап, анау батысындағы – Стамбұл, Кония, Анкараны аралап не iздеп жүр Қай жоғын жоқтап жүр? Ұлтының тарихын! Әр дәуiрде, әр жерде таңбаланып, бедерленiп қалған қазаққа қатысты көне шежiрелердi! Рухани iнжу-маржандарды! Әлемдiк әйгiлi мұражайлар мен мұрағаттарда алтынның сынығындай жылтырап, гауһардың көзiндей ұшқындап жатқан аса қымбат дерек көздерiн. Ол бал арасындай тiрнектеп жиып, түртпектеп қағазға түсiрген дүниелердiң арасында қандай таңба, қандай жазу жоқ десеңiзшi!..
Петроглиф… иероглиф, рун, қадымша, жәдитше, латынша, армянша… Оқымақ түгiл қарап отырып басың айналады. Басым айналып отырып бiрде мен: "Япырау, осыншама дүниенi бұл қалай жинап алған? Жұмыс iстеу тәсiлi қандай? Уақытын қалай пайдаланады?" деп ойлағам. Көп өтпей-ақ бұны бiлудiң де ретi келе қалған. Мұрындық болған – Тұрсынның өзi.
Биылғы жылдың ерте көктемiнде Астанадан телефон шалған ол "әу" дегеннен:
– Әшiмханып! – деген әдетiнше, – Менiмен бiрге Түркияға барып қайтуға қалайсың?
– Онда не бар?– деймiн мен.
– Онда былтыр дүниеден қайтқан Хасен Оралтайға берiлетiн ас бар. Бiрақ мамырдың аяғында. Түркиядағы, Еуропадағы қазақтар оған қазiрден дайындалып жатқан көрiнедi. Ас соңында ғылыми-практикалық конференция болады. Егер келiссең, саған да шақыру қағазын жiбередi.
– Ал жақсы, оған бардық, асқа қатыстық, конференцияда сөйледiк дейiк. Одан соң?
– Одан соң екеуiмiз Түркияны шарлап кете барамыз.
– Келiстiм, – дедiм мен ойланбастан.
х х х
Арада екi жарым ай өткенде, маусымның 5-i күнi екеуiмiз таңға жақын Алматы әуежайында кездестiк.
– Фотоаппарат алдың ба? – дедi Тұрсын амандықтан бұрын.
– Алдым. Видеокамера да, диктофон да бар.
– Молодец, Әшiмханып! Өстiп-өстiп адам боп кетесiң, – деп ол кеңк-кеңк күлiп алды да, артынша бiрден әзiлсiз әңгiмеге көштi. – Бiз небәрi бес-ақ күнге бара жатырмыз. Осы күндердiң әр сағатын босқа жiбермеуiмiз керек. Баратын, көретiн жерiмiз өте көп. Құда қаласа, бүгiн таңғы 8-де Стамбұлға табан iлiктiрсек, одан әрi ешқайда мойын бұрмастан Трояға тартып кетмiз. Иә, Трояға! Өткен жолы саған айтып едiм ғой….
Рас, айтқан. Бiрде телефонмен сөйлескенде, ол менi қызықтырайын дегендей: бұдан төрт жыл бұрын да Түркияда болып, бiрнеше көне шаһарды аралағанын, бiрақ сонда баяғы Гомер поэмасындағы ("Иллиада") қаһарман қала – Трояның жанынан өтiп бара жатып, амал не, оны көре алмай кеткенiн қатты өкiнiшпен еске алған. Және сөз соңында; "Басқаларды бiлмеймiн, ал жазушы адамның Түркияда болып, Трояны көрмей кетуi – кешiрiмсiз" деген.
– Стамбұлда бiздi кiм қарсы алады? Одан әрi немен кетемiз? Хасекеңнiң асына қашан барамыз? – деймiн мен.
– Шүрқ етпе! Менiң жанымда жүргенде сүмкөмдi көтерудi ғана бiл!
Мәссаған! Мынауың құдды Құнанбай ғой! Қоржынын арқалатып қоятын Ызғұттыны тапқан екен.
– Әй, бала, байқа, мен сенен ит көйлектi бұрын тоздырғамын, – деймiн мен, одан бiр жас 67 күн үлкендiгiмдi малданып.
– Ә, солай екен ғой. Әкел ендеше боқшаңды, мен көтерiп жүрейiн, – деп Тұрсын "бала" жорта менiң сүмкеме қол созған болады.
Шiркiн, құрдастардың қалжыңына не жетсiн! Өз айтуына қарағанда, бұл Жұртпайып үш замандасымен ғана қатты әзiлдеседi екен: олары – Аупбайып, Айтып, Әшiмханып. Ал мен? Жалғыз Тұрсынмен.
х х х
Бөтен ел, бөгде жұртқа келгенде, өз басым бiразға дейiн маңайыма үрке қарап, тосырқап тұратын әдетiм бар едi, ал Тұрсын Стамбұлдың әуежайына бас сұққан бойда бейне бiр Қарауылдың автостансасына кiргендей, сол станса алдында сарысүйек құдасы күтiп тұрғандай, алға ентелей түскен. Расында күтiп тұр екен. Сыртқы есiктiң жанында ұшыраса кеткен екi жiгiт:
– Ассаламалейкум, Тұрсын аға! – деп бiзге қарай құшақ жая ұмтылсын.
– Алдымен мына ағаларыңа сәлем берiңдер. Бұл кiсiнiң жасы менен де үлкен, – деп, Тұрсыным менi оларға тәптiштеп таныстырып, жазушы екенiмдi баса айтып, Хасен Оралтайға бөтен емес екенiмдi қоса бiлдiрiп, бәйек болып жатыр.
– О, бұл ағамызды бiз де бiлемiз ғой, – дейдi ұзын бойлы, қара мұртты, ақсары жiгiт. Менiң де есiме түсе қалды. Стамбұлда тұратын Әбуақап Қара деген ғалым iнiмiз. Бұдан бiраз жыл бұрын Алматыда өткен Дүниежүзi қазақтарының бiр құрылтайында танысқанбыз.
Бiз мiнген жеңiл көлiк Стамбұл көшелерiнен зулай ағып, тез арада сыртқа шығып кеткен.
– Мұнда кiруiмiзден шығуымыз тез болды ғой. Қаланы дұрыстап көрмедiк пе? – деймiн аңтарылып.
– Төрт күннен кейiн көресiң. Жоспарды бұзуға болмайды, – дейдi Тұрсын салмақты. – Мен мына Рамазан iнiме он күн бұрын телефонмен бәрiн айтып қойғам. Қай қалада қашан болатынымызды, ол жерде ненi көрiп, ненi тамашалайтынымызды ендi тек осы батыр бiледi, – деп ол сөз соңында машина жүргiзiп отырған жiгiтке қараған.
– Шанаққалаға күн жарықта жетiп алуымыз керек. Әйтпесе, Трояны тағы да көре алмауымыз мүмкiн, – дедi ол рульге жабыса түсiп.
– Бұның "тағы да" дейтiнi, – деп Тұрсын бiр әңгiме тиегiн ағыта жөнелдi. – 2005 жылы мұнда алғаш келгенiмде, осы Рамазан екеуiмiз машинамен шыққанбыз. Бәрi жақсы-ау, бiрақ Кониадан қайтып келе жатқанда, қараңғы түсiп кетiп, қол созым жердегi Трояға соға алмай кеткенiмiз өте өкiнiштi болды. Онда анау Генрих Шлиман деген немiс жанкештiсi ХIХ ғасырдың аяғында ұзақ уақыт қазба жұмыстарын жүргiзгенi белгiлi. Сонда ол не тапты екен? Көне эпоста айтылған, суреттелген жайлар Трояның қазiргi орнынан сезiле ме? Мұндағы баяғы эллиндер мәдениетiнiң көрiнiсi қандай? Антикалық әдебиеттен хабары бар кез-келген адамды бұл сұрақтар қызықтырмай қоймайтын шығар.
Бiрнеше машина қатар сиятын тақтайдай тегiс жолмен аңқылдатып келемiз. Сол жағымызда – күн көзiмен шағылысып, шалқып жатқан Мәрмәр теңiзi. Оң жағымызда – балағынан басына дейiн жап-жасыл ағаш көмкерген таулар. Ең биiк деген кейбiр таулардың төбесiнде түрiктiң алқызыл туы желбiрейдi. Бұның мәнiсiн Тұрсыннан сұраймын.
– Түрiк патриотизмi деген сол. Бұл елде өз қасиеттiсiн әспеттеу бiрiншi кезекте тұрады. Әр түрiктiң жүрегiн "мен – түрiкпiн!" деген мақтаныш кернейдi. Өмiрде түрiк боп туғандарын олар ең үлкен бақыт деп бiледi. Мұндағы негiзгi тәрбие, негiзгi идеологияның алтын жiбi осы темiр қазыққа байланған, – дейдi ол.
Қандай керемет! Бiрақ… қай-қайдағыңды қозғайды.
Бес жүз шақырымды зырлап өтiп, Шанаққалаға шаршамай-ақ жетiп едiк, ендi осы маңнан Трояны таппай қиналғанымыз. Әлем бiлетiн Трояны мұндағылар бiлмейтiн сияқты. Әркiмнен бiр сұрастырамыз. Бiрi иығын қиқаң еткiзiп жүре бередi, ендi бiрi "Троя? Троя?" деп естерiне ештеме түсiре алмай ойланып қалады.
– Сонда қалай, бұлар антикалық әдебиеттi оқымаған ба? – деймiн таңданып.
– Ол әдебиет – көне гректердiң мәдениетi, бүгiнгi гректердiң мақтанышы. Оны насихаттауды түрiк сияқты рухы биiк халық өзiне ар көретiн шығар. Екiншiден, мұнда грек, болгар, армянға қатысты әңгiмелердiң өте нәзiк тұстары бар…
Әйтеуiр жөн бiлетiн бiр кәрияның сiлтеуiмен түс ауа Трояға әзер табан iлiктiрдiк-ау. Бұл өзi аумағы он-он бес гектар жердi алып жатқан Гиссарлық деген төбенiң басы екен. Төменде, төрт-бес шақырымдай аралықтан Эгей теңiзi көрiнедi. "Қала" қақпасының алдында ағаштан қиюластырып жасаған, биiктiгi он метрдей болатын аттың зор мүсiнi тұр. Әйгiлi эпостағы… жаулар қуыс iшiне жауынгерлер жасырып әкелетiн ағаш ат. Одан әрiде, темiр қоршау iшiнде қазба жұмыстары кезiнде табылған кiсi бойындай қыш құмыралар, көне ғимарат әшекейлерi, бөренедей-бөренедей тас калонна сынықтары жатыр.
Бұдан әрi – бiрiне бiрi жалғаса түскен қазба жұмыстарының орыны: мың-мың жылдық топырақтан аршып алған тас қабырғалар, бiрiнiң үстiне бiрi қиюын тауып қаланған кебежедей-кебежедей текше тастар.
Осындай ұзын арналар мен иу-қиу көне "кварталдарды" бойлап, бiрде биiкке шығып, бiрде төменге түсiп жүрiп, екi сағаттай тарихты тамашалап бiткен соң, Тұрсын бiр биiктiң үстiне малдас құра отырып, қағаз-қаламын қолға алған. Ұзақ отырған, көп жазған. Сосын не заматта басын көтерiп:
– Бұл менiң нешiншi дәптерiм екенiн бiлесiң бе? – деген маған сығырая қарап.– Өзiң бiлмесең, мен қайдан бiлейiн.
– Дұрыс айтасың, өзiм де бiлмеймiн. Әйтеуiр, жаза беремiн, тастай беремiн. Кейде тiптi ештемеге қажетi болмас деген ұсақ-түйекке дейiн жазып қоямын. Бiрақ кейде соның өзi пайдаға асып жатады.
– Бұл неше жылдан бергi әдетiң?
– Есiмде жоқ. Әйтеуiр бала кезiмнен екенiн бiлемiн. Ол уақытта ауылымызда Абай төңiрегiн көрiп, Мұхтармен дидарласқандардың көбi тiрi едi…
Есiме оның Құнанбай, Абай, Мұхтарлар туралы жазғандары түскен. Осыншама фактiлердi, деректердi, баяғы бiр кiсi аттарын қайдан бiледi, қалай бәрiн жадында ұстай бередi десем… ендi түсiнiктi болды.
Тағы да есiме түседi: 1987-88 жылдары Тұрсын барлық шығармашылық жұмысын жиып қойып, Жазушылар одағы жанындағы Праволық комиссияның төрағасы болып, әр кезде жазықсыз жапа шеккендер жөнiнде жан-жақты зерттеулер жүргiзiп жүрген кезiнде, ұмытпасам, 88-жылдың желтоқсан айының бiр күнi… "Қазақ әдебиетiндегi" менiң бөлмемде отырып, бiрiншi рет жүрек талмасын (инфаркт) ұстаған.
– Содан берi памитiм нашарлап кеттi, – дегендi маған кейiн неше рет айтқаны бар. Бiрақ, бiр қызығы, сол "нашар памитiмен-ақ" ол бүгiнде Құнанбайды қай жылы, қай күнi, қандай жерде қолтығынан демеп атқа отырғызған адамның атын оп-оңай айта алады ғой…
– Әшiмханып, бiзде де "Иллиада", "Одиссей" сияқты небiр ғажап эпостар, тарихи жырлар бар ғой. Оларда да бүгiнгi ұрпақ бiле бермейтiн қаншама жер-су, қала-шаһар, кiсi аттары кездеседi. Кезiнде солардың көбi осы Троя сияқты өмiрде болған ғой. Әттең, iндете iздей берсек, бiз де бiрдеме табар ма едiк, – деп Тұрсын орнынан тұрып едi.
х х х
Хасен Оралтай ағамыздың жамбасы жерге тиген Салихлы қаласында бiздi қандастарымыз құшақ жая қарсы алды. Түннiң бiраз уақыты болса да қазақша дастарқан жайып, мәре-сәре боп қалған. Бәрiнiң көзi де, назары да – алдымен Тұрсында. Алыстан сағынтып жеткен осы үйдiң бел баласы, төл тумасы секiлдi. Әсiресе, тақиялы, сақалды, ақжаулықты қариялар жан-жақтан оған мейiрiн төге түскен. Әңгiменiң көбi марқұм Хасекең жөнiнде.
Менiң түсiнгенiм: Тұрсын бiрнеше жылдан берi Хасекеңмен жақын араласып, қыр-сырына жете қанығып, iшi-бауырына енiп, туған iнiсiндей болып кеткен. Сол арқылы қиыр қонып, шет жайлап жүрген қандастарымыздың өмiр-тiршiлiгiн, арман-мұратын, кәсiп-қызметiн әбден бiлiп алған. Олар Алматы, Астанаға барғанда, алдымен iздейтiндерi де – Тұрсын. Мұң-мұқтаждарын ашып айтып, бүкпесiз жеткiзетiн адамы да – Тұрсын.
Мен ойладым: әр қазақты шын мәнiнде жалғызындай көретiн бұл қандай адам, неткен үлкен Жүрек деп! Әйтпесе Тұрсынды iздейтiн, Тұрсынды сағынатын адамдар тек Түркияда емес қой. Оны анау Қытайдағы, мынау Моңғолиядағы қазақтар да ең жақын бауыр көретiнiне күмән бар ма!
х х х
Салихлыда өткен ғылыми-практикалық конференциядан соң… үш күн бойы тынбастан Балықкесер, Офион, Ақшеһер, Кония, Ангара қалаларын аралап өтiп, соңғы күнi Стамбұлдан бiр-ақ шыққанбыз.
Осы үш күнде… Тұрсын бүкiл жол бойы көрiп келе жатқан ел мен жердiң, қалалар мен елдi мекендердiң кешегi тарихын бүгiнгi жайын айтудан бiр жалыққан емес. Құдды осы жерде туып, осы елде өскендей. Ұланқайыр бiлiмiне бiр таң қалсаң, көп адам көре де, ескере бермейтiн жайларды қалай байқап, аңғарып отыратынына және қайран қаласың!
Мiне, Түркия сапарында менiң жанымда осындай адам жүрген. Дәлiрегiнде, мен Оның жанында жүргем.
Иә, жаныңда осындай адамның жүргенi қандай жақсы. Тiптi Оған атқосшы боп жүргенiңе де мақтануға болады-ау!..
25.08.2011Дидахмет Әшiмханұлы