Жаңалықтар

ЖАСТАРДЫ "ЖАСАМЫСТАР" БҰЗАДЫ

ашық дереккөзі

ЖАСТАРДЫ "ЖАСАМЫСТАР" БҰЗАДЫ

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында "балалар колониясы" деген атпен белгiлi болған мекеме сол кезде қылмыстық атқару жүйесiне қарайтын. Дегенмен "кiшкентай қылмыскерлердiң" жас ерекшелiктерi, психологиялық жағдайлары ескерiле келе, ол арада он жыл өткеннен кейiн бiлiм саласына берiлген. Мұнда сотталушылар "тәрбиеленушiлер" деп аталады және олардың сапалы бiлiм, саналы тәрбие алуларына барлық жағдай жасалған әрi басты назарда.

– Мұнда жетiспейтiнi – ата-аналар және олардың мейiрiм-шуағы. Бiз қанша тырыссақ та олардың ата-аналарындай бола алмаймыз, болу мүмкiн де емес, – дейдi мекеме директоры Оспан Күнтубаев. – Бiзде тәрбиеленушiлердiң көпшiлiгiнiң дерлiк ата-аналары бар. Бiрақ олардың ата-ана деген аттары ғана. Көпшiлiгi азғындық жолға түсiп, ата-аналық құқығынан айырылғандар. Балаларының қылмыс жасап, осында келулерiнiң өзi – солардың "арқасы". Оны осында тәрбиеленiп жатқан 46 баланың қай-қайсысынан сұрасаң да айтып берерi хақ. Дегенмен солардың әрбiрiнiң көзiнен ата-анаға деген сағыныштың сазы есiп тұрғандай, бiр қарағанда.

Оспан Оразбекұлы бұл сөздердi бала жанын түсiнетiн тебiренiстi күйде айтты. Осыдан-ақ оның педагогтық қызметтi жүрегiмен таңдағаны көрiнiп тұр. Директордың айтқанындай, мекемеде балаларға бiлiм және тәрбие беруге қажеттiлердiң барлығы да бар. 18 оқу кабинетi қажеттi көрнекi құралдармен толық жабдықталған. Оларда дәрiс беретiн 23 мұғалiм мен 24 тәрбиешiнiң басым көпшiлiгi – жоғары бiлiмдi мамандар. Сонымен қатар, олар дәрiгерлiк амбулаторияда қызмет жасайтын 1 балалар дәрiгерi, 1 тiс дәрiгерi және 4 медбикенiң қызметiн тегiн пайдаланады. Пәндiк оқу кабинеттерi де мектептердегiдей. Барлық пәндер бойынша оқу құралдары бар. Мектептегi акт залы, мультимедиа кабинетi, шеберханалар, жаттығу залы, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары балалардың бос уақыттарын қызықты өткiзуге арналған. Ал демалыс бөлмелерiне теледидар қойылған. Мұндағы душ, монша, кiр жуу, тағы басқа нысандар қызметi де мекеме тәрбиеленушiлерiне арналған. Соның арқасында мұнда спорттың футбол, баскетбол, үстел теннисi түрлерiнен спорттық үйiрмелер жұмыс iстеп тұр. Балалардың "Балдәурен" домбыра ансамблi де көңiл көтеру iс-шараларын қызықты өткiзуге өз үлесiн қосуда. Мекеме асханасының дастарқан мәзiрi өте бай. Мұнда мал және құс етi тағамдары, балық қосып жасалған ас әрқашан да жұғымды. Оған қоса, көктем-жаз айларында бау-бақша өнiмдерiнiң бiрнеше түрлерi балалар денсаулығын жақсартуға септiгiн тигiзiп жүр. Балалардың күнделiктi үйде және мерекелерде киетiн киiмдерi түр-түрiмен бар. Қысқасы, мемлекет балаларға әкелiк қамқорлық көрсетiп отыр. Осы мақсатта жыл сайын бюджеттен 145 миллион теңге бөлiнедi екен. Ал мекеме ғимараттарын ағымдағы және күрделi жөндеуден өткiзуге бөлiнетiн қаржының жөнi бөлек. Мәселен үстiмiздегi жылы мекеменiң оқу ғимаратына 35 миллион теңгеге күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлуде. Ал, балаларды еңбекке баулу мақсатында шеберханаларға 417 мың теңгеге әртүрлi құрал-саймандар алынған. Өткен оқу жылында мектептiң сырты, шатыры, моншасы, кiр жуатын орны, бiр шеберханасы күрделi жөндеуден өткiзiлген.

Балалықпен немесе әлеуметтiк-тұрмыстық қиыншылық салдарынан жаза басып қылмыс жасаған жасөспiрiмдерге мемлекет осындай қамқорлық көрсетiп, оларды түзу жолға түсiру үшiн қолдан келгеннiң барлығын жасап бағуда. Дегенмен олардың балалық балдәуренiн қызықты өткiзетiн шақта қоғамнан оқшау өмiр сүрулерi жандарына бататыны да сөзсiз. Азат өмiрдi аңсаған балаларды аула iшiнде өткiзiлетiн iс-шаралар жалықтырып бiткен. Мұғалiмдер мен тәрбиешiлер қанша iзденгенiмен, олардың бос уақыттарын мағыналы әрi көңiлдi өткiзуге тырысқанымен, балаларға бiр нәрсе жетiспей тұрады. Ол, әрине, еркiндiк. Өздерi бiлiп тұрып немесе балалықпен жасаған қылмысқа айырбасталған еркiндiк.

– Бiзге балалар әртүрлi қылмыс түрлерiмен түседi. Олардың басым көпшiлiгi – ұрлық. Балалар қылмыстары қатарында кiсi тонау, алаяқтық, қарулы шабуыл жасау, кiсi өлтiруге немесе әйел зорлауға әрекеттену де бар, – дейдi мекеме басшысының тәртiп жөнiндегi орынбасары Нұрдәулет Қолаханов. – Көбiсi – балалар үйiнде тәрбиеленгендер. Олардың әрбiрiмен жеке жұмыс жүргiзген тиiмдi. Бiрақ оның мүмкiндiгi шектеулi. Балалардың бiр мезгiл еңбекпен айналысуларына жағдай жасаған дұрыс болар едi. Бұрындары мекеме кейбiр агроқұрылымдармен келiсiм-шарт жасау арқылы балаларды дала жұмыстарына қатыстырудың жолдарын қарастырып жататын. Қазiр прокуратура оған рұқсат бермейдi. Онысы да дұрыс. Қанша дегенмен, бiздiң тәрбиеленушiлер сотталғандар ғой.

Расында, бiр кездерi мекеменiң өз техникалық қызмет көрсету стансасы, наубайханасы және Шөлдала елдi мекенiнде 25 гектар жерi болған. Сол жерде салынған лагерьде тұрып, балалар дала жұмыстарымен айналысатын. Осы нысандар жекешелендiру кезiнде сатылып кетiп, мекеме балаларды еңбекке баулу мүмкiндiгiнен айрылып отыр. Әрине, мекеме аумағында пәндiк оқу сабақтарын өткiзуге арналған ағаш және темiр шеберханалары бар. Балаларды толыққанды еңбекке баулу үшiн шеберханадағы жұмыс жеткiлiксiз. Бұл – "Жасөспiрiмдерге арналған ерекше тәртiпте ұстайтын мектебi" мемлекеттiк мекемесiндегi шешуi кезек күттiрмейтiн және болашақта шешiлуге тиiстi өте маңызды мәселенiң бiрi.

Мекемеде жоғарыдағы құзыреттi органдардың араласуымен шешiлуге тиiс тағы бiр мәселе бар. Ол – мекемедегi балалардың жасын шектеу.

Қазiргi таңда мекемеде әртүрлi мерзiмге сотталған 11-18 жас аралығындағы 46 бала тәрбиеленуде. Дегенмен оларды түзу жолға салуда кәмелеттiк жасқа жақындап қалғандардың болуы қиындық туғызып отырған көрiнедi. Өйткенi мекемеге 16-18 жас аралығындағылар тергеу оқшаулауынан келiп түседi. Дәл қазiр мекемеде олар – тәрбиеленушiлердiң жартысына жуығы. Тергеу оқшауында отырған уақыт iшiнде қылмыстың қыр-сырын жетiк бiлiп шыққан "кiшкентай қылмыскерлер" мұнда сол жағымсыз әрекеттердi таратушылар рөлiн атқарады. Әлi кәмелеттiк жасқа толып үлгермеген бұл "жасамыстардың" мұнда өз "iзбасарларына" ықпалдары жоғары. Сондықтан "мекемеде тәрбиеленушiлер жасын 16 жаспен шектеген дұрыс болар едi", – дейдi облыстық бiлiм басқармасының осы салаға жауапты қызметкерлерi де, мекеме ұжымы да. Сонда ғана жаңылыс қадам жасаған жастардың түзелiп кетулерiне кепiлдiк болатын сияқты. Осы мәселе бала тәрбиесiне және балалар құқығын қорғауға қатысты құзыреттi мекемелердiң лауазымды басшыларын да ойландырса екен.

Мақалада мекеменiң "жасамыс" тәрбиеленушiлерi жастарды бұзады деп алаңдаушылық бiлдiруiмiз негiзсiз емес. Арнаулы мектепте 2008 жыл 2010 жылдары бүлiк шыққаны белгiлi. Сол бүлiктердiң бастамашылары ересек балалар екенiне ешкiмнiң дауы жоқ. Өйткенi "Қасқырды қанша асыраса да орманға қарап ұлитыны" секiлдi, олар – қашанда қылмыс жасауға бейiм. Олардың санасын тергеу оқшаулауында отырғанда естiген "қылмыс әлемiнiң ертегiсi" жаулап алған. Оның аса қауiптi жұқпалы аурудай өзгелерге де жұғатыны жаман ғой. Мiне, мәселенiң мәнiсi осында.

Болат ЖАППАРҰЛЫ

Тараз қаласы

22.09.2011