Жаңалықтар

ТАҒЫ ДА МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ТУРАЛЫ

ашық дереккөзі

ТАҒЫ ДА МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ ТУРАЛЫ

Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығы қарсаңында мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiнiң мерейiн өсiрiп, мәртебесiн арттыруға бағытталған қадамымыз оңынан тумаған сияқты. Орыстiлдi интернет сайттары "ҚР-ның кейбiр заңнамалық актiлерiне мемлекеттiк тiл саясаты мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заң жобасындағы қазақ тiлiнiң қадiрiн арттыратын кейбiр талаптарға қарсы шығып, өре түрегелдi.

Нәтижесiнде Мәдениет министрлiгi заң жобасындағы мемлекеттiк, ұлттық компаниялар, әскери сала, сот, құқық қорғау қызметкерлерiне қойылған мемлекеттiк тiлдi мiндеттеу талабын жұмсартып, «Азаматтардың мемлекеттiк органдарға жазған ұсыныс-шағымы тек қазақ тiлiнде болуы керек» деген секiлдi бiрқатар талаптарды алып тастады.

Әдеттегiдей орыс тiлiн қолшоқпарына айналдырған орыстiлдi ақпарат құралдары мен ұйымдары алауыздық туғызатын мақалалары мен пiкiрлерiн жариялаудан жалығар емес. Олар тiптi, «ауызбiрлiгiмiздiң арқасында өз дегенiмiзге жетпей қоймаймыз» деуден тайынбайтынын ашық айтуда. Мәселен iлкiден қазақтың тiлiне қарсы «Русские в Казахстане» (www. russianaskz.info) сайтында «Лад» славян қозғалысының арызы жарық көрiптi. Ұйымның төрағасы Максим Крамаренко: «Соңғы кезде БАҚ-та Қазақстанда тiл саясаты қатаңдатылып, қазақ тiлiнiң қолданыс аясы кеңейедi, есесiне орыс тiлi қоғамнан ығыстырылады» деген пiкiрлер жариялануда. Бұл кампанияның идеологиялық орталығы – Мәдениет министрлiгi болса, оның басшысы, басты «казахиатор» Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза орыс тiлiнiң қызметiн тарылту, латын әлiпбиiне көшу секiлдi бастаманы көтерушiлердiң бiрi. Бұл жоғары билiк эшелонында орысқа қарсылардың көбейгендiгiн көрсетедi. Әрине, бұл Қазақстан мен Ресейдiң iшкi және сыртқы саясатына керi әсерiн тигiзiп, орыс тұрғындарын құрдымға батырады», – дейдi. Ол сондай-ақ, «қысымға ұшырататын заң жобасы Ұлт бiрлiгi доктринасының логикалық жалғасы iспеттес және Тәуелсiздiктiң 20 жылдығын атап өту қарсаңындағы бұл жағдай ұлтаралық келiсiмдi бұзатын арандатушы әрекет емес пе?!», – дейдi көлгiрсiп. Ал оның орынбасары Петр Кузьменко: «Бұл мұнда тұрып жатқан орыс және орыстiлдi тұрғындар үшiн төтенше жағдай болды. Бiз мән-жайды талқылап, саяси арыз қабылдауға дайынбыз. Мұны Қазақстанда бiзден басқа ешкiм iстей алмас. Қазақ тiлi ертең де, бүрсiгүнi де орыс тiлiнiң орнын баса алмайтыны белгiлi…» – дептi. «Лад» қозғалысы өкiлдерiнiң пiкiрiнше, заң жобасы қабылданса, орыс тiлi қоғамның барлық саласынан бiржола ысырылып, «ас үйдiң» тiлiне айналмақшы. «Тiл туралы» Заң жобасы қазiрдiң өзiнде мемлекеттiк мекемелерде талқылауға түсуде. Оны осы күйiнде «косметикалық өңдеуден» өткiзiп, бекiтiп жiбермекшi. Неге? Қазiр қазақтың көпшiлiгi орыс тiлiнде жазады, тiлдеседi. Елiмiздегi халықтың 64,4 пайызы – қазақ тiлiнде сөйлесе, 94,4 пайызы орыс тiлiн емiн-еркiн бiледi. Қазақ тiлiн Қазақстанда тұратын түркiтiлдес ұлттар – түрiк, ұйғыр, өзбектер жақсы бiлсе де, славяндар тәжiрибе жүзiнде қажет болмаған қазақ тiлiн мүлдем бiлмейдi де. Сол себептен тiлдiк саясатты аяқ астынан өзгерту елдiң әлеуметтiк, демографиялық, тiптi саяси-экономикалық жағдайына әсер етуi мүмкiн, – дейдi.

Мiне, бұл бергi жағы ғана. Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiне тойтарыс берушi кампания тап қазiр жатпай-тұрмай жұмыс iстеуде. Олар «Тiл туралы» Заң жобасында орыс тiлiне титтей болса да, қысым жасалса, бей-жай қарап отыра алмаймыз деп ашық айтуда. Ал ел-жұртты iштей арандатып отырған әлгiндей сайттар мен ақпарат құралдарына ләм-мим деуге жарамаймыз. Ол ол ма, Темiртаудағы орыстар қазақ мектебiнiң ашылуына қарсылық танытып, Ресей президентi мен премьер-министрiне хат жазып, көмек сұрап жатса да, жұмған аузымызды ашқан жоқпыз. Бұл қалай? Әйтсе де, Мәдениет министрлiгiнiң тiл мәселесiнде кейбiр босаңсыған кездерi болмаса, принциптiк тұстарда табандылық танытатынын атап айтуға тиспiз.

Әлия ҚҰРЫШЖАНОВА, Қазақ Ұлттық Университетiнiң Математика және механика Ғылыми-Зерттеу Институтының сектор меңгерушiсi:

– Иә, ол пiкiрталасты көрдiм, бiлемiн. Осы бағдарламаны дайындау барысында түрлi маман өкiлдерi қатысты. Жоба үлкен, көлемдi салаларды қамтиды, жан-жақты мамандардың пiкiрлерiн талап етедi. Сондықтан оның көптеген нұсқасы болуы сөзсiз. Жоба дайындау талай уақытты талап ететiнiн, арасында көптеген өзгерiстер енгiзiлетiнiн де ғылыми тәжiрибемнен бiлемiн. Мысалы өз тарапымнан жасалған жиырма шақты ұсыныстың тек бiрнешеуi ғана iрiктелiп алынды. Әрi бұрыннан қалыптасқан ереже бойынша, жұмыс барысында сарапшылар бiр-бiрiнiң көзқарасына әсер етпеу үшiн, жазған нұсқасына толықтай сенiмдi болу үшiн, жоба аяқталғанша өзара талқыламайды. Сол себептен де қазiргi кезде көптеген мамандардың пiкiрi топтастырылып, қарастырылғанын түсiнiп отырмын. Менiңше бұндай жағдайда түрлi нұсқа жасалып, талай өзгерiстердiң енуi қалыпты жұмыс тәртiбi. Талқыға салынған нұсқалар да көп болған. Бiрақ жоба барысындағы қауiпсiздiк тәртiбi дұрыс сақталмай, соңғы түпнұсқасы емес, шикi түрi интернетке тарап кеткенi өкiнiштi. Интернеттегi пiкiрталастарға қарап, адамдарды құр босқа таластырып қойды деп ойлаймын.

– Мәдениет вице-министрi Ғазиз Телебаев мемлекеттiк қызметке қабылданарда өтiнiштi қазақ тiлiнде де ғана емес, орыс тiлiнде де жазуға болады деп заң нормаларын жұмсартатынын айтты. Бұл орыстiлдiлерге жалтақтау емес пе?

– Жоқ, менiңше, ол ешкiмге жалтақтау емес, ол заңды құрметтеу, заңға бағыну. Бiздiң тiлек-талабымыз, ой-қалауымыз қандай болса да, Конституциямызда жазылған баптарға қайшы келуге болмайды. Өз елiмiзде қабылданған заңдылықты өзiмiз ұстанбасақ, құрметтемесек, басқалардан ештеңе күтуге болмас. Барлығын дұрыс шешу керек, заң өзгертiлсе ғана оған қатысты бағдарламаны да өзгертуге болады.

– «Тiл туралы» Заң жобасын дайындаушы жұмыс тобының мүшесi ретiнде айтыңызшы, қоғам құлағын түрiп отырған құжатты дайындауда қандай қиындықтар кездесуде?

– Бiрiншiден, қайталап айтып кетейiн, тек заңдылық аясында ұсыныстар жасалыну тиiс. Екiншiден, бұл бағдарлама үлкен мерзiмдi қамтитын болғандықтан, қазiргi өзгерiстердi қадағалап отырып, болашақтағы жағдаятты ғылым тарапынан көздей бiлу керек. Үшiншiден, басқа елдердiң тәжiрибесiн зерттеп, бiздiң тiлдiк саясатымызға тиiмдi, елдiң мұқтаждылығына сай шешiмдердi ұсыну керек; және төртiншiсi (бiрақ соңғысы емес), iске асырылатын, табысты бола алатын ұсыныстар жасалыну керек. Бұл бағдарлама барлық азаматтарымызға қатысты болатындықтан, еш қиялға берiлмей, терең, салмақты әрi ұқыпты шешiмдер ұсынылу керек. Бұны әрi көптеген басқа зерттеу параметрлердi қамту оңай емес, ғылыми, адами, азаматтық жауапкершiлiктi алға алып iстеу керек.

– Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығына аяқ басқанда мемлекеттiк тiлдiң өз мәртебесiн толық алмай отырғандығына не себеп?

– Бұл үлкен бiр тақырып, оны сағаттап талқылауға болар, алайда қысқа сөзбен айтқанда, әр әрекет астында мұтаждық бар. Адам өз мүддесiн, қажеттiлiгiн анық түсiнсе, оның iс-әрекетi де соған сай жасалады. Сол себептi осы жағын ойластыру керек сияқты. Ешкiмдi күштеп жасатуға болмас, бәрiбiр оның нәтижесi болмайды. Сондықтан азаматтарымызға тiл қолданысын, тiл үйрену жолдарын көрсетiп, түсiндiрiп, анықтап берiп көмектесiп отырсақ, бұл әлдеқайда жемiстi болар деп ойлаймын.

– Жалпы, «Мемлекеттiк тiл туралы» арнайы жеке заң қажет пе, жоқ па?

– Әрине. Сөзсiз керек. Тiл саясаты әрбiр адам өмiрiне қатысты. Уақыт өзгере келгенде тiлдiк жағдаят та өзгередi, сондықтан оны реттейтiн заң да өзгеруi тиiс. Ұлттық тiлдiң iске асырушысы – осы тiлде сөйлейтiн әрбiр жан, сондықтан оның өмiрлiк қажеттiлiгi, мұқтаждылығы, мүдделерi толығымен қамтылу үшiн заңдылық тетiктерi жасалыну тиiс.

Дәурен БАБАМҰРАТОВ, Болашақ» жастар қозғалысының төрағасы:

– Өкiнiшке қарай, бiз орыс тiлдi БАҚ-тарға ақпараттық соғыстан толығымен ұтылып қалдық. Бәрi үнсiз қалды. Бұл ненiң салдары дейтiн болсақ, нақты жауап бiреу ғана. Соңғы бес алты жылда жүйелi түрде басып, жаншылып келген ұлт патриоттары бүгiнгi күреске моральдық тұрғыдан да, қаржылай және саяси тұрғыдан да дайын болмай қалды. Осы жерде билiк мықтап ойлану керек деп ойлаймыз. Заң iшiндегi жекелей баптарға қатысты талқылауды шексiз жалғастыра беруге болады. Бiрақ дәл қазiр жақын арада ол заңның қабылдана қоймасы анық. Бiзге қазiр сәл уақыт ұтып, күш жинап алу керек сияқты. Өйткенi инициатива өзгенiң қолында кеттi. Ол бiр! Екiншiден, орыстiлдi БАҚ-тан ұтылып қалатынымыз сол кезде белгiлi едi. Билiктiң және қалталы азаматтардың көңiлi орыстiлдi БАҚ-та.

Ал негiзiнде «Мемлекеттiк тiл туралы» жеке заң керек деп ойлаймын. Елдiң көңiлi де, назары да, ойы да, тойы да ТIЛ болу керек қой. Қазақша сөйлеу ұлттығымыздың символына айналуға тиiс. Барлық қоғамдық ортада тек қазақша сөйлеу принципке айналу керек. Ал ондай принциптi қалыптастыру үшiн мемлекеттiң қауқары және ықыласы қажет.

Илья ИЛИН, Ауыр атлетикадан екi дүркiн әлем чемпионы:

– Бiзде орыс тiлiн қазақ тiлiмен бiрге тең дәрежеде қолданады. Қай тiлде сөйлегiң келедi, бәрiбiр. Менiңше, мұнда тұрған ештеңе жоқ. «Тiл туралы» заң жобасында не жазылғанын көрейiншi. Бiрақ қазақ тiлiнде сөйлеу керек дегенге қосыламын. Өзiм қызылордалықпын, сондықтан да қазақ тiлiн шамалы бiлемiн. Қазақ тiлiнде таза сөйлеудi армандаймын. Тiл үйренуге уақытым аз болса да, ағылшын тiлiн оқуға уақыт тауып жүрмiн. Қазақ тiлiн меңгере алмағандығым үшiн маған кешiрiммен қарауға болатын шығар. Тiптi кейбiр қазақтардың өздерi туған тiлiнде өте нашар сөйлейдi.

Ал интернет сайттарында жарияланған «Егер орыс тiлiн ығыстыратын болса, пикетке шығамыз, көтерiлiс ашамыз» деген пiкiрлер дұрыс емес! Көтерiлiске шығады деп ойламаймын. Бiздiң мемлекетте тiлден басқа да өзектi мәселе көп. Сондықтан да оған бола уайымдаудың қажетi жоқ.

01.09.2011 ж.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ