Жаңалықтар

Айдос САРЫМ: БАРША ҚАЗАҚҚА СӨЗI ӨТЕР БЕС АҚСАҚАЛ ҚАЛМАДЫ

ашық дереккөзі

Айдос САРЫМ: БАРША ҚАЗАҚҚА СӨЗI ӨТЕР БЕС АҚСАҚАЛ ҚАЛМАДЫ

«Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президентi Айдос Сарымды көзi қарақты жұрт саясаттанушы ретiнде жақсы бiледi. Бiлiп қана қоймай, оның сараптамаларына құлақтарын түре жүредi. Газетiмiздiң бетiнде соңғы кезде мемлекеттiк тiл төңiрегiнде бiрқатар өзектi мақалалардың жарияланғаны рас. Осы мәселелердi қаузай отыра, ұлтшыл (өз сөзi) саясаттанушының пiкiрiн сұрағанды жөн көрдiк. Екеуара әңгiме тiл ғана емес, ұлт, мемлекет, қоғам және сана жөнiнде өрбiдi.

– "Тiлдердi дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын" мұқият оқып шыққан боларсыз. Осы бағдарламаның мақсаттарында көрсетiлгендей, "ендiгi он жылда Қазақстанда қазақ тiлiн бiлетiндер саны 95 пайыз, ал орыс тiлiн бiлетiндер саны 90 пайыздан кем болмауы тиiс" деген мәселенi қалай түсiнесiз? Екi тiлдiң бiр тiлдiк ортаны бөлiсуi, "бiр-бiрiнiң құқығын шектемей" (Мәсiмовтiң тiркесi) қатар өмiр сүруi мүмкiн бе? Оған осы бағдарламада айтылған "2020 жылы ағылшын тiлiн бiлетiн тұрғындар саны 20 пайызға жетеғабыл болады" деген меженi қосыңыз…

– Әрине, қарап шықтым. Алайда бұл құжатқа көңiлiм толмады. Себебiн айтайын. Бiрiншiден, бұл құжат – көптеген мәмiле мен компромистердiң құжаты екенi анық. Сондықтан да болар, көбiнесе баяғы лениндiк "бiр адым алға, екi адым артқа" деген ұстанымдардан құралғандай әсер етедi. Сөз жоқ, мықты жақтары да бар. Бiрақ ең бастысы – бiз қай мемлекетте өмiр сүремiз және ол мемлекеттiң тiлi қандай болмақ деген мәселелер ашық айтылуы керек сияқты. Екiншiден, мемлекеттiң атқарар мiндеттерi мен үкiметтiң өзiне алар мiндеттемелерi анықталмаған. Бұрынғы бағдарламада, әйтеуiр нақты межелер бар болатын: осы облыс осындай жылы, мына министрлiк мынадай жылы мемлекеттiк тiлге көшедi деген. Бұл жолы үкiметтегiлер жалпы халықтың қанша пайызы қай жылы қай межеде тiл үйренуi керек дегенмен шектелiптi. Шындығын айтсақ, мемлекеттiк тiлдiң әңгiмесi дәл осы үкiметтiң өзiнен басталуы қажет. Үшiншiден, үштiлдiлiк мәселесi. Билiк, сөзсiз, елдегi тыныштықты қалайды. Дегенмен елдiң басым көпшiлiгi өз тiлiнiң бүгiнгi халi мен болашағына алаңдап отырса, бүгiнгi мардымсыз, белсiз саясатқа қарсы наразылығын ашық бiлдiрiп отырса, қайдағы "тыныштық"? "Құқықтар" туралы сөздер де бос әңгiме. Қазақ тiлiнiң дамуы, оның шын мәнiндегi мемлекеттiк тiлге айналуы орыс тiлiнiң де, ағылшын тiлiнiң де "құқығын таптамайды". Орыс тiлi де, ағылшын тiлi де қазақсыз да, Қазақстансыз да емiн-еркiн дами алады. Олардың орасан зор нарығы бар. Өзiмiзден бастайықшы. Мысалы мен қазақ тiлiн бала кезден бiлемiн. Бес-алты жасқа дейiн орыс тiлiн бiлген жоқпын. Бiрақ сол кездегi тәртiп бойынша тез арада үйренiп алдым. Неге? Қоғамның, мемлекеттiң талабы болды. "Орыс тiлiн бiлмеу – ұят, орыс тiлiн бiлмесең нан таба алмай қаласың" деген түсiнiк болды. Ешқандай оқулық не әдiстеменi қажет еткен жоқпыз, керемет мұғалiмдi, тегiн курстарды iздеген жоқпыз. Мiне, мемлекеттiк тiл деген осы! Өкiнiшке қарай, кеңес мектебi шет тiлдерiн дұрыс оқытпады. Оны үйренсiн, бiлсiн деген жоқ. Соның дәлелi – кеңес заманында он жыл мектеп, бес жыл институтты тамамдағандар шет тiлдерiн үйренбей шығатын. Қажеттiлiк болмады. Есесiне бүгiнгi жастар өз ықыласымен ағылшын, араб, испан, қытай, француз тiлдерiн тез арада үйренiп алады. Өздерi үшiн. Себебi әлемдi көргiсi бар, оқу оқып, шетелге жұмысқа барғысы келедi. Мен де шама-шарқым жеткенше қазiр ағылшын тiлiн үйренiп жүрмiн. Себебi болашақта ағылшын тiлiнде еркiн сөйлеп, мақала жазғым келедi. Қажеттiлiктiң күшi осы. Ал бiздiң ана тiлiмiзге келсек, басты мәселе бiз осы қажеттiлiктi туғыза алмадық. Оған тек билiк, тек қана қазақ кiнәлi емес. Барлығымыз да кiнәлiмiз. Бәрiне қорқақтық пен шорқақтық кiнәлi. Билiк – қорқақтығы үшiн, бiз билiкке сес көрсете алмай, қорқыта алмағанымыз үшiн. Осы себептi де соңғы кездерi көп дау туғызған "Мемлекеттiк тiл туралы заңнамаға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу жөнiндегi заң жобасын" толық қолдаймын. Барлығын да мемлекеттен, мемлекеттiк аппараттан бастау қажет. Мемлекеттiң тiлге деген көзқарасы өзгермей, ештеңе де өзгермейдi. Қоғам да, бизнес те, басқасы да мемлекетке қарап бой түзейдi. Сондай елмiз бiз. Осы тұрғыда бiздер Мәдениет министрлiгi әзiрлеген жобаны қолдап, оның барынша күшейе түсуiне қызмет жасағанымыз абзал. Ертең бұл құжат үкiметтен өтiп, парламентке түскен кезде, бiраз "жүдейтiнi" белгiлi. Орыстiлдi, орысжанды депутаттарымыз оны әбден "жүдетiп", "жұтатып" жiберуi де ықтимал. Ұлт боламыз, ұлтпыз десек, бiрiгiп оның одан да бетер "семiруiне" жұмыс iстесек! Тек айқай-шумен ғана емес, тиiстi коалициялар құрып, жақсы лоббист бола бiлсек! Жанымызға өзге ұлт өкiлдерiн де топтастыра бiлсек! Мәселе сонда ғана алға жылжиды. Ал егер "қазақтың күнi қазақпен", "сен тимесең, мен тимен бадырақ көз" деп жүре берсек, тiл мәселесiн алдағы жиырма жылда да шешiп болмаймыз.

– Сарапшылар осы бағдарламаның алдыңғы, 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламаға егiз қозыдай ұқсастығын айтады. Бiрақ алдыңғысының оңды нәтижелерi болған жоқ. Ал осы бағдарламаның "тағдыры" нешiк болмақ, қалай ойлайсыз?

– Менiң ойымша, басты мәселе бағдарламада емес, саяси жiгерде. Егер билiк саяси жiгер танытатын болса, мемлекеттiк тiлдi жақсы қарқынмен дамытамыз деген шын ниетi болса, бiр ғана заңның өзi де жететiн едi. Бұл – бiр мәселе. Екiншi үлкен мәселе – орыстар мен орыстiлдiлер. Бұның артында үлкен саясат жатыр. Шынын айтайықшы: елiмiзде тұрып жатқан орыстардың бiразы үшiн қазақ тiлiнiң құны – көк тиын. Алдарына жүз тегiн оқулық, жүз компьютерлiк бағдарлама, Нобель сыйлығын алған жүз мұғалiмдi әкелiп оқытсақ та, оқығысы жоқ. Еш ниет-ынта бiлдiрмейдi. Тiптi Пушкин, Гоголь, Толстойды тiрiлтiп әкелiп, "жiгiттер, қазақ тiлiн бiлiңдер, үйренiңдер" десек те үйренбейдi. Құлық жоқ, көкiрегi жiбермейдi. Миларына қатқан империялық, шовинистiк сана жiбермейдi. Түптiң-түбiнде "Қазақ мемлекетi құрдымға кетедi, ерте ме, кеш пе, Ресей-матушканың етегiне жабысады" деген шайтан үмiттерi де жоқ емес. Тiптi соңғы айтыстар кезiнде олар "Кедендiк одақ құрып жатыр емеспiз бе? Қазақ тiлiнiң не қажетi бар?" дегендi жиi айтатын болып кеттi. Бұл ненi көрсетедi? Ненi меңзейдi? Ең алдымен бiздер қазақ мемлекетiн, қазақ ұлттық мемлекеттiгiн күшейтуiмiз керек. Мемлекет пен ұлт егiз ұғымдар. Мемлекеттiң иесi – қазақ. Олай болатын болса, бiздер қазақ ұлттық мемлекетi дегендi батыл айтып, ендiре беруiмiз керек. Ең алдымен өзiмiздiң санамызға. Өзiмiз айқын сенетiн болсақ, оны басқалар де сезiнедi. Өзiмiз жартылай шала сенiп жатсақ, әр кездесуде өзiмiздi-өзiмiз кемсiтiп, қайта-қайта жерлей беретiн болсақ, ақырзаманшылдығымыздан айрылмасақ, бұл мемлекеттiң қазақтiкi екенiне кiм сенбек? Мемлекет те, ұлт та – өздерiн күнде әлемге паш ететiн институттар. Ұлт, мемлекет екенiңдi күн сайын дәлелдей алмасаң – оған өзге де, бiраздан соң өзiң де сенiмсiздiк бiлдiресiң. Бұл – өмiр заңы. Олай болатын болса, бiздер орыстарға да, әлемге де бiр нәрсенi ашық айтуымыз қажет: Кедендiк одақ – Қазақ мемлекетiн жерлеу емес! Ол уақытша экономикалық құрылым деп өзiмiздi, артынан өзгенi сендiруiмiз қажет. Жеңiстiң барлығы санадағы, жүректегi жеңiстен басталады. Ал бiз болсақ көбiнесе майдан шебiне жетпей жатып мұқалып кетемiз. Ұлттық рухты таудан, тастан, ханның басынан iздеп жатамыз. Ол дұрыс емес. Ұлттық рух сана мен жүректен басталады. Iшiңнен табылмаған дүниенi сырттан табу мүмкiн емес. Рух – балдақ емес. Рух – адам көзiне көрiнбес, табиғаты бөлек химия, қуат, ғажайып күш. Олай болса, тiл мәселесiнде бағдарламадан бұрын, бағдарламаның алдында рух пен жiгер тұруы керек.

– Үш тұғырлы тiл туралы. Мысалға сiздi алайық. Былайша қарағанда, бүгiнгi билiктiң "Қазақстан азаматтары үш тiлде: қазақ, орыс, ағылшын тiлдерiн бiлуi керек" деген ұранын нақты жүзеге асырып жүрген азаматтардың бiрiсiз. Бiрақ 17 миллион халықтың бәрiнен үш тiлде бiлiм алуды талап ете аламыз ба? Менiң байқағаным, қазiргi шетелде оқыған жастар, жалпы қалада оқыған жастар арасында қазақша-орысша-ағылшынша сөздердi араластырып, шатып-бұтып сөйлеу әдетке сiңiп барады. "Тiлбұзар" деген осы емес пе?

– Рұқсат етсеңiз, әңгiменi "тiлбұзар" дегеннен бастайын. Бiздерде әлi де болса тiл мәселесiнде көптеген кереғар түсiнiктер, мифтер мен стереотиптер басым. Тiл – Құран емес. Ол – тiрi ағза. Тiрi ағза болғандықтан, ол үнемi даму үстiнде. Тiл феноменi мынада: тiлдiң өз өктемдiгi бар, оған адамның өктемдiгi жүрмейдi. Қоғам, қоғамдық сана өзгерген сайын тiл де өзгерiп отырады. Абай мен Махамбеттер тiрiлiп келсе, "мына ұрпақтарымыз ана тiлiмiздi әбден қойыртпақтатып жiберiптi ғой" деген ұстанымға келер едi. Бiзден кейiн келетiн ұрпақтар үшiн бүгiнгi тiлiмiз тым тұрпайы болып көрiнуi де ғажап емес. Соңғы жиырма жылдың iшiнде тiлiмiзге қаншама сөз қосылды?! Қажеттiлiк туған кезде тiл корпусы жаңарып отырады. 19-шы ғасырдағы бабаларымызға сол кездегi тiршiлiгi үшiн Абай мен Шәкәрiмнiң тiлi жеткiлiктi болды. Абай мен Шәкәрiмге тар болуы мүмкiн, бiрақ халық үшiн, күнделiктi ғұмыры үшiн сол кездегi қазақ тiлi жетiп жатты. Жиырмасыншы ғасырдың басында индустриализация заманы басталды. Тiл бiршама жаңарды. Жаңа ұғымдар, жаңа түсiнiктер тiлiмiзге көптеп енiп жатты. Бiразы сiңдi, бiразы уақыт тезiнен өте алмады. Бүгiн ақпараттандыру заманына келiп жеттiк. Бұл заманның өз талабы мен мiндеттерi бар. Тiлiмiз де бейiмделуi керек. Себебi заманға тiлiмiз бейiмделмесе, бiздер де бейiмделе алмаймыз. Жаңа айтып едiм ғой, тiлдiң адамға жасайтын өктемдiгi бар деп. Егер тiлiмiз бейiмделмесе, онда бiздер заманға қарсы шығамыз, оны шын ниетiмiзбен қабылдай алмаймыз.

Тағы бiр мәселе. Бiз тiлiмiздi жақсы көремiз, мақтан тұтамыз, киелi деп санаймыз. Тiл – бiздiң қазақтығымыздың кепiлi. Мемлекеттiгiмiздiң мызғымас нышаны. Алайда алданбауымыз керек. Бiздiң тiлiмiз әлi де болса заманауи деңгейде дамыған жоқ. Гуманитарлық сала үшiн жеткiлiктi болса да, технология мен жаратылыстану ғылымдары үшiн жеткiлiктi емес. Әрине, қазақ тiлiнде химия туралы да, математика туралы да мақала жазуға болады. Дегенмен қазақ тiлi бұл ғылымдарды зерттеп-бiлу үшiн аздық етедi. Бұл – тек қазақтың трагедиясы емес, барлық аз ұлттар мен халықтардың проблемасы. Аз ұлттар бұл мәселенi негiзiнен бiр жолмен шешуде: ағылшын тiлi арқылы. Себебi, шынын айту керек, орыс тiлiнiң өзi артта қалып барады. Орыс тiлiнде әрi кетсе 500 мың сөз болса, ағылшын тiлiнiң қоры 1 миллион сөзден асып кеттi. Яғни бiздер үшiн қостiлдiлiк (немесе үштiлдiлiк) – өмiрлiк қажеттiлiк. Мәселе тек саяси таңдауымызда. Егер орыс империясының аясынан шығамыз десек, болашақта бiздер ағылшын тiлiне көп мүмкiндiк жасауымыз қажет. Латын қарпiне көшу мәселесiн батыл айтуымыз қажет. Өз басым болашақтағы қазақ жастарының үш тiлде сөйлегенiн қалаймын: қазақ тiлi, ағылшын тiлi және түрiк тiлi. Бұдан артық бiлемiн деушiлерге шектеу жоқ. Өмiрден байқағаным, тiл бiлгеннен ешкiм ұтылмайды. Бiрақ тiлдiк саясаттың негiзi сөзсiз қазақ тiлi болуы тиiс. Болады да! Бала кезден үш тiлдi үйретемiз дегенiмiз де бос әңгiме. Баланың миын атала қылудың жолы бұл. Кем дегенде ес жинап, кiшкене болса да санасы қатқан балаға шет тiлдерiн оқыта бастау керек. Оған дейiнгi тәлiм-тәрбие тек ана тiлiнде жүргiзiлуi тиiс. Тағы бiр жайтты айтпаса болмайды. Үштiлдiлiк деп қанша сайрасақ та, оны практикалық тұрғыдан iске асыру мүмкiн емес. Ауыл мен қала мәселесiн алайық. Көптеген елдiмекендерде ағылшын тiлi түгiл, орыс тiлiнiң кәсiби маманы жоқ. Көптеген ауылдарда қазақ тiлiнiң мамандары жоқ. Олай болатын болса адам құқықтары деген мәселе туындайды. Конституция бойынша бiлiм алуға барлық адамның тең құқығы бар. Ертеңгi күнi қаланың баласы үш тiлде, ауылдың баласы екi тiлдi әрең үйренiп оқуға түсетiн болса, кiм жеңедi? Бұл да үлкен мәселе!

– Қазақстанда қанша халық мемлекеттiк тiлдi меңгерген? Осы орайда, бiр-бiрiне кереғар әртүрлi дерек айтылады. Қазақ тiлiнде қанша адам сөйлейтiнiн санау да саясат па?

– Өз басым елiмiздегi ресми статистикаға сене бермеймiн. Бiзде шынайы статистика жоқ! Әсiресе, тiл саясатына келген кезде. Әрбiр санның артында саяси ойын жатыр. Шамамен ұлттық санақтың деректерiне сүйенуге болатын шығар. Олай болатын болса, Президенттiң айтып жүрген дерегiне сенiм басымырақ. Мәсiмовтiң дерегiн алар болсақ – ойдан алынған көрсеткiш. Отарланған сананың айқын дәлелi. Қазақша бiлетiндердiң санын қарапайым ғана қазақы есеппен де өлшеуге болады. Мысалы оңтүстiк пен батыс өңiрлердiң басым көпшiлiгi қазақша бiледi я түсiнедi дейiк. Орташа есеппен бұл облыстарда елiмiздiң 50-55 пайыз халқы тұрады. Солтүстiк пен Шығыстағы аймақтарда тұратын халықтың жартысы қазақ тiлiн бiледi деп түсiнсек, елiмiздiң кем дегенде 70 пайызы қазақ тiлiн бiледi не түсiнедi деп пайымдауымызға болатын шығар!

– Саясат демекшi, тамыз айының басындағы интернетте мемлекеттiк тiл саясатына қатысты жоба туралы шу шықты. 2-3 күнде 4700 адам осы жоба жөнiнде пiкiр жазып қалдырған! Жалпы, қазiр мемлекеттiк тiлге қатысты интернетте терiс пиғылдағы пiкiр бiлдiргендердiң белсендiлiгi артқан сияқты. Солардың екпiнен емес пе, Мәдениет министрлiгi "бұл көп жобаның бiрi, шикi құжат" деп әрең құтылды. Ақыры, "әкiмшiлiк органдарына құжаттар мемлекеттiк тiлмен қатар орыс тiлiнде қабылданады" деген шешiм қабылдады. Осы оқиғаның өзi арандату сияқты әсер қалдырған жоқ па?

– Бұл – әбден ойланатын мәселе. Шындығын айтсақ, бұл заңның айналасындағы әңгiмелер қазақ қауымының, қазақ ұлтшылдарының шикiлiгiн көрсеттi. Әлi де болса ұйымшыл емеспiз, қажеттi кезде ұйымдаса алмайды екенбiз. Өз басым интернеттегi, баспасөздегi пiкiрталастарды мұқият зерттеп шықтым. Қазақ тiлiне дәл соншама адам қарсы шықты деп санамаймын. Қазақтардың орыстiлдi дискуссияларға, пiкiрталасқа аз қатысқаны көрiнiп тұрды. Бiрақ орыстiлдiлердiң ұстанымдарын жариялап отырғандарды түрткiлеп отырған көсеудiң бiреу екенi анық байқалды. Жұмысы бар, қызметi бар адам он күн бойы интернетте пiкiр жазып отырмайды. Бұлар – кәсiби комментаторлар. Бұларды интернетте "тролльдер" деп атайды. Түсiнуiмше, қазақ тiлiне қарсы шыққандар дәл осы "тролльдер". Яғни орыс ұйымдарының маңында жүрген кәсiби пiкiр бiлдiрушiлер. Олардың жұмысы – қоғамдық пiкiр туғызу. Мысалы кез-келген орыс сайтына менiң пiкiрiм жарияланса, олар менiң ата-тегiмдi, жазған-сызғандарымды тиянақтап, менi "жын-шайтан" етуге тырысады. Өз басым оған етiм үйренiп алған. Бiрақ бiр нәрсенi аңғарайық: "тролльдер" ұйымдасқан, бiр-бiрiнен хабар-ошар алып отыратын, интернет-технологияны бiршама жақсы меңгерген топ. Сiз ұнаған мақаланы қолдап, ұнамаған мақалаға бiр наразы пiкiр жазып, оны ұмытып кетесiз. Ал әлгiлер болса бiр-бiрiмен хабарласып, хат алысып, "давайте, мына мамбеттi ит қылайық" деп iске кiрiседi. Интернетке әртүрлi лақап атпен кiрiп, сан-алуан пiкiр жазып, "көпшiлiктiң пiкiрiн" қолдан жасап шығады! Оны көрген бiздiң бастықтар, қарапайым адамдар "шынымен де көпшiлiктiң пiкiрi осындай екен" деген ойға қалады. Соңғы кезде қазекеңдер де бұл технологияны меңгере бастады. Бiрақ, өкiнiшке қарай, бiздiң "интернет-батырларымыз" тек қазақпен ғана арпалысады. Орысшасы жоқ, орыстармен айтысқысы да келмейдi. Негiзi қазақ интернетiнiң болашағы, әрине, қазақшада. Бiрақ бүгiнгi өтпелi кезеңде толыққанды қазақ интернетiн қалыптастыру үшiн болып жатқан шайқасты алдымен орыстiлдi форумдардағы жеңiстерден бастау керек.

Екiншi бiр мәселе бар. Орыстiлдi ұйымдар орасан зор белсендiлiк танытып келедi. Ресейде құрылған ұйымдар арқылы оларға үлкен қаржылық та, ақпараттық та, саяси да көмек көрсетiп келедi. Бұрын-соңды болмаған қаржылай көмек! Олай болса, қазақ ұйымдары да белсендiлiк таныта бастауы керек. Қазақ мемлекетi үшiн рухани шайқастың шебi қазақ iшiнде емес (бiздер "сiз-бiз" десiп өз мәселемiздi шеше алармыз). Рухани-мәдени шайқастың алдыңғы шебi орыстiлдiлер, оның iшiнде орыстiлдi қазақтар. Соларды өз жағымызға қарата бiлсек, өз мәдениетiне қайта табыстырсақ қана жеңiске жетемiз. Жаңағы интернеттегi айқастарды алайық. Бiз тек қана пiкiр арандату екен деп айқайлап қалмауымыз керек. Азамат ретiнде сондай пiкiрлердiң арандату екенiн айтып, сотқа, прокуратураға шағымдануымыз қажет. Асүйге келiп "ах, иттер екен!" дегенмен еш мәселе шешiлмейдi. Егер асүйдегi еркiн әңгiмелермен жеңiске жетуге болса, бiздер азаттығымызға 70-шi жылдары жетуiмiз керек едi. Әр облыста белсендi он адам табылса, талай мәселенi шешуге болар едi. Қазiргi мақсат әр облыста қазақтың белсендi азаматтарын жинап, соларға қол ұшын беруiмiз керек. Қазақ мемлекетiн тек Алматы мен Астанада жүрiп шеше алмаймыз. Қажеттi заңдар мен бағдарламалар қабылданған соң, жаңағы айтқан рухани шайқастың негiзгi бөлiгi нақты қалаларда, ауылдарда жалғасын табуы қажет.

– Тiлдi қорғауда көршi қырғыздардан үлгi алсақ болар ма? Осыдан он шақты жыл бұрын оларда орыс тiлi "ресми тiл" едi, қазiргi жағдай мүлде басқаша…

– Ұят болса да мойындайық, бiздердiң қырғыз, тәжiк, грузин бауырлардан көп нәрсенi үйренетiн жайымыз бар. Бiздер жақында Мұрат Әуезов ағамыз бастаған үлкен топпен Қырғызстанда болып қайттық. Ыстықкөлде қазақ пен қырғыз достығына арналған үлкен басқосу болды. Тек қана қазақ пен қырғыздар емес, өзге этностардың да өкiлдерi қатысты. Байқағанымыз, қырғыз елiндегi ұлттық азшылықтар қырғыз елiне, тiлiне, мемлекетiне үлкен құрметпен қарайды екен. Алдымызға орыс депутаты шығып: "Мен орыстектi қырғызбын. Осы елде ғана өсiп-өне аламын, Ресейге барып тұра алмаймын. Сондықтан осы мемлекеттiң тiлеуiн тiлеймiн" деп сөз сөйледi. Есесiне қазақтар бiрге ерiп барған Бунаков сияқты орыс-славян белсендiлерiмен сөз жарыстырумен болдық, тiптi қатты-қатты сөздер айтуға да мәжбүр болдық. Түбi бiздер болашақта елiмiзде тұрып жатқан азаматтардың барлығын "қазақ" етуiмiз керек екен. Олардың тегi орыс, кәрiс, ұйғыр болуы мүмкiн, дiнi басқа болуы мүмкiн. Бiрақ барлығы да қазақтар. Себебi қазақ бiздiң шыққан тегiмiз ғана емес, ол – мемлекеттiң аты. Олай болса, бiздер осындай мемлекетшiл сананы игерiп, оны дәлелдеп, басқалардың санасына құйып отыруымыз абзал. Және де бiр нәрсенi ұмытпайық. Бiздер басқа этнос өкiлдерiн "қазақ" қылғанымыз, оларды өз болмысынан айыру, ассимиляциялау деген сөз емес. Кезiнде ассимиляцияның құрығынан әрең құтылған ұлт ретiнде бiздердiң ешкiмге де озбырлық жасауға қақымыз жоқ. Керiсiнше, бiздер мынадай "қазақ болу – елде тұрып жатқан әрбiр өзге этнос өкiлi үшiн өз болмысын сақтаудың жолы" деген тезистi дәлелдеп шыққанымыз дұрыс. Қазақ болу арқылы сен ұйғыр, орыс, немiс бола аласың десек, шiркiн!

– Саясаттағы табандылық туралы сөйлессек. А.Сәрсенбаевтың қорын басқарғаныңыз бар, билiкке қолайсыз мәлiмдемелерiңiз бар, сiздi былайғы жұрт билiктен тыс, тәуелсiз саясаттанушы ретiнде қабылдап үлгерген едi. Бiрақ жыл басындағы "референдум дүрбелеңi" кезiнде, осы бастаманы қолдағаныңыз байқалды… Себеп не? Әлде билiк жағына ауысу ма?

– Олай емес. Өз басым большевизмдi жек көрем. Әсiресе саясаттағы большевизмдi. Түсiндiрейiн. Мысалы бiздерде қоғам екiге жарылған. Ақ пен қара, жақсылық пен жамандық деген сияқты. Бiрақ табиғатта, өмiрде таза ақ пен тұнық қара жоқ. Бүгiн қоғамда екi түсiнiк бар. Бiрi – мысалы "Егемендiкi", екiншiсi – "Жас Алаштыкi". Бiреуi – барлығы тамаша десе, екiншiсi – барлығы масқара деп отырады. Шынын айтсақ, халықтың, көпшiлiктiң шындығы осы екi көзқарастың дәл ортасында. Екi жақтiкi де тап-таза большевизм. Менi мойында, мойындамасаң – жаусың деген көзқарас. Кiп-кiшкентай газет бола отырып, екеуi де халықтың атынан сөйлегiсi келедi. Екеуi де большевиктердiң шинелiнен шыққандығынан болуы керек. Өз басым талай жерде боламын, көптеген адамдармен тiлдесемiн. Көбiсiнiң айтып отырғаны – осы. Қоғамда ортақ, орта көзқарастардан гөрi радикалды, шектен шыққан ұрандар басым болып барады. Ортақ ойға, бiрiгуге, салиқалы, парасатты саясатқа деген сұраныс азайып келедi. Бұның арты жақсылыққа апармайды. Қоғамның ең шеткi позициясына тұрып алып, "маған қосылмағандардың барлығы ит екен" деуге бола ма? Әркiмнiң өз шындығы, өз түсiнiгi, өз жолы, өз тәсiлi бар. Маған бiреу бiрдеңе дедi екен деп, өз жолым мен ойымнан бас тарта алмаймын. Айтса айта берсiн. Әр адам ең алдымен өз арының алдында жауап бередi. Мен арымның алдында тазамын. Ұлттық мүддеге, мемлекет мүддесiне қарсы шыққан жайым жоқ. Өз көзқарастарым мен ұстанымдарыма берiкпiн. Бiрақ өз ұстанымдарымды кейбiр әрiптестерiмiз сияқты айғаймен дәлелдеуден аулақпын.

– Сiзбен қатар жүрген Е.Қарин, Б.Әбдiғалиев сынды азаматтардың мемлекеттiк қызметке ауысуы сiздiң саяси ұстанымыңызға әсер еттi ме?

– Ерлан да, Берiк те – менiң жолдастарым, саяси тұрғыдан мұраттас, армандас азаматтармыз

. Кездескен сайын көптеген мәселе туралы пiкiр алмасамыз, кейбiр кездерi тарихи сана, руханият саласындағы ортақ шараларды iске асыруға тырысамыз. Армандас, мұраттас адамдар қалайда бiр-бiрiне әсер етедi. Әсерлерi бар екенi анық. Бiрақ олардың мемлекеттiк қызметке ауысуы маған керемет әсер еттi дей алмаймын. Өзiме де ондай дүниенi талай ұсынған. Соңғы кездерi үш-төрт партия қатарына шақырып, депутат бол дегендi ұсынып жатыр. Бiрақ бүгiнгi күнi менiң қоғам iшiндегi жұмысым, ағартушылық, публицистикалық қызметiм мансаптан да маңыздырақ деп түсiнемiн. Сондықтан ол жаққа баруға ықыласым жоқ.– Қазақстанда қазiр тәуелсiз саясаттанушы бар ма?

– Жетерлiк. Бiр қуантатыны, қазақтiлдi саясаттанушылардың қатары өсiп келедi.

– Сенат сайлауы өттi. Парламент жаңа маусымға дайындық үстiнде. "Ақ жол" кәсiпкерлермен толығып жатыр. Алда – Мәжiлiс сайлауы. Осы оқиғалардың дүрмегiмен елдегi партиялық өмiр жаңара ма?

– Алдағы Мәжiлiс сайлауынан үлкен жаңалық күтiп отырған жоқпын. Келедi – кетедi. Егер бiр партиялы монополияның орнына бiржарым партиялық монополия орнаса не өзгередi дейсiз? Бiр ғана күдiк бар: егер сайлау баяғы әдетпен ұсқынсыз өтетiн болса, Батыспен арамыз нашарлай түседi. Батыспен арамыз қиындаса, Ресейден басқа тығылар жер таба алмаймыз ба деп қорқамын. Әдiлетсiз сайлау орысқа деген тәуелдiлiгiмiздi, кiрiптарлығымызды асыра түспек. Бұл өте қауiптi. Сайлаудың нәтижесiнде Парламентке ең болмаса екi партия өтсе, саяси жүйе бiршама күрделене түсер едi. Саяси құрылымның, жүйенiң күрделенуi қоғамдық өмiрге де тың жаңалықтар алып келе алады. Бiрақ бұндай сценарийдiң iске асатынына күмәнiм бар.

– Тәуелсiздiктiң 20 жылында бiр буын ұрпақ дүниеге келiп, өсiп жетiлдi. Саяси билiкте айтарлықтай кадрлық өзгерiс болмаса да, iшiнара жас буын өкiлдерi саяси қызметке араласа бастады. Қазақ "алдыңғы арба қалай бұрылса…" дегендi бекер айтпайды ғой. Қазiр мемлекеттiк билiкпен ендi ауызданып жатқан жас буын аға буынның ықпалымен жемқорлық, сыбайластық, жеке басты күйттеу сияқты дерттерге шалдықпай ма? Мемлекетшiл сана қашан қалыптасады?

– Жақсы болсын, жаман болсын, тәу еткен тәуелсiздiгiмiздiң басты екi жемiсi бар – тәуелсiз жас буын және ұлттық бизнес, орта тап. Егер осы екi құбылыстың дамуына үлкен кедергi болмаса, бұл екеуi жаңа сананы қалыптастыра алады. Әрине, бүгiнгi жастар үшiн, бiздiң ұрпақ үшiн бетке ұстар, үйренер, тамсанып, мақтанар нәрселер қалмай барады. Барлық құндылықтар арзандап, "девальвацияға" ұшырап бара жатқандай. Шынын айту керек, бүгiнгi қоғамда барша қазаққа сөзi өтер бес ақсақал қалмады. Бұл да үлкен қауiп. Бiрақ, байқауымша, қоғам қалай ластанса, соншалықты тазаруға да ұмтылып жатыр. Бүгiнгi күнi дүниеге келген балаларына қазақ жастары Iңкәр, Мөлдiр, Кәусар, Дiнiсләм, Нұрасыл, Ерасыл деп ат қоюлары да тегiн нәрсе емес. Бүгiнгi қоғам, әсiресе, жастар шындықты, шынайылықты, тазалықты, әдiлеттiлiктi аңсап келедi. Қарапайым халық, жаңағы мен айтқан орта тап ешкiмге қарамай, билiксiз, өз еркiмен бiраз дүниелердi iске асырып жатыр. Яғни қоғам өз iшiнен тазаруға ниеттi. Егер осы үдерiске мемлекеттiк, ұлттық деңгейдегi жiгер, қайрат қосылса, талай нәрсенi 10-15 жылда жапырып тастауға болар едi. Бүгiнгi ластанудан құтылудың жолы – руханият. Бiреулер оны дiннен тапса, екiншiлер тарихтың тұңғиығынан iздеп жатыр. Бұл да – заңды тарихи феномен. Түбi бұл iзденiстер қазақ мемлекеттiгiн күшейтуге апарар бұлақтың көзi болмақ. Мен бұған имандай сенемiн.

Сұхбаттасқан

Гүлбиғаш ОМАРОВА 01.09.2011 ж.