Жаңалықтар

Серiк АХМЕТОВ, Қарағанды облысының әкiмi: ӨНДIРIСТI ӨҢIР ӨРЛЕУ ҮСТIНДЕ

ашық дереккөзі

Серiк АХМЕТОВ, Қарағанды облысының әкiмi: ӨНДIРIСТI ӨҢIР ӨРЛЕУ ҮСТIНДЕ

– Серiк Нығметұлы, елiмiзде ауыл шаруашылығына байланысты өңiрлердiң өзiн-өзi қамтамасыз ету мәселесiн жүзеге асыру, яки «Азық-түлiк қауiпсiздiгi» мәселесi қолға алынуда. Осы ретте дәндi дақылдар мен көкөнiс дайындап, оны сақтауға баса көңiл бөлiнуде. Жерi қатқақ, сары топырақты аймақта бұл оңай болмаса керек. Өзiңiз басқарып отырған республикамыздағы ең iрi өндiрiстi өңiрдiң бүгiнгi хал-ахуалын бiлсек деп едiк… – Қойнауы қазынаға толы Қарағанды облысы елiмiздiң аса iрi индустриалдық орталығы екенi белгiлi. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың тiкелей басшылығымен жүргiзiлiп жатқан жаңашыл реформалар бiздiң аймақтың экономикасын, өнеркәсiбiн, ғылыми-техникалық әлеуетiн дамытуға үлкен ықпал етуде. Атап айтар болсақ, Индустриаландыру картасына Қарағанды облысынан жалпы сомасы 280 млрд. теңгеден артық қаржыға 45 жоба енгiзiлдi. Олардың негiзiнде 5 мыңнан аса жұмыс орындары құрылатын болады. 9 жоба 2010 жылы жүзеге асырылды. 2011-2014 жылдары тағы 33 жоба, оның iшiнде өнеркәсiпте –15 жоба, агроөнеркәсiптiк кешенде – 7, энергетикада – 2, шағын және орта бизнесте 9 жоба iске асырылатын болады. Ағымдағы жылы 47,2 млрд. теңгеге 24 жоба iске қосылып, 1840 жұмыс орны құрылады. Дәлiрек айтсақ, жарық диодты шамдар өндiрiсi, жаңа құрылыс материалдары, бетон темiр жол шпалдары, тауарларды орамдауға арналған резеңке және пластмасса бұйымдардың, фракцияланған куб пiшiндес қиыршық тас өндiрiсi. Бұлардан басқа «АрселорМиттал Темiртау» компаниясының №2 домна пешiнiң құрылысы, «ҚарағандыЭнергоорталығы» компаниясының Қарағанды ЖЭО-3 жаңғырту және қуаттылығын артыру, «Сары Қазына» ЖШС катодты мыс өндiретiн зауыты, «Хром-Т» ЖШС ферроқорытпа өндiрiсiнiң кешенi және басқалары бар. Жүзеге асырылып жатқан жобалар өнiм номенклатурасын кеңейтуге, терең өңделген және қосымша құны жоғары өнiм шығаруға, еңбек өнiмдiлiгiн арттыруға мүмкiндiк берiп отыр. Қарағанды облысы экономикасының негiзiн кен өндiру және өңдеушi өнеркәсiптер құрайтыны белгiлi. Аймақтың жалпы қосымша құнының 50 пайызынан астамы аталған салалар есебiнен құралады. Осы ерекшелiктi ескере отырып, «Базалық өнеркәсiп салаларын дамытудың тұжырымдамасын» жасадық. Мақсат – шикiзатты өңдеу және озық әдiстер мен технологияларды ендiруге бағытталған аймақтың қазiргi заманғы индустриялық жүйесiн жасау. Тұжырымдама шеңберiнде машина жасау бойынша мастер-жоспар жасалды. Оны жүзеге асыру үшiн өңiрдегi 30-дан аса машина жасау зауыттары, аймақтық ғылыми мекемелер мен Технопарк базасында «Қарағанды машина жасау консорциумына» бiрiктiрiлдi. Бүгiнде консорциумға 30-дан аса өнеркәсiп орындары кiрiп отыр. Бұл құрылымның таяу болашақтағы мiндетi – машина жасау саласы кәсiпорындары мүмкiндiктерiн бiр бағытқа шоғырландыру, өндiрiс кооперациясымен қатар сауда саясатын қамтамасыз етiп, саланың жүйелi жұмысын ұйымдастыру, аймақтық техникалық парктi жаңартуды жүзеге асыру ойда бар. Агроөнеркәсiп кешенi, ауыл шаруашылығы – мемлекеттiк саясаттың басым бағыттарының бiрi болып табылады. Ауыл – бiздiң халқымыздың қара шаңырағы, алтын бесiгi. Сондықтан бұл мәселенi бiз ешуақытта назардан тыс қалдырған емеспiз. Айтарлықтай жетiстiктерiмiз де баршылық. Өткен жылы 330,5 мың тоннадан астам дәндi дақылдар, 117,6 мың тонна картоп және 180 мың тонна көкөнiс жиналды. Ал мал шаруашылығындағы өсiм 1,5 пайызға қамтамасыз етiлдi. Тағы бiр айта кетерлiгi, 2010-2012 жылдарға арналған ауылдық елдi мекендердiң әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылым нысандарын жөндеу және дамытудың iс-шаралар кешенi әзiрлендi. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық және жергiлiктi бюджеттерден, сондай-ақ бюджеттен тыс көздерден үш жылға 18,1 млрд. теңге қаражат қарастырылып отыр. 2010 жылдың қорытындысы бойынша ауылдарда бiлiм берудiң – 119, денсаулық сақтау саласының – 36, мәдениет саласының – 88 нысанына, 2 стадионға, балалар мен жасөспiрiмдер мектебiне күрделi және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргiзiлдi. Сондай-ақ, хоккей корттары орнатылып, 56 шағын орталық ашылды. Екi мектептiң құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар 29 ауылда су құбырлары, 3 ауылда электр тасымалдау желiлерi жаңартылды. Көшелердi жарықтандыру, ЖАЖ қазандықтарын ауыстыру жұмыстары орындалды. Пошта байланысының 8 бөлiмшесi, жергiлiктi автомобиль жолдарының 17 учаскесi, кент iшiндегi жолдар жөнделiп, 37 монша мен 27 наубайхана салынды. «АгроКонсалтинг–К» АҚ арқылы да бiрқатар жобалар жүзеге асырылды. – Сiз жуырда Германияға ресми сапармен барып қайтқаныңызды бiлемiз. Сол сапардан елiмiзге, өндiрiстi өлкеге жаңаша бiр леп келгендей сезiледi. Осы жағынан тереңiрек әңгiмелесеңiз. – Иә, дұрыс айтасыз. Ағымдағы жылдың мамыр айының соңында мүдделi мемлекеттiк органдар мен iскерлiк топтардың өкiлдерiнен құралған қарағандылық ресми делегация Германия Федеративтiк Республикасына жұмыс сапарымен барып қайтты. Негiзгi мақсатымыз Қарағанды облысының бiрқатар индустриалдық-инновациялық жобаларын жүзеге асыруға германдық инвесторларды тарту болатын. Сапар барысында Дуйсбург қаласындағы зауыт жұмысымен, оның өндiрiстiк қуаттылықтарымен танысып, «ThyssenKrupp» концернi басшылығымен кездесiп, сондай-ақ Менхенгладбах қаласындағы «Металлургия & металөңдеу» индустриалдық паркiне барып, «SMS M» компаниясының басшылығымен кездестiк. Делегация құрамында Қарағанды облысының бiрқатар кәсiпорындарының басшылары да болды. Бұл – ең алдымен, металлургиялық шақпақтас өндiретiн «Silicium Kazakhstan» ЖШС. Зауыт құрылысы қазақстандық банктер мен Deutsche Bank қаржылай қолдауының көмегiмен 2010 жылы аяқталған болатын. «SMS DEMAG» компаниясы шығарған құрал-жабдықтарды жеткiзушi – «ThyssenKrupp Mannex GmbH» концернi. Зауыттың жылдық өндiрiстiк қуаттылығы – 30 мың тонна металлургиялық шақпақтас, 10,5 мың тонна кремний тозаңы және 875 тонна кремний шлагы. Қарағандылық делегацияның тағы бiр өкiлi – ЖШС «Металлургия–Металөңдеу» индустриалдық паркi болды. Оның аумағында бүгiнгi күнi инфрақұрылым құру жобасы iске асырылуда. Жобаның алғашқы кезектi мiндетi – инфрақұрылым нысандарын салу, ал екiншi кезеңде – Индустриалдық парк аумағында өнеркәсiптiк кәсiпорындарды орналастыру болып табылады. Осы жұмыстардың нәтижесiнде экспортқа бағдарланған өндiрiстер, жаңа жұмыс орындары құрылып, өндiрiске инвестиция тартылатын болады. Бұл жоба «Сарыарқа» әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясының қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. Жұмыс сапарының бағдарламасы аясында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бiрiншi меморандум Қарағанды облысының әкiмдiгi, ЖШС «Silicium Kazakstan» мен ЖШС «Сименс» арасында болды. Онда тараптар ЖШС «Silicium Kasakstan» өнеркәсiптiк алаңында қуаттылығы 100 МВт. дейiнгi электростанция құрылысы инвестициялық жобасын жүзеге асыруға дайын екендiктерiн бiлдiрдi. Екiншi меморандум – Қарағанды облысының әкiмдiгi, «ICMD Internatonal Corporation of Metal and Alloy Development Holdinq» және «ThyssenKrupp Mannex GmbH» компаниялары арасында «Металлургия – Металөңдеу» индустриалдық паркi» алаңында «Қазақстандық» ферросиликоалюминйiн өндiретiн металлургиялық зауыттың екiншi кезеңiнiң құрылысы туралы да сөз болды. Үшiншi меморандум Қарағанды облысының «Металлургия – Металөңдеу» индустриалдық паркi» мен Менхенгладбах қаласындағы «SMS M» компаниясының «Металлургия & металөңдеу» индустриалдық паркi арасында жасалды. Осы аталған жобаларды iске асыру Қарағанды облысының әлеуметтiк- экономикалық тұрақты дамуына, аймақ пен Германия Федеративтi Республикасының кәсiпкерлерi арасындағы өзара тиiмдi ынтымақтастықты нығайтуға да ықпал жасайтын болады. – Жуырда Жезқазған-Ұлытау аймағының келешегi жайлы Үкiмет отырысында арнайы қаралды. Осы жайлы не айтуға болады? – Жалпы, Жезқазған, Ұлытау өңiрi – қазақ тарихының алтын дiңгегi, асыл қазынасы. Ол – ерлiк пен елдiктiң, өткен тарихымыздың айшықты белгiсi iспеттес. Грек тарихшылары Геродот пен Страбон осы өңiр халқының алтын мен мыс өндiргенiн тамсана жазғаны бар. Ұлытаудың болашағына көрiпкел бабамыз Асанқайғы да үлкен сенiм бiлдiрiп өткен. Мұнда қазақтың тұңғыш ханы Алашахан орда тiгiп, мәңгiлiк қоныстанған. Ұлтымыздың тарихи және мәдени ескерткiштерiне бай бұл өлкенiң айта берсеңiз, қасиет-қарымына сөз жетпес. Өйткенi мұнда 1500-ден астам қазақ халқының байырғы мұралары сақталған. Президентiмiз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың қолдауымен 2005 жылы Ұлытауда «Қазақстан мемлекеттiгiнiң тұтастығы мен халықтар бiрлiгi» монументiнiң салынуы да осы өлкеге деген ерекше ықылас пен сый-құрметтiң, туған халқымыздың бай мұраларына деген шексiз құрметтiң белгiсi дер едiк. Осы жерде 1928 жылы бүкiл Кеңес одағының түстi металлургиясының тұңғышы – Қарсақпай мыс қорыту зауытының iргесi бекiтiлiп, iске қосылуының өзi тарихымыздың бай шежiресiне қосылған құнды жаңалық болған. 1942 жылы немiс басқыншылары Никополь мен Чиатур марганец кен орындарын басып алды. Сонда Қаныш Имантайұлы Сәтбаев ашқан Жездi марганец кен орны қақаған қыс ортасында, ерекше еңбек ерлiгiнiң нәтижесiнде 38 күнде салынып бiтiп, iске қосылған. Бүгiнде Жездiдегi дүние жүзiндегi алғашқы Тау-кен және балқыту мұражайы жұмыс iстеп, онда бабаларымыздың ежелгi технологиясы бойынша мыс балқытқан құймасы мұражай төрiнен орын алған. Қасиеттi өлке жайлы әңгiмелей беруге болар едi, әрине. Дегенмен бiр сөзбен айтар болсақ, ұлтымыздың тарихы осы өңiр арқылы өрбитiнiн халқымыз жақсы бiледi емес пе?! Биылғы жылдың 23 мамырында ҚР премьер-министрi К.Мәсiмовтiң төрағалығымен ел Үкiметiнде өткен алқалы кеңестiң де осынау өлкенiң өзектi мәселелерiне арналуы жайдан-жай емес. Онда қаралған мәселе – Жезқазған өнеркәсiптiк өңiрiн дамытудың болашақтағы жоспары. Талқылауға бiрқатар министрлiктер мен «Қазақмыс» корпорациясы басшылары қатысып, баяндама жасады. Кеңес барысында Жезқазған өңiрiнiң минералдық-шикiзаттық базасын, тау-кен өнеркәсiбiн және металлургиялық өндiрiстi одан әрi дамыту, сондай-ақ ҮИИД мемлекеттiк бағдарламасы шеңберiндегi жобалар мен көлiктiк инфрақұрылым, әлеуметтiк сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жобаларын жүзеге асыру қажеттiгi атап айтылды. Осы мәселелердi шешу үшiн Қарағанды облысының Жезқазған өнеркәсiп өңiрiн әлеуметтiк-экономикалық дамыту бойынша 2011-2015 жылдарға және 2020 жылға дейiнгi мерзiмге арналған iс-шаралар кешенiнiң жобасы әзiрлендi. Оған жалпы сомасы 466 млрд. 987,2 млн. теңге қаражатты құрайтын 43 шарадан тұратын 8 тарау енгiзiлдi. Бұл – өте қомақты қаражат. Кешендi шаралардың жобасын әзiрлеуде Жезқазған өңiрiнiң тұрғындары бiлдiрген өтiнiш-тiлектердiң де ескерiлуiн атап кеткен жөн болар деп есептеймiн. Жоспарға енгiзiлген iрi жобалардың iшiнде Қожамсейiт жерасты суларының кен орнында су қоймасын салу, Жезқазған-Арқалық арасында темiр жол құрылысын жүзеге асыру, Қызылорда-Жезқазған, Жезқазған-Арқалық арасындағы автомобиль жолдарын қалпына келтiру сияқты ауқымды жұмыстар бар. Сондай-ақ Жезқазған қаласының жылу желiлерiн тазалау құрылғылары мен су құбырларын қалпына келтiру, жаңғырту жұмыстары да көзделiп отыр. Кешендi үкiметтiк жоспарға тағы да екi шара, атап айтқанда, Жезқазған ЖЭО-ны қалпына келтiру мен жаңғырту, Сәтбаев қаласындағы №1 жылу станциясын техникалық жағынан қайта жабдықтау жұмыстары енгiзiлдi. Бұл шараларды «Қазақмыс» корпорациясы iске асыратын болады. – Биылғы Жолдауында Қазақстан Президентi Н.Назарбаев әлеуметтiк жаңғырту мәселесiне айрықша көңiл аударды. Осыған орай, бiлiм беру мен халықтың салауатты өмiр салтын қалыптастыру жөнiнде де бiрер сөз қозғап өтсек… – Бiлiм беру саласында да 12 жылдық бiлiм беру моделiне толықтай көшу, кәсiптiк және техникалық бiлiм беру мазмұнын жаңарту, унверситеттiк бiлiм беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейiн қамтамасыз ету мiндеттерi қойылды. Облыста 12 жылдық бiлiм беруге бағытталған жаңа оқыту бағдарламаларының эксперименттiк апробациясы 2003 жылдан берi жүргiзiлiп келедi. Соңғы бес жылда 413 орта мектепке дейiнгi сыныптар ашылды, педагогтардың бiлiктiлiгiн арттыру жұмыстары жүргiзiлуде. 2015-2016 оқу жылында аталмыш модель бойынша 45 мыңнан астам оқушы оқытылатын болады. Сондай-ақ, облыста балалардың мектепке дейiнгi мекемелерiнiң желiсiн дамыту жөнiндегi iс жоспары жүзеге асырылуда. Соған сәйкес 2013 жылдың басына қарай 3 пен 6 жас аралығындағы барлық бүлдiршiндер балабақшамен қамтамасыз етiледi. Елiмiздiң Президентi профилактика мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек сапасын арттыру мәселесiнiң маңыздылығына айрықша көңiл бөлетiнiн әр кез еске салып отырады. Сол себептi Қазақстанда халықтың нысаналы топтарының денсаулық жағдайын бақылаудың ұлттық бағдарламалар кешенi енгiзiлетiн болады. Ең бiрiншi кезекте балалар мен жасөспiрiмдер, репродуктивтi жастағы әйелдер, ауыл тұрғындарының медициналық көмектiң қолжетiмдiлiгiн кеңейтуге айрықша мән берiледi. Бiздiң облыста денсаулық сақтау саласына бөлiнетiн қаржы көлемi де жыл санап артып келедi. Тек соңғы үш жылдың өзiнде ол 25 пайызға артты. Ауруды диагностикалау мен емдеудiң жаңа медициналық технологияларын дамыту да қолға алынып отырған шаруа. Әсiресе, телемедицина облыстық денсаулық сақтау саласының ажырамас бөлiгi болып отыр. Алдын алған сырқаттың қайғы-мұңы аз болады. Оған дәлел соңғы жылдарда өңiрiмiзде нәрестелер өлiмi мен орташа республикалық деңгейде аналар өлiмi де азайғанын тiлге тиек етуге болады. Халықты еңбекпен қамту өңiрдегi әлеуметтiк-экономикалық саясаттың аса маңызды бағыттарының бiрi екенiн де баса айтқан жөн. Президентiмiз де кедейшiлiк мәселесi туралы халықты тек мемлекеттiк жәрдемақылар есебiнен емес, тұрақты нақты шешу керектiгiн де назарымызға салып отырады. Соңғы он жылда аз қамтылғандар саны – 88, ал кедейшiлiк деңгейi 7,1 пайыздан 0,8 пайызға түстi. Алдағы уақытта халықты еңбекпен қамту және әлеуметтiк қамсыздандырудың тың бағдарламасы әзiрленетiн болады. Қарағанды – әртүрлi ұлт өкiлдерiнен құралған халық саны жағынан да аумақты аймақ. Осы ретте, облыс көлемiнде мемлекеттiк тiлдiң қолданыс аясына көңiлiңiз тола ма? – Мемлекеттiк тiл әлемдiк қауымдастықтағы мемлекеттердiң сипатты белгiлерiнiң бiрi, ұлт саясатының көрсеткiшi. Тiл – тәуелсiздiктiң қуатты құралы, елдiк пен бiрлiктiң туы. Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан берi жүргiзiлiп келе жатқан тiл саясатының арқасында мемлекеттiк тiлiмiз бүгiнде ұлттық руханиятымыздың өзегiне айналды. Облыс аумағында тiлдiк ортаны қалыптастыруға, тiл саясатын, оның iшiнде мемлекеттiк тiлдi ұдайы насихаттау мен мәртебесiн арттыруға, азаматтарымыздың оны оқып-үйренуi үшiн жағдай жасауға, жаңа инновациялық технологияларды қолдана отырып, тiл мәдениетiн, қазақстандық патриотизмдi қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүргiзiлуде. Бүгiнде облыста 1 облыстық, 2 қалалық оқыту орталықтары және 5 аудандық және қалалық әкiмдiктер аумағында оқыту курстары мемлекеттiк қызметкерлер мен азаматтарға мемлекеттiк тiлдi оқытуда. Орталықтардың барлығы мультимедиалық кабинет жабдықтарымен, электрондық және инновациялық оқыту бағдарламаларымен, озық оқыту технологияларымен, маман оқытушылармен қамтамасыз етiлген. Мемлекеттiк қызметкерлердi қазақ тiлiне оқытумен қатар, мемлекеттiк тiлде iс жүргiзуiн қалыптастыру мақсатында да бiрқатар жұмыстар жүргiзiлуде. Бұл жөнiнде қатаң талап та қойылған. Жыл сайын олардың iс жүргiзудегi сапасын анықтау мақсатында «Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiк қызметте», «Iс жүргiзу үздiгi» байқаулары, салалық семинарлар, дөңгелек үстелдер сияқты iс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Әсiресе, биылғы тарихи оқиға – Ел тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай бiрiншi жартыжылдықта 3 фестиваль, 4 байқау, 2 семинар, бiр дөңгелек үстел өткiзiлгенiн атап айтуға болады. Өзге ұлт өкiлдерi арасында «Мемлекеттiк тiл – болашағымыз» атты үш тiлдi меңгерген мекеме қызметкерлерi, әсiресе жастар арасында «Тiлдарын –2011» олимпиадасы ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, мемлекеттiк тiлдi насихаттау жұмысына үлес қосып жүрген тiл жанашырларын қолдау мақсатында бiрнеше бағыттағы номинациялар бойынша облыс әкiмiнiң «Тiл жанашыры» сыйлығын тағайындау жоспарланып отыр. Елiмiздiң, халқымыздың тiл мәдениетi сөз болғанда, болашағымыз – жастар жайлы айтпай кетуге болмас. Бұл ретте облыс бойынша 567 мемлекеттiк жалпы бiлiм беретiн мектеп бар, оның iшiнде қазақ тiлiнде бiлiм беретiн мектеп саны 256, аралас тiлде 195, орыс тiлiндегi мектеп саны – 116. Өткен жылмен салыстырғанда таза қазақ тiлiнде оқытатын мектептер саны 5 мектепке көбейiп отыр. Сондай-ақ, өзге ұлт өкiлдерiнiң 570 баласы қазақ мектептерiнде оқитынын да мақтана айтуға керек. – Серiк Нығметұлы, алда дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдығы аталып өтпекшi. Бұл тек Сарыарқа жұрты ғана емес, дүйiм жұрт тойлайтын мерейтой болмақ, дайындық мәселесi қалай? – Алаштың аймаңдай ақыны Қасым Аманжоловтың шығармашылық жолы барша халқымызға белгiлi. Сондықтан мен оны қайталап айтпай-ақ қояйын. Ең бастысы, бұл күнде халықтың сүйiктi ақынының жарқын бейнесi ел жүрегiнде. Өздерiңiзге белгiлi, биылдың өзiнде үш-төрт кiтабы бiрдей жарық көрдi. Осындай игi жаңалықтардың қатарында «Қасым» әдеби-мәдени журналының шығуын, ақын туралы деректi фильм мен бейнефильмнiң түсiрiлуiн, ақын шығармашылығына арналған арнайы сайттың ашылуын айрықша айтар едiк. Кезiнде Қарқаралы ауданындағы бұрынғы Фрунзе совхозына Қасым Аманжоловтың есiмi берiлсе, қаламызда ақын атында көше бар. Ендi Қарқаралыдағы орталықтандырылған кiтапхана даңқты жерлесiмiздiң есiмiмен аталмақ. Ақынның мерейтойы қыркүйек айының 8-10 күндерi кеңiнен аталып өтедi. Қарағанды қаласында облыстық телеарнадан Қасым Аманжолов туралы әзiрленген фильмнiң және «Сарыжайлау» кинотеатрында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы әзiрлеген деректi фильм көрсетiлiмдерiн, ақын өлеңдерiне жазылған әндер байқауы мен республикалық ақындар айтысы жоспарланып отыр. Тойға жиналған қауымға арналып кешке Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында ақынның «Досымның үйленуi» спектаклiнiң көрсетiлiмi болады. Ал келесi күнi Қасым Аманжоловтың еңселi ескерткiшi мен ақын атындағы аллея салтанатты түрде ашылса, таңдамалы шығармалар кiтабы мен «Қасым» әдеби-мәдени қоғамдық журналының тұсаукесерi жасалады. Қазақстан Жазушылар одағымен бiрлесе отырып «Қ.Аманжолов және жаңа дәуiр поэзиясы» атты ғылыми-тәжiрибелiк конференциясын өткiзу де жоспарлануда. Дүбiрлi той Қасымның туған жерi Қарқаралыда, Кент тауының баурайында жалғасады. Ол жерде той қонақтары арнайы тiгiлген ақшаңқан киiз үйлер ауылына жайласып, театрландырылған өнер жұлдыздарының концертiн тамашалайды. Қазақтың тойы ат жарыссыз, аламан бәйгесiз, балуандар күресiнсiз өтпейтiнiн бiлесiз. Халқымыздың ұлттық ат спорты түрлерiнен аламан бәйге, жорға жарыс, қыз қуу, қазақ күресi шаралары да той думанын қыздырары сөзсiз. Қасым жылын, ақиық ақынның асыр жырын ұлықтау жыл бойы толастамайды. Атап айтқанда, 26 қарашадан бастап 15 желтоқсан аралығында «Тәуелсiздiктiң 20 шыңы» немесе «Жиырма жұлдызды күн» ұранымен екпiндi 20 күн өткiзiлетiн болады. Сол күндерi ең айшықты оқиғалар жоспарланған – әрбiр күн ел үшiн маңызды жетiстiктердi бейнелейтiн болады. Соның бiрi – қыркүйектегi «Руханият» бағыты шеңберiнде Қ.Аманжоловтың 100 жылдығына арналған ақындар кешiн, «Жасын ғұмыр – Қасым ғұмыр» атты Аманжолов оқуларын өткiзу де ойдағы тiрлiк. – Аса қарбалас тiршiлiк-тiрлiгiңiзге қарамай, бiздiң оқырмандармен ой бөлiскенiңiзге рахмет! Әңгiмелескен Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ 01.09.2011 ж.