70 ОТБАСЫ баспаналы болады
70 ОТБАСЫ баспаналы болады
Тараз қаласының "Бәйтерек" ықшамауданында 70 пәтерлi ипотекалық тұрғын үй пайдалануға берiлдi. Таяуда облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Кәрiм Көкiрекбаев үйдiң ең алғашқы тұрғындары – қос отбасына пәтер кiлттерiн табыс етiп, жаңа қоныстарымен құттықтады.
Бұл – 2011 жылға дейiнгi мемлекеттiк Тұрғын үй бағдарламасы аясында салынған соңғы нысан. Жалпы құны – 275 625 мың теңге. Құрылысын жүргiзген мердiгер – "Агроспецстрой" ЖШС. Ғимараттың жалпы ауданы 4,8 мың шаршы метрдi құрайды, 15 бiр бөлмелi, 15 екi бөлмелi және 40 үш бөлмелi пәтерлерi бар. Бүгiнгi күнi барлық пәтерлердiң иелерi бар, олар әзiрге "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкiнде" пәтерлерiн ипотекалық несие жолымен сатып алу үшiн рәсiмдеу үстiнде. Бағдарлама бойынша бұл үйлер негiзiнен жас отбасылар, мемлекеттiк қызметкерлер, мемлекеттiк мекемелердiң "мемлекеттiк қызметшi" санатына жатпайтын қызметкерлерi және мемлекеттiк кәсiпорын жұмысшыларына берiледi. Пәтердiң бағасы да қолжетiмдi, әр шаршы метрi – 63 297 теңге. Қосымша жылдық пайыздық мөлшерлеме – 4 пайыз, алдын ала төлем жасаудың қажетi жоқ.
Салтанатты шара барысында облыс әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Кәрiм Көкiрекбаев Қымбат Саржанова мен Ұлы Отан соғысы ардагерiне теңестiрiлген ақсақал Әшiм Смаиловқа пәтер кiлттерiн тапсырды. "Шаңырақтарыңыздың iшi жанға, сырты малға толып, қоныстой басқа тойлардың бастамасы болсын, қуаныштарыңыз ұзағынан болғай!" – дедi Кәрiм Насбекұлы тұрғындарға арнаған сөзiнде.
Бiз баспаналы болып отырған жас маман Қымбат Саржанованы сөзге тарттық. Ол облыстық ауруханада физиотерапевт-дәрiгер болып еңбек етедi. Отағасы – "Нұрбанктiң" қызметкерi. Жас отаудың бар қызығы қос ұлы жандарында жүгiрiп, ойнап жүр.
– Бiз бұл сәттi ұзақ күттiк. Алдын ала таңдаған кезде де екеуара кеңесiп, үш бөлмелiсiн қалап алдық. Бөлмелерi кең әрi жайлы екен, ал жалпы аумағы 95 шаршы метрден асады. Ендi ипотекалық несиенi айына 63 мың теңгеден 15 жыл бойы банкке төлеп тұрамыз. Жұбайым екеумiздiң табысымыз бұл соманы өтеп тұруға толық жетедi. Ең бастысы – ендi отбасымыздың өз шаңырағы бар, – дейдi дәрiгер келiншек.
Биыл жыл соңына дейiн "Бәйтеректе" жалға берiлетiн және коммуналдық тағы екi тұрғын үй пайдалануға берiлiп, тараздықтарды мол қуанышқа кенелтпек.
Жанат ҚАПАЛБАЕВА 25.08.2011