ШҰБЫРҒАНДА IЗIҢНЕН ҚҰМ БОРАЙДЫ...

ШҰБЫРҒАНДА IЗIҢНЕН ҚҰМ БОРАЙДЫ...

ШҰБЫРҒАНДА IЗIҢНЕН ҚҰМ БОРАЙДЫ...
ашық дереккөзі

Солтүстiк Африкадан кәрi құрлыққа қарай ағылған заңсыз мигранттар Италия арқылы Батыстың басқа елдерiне дендей енуге ұмтылады. Ал экономикалық, әлеуметтiк қиындықтарын шеше алмай басы қатқан Еуроодақ босқындар санын барынша шектеуге мүдделi. Алайда соңғы жылдары әлемдегi босқындардың саны 42 млн.-ға жеткен.

Дүниежүзiлiк банктiң деректерiне сүйенсек, Жер шарындағы босқындар саны соңғы 30 жылда үш есеге, яғни 75 пайызға артып, 42 миллионға жеткен. «Әлемдiк даму туралы баяндама – 2011» сараптамасында банк мамандары: «Босқындардың жылы орындарын суытуларына негiзiнен елдерiндегi соғыс, саяси тұрақсыздық, экономикалық проблемалар, жұмыссыздық, кедейшiлiк, адам құқығының аяққа тапталуы себеп. Бастарына iс түскен 15 миллион адам шекара асуға мәжбүр болса, қалғандары өз Отандарының өзге аймақтарына үдере көшкен», – дейдi. Жеке бастың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жолында босқындар заңсыз жолды да таңдауға кетары емес. Бұл көптеген елдердегi заңсыз миграцияның өсуiне әкеп соғуда. Арзан жұмыс күшiне мұқтаж Еуроодақ кезiнде эммигранттардың келуiне жағдай жасауға ұмтылатын. Ендi қазiр оларды керi қайтара алмай әуре. Өйткенi Солтүстiк Африкадан Еуропалық Одаққа мүше елдерге заңсыз жолмен ағылғандар санында шек жоқ. 2011 жылдың қаңтарында Тунисте президент Бен Әли тақтан тайдырылып, елде саяси тұрақсыздық орнағанда мыңдаған солтүстiкафрикалық Италияға босты. Шекара күзетiнiң әлсiздiгiн пайдаланған олар сол кезде италиялық арал – Лампедузаны паналады. Муаммар Каддафидiң режимiне наразы топтың Ливияда төңкерiс ұйымдастыруы да Италияның жағдайын одан сайын нашарлата түсiптi. Бұрын Сильвио Берлусконимен достық қарым-қатынаста болған Каддафи босқындар легiн шекарада күшпен ұстап тұрған едi. Оның «Егер Еуропа маған моральдық және қаржылық қолдау көрсетуден бас тартатын болса, бiздiң құрлықтың заңсыз мигранттары әп-сәтте-ақ Еуропаны Африкаға айналдырады» деп ескертуi де тегiн емес. Заңсыз миграциямен күресте ЕО құрамындағы 27 елдiң басым бөлiгi шекара бақылауын күшейтудi қолға алған Францияның саясатын жақтайды. Жуырда Брюссельде кездескен ЕО сыртқы iстер министрлерi миграция мәселесiнде ортақ шешiмге келе алмай тарқасты. Олардың кейбiрi тiптi Шенген аймағы мен Еуроодаққа мүше болудан бас тартулары мүмкiн екендiктерiн де жасырмады. Мәселен азаматтық соғыстан қашып, кәрi құрлықты паналағысы келген 23 мың тунистiкке Италия уақытша азаматтық бергенмен, Италияға көршiлес жатқан Франция босқындарды өз шекарасына кiргiзгiсi келмеген. Француздардың Сыртқы iстер министрi Клод Геан егер тунистiк босқындардың құжаттары дұрыс болмаған жағдайда, Италияға керi қайтарылатынын мәлiмдеген. Жуырда президент Николя Саркози бастаған арнайы шарада италиялық шекарадан заңсыз өткен 2,8 мың тунистiк тұтқынға алынып, 1,7 мыңы Италияға қайтарылды. Француз басшысының бұл қылығын еурошенеунiктер сынға алды. Бiрақ бұл Саркозиге әсер ете қоюы екiталай. Өйткенi Франциядағы кезiнде иммигрант боп келген 5 млн.-ға жуық мұсылмандарды көзге iлмеген ол қоғамдық орындарда хиджаб киюге тыйым салатын заң жобасына қол қойды. Осының кесiрiнен француздар жерiндегi 2 жарым мың мұсылман әйел хиджаб кию құқығынан айырылды. Ол аз десеңiз, басын не бет-аузын тұмшалағысы келгендер 150 еуро көлемiнде айыппұл төлеп, мiнез-құлық туралы лекциялар тыңдауға мiндеттi. Ал әйелдердi хиджап киюге мәжбүрлеген еркектер 30 мың еуро айыппұл төлеп, 1 жылға дейiн түрмеде отыруы мүмкiн.

КӘРI ҚҰРЛЫҚ МИГРАНТТАРДЫ ҚАБЫЛДАҒЫСЫ ЖОҚ

Бүгiнде еуропалық аймақта, әсiресе Шенген аймағында сырттан келетiндерге жеккөрушiлiк сезiмi артып келедi. Қаржылық және экономикалық дағдарыстан кейiн еуроаймақтың еңсесiн тiктей алмауы, жұмыссыздық, әлеуметтiк әдiлетсiздiк, христиандық қоғамдардағы өркендеп келе жатқан ислам мәдениетi мен мұсылмандар санының күрт артуы, сондай-ақ Батыстағы дiни төзiмдiлiк, қайырымдылық пен мейiрiмдiлiк, басына iс түскен мiскiндерге қол ұшын беру секiлдi басқа да адамгершiлiк құндылықтардың маңызын жоғалта бастауы кәрi құрлықтағы байырғы тұрғындардың мигранттарға деген жеккөрушiлiгiн арттыра түскен. Италия сыртқы iстер министрi Роберто Марони Брюссельдегi сыртқы iстер министрлерiнiң саммитiнде: «Көршiлерiмiздi ынтымақтастыққа шақырған едiк. Еуроодақ өз проблемаларыңды өздерiң шешiңдер дедi. Сонда Еуропалық Одаққа мүше болудан түсетiн пайда не? Қиын-қыстау кезеңде сырт айналатындармен бiрге болғанша, жалғыз-жарым әрекет еткен әлдеқайда тиiмдi шығар», – дедi. Маронидiң ренжитiн жөнi бар, себебi еуропалық елдердiң көпшiлiгi қазiргi таңда Италиямен шектесетiн шекараларын мықтап бекiтiп, заңсыз мигранттарды елдерiне енгiзбеудi қатаң қолға алған. Германия сыртқы iстер министрi Ханс-Питер Фридрих қажет болған жағдайда, ЕО iшiнде де шекаралық бақылауды күшейтiп, иммигранттарға қатысты жаңа шектеулер қойылатынын мәлiмдесе, австриялық министр Мария Фектер: «Өз күндерiн өздерi көре алмайтын адамдарды елге енгiзу – қылмыстың көбеюiне жағдай жасаумен тең. Қауiпсiздiкке жауап беретiн тұлға ретiнде мен бұған жол бере алмаймын. Италия – алып ел және бұл проблеманы шешуге қауқарлы», – дедi.

Қазiргi кезде тунистiктерге уақытша азаматтық беремiн деп басы дауға қалған Италияны серiктес мемлекеттерi де жазғырып отыр. Өйткенi Шенген аймағына тарайтын ереже бойынша заңсыз мигранттардың аяғы қай елге бiрiншi тисе, сол ел оларды тезге салуға мiндеттi. Италия премьерi Сильвио Берлускони ЕО-ның Брюссельдегi шұғыл шақырылған саммитiнде: «Еуропа дегенiмiз не? Шынымен бар нәрсе ме, әлде мүлде жоқ па? Егер жоқ болса, тағы да жеке-дара өмiр сүрiп, барлық қорқыныш, өзiмшiлдiгiмен әркiм өзi жеке күрессiн!», – деп мәселенi төтесiнен қойды. Берлусконидiң уәжi сол, иммигранттарды қабылдау мәселесiмен Еуропа түгел бас қатыруы тиiс, яғни ол «жалпыеуропалық проблема». Римдi алаңдататыны, егер Ливиядағы саяси ахуал тез арада тұрақтанбаса, 200-300 мыңға жуық босқын Италия арқылы кәрi құрлықты бетке алады.

ЕУРОПА ШЕНЕУНIКТЕРIНIҢ ШЕКЕСIНЕН ҚАРАУЫ

Еуропалық шенеунiктердiң пiкiрiнше, заңды белшеден басуға тырысатын мигранттардың кәрi құрлыққа жаппай лап қоюына масылдық психология кiнәлi. Яғни Бен Әли, Каддафи сияқты диктаторларды тақтан тайдырғаннан кейiн адамдар санасында нан табуға деген құлшыныс пайда болды. Басты мақсат – демократиясы гүлденген, әлеуметтiк ахуалы жоғары, өркениетi кемелденген Еуропаға дендей ену. Оның үстiне, олардың көпшiлiгiнiң ағайын, тумасы ендiгi Еуропаға сiңiсiп үлгерген. «Шенгендiк шекарадан аттасаң болды, саяси босқын ретiнде танылғандарды кәрi құрлық сыртқа теппейдi, тамақ бередi, киiндiредi, оқытып, жұмыс тауып бередi, тiптi жұмыс iстемесең де, мемлекеттен бөлiнетiн жәрдемақының арқасында өмiр сүруге болады» деген ұстанымдағы адамдар заңды, заңсыз жолмен ЕО құрамындағы мемлекеттердi сағалайды. Германия мен Швеция, Швейцария азаматтық соғыс толастамай тұрған Сомали, Эритрея, Ливиядан келген бiрнеше босқынды қабылдады. Ал бейтарап саясат ұстанған Швейцария әскери босқындарға уақытша азаматтық бергенмен, соғыс бiткеннен кейiн олардан керi қайтуды талап етедi. «Заңсыз иммигранттарды елге қабылдау қылмыс деңгейiн арттыруы мүмкiн» деген қауiптегi Австрия солтүстiкафрикалық 100 босқынды паналатқан Мальтаға қол ұшын беруге кетары емес. Мальтаға көмектесуге немiстер де мүдделi. Германияның сыртқы iстер министрi Гидо Вестервелле адамдардың өз елiнде өмiр сүруiн қамтамасыз ету керектiгiн, сондықтан Италияның 23 мың босқынды турист ретiнде кәрi құрлыққа дендей енгiзуiне қарсы екендiктерiн жеткiздi. Ал экономистер қауымы Еуропалық Одақтың алдында екi жол тұрғанын айтады. Бiрiншiсi, бейбiт күннiң өзiнде кәрi тұрмақ, жастарының өзi жұмыссыздық пен кедейшiлiктен запы болған солтүстiкафрикалық елдердiң, әсiресе Тунис пен Египеттiң экономикасына инвестиция салып, олардың әлеуметтiк ахуалын көтеруге ықпал ету. Екiншiсi, елдерiне сыймай толқыған халықтың бiр бөлiгiн Еуропа өзiне қабылдап, жұмыспен қамтамасыз етуi тиiс. Бүгiнде батыстықтар ақшасы аз қара жұмысты iстегiсi келмейдi, есесiне сырттан келетiндер Еуропада қандай жұмыс болса да аянбай тер төгуге әзiр. Бiрақ бiр түйткiл, арада 10-20 жыл өткенде қазiргi мигранттардың келесi ұрпағы жалақысы мардымсыз ауыр жұмыстарды атқаруға риза болмауы әбден мүмкiн. Бұған дейiн Франция, Италия мен Швейцарияда билiкке қарсы наразылық шарасын өткiзген мигранттардың жас буыны дүкендердi тонап, көшелердi бүлдiрiп, көлiктердi өртеп, полиция қызметкерлерiне қарсы шығып, бүлiк шығарған болатын. Босқындарға азаматтық беруден тартынып отырған Еуроодақ келешекте осындай келеңсiздiк қайталануы мүмкiн деп қорқады. Оның үстiне, Батыста экономикалық дағдарыстың салқыны әлi де сезiлетiндiктен, жұмыссыздық, инфляция, девальвация т.б. күресуге мүдделi ЕО iшкi проблемаларын шешiп алуды қалайды. Греция, Ирландия, Португалияға қаржылай қолдау көрсеткен Еуропалық орталық банк Италия мен Испанияның мемлекеттiк құнды қағаздарын сатып алуға шешiм шығарды. Осы себептi, Еуропалық Комиссия өткен аптада Испанияға 2012 жылдың соңына дейiн Румыниядан келетiн мигранттарды қабылдамауға рұхсат бердi.

01.09.2011 ж.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ