ОРТАДАН ОЙЫП ЖОЛ САЛҒАН
ОРТАДАН ОЙЫП ЖОЛ САЛҒАН
Қыркүйек айының ортасында Қырғызстанның Iшкi iстер министрi Зарылбек Рысалиев бұдан екi жарым жыл бұрын жасалған ауыр қылмыстың бетi ашылғанын жұртқа жария еттi. 2009 жылдың 13 наурызы күнi таң ата Бiшкек қаласының оңтүстiгiндегi Қойташ ауылының маңында өртенген "Лексус" жеңiл көлiгiнен үш адамның күлге айналған сүйегi табылған едi. Анықтай келгенде, олар Қырғыз Республикасы Президентi әкiмшiлiгiнiң бұрынғы жетекшiсi Медет Садырқұлов, Қырғызстан Президентi жанындағы Халықаралық стратегиялық зерттеу институтының бұрынғы директоры Сергей Слепченко және жүргiзушi Қубат Сулаймановтың мәйiттерi болып шыққан. "Лексусты" соққан екiншi машина –"Аудидiң" жүргiзушiсi Өмiрбек Осмонов көп ұзамай қолға түскен болатын.
Бұл қайғылы оқиғаның себебiн анықтау тiкелей құқық қорғау және прокуратура органдарының басшыларына жүктелiп, сол кездегi президент Құрманбек Бакиев iстi өзi бақылауға аларын мәлiмдеген. Дегенмен тергеу мекемелерi мұны "жол апаты" деп қорытынды шығарды. Өмiрбек Осмонов 12 жылға сотталып, өткен жылдың көктемiнде түрмеден шығарылып, жазасын шартты түрде өтей бастаған. Бұл Қырғызстандағы сәуiр төңкерiсiнiң тұсы болатын. Белгiленген уақытында милиция кеңсесiне келiп, тiркеуден өтiп жүрген Өмiрбек Осмоновты бiреулер үйiне бара жатқан жерiнен өлтiрiп кетедi. Сонымен жалғыз куәнiң көзi құртылып, оқиға күңгiрттенiп бара жатқан. Мiне, ендi арада екi жарым жыл өткенде, Медет Садырқұловтың қастандықпен өлтiрiлгенi айқындалып отыр. Жанындағы адамдар негiзгi "нысананың" жанында болғандықтан ғана құрбан болған.
Зарылбек Рысалиев баспасөз мәслихатында қылмысты ұйымдастырушы– сол кездегi Қырғызстанның мемлекеттiк күзет қызметiнiң бастығы, генерал Жаныш Бакиев (экс-президент Қ. Бакиевтiң iнiсi) деп ресми түрде мәлiмдедi. Бүгiнгi күнде шетелдердiң бiрiнде бой тасалап жүрген Жаныш Бакиев 2010 жылдың 7 сәуiрiндегi қанды оқиғаға кiнәлi адам ретiнде Интерпол арқылы iздестiрiлу үстiнде. Министрдiң айтуынша, төрт кiсiнi өлтiруге 26 адам қатысқан. Олардың iшiнде үш генерал, сол кездегi ұлттық қауiпсiздiк қызметi, iшкi iстер министрлiгi, мемлекеттiк шекара қызметiнiң, мемлекеттiк күзет қызметiнiң қызметкерлерi және ұйымдасқан қылмысты топтардың мүшелерi болған. Қылмыс орын алған 12 наурыздан 13 наурызға қараған түнi Медет Садырқұлов Алматы қаласынан шығып, Бiшкекке келе жатқан. Сағат түнгi 2-ден 20 минут өткенде олар Қордай шекара бекетiнен өтедi. Қырғызстанның шекара қызметiнiң басшысы, генерал Замир Молдашев бұл жөнiнде Жаныш Бакиевке хабарлайды. Жол қозғалысы қауiпсiздiгi автоинспекторларының киiмiн киген Мемлекеттiк күзет қызметiнiң бөлiм бастығы Айбек Абдразақов бастаған бiрнеше офицер Садырқұлов мiнген машинаны тоқтатып, оларды Бiшкектiң Қойташ ауылы бағытындағы Көкжар қонысына, сол кезде Президенттiң iс басқарушысы болып iстейтiн Құрманбек Темiрбаевтың саяжайына алып барады. Қарақшы топтың iшiнде Құрманбек Темiрбаевтың iнiсi, Мемлекеттiк күзет қызметi басшысының орынбасары Нұрлан Темiрбаев та болған. Тұтқындарды осында күтiп отырған Жаныш Бакиев Медет Садырқұловпен бiр сағат бойы сөйлескен (не деп сөйлескенi қазiрше белгiсiз). Сосын мемлекеттiк күзет қызметiнiң екi қызметкерi Медет Садырқұловтың қолын қайырып, үшiншiсi – Айбек Абдразақов мойнына арқан салып, буындырып өлтiрген. Сол бөлмеге Сергей Слепченко мен Қубат Сулаймановты алып келiп, жалынғандарына қарамай, оларды да айуандықпен өлтiрген. Содан соң мәйiттерiн Қойташ ауылына барар жолға алып келiп, машинасымен қоса өртеп жiбередi. Өмiрбек Осмоновқа ақша берiп, жол апатының сценарийiн жасатады.
Қазiр аталған екi қылмысқа тiкелей қатысы бар 17 адам қамауға алынды. Жаныш Бакиевтен дерек жоқ. Қалғандарын тергеушiлер сұраққа алуда. Олардың iшiнде 25 қыркүйекте президенттiкке үмiткерлiкке ресми түрде тiркелуге әзiрленiп жүрген Қырғыз Республикасы Қауiпсiздiк кеңесiнiң сол кездегi төрағасы Адахан Мадумаровтың да аты аталуда.
Ендi Медет Садырқұловтың кiм екендiгiне тоқталайық. Бейнелеп айтсақ, "өзге елде" сұлтан болған бұл бiр қазақтың сырттан жiгiтi едi. Қырғызстанда туып-өскен Медет Садырқұлов нағыз отаншыл азамат, қырғыз жұртының туған баласындай айбозым болатын. Бiрақ өмiрiнiң соңғы кездерi шетке қағыла бастады. Бұл сөзiмiзге дәлел ретiнде Құрманбек Бакиевтiң билiгi кезiнде қырғызтiлдi "бакиевшiл" бiр еркiн газеттiң Медет Садырқұлов қайтыс болғанша оны орынсыз қаралауын еш тоқтатпағанын тиек ете аламыз. Ара-тұра оның қазақ екенiн де елдiң "есiне салып" тұратын. Бұл мақалалардың "Ақ үйден" арнайы тапсырыспен жазылғаны материалдың мемлекеттiк құпиялылығынан байқалатын. 2007 жылдың соңғы күндерiнде, жұрт Жаңа жылды қарсы алуға қызу әзiрленiп жатқанда, Медет Садырқұловқа "почтальон" сыйлық әкелiп берген. Конверттiң iшiн ашса, адамның кесiлген сұқ саусағы және құлағы шығады. Кейiнiрек мәлiм болғандай, сол кезде Президент әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi Медет Садырқұлов осы оқиға туралы президент Құрманбек Бакиевтiң өзiне айтқан. Бұл туралы 2009 жылдың 7 наурызында "Би-Би-Си" радиосының Қырғызстандағы тiлшiсiне берген сұхбатында Медет Садырқұлов: "Бұл – Жаныш Бакиевтiң жасағаны. Мұны президентке айттым, дәлелдеп бердiм. Президент наразы болып, "есi жоқтардың не қылғаны!?", – дегенсiдi. "Тынышсызданбай, iстей берiңiз", – деп жуасытты. Кейiнiрек iнiсiн Мемлекеттiк күзет қызметiнiң басшылығына тағайындап, қатарымдағы бөлмеге отырғызып қойса бола ма?! "Не iстегенiңiз?", – десем, "Сiздердi жарастырайын деп жатырмын", – дедi. Жараса алған жоқпыз", – деп айтқан едi. Бұл сұхбат сәуiр революциясынан кейiн бiр жылдан астам уақыт өткен соң, 24 мамырда, сонда да журналистiң лақап атымен жарық көрдi.
Медет Садырқұлов Қырғызстандағы iрi мемлекеттiк және саяси қайраткер болатын. Ол Асқар Ақаевтың кезiнде Президент әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi болды. Бiрнеше жылдан кейiн, Құрманбек Бакиевтiң уақытында тағы да Президент әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi болды. Бакиев Ақаевтың кадрларын оңайлықпен жанына жақындатқан адам емес. Кейбiр саяси сарапшылардың пiкiрiне қарағанда, Медеттiң бойында қоғамды, адамдарды соңына ерте алатын, көптiң пiкiрiн бiр арнадан екiншi арнаға бұрып жiбере алардай жойқын күш болған. Осындайда жауынгер ақын Махамбет Өтемiсұлының Исатай туралы "Мұсылман мен кәпiрдiң ортасын ойып жол салған" деген жыр жолдары ойға оралады. Медет Бакиевтiң билiгi тұсында ел көтерiлiп, ондаған мың адам көшеге шығып, толқып тұрғанда оппозиция мен билiктiң ортасын ойып жол салған саясатшы болды.
2009 жылдың 8 қаңтарында ол Президенттiң әкiмшiлiгi жетекшiсi қызметiнен өз еркiмен кеттi. Өзiне ұсынылған Сыртқы iстер министрi лауазымынан бас тартып, "демалғанды" жөн көредi. Көктемге қарай оның оппозиция тарапқа ауа бастағаны байқалған. Қайтыс боларынан бiрер апта бұрын жергiлiктi еркiн газеттерге шағын сұхбат берiп, "жақында қоғамымыздағы үлкен өзгерiске куә боласыңдар" дегендей астарлы сөздi айтып та жiберген. "Жол апаты" оның жоспарының орындалуына жол бермедi.
Қырғыздың белгiлi журналистерiнiң бiрi Асыран Айдаралиев 2009 жылдың 10 наурызында Медет Садырқұловпен кездесiп, сұхбат алмақ болған. Бiрақ Медет Садырқұлов өзiмiз газет шығарамыз, шығаруды саған тапсырамын, соған толық етiп жариялайық деген екен. Үш күннен кейiн Медет Садырқұлов қайтыс болады. Оппозицияшыл журналист Асыран Айдаралиев күзде саяси баспана сұрап, Финляндияға кетуге мәжбүр болған. Бакиевтiң билiгi кезiнде бұл сұхбатты жариялау қырғыз газеттерi үшiн өзiне-өзi қастандық "үкiмiн" жасағанмен бiрдей едi. Сонда да, 2010 жылдың 2 сәуiрiнде "Ел сөзi" деген газет бұл мақаланы жариялады. 7 сәуiрде революция болмағанда, "Ел сөзi" газетiндегiлердiң басына алмағайып күн туатыны сөзсiз едi.
Асыран Айдаралиевтiң: "А бiрақ бәрiнiң басын бiрiктiрiп (барлық оппозицияның), қаражат шашып кiргенде-ақ (қаржы жұмсағанда) Бакиевтер "мiне, билiктерiң ала берiңдер" деп шетке шыға қоюы қиын ғой. Ел болса ешкiмге сенбейдi, "митинг, пикет" деген сөздерден үш көшкен жұрттай көңiлдерi әбден қалған", – деген сұрауына Медет Садырқұлов: "Бiз ондай артық бейберекеттiкке, тәртiпсiздiкке бармаймыз, жол да бермеймiз. Елдi қинап ортаға да салмаймыз (елдi көтерiлiске шығармаймыз). Бiздiң стратегиялық бағытымыз, тактикалық жүрiсiмiз, сосын ең мәндi мәлiметтерiмiз болады. Тұп-тура нысанаға дәлденiп, бiрiнiң артынан бiрi жарылатын "смертельный бомбалар" жетерлiк. Атақты фраза есiңде ме? "Маңызды мәлiмет кiмнiң қолында болса, дүниенi сол басқарады" дейдi емес пе. Мәлiмет деген өте күштi құрал. Мiне, солай Асыран. Егер бiз бүгiн бүйтiп ертерек алға озбасақ, ертең бұлар бәрiмiздiң көзiмiздi ойып, ойына не келсе, соны жасап, шешемiздi Үшқорғаннан көрсетедi (Көрмегендi көрсетедi – Айдаралиевтiң сұхбатындағы жақша iшiндегi түсiндiрмелер бiздiкi. Н.Б.),– деп жауап берген.
"Би-Би-Си" радиосының Қырғызстандағы тiлшiсiне берген сұхбатында ол: "Бакиевтiң бағыты бiздi тұңғиыққа кептейдi. Жағдай күн санап ушығып барады. Шатақ өзiнен-өзi күшейедi. Бiрiншi кезекте оның отбасының айналасындағы шатақ өршидi. Бiзге болса, қырғыз мемлекетiн сақтау керек. Қазiр барлық күштермен қызметтесiп жатырмыз. Бакиевтiң iсiн екi айдың iшiнде бiтiремiз. Менiң бағамымда бұлар ресейлiк кредиттi сайлауға шашып жоқ етедi",– деген ойын бiлдiрген. Бұл айтылғандар Медет Садырқұловтың Қырғызстандағы билiктi өзгертуге батыл әрекеттенгенiн бiлдiредi.
Медет Садырқұлов 1953 жылы Қырғызстанның Шу облысының Кемiн ауданының Ильич ауылында, Шоқан деген кiсiнiң отбасында дүниеге келген. Қырғыз мемлекеттiк университетiнiң тарих факультетiн, аспирантурасын бiтiрген. Саяси ғылымдардың кандидаты. 1977-1999 жылдары Президенттiң әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi, 1999-2000 жылдары Қырғызстанның Есеп палатасының төрағасы, 2001-2005 жылдары Қырғызстанның Ирандағы елшiсi қызметтерiнде болған. Сосын Президент әкiмшiлiгi жетекшiсiнiң орынбасары, Үкiмет аппаратының министр дәрежесiндегi жетекшiсi, Президент әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi болып iстейдi. Шоқанның әкесi аумалы-төкпелi заманда Қазақстаннан Қырғызстанға көшiп барған. Медет Шоқанұлы жетi ағайынды – бес ұл, екi қыздың үшiншiсi. Медет Садырқұловтың өмiрi соқтықпалы-соқпақсыз омбы қарда малтығып, жалғыз жортқан жолбарыстың өмiрiн елестетiп кетедi. Өзге елде сұлтан болған бiрегей тұлғаның артында үш қыз, бiр ұл және өшпес өнегесi қалды.
Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi29.09.2011