Жаңалықтар

ПАЛЕСТИНА МЕМЛЕКЕТI ҚҰРЫЛА МА,ӘЛДЕ...

ашық дереккөзі

ПАЛЕСТИНА МЕМЛЕКЕТI ҚҰРЫЛА МА,ӘЛДЕ...

Таяу Шығыстың тең жартысын жайлаған "араб көктемiнiң" толқуы әлi басылмай – Ливия, Сирия және Йемен елдерi отқа оранып жатқанда, БҰҰ-ның күн тәртiбiнде төртiншi мәселе бой көтердi. Жаппай бостандыққа ұмтылған көршi елдердiң әсерi ме, әлде "темiрдi қызған кезде соғып отырған" әрекет пе, күзгi күн мен түн теңелген 23 қыркүйек, қасиеттi жұма күнi – "Евроньюс" телеарнасынан БҰҰ Бас Ассамблеясының жиналысында көңiлдi тербете сөйлеген Палестина Ұлттық Әкiмшiлiгiнiң Төрағасы Махмуд Аббастың баяндамасы әлемдi дүр сiлкiндiрдi. Ол өз сөзiнде: "Ақиқат сәтi туды. Бiздiң халқымыз халықаралық қауымдастықтан: күллi әлем Израильге жаулап алу саясатын одан әрi жалғастыра беруге, палестиналықтарға мәңгiлiк жаулану қамытын одан әрi кие беруге, Израильдiң халықаралық заңнамаларды одан әрi бұза беруiне мүмкiндiк берiп қоя бере ме, әлде халықаралық қауымдастық тастай бекiнiп "жетер ендi" деген шешiм қабылдай ма?" деген жауап күтiп отыр дедi. Израиль мен АҚШ-тан басқа мемлекеттердiң өкiлдерi оның уәждi сөздерiн ду қол шапалақтап қолдап отырды.

Бiр сағаттан соң әлгi трибунаға көтерiлген Израильдiң премьер-министрi Биньямин Нетаньяху да өз уәждерiн келтiрдi. Ол өз сөзiнде: "Еврейлердiң де, арабтардың да түп атасы – Ибраһим, бiзше – Авраам. Ендеше екi ел Құдайдың көмегiмен келiсiмге келер деп үмiттенемiн. Өзiмiздiң келiссөздерiмiздi осы БҰҰ ғимаратының iшiнде бастасақ, оған кiм қарсылық көрсетедi",– деп Махмуд Аббасқа ұсыныс жасады.

Келесi күнi-ақ БҰҰ-дағы екi елбасының келтiрген уәждерiн, кейбiр сыңаржақ азаматтар "керең мен соқырдың" сөзсайысы деп қағытып үлгердi. Сөйтсе де, шешуi қиын бұл мәселенiң ар жағында күн сайын, сағат сайын екi жақтың бiрiнен адам өлiп, бiр атадан тараған екi ұрпақтың бiр-бiрiн жойып жiберуге дайын бiтiспес жаугершiлiгi жатқаны сабырлы ой тұжырымдауға итермеледi.

* * *

1992-1995 жылдар аралығында дәм-тұз бұйырып палестиналық Әли Абу Иссам деген жiгiтпен дос болған едiм. Ол тұлғасы биiк, тақуа жiгiт болатын. Сақалы қауғадай болса да, қалың өскен мұртының астынан кетiлiп кеткен күрек тiстерi көзге бiртүрлi қораш көрiнетiн едi. Ол әр оқыған намазының соңында "Фаластын" ("Палестина" атауы ежелгi еврейше пелиштим – "филистимдiктер" дегеннен шыққан), "Құддыс" (Иерусалим), "мәсжид әл-Ақса" (араб. – алыстағы мешiт) деп араб тiлiнде күбiрлеп отыратын. Бiр күнi шыдай алмай: "Әли, осы сен әр намазыңның соңында не айтып отырасың?" деп сұрадым. Ол түксиiп ойланып отырып: "Бiлесiң бе, сен бақыттысың!" деп сұрағыма-сұрақпен жауап бердi. Мен оның ненi меңзеп отырғанын түсiне алмаған шырай таныттым. Ол менi одан сайын таңқалдырып: "Сен мына күрек тiстерiмдi құрт жеп қойған болар деп ойлап жүрген шығарсың?" деп кетiлген күрек тiстерiн ақсиып көрсеттi. Мен "ия" деп басымды изедiм.

"Он алты жасымда Израиль солдаттарымен болған бiр қақтығыс кезiнде, қолға түсiп қалдым. Екi солдат сүйрелеп, бұзылған үй iшiне кiргiзiп, екеуi екi қолымнан ұстап тұрып, үшiншiсi автоматының дүмiмен дәлдеп ұрып, күрек тiстерiмдi түгелдей қағып тастады. Сенi бақыттысың деп отырғаным – Аллаһқа тәубе, артыңда елiң бар, жерiң бар. Елiңде жүргенде ешкiм де сенiң тiсiңдi автоматпен қағып тастауға дәтi бармайды. Шет елде жүрiп бiр жағдайға душар болсаң, мемлекетiңнiң сол елдегi елшiлiгi шырылдап араша түседi. Ал менiң артымда елiм де, ешкiмiм де жоқ. Дархан көңiлiмiзбен далақтап жүрiп, дұшпандарымыздың жымысқылықпен арамызға бiр-бiреулеп енiп, ақырындап топтасқанын сезбей де қалыппыз. 1948 жылы 14 мамыр, жұма күнi Палестина жерiнде ұйықтап, келесi 15 мамыр, сенбi күнi таңертең Израиль (ивр. , араб. ) мемлекетiнде оянғанымызда ғана, терең ойланып құрылған торға түскенiмiздi бiр-ақ сездiк. Ендi мiне, елу жыл бойы тәуелсiздiгiмiзге ие болу үшiн арпалысып келемiз. Сол уақыттан берi, әр намазымның соңында Аллаһтан елiме, туып өскен қалама, мiнәжат ететiн мешiтiме тәуелсiздiк бере көр деп тiлеумен келемiн", – деп күрсiндi. Сол сәттегi iшкi жан толқынысымды сiрә сөзбен айтып жеткiзе алмаспын. Қазақстанның бүгiнгiдей тәуелсiздiкке жетуiн заңды құбылыс сияқты көрiп жүрген көпшiлiк қатарлы көзқарасым әп-сәтте өзгерiп сала бердi. Артымда асқар таудай қуат берiп тұрған Қазақстан деген елiмнен, жерiмнен, тiлiмнен мына Әли сияқты қас-қағымда айрылып қалуым да мүмкiн екен-ау деп тұңғыш рет шындап шошыдым. Оған да себеп жоқ емес. Асты шикiзатқа, үстi астыққа бай ұлан-байтақ елiмiзде тұрып жатқан ат төбелiндей қазақты қоршалап аждаһа елдер жатыр. Бұл дүниеде бар болса, Әли досым да жұмадан сенбiге (23-24 қыркүйек 2011 жыл) қараған таңды Палестина автономиясының астанасы Рамаллахта мыңдаған отандастарымен бiрге үкiлi үмiтпен аттырған болар деп ойлаймын…

Қызмет бабымен – еврей азаматтарымен де жұмыс iстесуге тура келдi. Ең бiрiншi байқағаным, олардың бойына бiткен кәсiпкерлiгi. Олардың кеңседен шықпай-ақ, тегiс жатқан жерден тең-тең теңге табудың шеберлерi екенiн талай рет мойындауға тура келдi. Сол уақыттар шамасында 1946 және 1958 жылы Тель-Авивте жарық көрген "КСРО еврейiнiң катахезисi" атты ереженi (уағыз, нұсқаулық) оқып жаным түршiккенi де рас. Дегенмен еврей ұлтына сүйсiнбесем де екiлене жек көруге менде ешбiр негiз жоқ. Палестинадағы еврейлердiң қазiргi халiн Израильдiң премьер-министрi Биньямин Нетаньяху: "Израиль небәрi 3 минут iшiнде ұшақпен ұшып өтуге болатын кiшкене мемлекет болса да, басына түсiп отырған қиындықтар таудай" деп тап басып айтты. Ол ендi рас…

Құран Кәрiмде 25 пайғамбардың 24-i еврей ұлтынан екендiгi және 4 қасиеттi кiтаптың 3-уi солар үшiн түскенi айтылады. Демек мұсылмандар мойындайтын атышулы пайғамбарлар мен солардың жамағаты болған олардың ата-бабалары бiрнеше мыңдаған жылдар бойы сол өлкеде өмiр сүрдi. Қазiргi кезде олардың ұрпақтарының саны алты миллионға жеттi. Бiрақ осы арада көп айтыла бермейтiн бiр ақиқат бар. 1095 жылы Клермон қаласында (Франция) Рим Папасы II Урбан бүкiл Еуропаның христиан дiндарларын шақырып, мұсылмандарға қарсы "крест жорығын" ұйымдастыруға шақырды. Осы қанқұйлы жорықта мұсылмандармен бiрге – Иса (Иссус Христос) ғ.с. пайғамбардың өлiмiне кiнәсi бар деп айыпталып еврей ұлты да қырғынға ұшырағаны белгiлi. Егер одан кейiнгi уақытта исламның көк туын желбiретiп крест жорықшыларына қарсы шыққан Салахуддин Юсуф ибн Аюб (1138-1193) болмаса, бұл күнi Палестина кiмнiң жерi болатыны бiр Аллаға ғана аян болар едi. Ақыр соңында бiржолата жеңiске жеткен Салахуддин Айюби 1187 жылы өз әскерiмен Иерусалимге кiрдi. Ол Құранмен ант берген өз сөзiнде тұрып – христиандарға да, иудейлерге де тиiспедi. Сол уақыттан бастап 800 жылға жуық Палестина жерiнде бейбiтшiлiк пен келiсiм орнады. Үш дiннiң өкiлдерi исламдық әдiлеттiлiк қағидаттарымен өмiр сүрдi.

Екiншi дүниежүзiлiк соғыс уақытында "холокост" немесе "дритер хурбм" (еврейше – үшiншi рет құрбан болу) зұлматына ұшырап – Еуропа құрлығында 6 миллион еврей қырғынға ұшырады. Ол айтары жоқ – орны толмас зор трагедия. Бiрақ бұл ерте заманда өздерiне қорғаншы болған мұсылмандардың қазiргi ұрпағын тықсырып, қысым жасап, жерлерiн тартып алуға себеп болмауы керек едi. Осы жағынан алып қарағанда қазiргi Израильдiң ұстанып отырған құйтырқы саясаты Салахуддин Айюбидiң саясатына мүлде қайшы келетiнi көрiнiп тұр. Ата-бабалары бiр табынуды арман еткен өлкеде (земля обетованная) дұшпандық орнамай, дiндер арасындағы татулық бұзылмауы керек едi. Бұл ырғақ бұзылып, басты орынға басып алынған жерлерге зәулiм ғимараттар тұрғызылып жатқан – байлық шықты.

Палестинаның өз тәуелсiздiгiн алуына БҰҰ-ның Қауiпсiздiк Кеңесiнде АҚШ жеке-дара "вето" қоямын деп қоқан-лоққы көрсеткенiмен, БҰҰ-ның Жарғысында бұл "ветоны" да айналып өтудiң жолы бар екен. Сонау 50-жылдары бұл тәсiлдi АҚШ – Корея түбегiндегi соғыста КСРО-ға қарсы қолданған көрiнедi. Бiрақ Палестина өз тәуелсiздiгiне ие болған жағдайдың өзiнде "қасиеттi дiндер бесiгiнде" бейбiтшiлiк орнай ма? Әлде, бұл қанқұйлы соғыстың жаңа екпiнмен одан әрi өршуiне себепшi бола ма? Барлық кiлтипан осында болып тұр!

АҚШ пен Израильдi "Палестина тыныш жата ма?" деген сұрақ толғандырады. Ал әлемнiң көпшiлiк елдерi "бейшара палестиндiктер өз тәуелсiздiгiн алса екен!" деген ниетте. Тарих тек болып өткен жайды ғана өз күнделiгiне жазып отырады. Ал сол тарихи бетбұрысты жасайтындар – көсемдер мен қарапайым адамдар. Осы екi құбылысты бiрiктiретiн – уақыт. Ендеше болашаққа сәуегейлiк жасамай, уақыттың iсiн күтелiк.

Қалдархан ҚАМБАР

29.09.2011