Жаңалықтар

МҰНАЙЛЫ ҚАРАШАҢЫРАҚ

ашық дереккөзі

МҰНАЙЛЫ ҚАРАШАҢЫРАҚ

Қазақтың ұлан-байтақ даласы сан ғасырлар бедерiнде елге қоныс, малға жайылым болған. Қарт Каспийдiң солтүстiк жағын алып жатқан көне Атырау жерi сан ғасырлар бойына құпиясын ашпай астындағы байлығын бауырына басып жатты. Табиғаты қатал өңiрдiң қашанда жазы ыстық, қысы суық. Бұл өңiрдi мекендеген көшпендi ел шөлге шыдамды мал тұқымдарын ұстап, жыл мезгiлдерiне қарай қоныстарын ауыстырып, күн кешiп жүрдi. Ал жер астындағы мұнай теңiзi осыдан 100 жыл бұрын ғана ашылып, елдiң әлеуметтiк өмiрiне үлкен өзгерiстер алып келдi. Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ мұнайын өндiру Венесуэла, Иран, Кувейт, Мексика, Норвегия, Сауд Арабиясынан да бұрын басталған екен.

Патшалық Ресей ХVII ғасырдың соңы мен ХVIII ғасырдың басында Оңтүстiк Азия елдерiмен сауда-саттығын жүргiзу үшiн Қазақтың кең даласын көктей басып өту керек болды. Патша сауда керуенi жүретiн жолды анықтаумен бiрге қазақ жерiнiң байлығын да зерттеу үшiн әскери топографтарын және оқымыстыларын оқтын-оқтын аттандырып отырған. Қазiргi Атырау облысында мұнай көзiнiң бары туралы алғашқы деректi 1717 жылы Хиуа мен Ембi өзенiнiң төменгi ағысы арқылы оңтүстiкке жол тартқан әскери-топографиялық экспедицияны басқарған Бекович-Черкасский жеткiзедi. Ол мұны I Петрдiң Жарлығына сәйкес ұйымдастырған едi. Ал ол мұнайдың барын қалай бiлдi? Ол жөнiнде қолымызда нақты дерек болмаған соң, кесiп айту қиын.

Ресей ғылымының бiлгiрi Григорий Силыч Карелин 1827 жылы қазақ даласының батыс аймағын аралаған. Топографиялық картасын жасай жүрiп, аймақтың флорасы мен фаунасын мұқият зерттеген. Ол сол жолы Бөкей ханның ұлы Жәңгiр ханмен де кездеседi. Жәңгiр хан оның бiлiм-бiлiктiлiгiне тәнтi болып, өзiне кеңесшi болуды ұсынған деген дерек те бар. Ол екiншi рет 1832 жылы Каспий теңiзiнiң солтүстiк-шығыс жағалауларын зерттейтiн iрi экспедицияны бастап келген.

Жуырда «Жас қазақ үнi» газетiнде жазушы-ақын Көпен Әмiрбек пен байырғы инженер-геолог Сайлау Жылқыайдаровтың сұхбаты жарияланды. Қойылған сұраққа орай Жылқыайдаров Атырау мұнайы тарихынан сөз қозғай келiп, Г.С. Карелиннiң экспедиция кiтабына жазған мына сөздерiн мысалға алған. «Каспий теңiзiнiң солтүстiк-шығыс жағалаулары өзiнiң географиялық жағдайы тұрғысынан өте маңызды аймақ. Алайда ол өзiнiң осы мәртебесiне сәйкес келетiн дәрежеде зерттелмеген. Теңiзшiлердiң кейбiреулерi ғана бұл шөлдi аймаққа бас сұққан. Онда да тиiп қашып қана. Табиғат зерттеушiлерiнiң ешқайсысы да Гурьев пен Көне Маңғыстау аралығында 900 шақырымнан астам қашықтыққа созылып жатқан жағалауларда болып көрмеген. Бұл аумақ – шынында да ауқымды аймақ. Ал оның бiздiң болашақ саудаларымыз бен Орталық Азия елдерiмен саяси қатынастарымыздың шын мәнiндегi кiлтi екенiн ескерсек, оның мәртебесi бұрынғыдан да биiктей түседi». Осы жазбадан-ақ Ресей үшiн бұл өлкенiң маңызы зор болғанын байқауға болады.

С.Гмелин, И.Лепехин, П.Паласс жетекшiлiк еткен экспедиция да 1768 жылы осы аймаққа келiп шатырларын тiккен. Олардың есептiк жазбаларында бұл жердiң мұнайынан басқа да минералдық шикiзаттар бары айтылған. Ал 1874 жылы Ресейдiң Геологиялық комитетiнiң тау-кен инженерi Д.Кирпичков Қарашұңғылдағы, Доссордағы және Иманқарадағы мұнай орындарын зерттеп жүрiп, жоғарыға жазған хатында былай дептi: «Мұнда мұнайдың мол қоры бар екенiнде еш күмiнiм жоқ. Алайда бұл байлыққа қол жеткiзу оңайға түспейдi. Себебi мұнда ауыз су жоқ. Медиен даланың бiр қиырындағы елдi мекендермен қатынас мүмкiн емес. Шабындыққа қолайлы шалғындар мен жайылымдар да жоқ». Табиғаты еуропалықтар үшiн қолайсыз келетiн Атырау өңiрiнiң мұнайын игеру оңайға түспегендiктен, патша үкiметi кейiнге ысыра берген.

Ресейге және басқа шетел компанияларына мұндағы мұнайды игерудiң сәтi 1892 жылдан бастап түстi. Геолог С.Никитин басқарған арнаулы экспедиция Атырау аймағын геологиялық тұрғыдан бағдарлы түрде зерттеуде және мұнай көздерiн ашуда едәуiр жетiстiктерге жеттi. Оның тағы бiр мақсаты Түркiстанға тартылған темiр жолды және сол аймақтың табиғи байлықтары мен ауыз су шығатын жерлердi де iздестiру болатын. Жұмыс барысында фосфориттер мен көмiр орындарын да анықтауларына тура келдi. Никитиннiң экспедициясы анықтаған Доссордағы, Қарашүңгiлдегi, Ескендегi мұнай көздерi сол кезде шетелдiктердiң де назарын аударды. Содан кейiн-ақ бұл өңiрге мұнай көздерiн iздеу мен барлау мақсатында бiрқатар қоғамдар, серiктестiктер және фирмалар бiрiнен соң бiрi сабылып келе бастады. Солардың арасындағы «Жайық-Каспий» мұнай қоғамының, «Ембi-Каспий» қоғамының, «Ағайынды Нобелдер серiктестiгiнiң», «Ембiнiң», «Орал мұнайының» әлеуеттерi басқаларға қарағанда күштi едi. Олар Доссор, Қаратон, Қарашүңгiл, Ескенге барлау жасады. С.Леман жетекшiлiк еткен компания «Ембi-Каспий» қоғамының концессиясын жалға алып, Қарашүңгiлде тереңдiгi 38-ден 275 метрге дейiнгi 21 ұңғыма бұрғылады. 1899 жылы қарашада №7 ұңғымадан 40 метр тереңдiктегi жеңiл мұнайдың бұрқағын аспанға атқылатты. Бұл – қазақ мұнайының алғашқы бұрқағы едi. 1910 жылы С.Леманның компаниясы ағылшын кәсiпкерлерiнiң қаржысын «Орал-Каспий» қоғамына тартып, Доссорда терең бұрғылауды жүзеге асырды.

1911 жылы 29 сәуiрде №3 ұңғыма 226 метр тереңдiктен тәулiгiне 17 мың тонна мұнай өндiрiп, дүние жүзiн дүрлiктiрдi. Осы күн қазақ мұнайының бастамасы болып тарихқа ендi. Ал 1913 жылы Орал облысының Әскери губернаторы Петерборға: «Орал облысының Гурьев уезiнде бiрталайдан бергi жүргiзiлген барлаулар оң нәтижесiн бердi. Осы жылы «Орал-Каспий» мұнай қоғамы Доссордан 4450615 пұт мұнай өндiрдi», – деген хабар жiбердi. Бiрақ сол мұнайдан қазақ жұмысшыларына болмашы жалақыдан басқа, жер иесi Атырау халқына еш пайда түскен жоқ. Бар пайда Ресей патшалығы қазынасына түсiп жатты.

1920 жылы В.И.Лениннiң тiкелей тапсырмасымен Чапаев дивизиясы Гурьев қаласы мен Ембi мұнай кәсiпшiлiктерiн Толстовтың ақ гвардияшыларынан босатты. Бүлiнген мұнай өндiру алаңдарын қалпына келтiру үшiн Ресейден жүздеген мұнайшылар жөнелтiлдi. А.Бородин мен Р.Фридман секiлдi бiлiктi маман инженерлер бастаған мұнайшылар жергiлiктi халықпен тiл табысып, аз уақыттың iшiнде Ембi мұнай кәсiпшiлiгiнiң өндiрiсiн жолға қойды. Доссордан партияның бастауыш ұйымдарын құрып, жұмысқа алынған қазақ жастарын қатарына тарта бастады. 1924 жылы Орталық Комитеттiң жұмсауымен революционер-жазушы Сабыр Шәрiпов те «Ембiмұнай» өндiрiс басқармасына келiп, жергiлiктi жастарды идеялық жағынан тәрбиелеу iсiмен айналысқаны бар.

Ал қыркүйек айында Доссор аудандық партия комитетiнiң конференциясы Батыс Қазақстан революциялық қозғалысынң мүшесi Әмiрғали Ипмағамбетовтi бiрiншi хатшы етiп сайлады. Жаңа құрылған ауданда халық шаруашылығы қалпына келтiрiлiп, тұрғын үй, мектеп, аурухана, Мәдениет үйi салынып, халықтың тұрмысын жақсартуға айтарлықтай көңiл бөлiнген. Мұнайшылардың арнайы училишесiнде оқыған қазақ жастары Әлғазы Iлиясов, Рахымжан Сағындықов, Әбiш Сүлейменов, Орынбай Бердiғожин, Қансұлтан Ауқатов секiлдi жастарға өндiрiс бригадаларын басқару сенiп тапсырылды. Жыл сайын Одаққа мұнай қажеттiлiгi артып, Атыраудағы Жылой мұнай қорын көптеп игеруге үкiмет барын салды.

Бұл кезде мұнай барлаушыларына байырғы тұрғындардың да көмектерi тидi. Жылойдың тұрғыны Бешiм Қызылбасов қарапайым шаруа. Бiлiмi болмаса да елде болып жатқан жаңалықтарға құлағын түрiп жүредi екен. Ол 1926 жылы жазда алыс ауылдардың бiрiнен келе жатып, Қосшағыл маңындағы шағыл құмның арасынан қара–қоңыр түстi жер үстiне жиналған майды көредi. «Сiрә мұнай дегенiң осы шығар» деп май араласқан құмды дорбасына салып алған. Үйiне барған соң әлгi майлы құмға шырпы жағып, от тигiзедi. Сол-ақ екен майлы құмнан жалын лапылдап шыға келген. Мұның мұнай екенiне көзi жеткен соң, ертеңiне Қосшағылға қайта барып, жер бетiне шығып жатқан мұнайлы құмды дорбасына салып алып, түстiк жердегi Доссор мұнай өндiру кәсiпшiлiгiнiң басшыларына көрсетедi. Басшылар тапсырмасымен жас геолог Петр Авров пен бiрнеше маман-инженерлер қарттың соңына iлесiп, Қосшағылдағы әлгi май құмға барып, зерттеу жұмыстарын жүргiзген. Көп кешiкпей арнайы экспедиция шығып, Қосшағылға бұрғылау жұмыстарын бастайды. Авров жер жағдайын жетiк бiлетiн Бешiм қартты өзiне кеңесшi, жол көрсетушi етiп жұмысқа қабылдайды. 1932 жылдың 28 қарашада Қосшағылдағы № 6 ұңғымадан мол мұнай қорының бұрқағы аспанға атқылап, елдi қуанышқа бөледi. Үкiмет Бешiм қарттың еңбегiн жоғары бағалап, «Қосшағыл мұнайын алғашқы ашушы» деген атақ берген. Осылай Қосшағылдан да өндiрiс орындары ашылып, ен далаға жан бiттi. 1935 жылы қыркүйектiң 23-i күнi Қосшағыл мұнай өндiру кәсiпшiлдiгi құрылды. Сол жылы Қосшағылда тұрғын үйлер, мектеп, аурухана, Мәдениет үйi салынып, пайдалануға берiлдi. Ал 1938 жылы аудан орталығы Жылойдан Қосшағылға ауыстырылып, «Қосшағыл-Гурьев» ауыз су құбырының құрылысы басталды.

1941 жылы Екiншi дүниежүзiлiк соғысқа «Ембiмұнай» мұнайшыларының көбi аттанды. Олардың орнын әлi бұғанасы қатпаған жас балалар мен әйелдер басты. Доссор мұнайшылары «Жауды жеңу үшiн Кеңес Армиясына қанша мұнай керек болса, соншасын өндiремiз!» деген ұранмен күндiз-түнi тынымсыз еңбек еттi. Мұнайшылар бiрнеше ұңғымаларды белгiленген уақытынан бұрын қазып, Қошқар, Тентексор, Нармонданақ жаңа кен орындарын iске қосты. Доссор мұнайшыларының жанкештi еңбегi Жеңiстi жақындата түстi. Ал соғысқа аттанғандар ерлiктерiмен көзге түсiп жатты. Каспий жағасынан Одерге дейiн жаумен шайқасқан мұнайшы Мұса Баймұханов асқан ерлiгi үшiн Кеңестер Одағының Батыры атанып, соғыс бiтуге елу күн қалғанда Польша жерiнде қаза тапқан.

Соғыстан кейiнгi жылдары жергiлiктi жердiң мамандарын көбейту қолға алынды. 1950-1960 жылдары атыраулық жастар арасында Мәскеудiң Губкин атындағы мұнай институтын және Алматы политехникалық институтын бiтiрген жас инженерлер саны көбейе түстi.

Тәуелсiздiк өз байлығымызды өз игiлiгiмiзге пайдалану мүмкiндiгiн туғызып отыр. «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы, «Қазмұнайгаз» барлау-өндiру» акционерлiк қоғамы, «Ембiмұнайгаз» өндiрiстiк филиалы өлкенi қамқорлықтарына алып, игiлiктi iстер атқаруда. Мұнайдан түскен пайданың қомақты бiр бөлiгiн халықтың әлеуметтiк тұрмысын жақсартуға жұмсауда.

25.08.2011

Көлбай Адырбекұлы