Жаңалықтар

АФРИКАДАFЫ АШАРШЫЛЫҚ

ашық дереккөзі

АФРИКАДАFЫ АШАРШЫЛЫҚ

Сауаптан үмiттi исi мұсылман Сомалидегi аштыққа ұрынған адамдарға қайырымдылық жасауға ұмтылса, кейбiр ашкөз пенде ажалмен арпалысқандар үшiн бөлiнген мыңдаған қап гуманитарлық көмектi базарларда саудаға салып, шаш-етектен пайдаға кенелген. Ал ай сайын 26 мың бала Сомалиде аштықтан көз жұмуда.

Африка құрлығындағы Сомали, Кения, Эфиопия мен Джибути құрғақшылықтың кесiрiнен соңғы 50 жылда болмаған азық-түлiк дағдарысына ұшырап, ашаршылыққа ұрынды. Бүгiнде iшерге ас таппай қиналған 3,6 миллион адам ажалмен арпалысса, ай сайын 26 мың бала аштықтан көз жұмған. Әрине, бүгiнде өзге мемлекеттер қол қусырып қарап отырған жоқ. Тамақ, киiм-кешек, күнделiктi үй тұрмысына қажеттi заттар тиелген ұшақтар күн сайын Жер шарының түкпiр-түкпiрiнен африкалық елдердi бетке алуда. Өкiнiшке қарай, тұрмысы төмендерге арналған көмекке арам қолын сұққандар да табылады. Мәселен Бiрiккен Ұлттар Ұйымының хабарлауынша, Сомалидегi аш қалғандарға бағытталған бiрнеше мыңдаған қап азық-түлiк ұрланып, базарларда сатылымға шығарылған. Ұрланған тауарларды БҰҰ-ның Дүниежүзiлiк азық-түлiк бағдарламасы мен АҚШ халықаралық даму эмблемалары басылған қаптар арқылы таныған Бiрiккен Ұлттар Ұйымы екi айдан берi тәуелсiз тексеру жұмыстарын жүргiзуде. Тағдыры қыл үстiнде тұрғандардың тамағына қол салған ашкөздер тезге салынбаса, гуманитарлық көмек беретiн мемлекеттер көңiлiнде күдiк пайда болып, сенiмдерiне селкеу түсуi мүмкiн. Қазiр арнайы құрылған тексеру тобы жұмыстарын жалғастыруда, ал Сомалиге бағытталған гуманитарлық көмек тоқтатылған жоқ. Бұған дейiн Сомалидiң премьер-министрi қайырымдылық көмек тиелген керуендi талан-таражға түсiрмес үшiн қару-жарақпен күзету керектiгiн айтып, БҰҰ-ға арнайы әскери жасақ бөлуге өтiнiш бiлдiрген болатын. Алайда БҰҰ өкiлдерiнiң премьер өтiнiшiне қалай қарайтыны белгiсiз.

Бүгiнде дамушы елдердi азапқа салған ашаршылық халықаралық нарықтағы азық-түлiк бағасын да әбiгерге салды. Дүниежүзiлiк банктiң азық-түлiк бағаларына қатысты жүргiзген зерттеулерiне жүгiнсек, былтырғы көрсеткiштермен салыстырғанда, тамақ 33 пайызға қымбаттаған. Құны аспандағандар тiзiмiнiң басында жүгерi (84%), қант (62%), бидай (55%), соя майы (47%) тұр. Дүниежүзiлiк банк басшысы Роберт Зеллик: "Азық-түлiктiң арзандамауы және азық-түлiк қорының қалыпты жағдайдан төмен болуы аштық қаупiн қоюлата түстi. Бұдан әсiресе, әлеуметтiк жағдайы төмен адамдар өте қатты зиян шегедi. Мысалы Африканы жайлаған үш фактор – тамақтың қымбаттығы, кедейшiлiк пен саяси тұрақсыздықтың бiр мезетте адамдарға бас салуы қайғылы жағдайлардың жиiлеуiне себеп. Бүгiнде 12 миллион адам аштықтың қыспағында қалған", – дедi.

25.08.2011