Жаңалықтар

БИЛIКТIҢ БАСТАУЫ – ХАЛЫҚ, БIРЛIКТIҢ БАСТАУЫ – АТА ЗАҢ

ашық дереккөзі

БИЛIКТIҢ БАСТАУЫ – ХАЛЫҚ, БIРЛIКТIҢ БАСТАУЫ – АТА ЗАҢ

Мемлекеттiлiктiң басты дiңгегi – Заң. Ендеше елдiң басты заңы – Конституцияның қабылдануы, қалыптасуы мен дамуы 20 жылдық мемлекеттiлiгiмiздiң өсу жолын бейнелесе керек. 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституция дербес ел – Қазақ мемлекетiнiң демократиялы, зайырлы әрi құқықтық қоғам құруға бағытталған ерiк-жiгерiнiң көрiнiсiне айналды.

Қазақстанның Конституциясы 1991 жылы қабылданған Егемендiк туралы Декларацияның демократиялық, әлеуметтiк-экономикалық және мәдени өзгерiстер туралы қағидаларынан бастау алады.

Шындығында, егемен елдiң алғашқы Конституциясын қабылдаудың өзi оңайға түспегенi анық. Мұны 1991 жылы тәуелсiздiгiн жариялаған мемлекеттiң тұңғыш Конституциясы 12-шi шақырылымдағы Жоғарғы Кеңестiң 9-шы сессиясында 1993 жылдың 28 қаңтарында ғана қабылданғанынан көремiз. Жас мемлекеттегi басқару формасы мен мемлекеттiк құрылым нормалары туралы пiкiрталастар екi жылға жуық уақыт бiр арнаға тоғыса алмаған сияқты.

Бiрақ осы өтпелi кезеңде қабылданған Ата Заңның өзi де «өтпелi» құжат түрiнде қалды. Бұдан соң екi жылдан кейiн жаңа Конституцияның қабылданғанына қарамастан, алғашқы Ата Заңның өзiндiк артықшылықтары болғанын айта кеткен ләзiм. Осы құжат қоғамдағы бiр партиялы жүйенi тықсырып, нарықтық экономиканың негiздерiн қалыптастырып бердi. Халықаралық қауымдастыққа саяси картада жаңа мемлекеттiң пайда болғанын құқықтық негiзде жария еттi, оның бейбiтсүйгiш және тиiмдi әрiптестiкке бейiмдiлiгiн, адамзатқа ортақ құндылықтарды мойындайтынын аңғартты.

Ал 1995 жылы қабылданған Конституция жас мемлекеттiң iргесiн бекiтiп, тәуелсiздiгiн баянды етуге, саяси реформалар жүргiзуге, ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға жол ашты.

«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып…» деп басталған Ата Заң беташар сөздерiмен-ақ елдi, ұлтты бiрлiкке, ортақ тiрлiкке шақырып тұрғандай. Бүгiнде қоғамдағы татулықты, тұрақтылықты орнықтыруда бұл Конституцияның қосқан үлесi көп-ақ.

Заңгерлер Қазақстан Конституциясының iшкi мүмкiндiгi әлi сарқа пайдаланылған жоқ дейдi. Конституциялық Кеңестiң төрағасы Игорь Рогов Қазақстан Парламентiнде жасаған баяндамасында: «Қазақстан Конституциясы өзiнiң болымдылығын әбден-ақ дәлелдедi, оның қабiлетi әлi толық ашылған жоқ», – деп мәлiмдедi.

Заман ағымына, қоғам өзгерiсiне қарай Конституцияға 1998 және 2007 жылдары өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлдi.

2007 жылы 21 мамырда енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар Қазақстанның президенттiк-парламенттiк басқарудағы бiртұтас мемлекет екендiгiн айқындай түстi. Бұл реформа қоғамдық-саяси өмiрде жаңа өзгерiстерге, азаматтық қоғамның дамуына жол ашып, заң мен құқық аясын кеңейте түстi.

Бүгiнде Конституцияны орта мектеп оқушылары мен мемлекеттiк қызмет атқаруға талап бiлдiрген үмiткерлерге дейiн егжей-тегжейлi зерттеп-оқуда. Конституция жалпақ тiлде ережелер мен нормалар жазылған құжат қана емес, қарапайым адамдардың күнделiктi өмiрiнде кәдеге асар қажеттi бiлiмге айналып келедi. Бастауыш сыныптың оқушысы «Менiң құқықтарым» деп сөйлесе, ал «Болашақ» стипендиясының талапкерлерi мемлекеттiк комиссия алдында Конституцияның мемлекеттiк билiк тармақтарының құрылымы, олардың тағайындалу немесе сайлану ережелерi туралы ой қозғайды. Құқықтық қоғам құру Конституцияның басты қағидаларын нормаларын бiлуден басталмақ. Жалпылай алғанда, халықтың өз құқығын бiлу деңгейi артады.

Бiрiншi бабында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп атап көрсетiлген Ата Заңымыз дамыған елдердiң Конституцияларынан бiр мысқал да кем емес. Шындығында, осы құжатта 25 мемлекеттiң Конституциясының өзегi бар.

Бұл құжат мемлекеттiң қоғамдық-экономикалық құрылымын, басқару формасы мен мемлекеттiк құрылымның формасын бекiтiп бердi. Онда адам және азаматтың құқығы мен бостандықтары, мемлекеттiк билiк тармақтары, меншiк түрлерi, т.б. нормалар тайға таңба басқандай анық жазылған. Ендiгi мақсат осы нормалардың жүзеге асырылуын қадағалау ғана.

Президент – Конституцияның мызғымастығының кепiлi. Мұны Нұрсұлтан Назарбаев жыл басында айқын дәлелдедi. Бастамашыл топ ҚР Президентiнiң өкiлеттiгiн бүкiлхалықтық референдум арқылы 2020 жылға дейiн созуды ұсынғанда, Парламент бұл ұсынысты қолдап дауыс бергенде, Нұрсұлтан Назарбаев өз пәрменiмен бұл заң жобасына тоқтау қойып, кезектен тыс сайлау өткiзу туралы шешiм қабылдады. Шындығында, Конституция нормасына сай президент сайлауы әр жетi жыл сайын өткiзiлуi тиiс. Бұған дейiнгi сайлау 2005 жылы өткiзiлген. Ал сайлау өткiзу мүмкiндiгi бар тұста референдум өткiзудiң қисыны шамалы екенi айдан анық.

Бүгiнде Конституция күнi – мемлекеттiк мейрам. Ата Заңның қоғамдағы ролiнiң күшеюi осы атаулы күннiң саяси-әлеуметтiк маңызын да арттыра түскендей. 30 тамызда Астанада әскери шеру өткiзу екi-үш жылдан берi игi дәстүрге айналды. «Қазақ елi» ескерткiшiнiң алдында бүгiнгi Қазақ мемлекетiнiң әскери қару-жарағы мен қуаты, айбары мен айбаты жарқырата көрсетiлгенi қандай жарасымды!

Биыл да Астана 30 тамыздағы арнайы шеруге ерекше дайындық үстiнде. Тәуелсiздiктiң 20-жылдығы қарсаңында өткiзiлетiн шеру биыл ерекше әсерлi болмақ. Осы күнi алаңда Жаяу әскер, Әуе қорғаныс күштерi, Әскери-теңiз күштерi ерекше сап түзеп, Iшкi iстер министрлiгi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Төтенше жағдайлар министрлiгi мен Республикалық гвардия бөлiмшелерi де сән-салтанат құрмақ.

Жылда Ата Заңның кезектi мерейтойы жақындаған сайын «1993 жылы қабылданған Конституцияның күшiн жойып, екi жылдан соң жаңа Конституция қабылдаудың не қажеттiлiгi болды?» деген сұрақтың әлсiн-әлсiн бой көтерiп қалатыны рас. Оның үстiне, 1995 жылғы Конституция Президент Н.Назарбаевтың ұсынысымен бүкiлхалықтық референдумда қабылданғаны белгiлi. Бейресми түрде бұл құжаттың «Назарбаевтың конституциясы» деп аталуы да тегiн емес.

Дегенмен қазiргi Ата Заңның бiр артықшылығы да оның бүкiлхалықтық референдумда, басым (81,9 пайыз) дауыспен қабылдануында. Өйткенi 1993 жылғы алғашқы Конституция Жоғарғы Кеңес депутаттарының дауыс беруiмен күшiне енген едi. Бұл Конституцияның қазақ мемлекеттiлiгi тарихында «өтпелi кезең» құжаты ретiнде қалып қоюына түрткi болған көп себептiң бiрi – осы.

Осындай пiкiрталастар әлi басылмай тұрған шақта, бүгiнгi Конституцияның «жасы» он алтыға келiп қалыпты. Осы он алты жылда iшiнара реформаға ұшыраса да, Конституция өзiнiң бастапқы мәнiнен айныған жоқ. Қазақстан демократиялы, зайырлы және құқықтық мемлекет құру жолынан тайған емес.

Ендiгi жерде бүгiнгi Конституцияның басты құндылықтарын барынша сақтай отырып, оның артықшылықтарын халық игiлiгiне жаратудың жолын табу. Ата Заңның 3-бабында жазылғандай, «мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық», ендеше Конституцияның өзi халыққа қызмет ету үшiн қабылданған.

25.08.2011

Гүлбиғаш Омарова