БҰЛ – ЖАҢЫЛУ МА, ЖАЛТАҚТЫҚ ПА?
БҰЛ – ЖАҢЫЛУ МА, ЖАЛТАҚТЫҚ ПА?
Мемлекеттiк тiл мәселесi қоғамдық сананы дүрлiктiрер нағыз саяси түйткiлге айналды. Бiр жағынан, осыдан он шақты жыл бұрын тек қазақтiлдi басылымдар қаузар «құлақкестi» тақырып болғандықтан да, бұл мәселенiң ортақ талқыға түскенiне қуануға болар. Бiрақ екiншi жағынан, өзi де ақсап тұрған тiл мәселесiн одан сайын ушықтырып, кикiлжiң тудыратындай жағдайға жеткiзудiң қажетi не? Өкiнiшке қарай, соңғы кезде билiк өкiлдерi мемлекеттiк тiлдi әлдебiр саяси дүрбелеңдi оқиғаның жалауы немесе желеуi етiп пайдалануға әдеттене бастаған сыңайлы.
Мемлекеттiк тiл саясаты туралы заң жобасына қатысты тамыз айының басында шыққан интернеттегi шудың өзi неге тұрады? Санаулы күндердiң iшiнде 4700 интернет-тұтынушы осы жоба туралы пiкiр (негiзiнен – қарсы) бiлдiрген. Ақыр аяғы, Мәдениет министрлiгi «бұл уақытша жасалған көп жобалардың бiрi ғана болатын» деп әрең құтылды Осы орайда, интернеттегi «жобаның» не үшiн талқыға түскенi түсiнiксiз? «Айдағаның бес ешкi..» дегеннiң керi ме?
Бiр жарым жылдан берi айтылып-талқыланып жүрген «Тiлдердi дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» қабылданды. Шындығында, бұл құжатқа 29 маусымда қол қойылса да, жалпы бұқараға хабары шiлде айында жетiп, өзi бiр айдан соң ғана жария болды.
Жалпы, мемлекеттiк тiл мәселесiнде көңiлге күдiк алатын жайттар көп-ақ.
Қазақстан премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов те мемлекеттiк тiлге қатысты ауық-ауық саяси мәлiмдемелер жасап жүр. Обалы нешiк, кейбiр мәлiмдемелерiнiң бiр-бiрiне қайшы түсiп жататыны да жасырын емес.
Шiлде айында Zakon.kz ақпараттық порталында ұйымдастырылған интернет-конференцияда премьер-министр балалық шағынан бастап қазақ тiлiн қалай үйренгенiне дейiн әңгiмелеп бердi. «Вот я по своему примеру хотел бы сказать, я родился в Целинограде, тогда практически русскоязычный город был. Образование получил в Алматы, потом в Москве учился. Все это проходило на русском языке и у меня были определенные проблемы с казахским языком. То есть я на своем примере хотел показать, что это не так сложно, что если этим заниматься, то можно выучить любому человеку любой язык», – дейдi Мәсiмов. (Премьердiң сөйлеу мәнерiн сақтау үшiн сөзбе-сөз, аудармасыз берiп отырмыз – авт.).
«По этому вопросу двух мнений быть не может. Для взрослых людей не казахской национальности, заставлять их изучать язык, наверное, нет необходимости, то есть он должен жить в той комфортной среде, в которой они живут. Для молодых людей, которые сейчас учатся в школе, в институте, вне зависимости от национальности, я думаю, им надо изучать этот язык и, я думаю, что это естественно и это не так сложно», – дедi Үкiмет басшысы осы онлайн-конференция барысында.
Дегенмен Мәсiмов өзiн полиглот санайтын сияқты. Ол Twitter парақшасында сағат сайын не iстеп, не қойып, кiммен кездескенiн, тiптi Үкiметте, жоғарғы билiкте қандай жаңалық болып жатқанын үш тiлде – қазақша, орысша, ағылшынша тәптiштеп жазуды әдет қылған. Тiптi араб тiлiнде де хабарлама жазатыны бар. Маусым айының басында Астанада 7-шi Бүкiләлемдiк экономикалық форум өтiп жатқан кезде Мәсiмов делегация басшыларымен кездескенi туралы хабарламаны арабша (араб емлесiмен) жазған. Рамазан айы басталғанда да Кәрiм Мәсiмов осы әдетiнен жаңылмай, Twitter парақшасында үш тiлде – қазақ, орыс, араб тiлдерiнде интернет-тұтынушыларға құттықтау жолдады.
Интернеттi жақсы көретiн премьердi дәп сол интернеттiң тұрақты пайдаланушылары «аяқтан шалды». Мысалы Twitter сайтындағы Кәрiм Мәсiмовтiң парақшасында баршаға арналған 1 мамыр мерекесiмен құттықтаудың әуелi орысша жазылып («Поздравляю всех с 1 мая!»), тек 2,5 сағаттан соң ғана қазақ тiлiнде жариялануын («Баршаңызды 1-шi мамыр мерекесiмен құттықтаймын!») интернет-тұтынушылар «сауатсыздыққа» балады. Қазiр Үкiмет басшысының интернеттегi хабарламаларының бәрi қазақ және орыс тiлдерiнде бiрдей жазылады.
Мемлекеттiк тiлдi насихаттауда саяси дабыра көпсөздiлiкке көбiрек ұрындыратын сияқты. Мысалы шiлденiң 14-iндегi Мәдениет министрлiгiнiң коллегиясын Кәрiм Қажымқанұлы бастан-аяқ қазақ тiлiне өткiздi. Сосын осы отырыста «Барлық қазақстандықтар қазақ тiлiнде сөйлеуi тиiс!» деген мәлiмдеме жасады. Бiр қызығы, осы орайда Үкiмет басшысы мен мәдениет министрi арасында арнайы меморандум қабылданған. Өзi қазақтiлдi Мұхтар Құл-Мұхамедпен «қазақ тiлiнде сөйлесiп, iс қағаздарын қазақ тiлiнде жүргiзейiк» деп келiсiм жасағаннан барлық мемлекеттiк органдардағы мемлекеттiк тiлдiң жағдайы оңалып кете қоя ма? Әлде Кәрiм Қажымқанұлы қарамағындағы әр министрлiк пен ведомство басшысымен Меморандум жасаспақ па?!
«Мы должны уважать языки других народов и одновременно повышать уровень своего родного языка. Для этого все жители страны должны говорить на казахском языке», – дедi Мәсiмов.
Бiрақ Қазақстанда қанша адамның мемлекеттiк тiлдi меңгергенiнен Үкiмет басшысының хабары шамалы сияқты. Өйткенi ол жыл басында ресейлiк «Эхо Москвы» радиосына берген сұхбатында былай деп мәлiмдеген: «…Но с другой стороны я считаю, что это нормально, что в Казахстане на казахском языке должны говорить. Я думаю, что из всех стран постсоветского пространства только мы остались, где еще 95% не говорят на коренном языке. Это нормально, то есть мы должны к этому подойти. Но подходить к этому нужно очень осторожно. То есть ориентир это все-таки на молодежь. В первую очередь на выпускников школ, молодое поколение. То есть туда. То есть когда человеку за 50, уже сложно его заставить менять свой образ жизни. Молодежь это совершенно другой вопрос».
Сонда «95 пайыз халық тұрғылықты (мемлекеттiк – авт.) тiлде сөйлемейтiнi» туралы премьер-министр қандай статистикаға сүйенiп айтты? Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев биыл жетекшi БАҚ журналистерiне берген сұхбатында «Мемлекеттiк тiлдi дамыту – маңызды мiндет болып табылады. 2009 жылғы деректер бойынша, мемлекеттiк тiлдi меңгерген қазақстандықтардың саны 64,4 пайызға дейiн көбейген. 2020 жылға қарай мемлекеттiк тiлде сөйлейтiн қазақстандықтардың саны 95 пайыздан кем болмауға тиiс» деген болатын. Ал Тiлдердi дамытуға қатысты жаңа бағдарламада қазiргi таңда Қазақстанда мемлекеттiк тiлдi меңгерген азаматтардың саны 60 пайызды құрайды.
Президент мемлекеттiк тiлге қатысты тағы да: «Қазақстан тарихында ешуақытта мұндай болған жоқ. Бүгiнде қазақ тiлiнде оқытылатын мектептерге балаларын беретiн қазақтардың саны 80 пайызға жеттi. Бұрын оның көлемi 20-ақ пайыз болатын» деп атап көрсеттi.
Ал Үкiмет басшысы мәскеулiк радио арқылы «Қазақстандағы халықтың басым көпшiлiгi қазақ тiлiнде сөйлемейдi» деген мазмұндағы мәлiмдеме жасағанда жаңылды ма, әлде?
Осы орайда, Темiртаудағы №9 мектеп-лицейдiң қазақ не орыс оқу ордасы болуына байланысты дау ушығып, Үкiметке дейiн жеттi. Бұл мәселе интернетте көп талқыланды, ақыры 15 шiлдеде премьер-министрдiң онлайн-конференциясында осы мектептiң тағдырына қатысты сұрақ қойылған болатын. Бiр айдан соң Кәрiм Мәсiмов «Қарағанды облысы басшылығына №9 мектеп-лицейiнде орыс тiлiндегi оқыту бағдарламасын қалдыруды тапсырды» деген хабар дүңк ете қалды. Бұл ақпарат Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң атынан Zakon.kz сайтындағы форумда жарияланған. Сонда Темiртау қаласы әкiмшiлiгiнiң қаладағы №9 және №16 мектептерiнде оқытуды қазақ тiлiнде жүргiзу туралы шешiмi ескерусiз қалғаны ма? Шын мәнiсiнде, бұл мәселе бойынша басталған сот әлi аяқталған жоқ. Темiртау қаласы әкiмшiлiгi өкiлiнiң «Үкiмет басшысының бұл тапсырмасы сот шешiмiне еш әсер етпейдi» деген мәлiмдемесi де қисынсыз сияқты. Қалай дегенмен де, соңғы сөз – соттiкi. Бiрақ соттың шешiмi қандай болғанда да, Үкiмет басшысының iс жүзiнде мемлекеттiк тiлге деген ұстанымы қандай екенi айқындалып қалған жоқ па?
Осы конференция барысында Мәсiмов өзiнiң Мәскеуге барып келген сапары жөнiнде әңгiмелеп бердi. Кеден одағы аясындағы кездесу үстiнде Қазақстан премьер-министрi былай деген: «…Казахстан, Беларусь, Российская Федерация — они остаются независимыми, суверенными государствами. У этих независимых, суверенных государств такие вопросы, как вопросы национального языка, то есть в Казахстане национальным языком остается казахский, это наш государственный язык, но с Беларусью, с Россией мы будем говорить на русском языке. Это наша сила, это наше преимущество. Для нас это внутри страны был достаточно чувствительный вопрос, поэтому я сегодня, с этой трибуны, здесь, в Москве, считаю необходимым обратить на это отдельное внимание», – дедi Мәсiмов.
Обалы нешiк, Мәсiмов мырзаның мемлекеттiк тiлдi Қазақстаннан тысқары жерлерде қорғауы мақтауға лайық әрекет болса да, «алдағы онжылдықта Қазақстанның барлық азаматтары мемлекеттiк тiлдi басқа тiлдердiң құқығын шектемей түгел үйренуi тиiс» дейтiн мәлiмдемелерi екiұдай ойға қалдырады. Жаңадан қабылданған мемлекеттiк бағдарламаның басты мақсаттары да Үкiмет басшысының ұстанымына ұқсас: 2020 жылы мемлекеттiк тiлдi меңгерген азаматтар саны 95 пайызға жетiп, орыс тiлiн бiлетiндер саны 90 пайыздан кем болмауға, ал ағылшын тiлiн үйренгендер саны шамамен 20 пайызды құрауы тиiс.
Бәлкiм, бiздiң күдiгiмiз орынсыз… Шынымен де, ендiгi 10 жылда ел тұрғындары орыс тiлiн де ұмытпай, оған қоса сол деңгейде қазақ тiлiн үйренiп алып, қоғамда мемлекеттiк тiлге деген құрметтiң күрт артуы ғажап емес қой?
Бәлкiм… мемлекеттiк тiлдiң мүддесi үшiн, Мәсiмов емес, бiздiң қателескенiмiз жөн болар едi…
25.08.2011