Жаңалықтар

ӘЛЕМ IШIН ТАРТҚАН YШ КYН

ашық дереккөзі

ӘЛЕМ IШIН ТАРТҚАН YШ КYН

Осыдан тура 20 жыл бұрын, 1991 жылдың 19 тамызында Мәскеуде мемлекеттiк төңкерiс басталып, КСРО-ның заңды президентi М.С.Горбачев билiктен уақытша тайдырылды. Қырымдағы «Форос» мемлекеттiк резиденциясында қоршауға, шын мәнiнде қамауға алынған мемлекет басшысы жоғарғы билiк эшелонында бүлiк ұйымдастырылуы мүмкiн екенiн ешқашан қаперiне алған емес едi. Осынау алмағайып сәтте, билiкке заңсыз келген ГКЧП-ге қарсы күрестi ұйымдастыруға ұйытқы болған РСФСР президентi Б.Н.Ельцин және басқалар болатын. Әлем тамыз төңкерiсiнен қандай сабақ алды? КСРО шынымен осы төңкерiс әсерiнен күйредi ме?..Көптеген сауалдарға әлi күнге нақты жауап алынған жоқ.

Әйгiлi молдаван қызы – қайталанбайтын София Ротару орындайтын "Красная стрела" әнi бар. "Красная стрела" – Кеңес одағы кезiнде Москва мен Ленинградтың арасында қатынаған ұшқыр пойыз. Сол пойыз алысқа әкеткелi тұрған сүйген жанға айтылған сағыныш әнi. Осынау жүректi шымырлатып, тұла бой тiтiренетiн ғажайып әнде үмiтсiздiк, қимай қоштасу, қоштасып тұрып аңсау бар. Сүйген жүректiң қимастық әнi. Махаббат әнi! Сүйiктi адаммен ендi қайта кездеспейтiнiн бiлетiн сүйген жүректiң азалы үнi – драмаға толы жан айқайындағы шарасыздық пен торығу әрбiр тыңдарманның жүрек түкпiрiндегi ерекше сезiмдердi, күнделiктi аңғарыла бермейтiн нәзiк иiрiмдердi оятары сөзсiз.

София Михайловнаның қайталанбас "Красная стрела" әнiн тыңдаған сайын сол бiр күндер, 1991 жылдың сарша тамызы санаға қайтып оралып, жанымды түсiнiксiз мазасыздық жайлайды. 19 тамызда таңғы алтыдан радио мен телеарналар бiр ғана музыканы – Чайковскийдiң "Аққу көлi" балетiнiң музыкасын үзбей бере бастады. Ара-тұра бiр түнде КСРО-ның заңды президентi М.С.Горбачевтi тақтан тайдырып, барша билiктi өз уыстарына алған беймәлiм ГКЧП-ның қатал жарлықтарын жариялау үшiн ғана сыршыл музыка тоқтайды. Үш күн бойы "Аққу көлi" эфирден түскен жоқ. Әрине, әлемдiк музыканың жауhары болғанмен, дәп осы бүлiк күндерi азаннан түн ортасына дейiн тоқтаусыз орындалған "Аққу көлiн" бұдан былай сандаған мың адам бiржола жек көрiп кеткенiне, оны тыңдай алмастай күйге түскенiне еш күмән жоқ. Әлгi ГКЧП-ның да аты тым үрейлi әрi түсiнiксiз. Қандықол Сталиннiң зұлымдықпен аты жайылған ВЧК-сiне ұқсайды. Жүректердi үмiтсiздiк пен торығу жайлап барады бiртiндеп…

Мәскеуде бүлiк басталды. Үш күн бойы әлем оқыс оқиғаның соңын күтiп, демiн iшiнен тартты. Тарихқа "путч" деген атаумен енген бұл төңкерiс адамзат тарихында ерекше мәнге ие болды. Турасын айтсақ, әлi күнге дейiн осы оқиға нақты бағаланған жоқ. Қолдағы бар мәлiметтерiне сүйенген, өздерiнiң дүниетанымы, идеологиялық ұстанымдарына орай сарапшылар сан-саққа жүгiртуде. Тiптi, соңғы жылдары Ресейде КСРО-ны қайта тiрiлтудi жақтаушылар мен империяшыл пиғылдағы тоңмойындардың саны арта түсуiне орай ГКЧП мүшелерiн ақтаушылар да көбейiп келе жатқанын аңғару қиын емес. Тамыз бүлiкшiлерiн көзсiз батырлар, идеяның табанды қорғаушылары және бейкүнә құрбандары ретiнде көргiсi келетiндер саны өсе түсуде. Мәселен осыдан бiрер күн бұрын "НТВ" телеарнасының "Сегодня" ақпараттық бағдарламасында ГКЧП туралы хабарында: "По сути, это были последние воины советской империй, для которых государство было важнее собственного кармана. И самоубийство главы МВД Борис Пуго (вместо с женой!) и маршала Советского Союза Сергея Ахромеева были вызваны не трусостью перед возможной ответственностью (которая так и не наступила), а крахом того, ради чего они жили. Чего же хотел ГКЧП? Однозначно они попытались бы сохранить СССР,"– деп бағаланды. Осы ретте өзiн-өзi өлтiрген Сергей Федорович Ахромеевтiң: "Менiң Отаным және өз өмiрiмнiң мәнi деп ұққан барша нәрселер күйреп жатқанда өмiр сүргiм келмейдi. Өткен өмiрiм мен ғұмыр жасым өмiрмен қоштасуға маған құқық бередi. Мен соңғы сәтке дейiн күрестiм,"– деп жазған қоштасу хаты жаңа империяшылдардың үмiт жалауына айналған iспеттi. Қазiр Ресейде, орыс қоғамында КСРО-на сақтап қалуға, қайта тiрiлтуге ұмтылушылар елеулi күшке айналғаны құпия емес. Осыдан жиырма жыл бұрын либералдық реформаларды, демократиялық өзгерiстердi жақтағандар, сол үшiн жан-тәнiмен қызмет еткендер қазiр жалтақтаумен күн кешуде. Солай бола тұрса да, ГКЧП мүшелерi ненi көкседi және олар билiкке қол жеткiзгенде бұрынғы қызыл империяның тағдыры қандай болар едi деген сауалға әлi күнге нақты жауап берiлген жоқ. Сыртқы шекаралар бұрынғыша тарс жабылып, әлемдегi ең iрi империя темiр тордың тасасында қала берер ме едi? Әлемде "қырғи-қабақ" соғыс үздiксiз жалғаса берушi ме едi? Елде азамат соғысының өртi лаулар ма едi? Ол қанша жердi шарпып, қанша жазықсыз адам құрбан болар едi?! Тiзбелей берсе, туындайтын сауал көп. Бiрақ ең басты сауал – өмiрлiк мәнi бар сұраққа әлi күнге дейiн жауап табылмай тұр. Егер бұл бүлiк жүзеге асқанда бұрынғы КСРО-да азамат соғысының өртi шынымен лаулайтын ба едi?!. Мүмкiн… Өйткенi Борис Николаевич Ельцин 19 тамыз күнi, ең ауыр сәтте Париж және Свердловск қалаларына өзiнiң өкiлдерiн аттандырған болатын. Аса зор өкiлеттiлiк берiлген оларға қуғындағы үкiметтi жасақтауға құқық қоса берiлгенi белгiлi.

Арада өткен жылдар биiгiнен көз салсақ, үш күнгi бұлғақ табан асты бола қоймағанына көз жеткiзу онша қиын емес. Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитет 1991 жылы 28 наурызда М.С.Горбачевтiң қатысуымен құрылды және бұл комитетке елде төтенше жағдай енгiзуге құқық берiлдi. Ал 17 маусымда Горбачев пен тоғыз одақтас республикалардың басшылары Одақтық келiсiм-шарт жасауға уағдаласты. Осынау аса маңызды оқиғаның басы-қасында болғандардың айтуынша, Егемен мемлекеттердiң одағын құру туралы бұл құжат КСРО Министрлер кабинетiнiң қарулы күштер мен құқық қорғау органдарының басшылары: Д.Т. Язов (КСРО Қорғаныс министрi), Б.К.Пуго (Iшкi iстер министрi) және В.А.Крючковтың (КГБ) ерекше қарсылығын туғызған болатын.

29 шiлде күнi Ново-Огаревада М.Горбачев, Б.Ельцин және Қазақстан басшысы Н.Ә.Назарбаев құпия түрде бас қосып, жаңа одақтық келiсiм-шартқа 20 тамызда Алматыда қол қоюға келiстi. КСРО-ның сол кездегi вице-президентi, төңкерiстi басты ұйымдастырушылардың бiрi Г.И.Янаевтiң айтуынша, 16 тамызда Мәскеуде КГБ-ның құпия "АБЦ" пәтерiнде Қорғаныс министрi Д.Язов пен КГБ-ның төрағасы В.Крючков астыртын жолығып, елдегi жағдайды талқыға салған. 17 тамызда дәп осы пәтерде тағы да жиын ұйымдастырылып, оған КСРО Үкiметiнiң төрағасы Валентин Павлов та шақырылады. Бұдан былайғы оқиғалар қалай өрбитiндiгiне қарамастан, КСРО – ның жаназасы Алматыда шығарылатыны әу бастан-ақ белгiленiп қойылған болатын. Бұл тарихтың әдiлеттi жазмышы, бұлжымайтын жазуы болар, әйтеуiр қызыл империя – КСРО-ның жаназасы Мәскеудегi бұлғақ күндерiнен бес жыл бұрын алаңға шығып, бас көтерген қазақ жастарының қаны төгiлген Алматыда бiржола шығарылғаны мәлiм. Тарихи әдiлдiк дегенiмiз осы болар!

Тамыз төңкерiсiн ұйымдастырушылар М.С.Горбачевтi КСРО президентi қызметiнен тайдырып, оның ұстанған бағытын түзетудi ғана мақсат тұтып қойған жоқ, бiртiндеп барша қуатынан айрылған, беделiнен жұрдай болған Коммунистiк партияны да қайтадан тiрiлтуге ұмтылды. Сондықтан да РСФСР Коммунистiк партиясы ГКПЧ-нi бiрден қолдады. Ең таңданарлығы, Кеңес одағының либералдық-демократиялық партясының басым бөлiгi де бүлiкшiлерге қолдау бiлдiрдi. Осыған дейiн елде либералдық, демократиялық жаңартулар мен реформаларды жылдам әрi тереңдетiп жүргiзудi талап етiп келген жаңа сипаттағы аталмыш партия басшыларының мемлекет тағдыры сынға түскен қиын сәтте нелiктен бұлай жалт бергенi әлi күнге түсiнiксiз. ГКЧП-ның билiктi өз уысына алуын әлемнiң тоталитарлық және авторитарлық мемлекеттерi бiрден қолдағанын заңдылық деп санауға болады. ГКЧП басшылары 6 айға елде төтенше жағдай жарияланатыны, Мәскеуге әскер кiргiзiлетiнi, жергiлiктi билiк ГКЧП тағайындаған әскери коменданттарға өтетiнi және БАҚ-тарға қатаң цензура енгiзiлетiнi, сонымен қатар бiрқатар беделдi басылымдардың шығарылуы уақытша тоқтатылатыны туралы бұйрық шығарды. Азаматтардың көптеген конституциялық құқықтары мен еркiндiгiне шектеу қойылды.

Осыған дейiн КСРО-да жүргiзiле бастаған демократиялық өзгерiстер мен жаңаруларды мұқият қадағалап отырған дамыған елдер Мәскеудегi төңкерiстен бiрден iшiн тартқан. Тiптi, төңкерiстi осыдан үш ғасыр бұрын Кремльге поляк әскерлерiнiң басып кiруiнен кейiн басталған Ресейдегi бұлғақ заманымен ұқсастыруы да ықтимал. Өйткенi қазiр кейбiреулер "ГКЧП мүшелерi әлсiз әрi батыл шешiмге бара алмайтын қорқақтар болды" деп айтып жүргендей емес, төңкерiсшiлер Мәскеуге iрi әскери күштер топтастыра бiлдi. Олар КГБ-ның әйгiлi "Альфа" тобын, iшкi әскерлердiң Дзержинский атындағы аса iрi дивизиясы мен Қорғаныс министрлiгiнiң даңқты Тамань мотоатқыштар дивизиясы, Кантемир дивизиясы мен әскери-әуе десантының Тула дивизияларына арқа сүйедi. Әлемге әйгiлi бұл дивизиялар түрлi жаттығуларда әбден шыныққан, бақайшығына дейiн ең соңғы үлгiдегi қару-жарақпен қаруланған жойқын күш болатын. Бiрер күннiң iшiнде Мәскеуге 4 мыңнан астам әскери қызметкерлер, 312 танк, 427 бронетранспортер мен БМП-лар шоғырландырылды.

1941 жылы немiс-фашистерi төнiп келгенде де Мәскеуге мұншама жойқын күш шоғырландырылмаған болатын. Әскери-әуе десантының қосымша күштерi Ленинград, Таллин, Тбилиси және Рига қалаларының маңында топтастырылды.

Демалыстағы КСРО-ның президентi Михаил Сергеевич Горбачевтi "Форос" мемлекеттiк саяжайында қоршауға алған әскери күштер мемлекет басшысының сыртқы әлеммен байланысын үзiп, төңкерiс басшылары оның денсаулық жағдайына орай бұдан былай елдi басқара алмайтыны туралы ақпарат таратып: елде төтенше жағдай енгiзiлетiнi; Коммунистiк партиядан басқа партиялардың бәрi таратылатыны; "Правда", "Труд", тағы бiрнеше газеттерден басқа басылымдардың бәрi жабылатыны жөнiнде бұйрық жариялады. Бұл – аз ғана уақыт болса да еркiндiк, бостандықтың дәмiн татып үлгерген миллиондаған адамдардың ұнжырғасын түсiргенi түсiнiктi.

ГКЧП-ның басшысы, КСРО вице-президентi Г.Е.Янаев деп саналғанымен, төңкерiстiң негiзгi ұйымдастырушысы әрi басты адамы КГБ-ның тiзгiнiн уысында ұстап отырған В.А.Крючков болатын. Кейiнiрек Ресей президентi Борис Николаевич Ельциннiң: "ГКЧП-ның айқын лиерi болған жоқ. Өзiнiң пiкiрi шешушi мәнге ие болатын беделдi адам табылмады" дегенiне қарамастан, төңкерiстi ұйымдастырушылар мен оған дем берушiлер билiктiң жоғары эшелонындағы ылғи ығай мен сығайлар болатын. КПСС ОК Саяси бюросының мүшесi О.С.Шенин, КСРО Шаруалар одағының төрағасы В.А.Стародубцев, КСРО мемлекеттiк кәсiпорындар мен өнеркәсiп нысандары, құрылыс, транспорт және байланыс ассоциациясының президентi А.И.Тизяков, КГБ күзет қызметiнiң бастығы Ю.С.Плеханов, КСРО премьер-министрi В.С.Павлов, КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң төрағасы А.И.Лукьянов, КСРО президентiнiң Форостағы резиденциясының күзет бастығы В.В.Генералов, Құрғақтағы әскерлердiң қолбасшысы В.И.Варенников, КСРО президентi аппаратының жетекшiсi В.И.Болдин, КСРО Қорғаныс кеңесiнiң бiрiншi орынбасары О.Д.Бакланов, Қорғаныс министрiнiң орынбасары В.А.Ачалов және басқалар болды. Байқап отырғанымыздай, төңкерiсшiлдер армия, құпия қызметтер, iрi өндiрiс орындары, байланыс пен транспорттың барша тiзгiнiн өз уыстарында берiк ұстап отырған. Аса қуатты ақпарат құралдарының көмегiне иек сүйеуге де толық мүмкiндiктерi бар болатын.

Дегенмен бүлiкшiлерге қарсы жылдам әрекет етiп, бүкiл халықты демократияның жеңiстерiн қорғап қалуға жұмылдырған қарсы тараптың да халық арасында беделi жоғары болғаны айтпаса да түсiнiктi. Ресей президентi Борис Николаевич Ельцин бүлiк қарсаңында Алматыда достық сапармен жүрген болатын. Және ол Мәскеуге арнайы ұшақпен қайтып оралған бетте ГКЧП-нi "мемлекеттiк төңкерiс" деп бағалады. Оны Қазақстанның жiгерлi басшысы Н.Ә.Назарбаев және басқалар толықтай қолдағанын айтқан жөн. ГКЧП-ге қарсылықты Ресей Федерациясының саяси басшылығы (Президент Борис Ельцин, вице-президент Александр Руцкой, үкiметтiң төрағасы Иван Силаев, Жоғарғы Кеңес төрағасының мiндетiн атқарушы Руслан Хасбулатов) үйлестiрдi. 19 тамыз күнi Б.Ельцин Ресей азаматтарына үндеу жариялады. Асығыс-үсiгiс жазылған бұл үндеу озық үлгi бола алмайтын шығар, дегенмен осынау аса маңызды құжатта дәп сол күндерi қалыптасқан саяси жағдайға батыл баға берiлген едi. Онда: "Бiз мұндай күш қолдану әдiстерi қажетсiз деп санаймыз. Бұл – бүкiл әлем алдында КСРО-ның беделiн түсiрiп, әлемдiк қауымдастықтағы бiздiң абыройымызға нұқсанын тигiзедi, бiздi "қырғи-қабақ соғыс" дәуiрiне қайта әкеледi және Совет одағының жеке-дара қалуына әкеп соғады. Осының бәрi бiздi комитет деп аталғанның (ГКЧП) билiкке заңсыз келгендiгiн жариялауымызға итермелейдi. Яғни осыған орай бұл комитеттiң барлық жарлықтары мен бұйрықтарын заңсыз деп жариялаймыз", – делiнген болатын. Б.Н.Ельцин танк үстiнде қасқайып тұрып, халықты ГКЧП-ге қарсы күреске шақырған сәтте көптеген адамдар Ресейде тарихтың үнемi сиықсыз күйде қайталанып отыратынына шынымен иланды. Өйткенi бiр кезеңдерi В.И.Ленин де броневик үстiнде талтайып тұрып, байтақ империяда большевиктер диктатурасын орнату керектiгi жөнiнде жалынды сөз сөйлеген болатын. Арада 70 жылдан астам уақыт өткенде алып тұлғалы, ақ шашты азамат коммунистер диктатурасын жойып, демократияға жол ашу жөнiнде танк үстiнен ұран тастауда.

Осыған дейiн-ақ "Ашыққан қарын жұбанар, азаттық қайдан табылар?" деп жүрген сан миллиондаған адам иықтарынан ауыр жүк түскендей серпiлiп, еркiн тыныстауға көштi. Адамдардың бойын билеген үрей ақырындап сейiлiп, үмiтсiздiк пен торығудан арыла бастады.

Халық алдында аса зор беделге ие болған Б.Н. Ельцин ең әуелi өзiнiң ежелгi саяси қарсыласы, КСРО-ның президентi М.С.Горбачевтi Форостағы тұтқыннан құтқаруды қолға алды. Және 1991 жылдың 22 тамызында бұған толық қол жеткiздi. Руцкой мен Силаев бастаған делегация осы күнi Михаил Сергеевичтi "Ту-134" арнайы ұшағымен Мәскеу әуежайына, одан әрi Кремльге жеткiздi. Бұл күн КСРО-ның бiржола күйреген күнi болатын. Ең таңданарлығы, КСРО демократиясының атасы деп саналатын М.С.Горбачев КСРО-ның күйреуiн ешқашан құптаған адам емес. Тiптi, ол 2008 жылы тамыз төңкерiсiне баға бере келiп, өзiн қорлықты қамаудан құтқарған қаhарман туралы: "Мен қазiр қатты өкiнемiн – ешқайда кетпеу керек едi. Қателiк болды, иә, мен бұл туралы айттым ғой. Сондай-ақ Ельциндi өмiр бойы банан дайындауға әлдебiр елге айдап жiбермегенiм де қателiк болды," – деуi таң қалдырарлық жағдай.

Кейiнiрек төңкерiстi ұйымдастырушыларға қарсы қылмыстық iс қозғалып, тергеуге алынған Геннадий Янаевтiң: "Мен ешқашан мемлекеттiк төңкерiс жасағаным туралы мойындаған емеспiн, ешқашан мойындамаймын да. Менiң, сондай-ақ менiң жолдастарымның iс-әрекеттерiнiң қисынын түсiну үшiн 91-жылы тамызда елiмiз келiп тiрелген тығырықты толық бiлу керек. Сөз ол кезде жаппай бел алған дағдарыс жөнiнде болып отыр, елде бiртұтас мемлекет пен қоғамдық-саяси құрылысты сақтап қалуға тырысқандар мен оның қарсыластарының билiкке таласы ашық жүрiп жатты. Бұл саяси дағдарыс күн өткен сайын шиеленiсе түстi, ал өкiнiшке қарай, елiмiздiң саяси басшылығы бұған жете көңiл бөлген жоқ. Бiз бiр де бiр мемлекеттiк құрылымды қуып тарқатқанымыз жоқ, ешбiр лауазымды адамды түрмеге жапқанымыз жоқ. Тiптi, Мәскеудiң мэрi Гавриил Харитонович Попов күн сайын 5-6 рет американдық елшiге құпия ақпараттарды тасып жүргенiне қарамастан, оны қызметiнен босатқанымыз жоқ", – деуi сол бiр күндердегi қиын жағдайдың iшкi бояуын айқын танытса керек. Текетiрескен қарсыластардың ешбiрi шешiмдi, ең бастысы, апатқа алып келетiн қадам жасауға тартыншақтады. Осы орайда, бүкiл КСРО-ның төбесiне зұлмат боп төнген сын сағатында Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешiмдi сөздерi төнiп тұрған аласапыранға тосқауыл болғаны тарихи шындық. Бұдан сәл бұрын тәуелсiздiгiн жариялаған Қырғызстанға әскери күш пен танкiлердi енгiзбек болған Кремль басшылығын қате қадам жасаудан тоқтатқан, сөйтiп Бiшкек көшелерiн қанға бөгуден қорғап қалған Нұрсұлтан Назарбаевқа төңкерiстi ұйымдастырушылар да, оған қарсы тұрған Борис Николаевич Ельцин мен оның жақтастары да жиi-жиi қоңырау шалып, қалыптасқан қиын жағдайдан қалай шығу жөнiнде ақыл-кеңес сұраумен болды. Осылайша Алматы қаласы тамыз бүлiгiне қарсылардың стратегиялық маңызды пункттерiнiң бiрiне айналды. Әсiресе, Нұрсұлтан Назарбаевтың КСРО Қорғаныс министрi, ГКЧП-ны басты ұйымдастырушылардың бiрi, Ұлы Отан соғысының қаһарманы Дмитрий Язовке телефон шалып: "Сiз 1941 жылы Мәскеудi немiс танкiлерiнен қорғаған едiңiз ғой, ендi бейбiт қалаға танкiлер кiргiзуге қалай бұйрық бердiңiз?" деген мәнзелдегi айыптау сөзi Ресей астанасының көшелерi мен Қызыл алаңды қанға бөгуден сақтап қалғаны рас.

Жоғарыда айтып өткенiмiздей, үш күнге созылған тамыз төңкерiсiнiң тарихи мәнi мен маңызына әлi күнге жан-жақты, толыққанды баға берiлмей қалды. Төңкерiстiң алға қойған мақсатына қол жеткiзе алмағанына iштей өкiнушiлер Ресейде әлi күнге дейiн көптеп табылады. Тiптi, арада сандаған жылдар өткен соң Руслан Хасбулатовтың өзi де: "Бәрiне кiнәлi әлдебiр абстрактiлi модель емес, билiкке келген адамдардың – дайындалмаған, жауапсыз, өз қалталарын қампайтудан артық мақсаты жоқ, тарих алдындағы, қоғам алдындағы ешқандай борышын сезiнбейтiндердiң кiнәсi.

Өкiнiшке қарай, бұл осыдан 20 жыл бұрын билiк тiзгiнiн ұстағандар мен қазiргi элитаға да тiкелей қатысты.

Мен Ресейдiң соңғы 20 жылдағы дамуында ешқандай позитивтi сәттердi көрiп тұрғаным жоқ. Оның үстiне бiз сансыз адамдардың өмiрiн жалмаған екi соғысты бастан кештiк. Осы соғыстар арқылы сансыз қарақшылар, милиция отрядтары тәрбиелендi, сондықтан да елiмiздегi қылмыстың саны көп. Ресейде тек жаны езiлген адамдар ғана қалды және оларға жаным ашиды.

Одақтың ыдырауынан өзiмдi "ұтылғандардың" қатарына қосамын, оның үстiне бүкiл ел ұтылды, қоғам ұтылды, әлем ұтылды", – деп мұңаюы көп сырды аңғартқандай.

Сонау 1991 жылдың тамыз айында үш күн бойы адамдардың бойын үмiтсiздiк пен торығу шырмап, қарапайым кiсiлер сенiмсiздiкке ұшыраған едi. София Ротарудың "Красная стрела" әнiн тыңдаған сайын сол үмiтсiздiк пен торығу бойымды қайта билейдi. Дегенмен көп ұзамай халықтың бойында жасампаз үмiт қайта тiрiлiп, сенiм оянған. Демократия өркендеп, құқықтық қоғам түбегейлi үстемдiк құрады деген зор сенiм. Үмiт жiбi әлi үзiлген жоқ….

Жаңабек ШАҒАТАЙ