Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ БАСЫ —1456 ЖЫЛ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ БАСЫ —1456 ЖЫЛ

Жақында ғана "Ана тiлi" апталығында (2011 жыл, 2-8 маусым, №22) әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi тарих факультетiнiң доцентi, тарих ғылымының докторы Берекет Кәрiбаевтың "Керей мен Жәнiбек хандар Қазақ мемлекетiнiң негiзiн қалаушылар болды" атты ғылыми-танымдық мақаласы жарық көрдi. "Қазақ хандығы" туралы тақырыпқа көптен қалам тартып келе жатқан айтулы автор болғандықтан, бiрден оқып шықтық. Осыған байланысты айтарымыз анық болуы үшiн, мақаланың "әлққиссасын" түгел берудi дұрыс көрдiк.

"Тарих ғылымында ХIХ ғасырдың 60-шы жылдарынан берi Қазақ хандығының негiзiн қалаған екi тұлғаның – Керей мен Жәнiбектiң есiмдерi анықталып, белгiлi болған. В.В.Вельяминов-Зернов алғаш рет Оразмұхаммед ханның шығу тегiн анықтау барысында "Тарих-и-Рашидидiң" мәлiметтерiн айналымға ендiре отыра былай деп жазған болатын: "Қазақтар туралы (В.В.Вельяминов-Зернов қырғыз-қайсақтар деп жазады.Б.К.) "Тарих-и-Рашидиде" Мұхаммед Хайдар айтқан мәлiметтер хижра бойынша 860 жылдан 944 жылға дейiнгi, яғни 1456 жылдан 1537-38 жылға дейiнгi кезеңдi қамтиды. Ол 80 жыл iшiнде Мұхаммед Хайдар бойынша қазақтардың ең басты тұлғалары: жошылық Керей мен Жәнiбек, Керейдiң ұлы Бұрындық, Жәнiбектiң ұлдары Әдiк пен Қасым және Әдiктiң ұлы Тахир болды". Мақала авторы осыны тереңнен толғап алған соң, өзi мынадай тұжырым жасайды: "… Мiне, осы кезден бастап Керей мен Жәнiбек хандардың Қазақ хандығының құрылуындағы тарихи ролi анықталып, қазiргi күндерге дейiн оны ешбiр зерттеушi терiске шығармай, керiсiнше оны зерттеушiлердiң бәрi бiрауыздан мойындап отыр" …Хош, сонда "оны ешбiр зерттеушi терiске шығармай, керiсiнше оны зерттеушiлердiң бәрi бiрауыздан мойындап отырса" осы тұжырымға өз "версиясын" неге тықпалай бергiсi келедi? Қазақ хандығы туралы небiр ақылман азаматтар өз пiкiрiн бiлдiрген, ой айтқан. Мына бiр кiтапты қазақтың ардагер ғалымы профессор С.Д.Асфендияров және профессор П.А.Кунтенiң редакциясымен 1935 жылы Москва қаласында "Казакское краевое Издательства" шығарған. Аты-жөнi мынадай: "Прошлое Казакстана в источниках и материалах. Сборник 1 (V в.до н.э-ХVII в.н.э) Бұл аса құнды кiтапты 1997 жылы "Қазақстан" баспасы қайта басып халыққа ұсынған. Осы кiтаптың 111-бетiнде VI. КАЗАКСКОЕ ХАНСТВО (ХV-ХVII вв) дейтiн тарау бар. 1. "ПО МУСУЛЬМАНСКИМ ИСТОЧНИКАМ" – деп алып былай деп көрсетiлген: "К этим трем векам в сборнике относятся девять источников, охватывающих события с 1456 г. по 1627 г." Ендi (Мухаммед-Хайдар. Вельяминов. 139-140, 150-157, 192-202) деп алып кiтапта мынадай дерек көздерiн ұсынады: "…В ЭТО ВРЕМЯ (ОКОЛО 860-1456 г.) Абул-хайр хан владычествовал в дашти-кипчаке султанам джучидским приходилось от него очень плохо и двое из них, Джанибек-хан и Гирей-хан бежали в Моголистан. Иса-Буга-хан принял беглецов хорошо и отвел им край Джу (Шу-Ж.Б.) и Козыбаши, который составляет западную окрайну Моголистана. Там они зажили спокойно. После смерти Абул-хайр-хана улус узбекский пришел в расстройство, начались в нем большие неурядицы.Тогда множество народа откочевало к Гирей-хану и Джанибек-хану. Так что число собиравшихся около них людей возросло вскоре до двухсот тысяч, звать их стали узбеками-казаками. Эпохой, с которой началась собственно власть султанов казакских, надобно считать год 780 (1465-66), впрочем бог лучше знает…"(стр. 116) Осы арада ептеп ойласатын нәрсе бар. Ол – Мұхаммед Хайдар Дулатидiң "Тарих-и-Рашидиде" жазған, көрсеткен нәрселерiнiң бәрiн ой елегiнен өткiзiп алмай қабылдай беруге бола ма деген сұрақ. Себебi ол кiтап, өзi аты айтып тұрғандай – "Тарих- и-Рашиди". Яғни "Рашид ханның тарихы". Екiншiден, 1544-1546 жылы "бiрiншi дәптер" аяқталып, "екiншi дәптер" қашан көзi жұмылатын 1550-51 жылдарға дейiн созылады. Осыдан-ақ оқырман бұл кiтаптың "Қазақ хандығы" дүниеге келген уақыттан 100 жылдай кейiн дүниеге келгенiн байқауына болады. Әрi бұл тым шалғайда, Үндiстанда, Кашмирде жазылғаны да есте тұруы тиiс. Мұнан бөлек кiтап авторы Қазақ хандарына аса сүйiспеншiлiк танытпайды. Себебi олар –"Моғолстан" мемлекетiнiң төл перзенттерi. Ал Керей мен Жәнiбек Моғолстанды әуелi "қоныс сұрап кiрiп алып, ақыр соңы "Қазақ хандығына" айналдырып жiбергендер". Кiтаптың 33-тарауында (Мұхаммед Хайдар Дулати."Тарих-и-Рашиди". "Тұран" баспасы, Алматы. 2003. (305-бет) мынадай сөз бар: "Әбiлқайыр хан Дештi Қыпшаққа түгелдей билiгiн орнатқан кезде Жошы әулетiнен шыққан кейбiр тiмiскiшiл сұлтандар одан келер пәленiң исiн сезiп қалып, оны орнынан тайдырмақ болды". "Басында өстiп елден қашып, олардан бөлiнiп, жырылып қалып, бiраз уақыт тарығып, әрi сергелдеңде болғандықтан оларды "қазақ" деп атады. Бұл лақап ат қазақтарға осылай таңылды". "Ең ақырында сәтсiз тағдырдың қырсығынан соншама халықтан мiне, бүгiн төртiншi жыл боп барады, ешбiр жерде iз де қалмапты. Отызыншы жылдары (930 (1524 жылы) қазақ саны мың-мың (миллион) болатын. Қырық төртiншi жылы (944 (1537) сонша халықтан бұл жерде еш белгi қалмаған…" (306-307-беттер) Иә, көп "ғалымдар", "зерттеушiлер" басына жастанып жататын, "көзiне сүртiп оқитын", "қасиеттi кiтапқа" балайтын, "Тарих-и-Рашидидiң" айтары осы. Сонда көкiрегiңе келе беретiн "сонша халықтан бұл жерде еш белгi (ең болмаса iзi де) қалмаса", мына бiз, "қазақтар" қайдан шықтық?" дейтiн сұраққа еш жауап таппай қиналатының бар… Болса да бұндай кiтапқа үрке қарайсың… Менiңше, "Тарих-и-Рашидиден" гөрi, бiзге сол ұлы оқиғалар жүрiп жатқан кезеңде жазылған еңбектердi көбiрек пайдаланған дұрыс сияқты көрiнедi. Өз басым солай деп ойлаймын. Себебi олар Әбiлқайыр ханның тарихын жаза отырып, Керей мен Жәнiбектi де сөз етпей ме?! Және де олар Мұхаммед Хайдарға ұқсап, "Қазақ сұлтандарының алғаш билiк жүргiзуiнiң басы 870 (1465-1466) жылдан басталады" деп алып, артынан соған өзi күмәнданып, "Алла жақсы бiледi" деп қайырмаламайды. Бiрақ бұл кiтаптың бiр құнды жерi бар, ол – Моғолстан мемлекетiнiң тарихын қапысыз баяндауы. Мiне, осы жерден қолға сол замандағы саяси жағдайлардың жөн-жобасын бiле алатын деректер iлiгуi мүмкiн екенiн жасыра алмаймыз… "Арғы тегiмiз – Көк Түрiк, одан да әрiрек барсақ – Сақ, Ғұн, Скиф, Арғықазақ болып кете беремiз…" десек те, қалай қарай оқылса да (алдынан соңына, болмаса соңынан басына қарай ) "қазақ" деп естiлетiн таңғажайып аты бар, жұмыр жердiң тоғыздан бiр бөлiгiн мекендеген ұлы жаратылыс, өзiнiң тарих табалдырығын оң аяқпен аттаған күнiн қалай да бiлуге тиiс деп ойлаймыз. Осыған ең алдымен зер салғандар Алаштың ардақтылары екен. Солардың арасынан суырылып шығып, мамандығы темiржолшы болса да "Қазақ хандығы" тақырыбына қалам тартқан Мұхамеджан Тынышбаев болыпты. 1923 жылы Ташкент қаласынан жарық көрген "Сана" журналында "Түрiк-моңғол тарихы" атты еңбегiн жариялап, оны "1. Ең ескi заманнан бастап 1456 жылға шейiн" (Өзбек-қазақ айырылған жыл) деп бөлiмге бөледi. Сөйтiп 1456 жылдың қазақ мемлекеттiгiнiң алтын табалдырығы екенiн аңғартып өтедi. 1935 жылы қазақтың тағы бiр марғасқа ұлы С.Д.Асфендияров, басқа ұлттың ғалымы П.А.Кунте екеуi бiрiгiп, 1935 жылы Москва қаласынан қазақ тарихына арнайы кiтап бастырып, осы 1456 жылға арнайы тоқталғанын жоғарыда айттық. "..В это время (около 860-1456 г.) Абул-Хайр-хан владычествовал в Дашти-Кипчаке, султанам джучидским приходилось от него плохо и двое из них, Джанибек-хан и Гирей – хан бежали в Моголистан" деп көрсетедi. 1964 жылы жарық көрген "Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары" топтама кiтабына "Мұхаммед Хайдар Дулати" атты зерттеу мақаласын жазған академик Әлкей Марғұлан осы 1456 жылды бiрнеше мәрте шегелей айтады.Дәл осы кiтапқа "Қадырғали Қосынұлы Жалайри" атты еңбегiн бастырған ғалым Қадырбек Жүнiсбаев та осы 1456 жылға тоқталады. 1983 жылы жарық көрген "Қазақ ССР тарихы" атты 5 томдықтың 2-шi томы. Вильяминов-Зернов, Абусейiтова А.А., Мойсеев В.А., Әлкей Марғұлан т.б. Қазақ хандығының басталуын 1456 жыл деп көрсетедi. (188-бет) Қазақ ССР энциклопедиясы, Қазақ Ұлттық энциклопедиясы, сондай-ақ Оңтүстiк Қазақстан энциклопедиясы "Қазақ хандығы шамамен 1456-1847 жылдар аралығында өмiр сүрдi" деп анықтама бередi. 1983 жылы "Қазақ ССР тарихы" кiтабы 5 том болып шықты. Соның 2-томы "Көне заманнан бүгiнге дейiн" деп аталады. Осы аса құзiреттi кiтаптың, 188-бетiнде "Әбiлқайыр ханның әскерлерi мен Үз Темiр тайшы басқарған ойраттардың шайқасы "Көк-Қашан" (Сығанақ төңiрегiнде) тұсында 1456-1457 жылы болды" деп айшықталып жазып қойылған. Бұдан кейiн тайға таңба басқандай етiп: "Осы жеңiлiстен кейiн Әбiлқайыр хандығының көшпелi халқының бiр бөлiгi бөлiндi де, Керей мен Жәнiбек сұлтандардың басшылығымен Моғолстанға көшiп, Шу мен Қозыбас өзендерiнiң жазығына қоныс тептi" дейдi. Тағы да: "Әбiлқайыр 1468 жылы Моғолстанға жорыққа аттанған тұста кенеттен қайтыс болды" дейдi. Қазақ жерiнен алыста, 1987 жылы Қытайда, Шыңжаңда шыққан "Қазақтың көне тарихы" кiтабында белгiлi тарихшы Нығымет Мыңжан да дәл осы 1456 жылға тоқталады. Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Қойшығара Салғараұлы "Хандар кестесi" кiтабында 1456 жылға ойып тұрып орын бередi. "Қазақ хандығы қашан шаңырақ көтергенi жөнiнде бiрер сөз" ("Егемен Қазақстан", 28-маусым, 1996 жыл) Осы 1456 жылды Мұхтар Мағауин өзiнiң "Қазақ тарихының әлiппесi". ("Жұлдыз" журналы 1993. №12.83-151 беттер) "Қазақ хандарының ғұмырнамасы" атты кiтаптарында толықтай талдады. 1456 жыл "Әй, заман-ай, заман-ай", "Бес ғасыр жырлайды" кiтабында да бiрнеше мәрте қайталай көрсетiлген. (Құрастырушы Мұхтар Мағауин) Белгiлi философ ғалым, сенатор Ғарифолла Есiм 2003 жылдың 20 маусымында "Қазақ әдебиетi" газетiнде осы 1456 жыл туралы арнайы тоқталады. Қазақстан Республикасы Ата Заңының авторларының бiрi академик Сұлтан Сартаев "Ненi көкседiк, неге жеттiк" деп аталатын мақаласында ("Егемен Қазақстан", 2004.21.12) осы 1456 жылды толық қолдайтынын бiлдiрдi. Оқып көрелiк: "ХV ғасырда Қазақ хандығы құрылды. 1456 жылы Шу өңiрiнде Қозыбасы жайлауында Керей мен әз Жәнiбек қазақ хандығын – ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТIН ҚҰРДЫ". "Ана тiлi" апталығы 1996 жылы арнайы бет арнап, календарь-күнтiзбе де басып шығарды. "1456 жыл – Қазақ Ордасы шаңырақ көтердi" деп жаһанға жар салды. "Қазақстан" мемлекеттiк телеарнасы 1456 жыл – Керей мен Жәнiбекке ерген Ұлы Көштiң басталуы деп бiрнеше мәрте көрсеттi. Аса көрнектi ғалым Ақселеу Сейдiмбек 1456 жылды Қазақ хандығының бастапқы кезеңi ретiнде өзiнiң жазған еңбектерiнде атап өтiп отырды. (Қараңыз: "Көшпелiлер тарихы", "Атамұра-Қазақстан", Алматы. 1995 жыл.) "Ел болу жөнiндегi ұлы дүмпуге Жәнiбек ханмен қолдаса дем берiп (1456-1477 жж.) қазақ хандығының iргесiн бiржола орнықтырды. Жәнiбек хан – Барақ ханның бел баласы. Керей хан болса – Барақ ханның ағасы Болат сұлтанның баласы едi. Яғни Жәнiбек пен Керей немере"(58-59-беттер). Қытай ғалымы, ұлы мемлекеттiң барлық архивiн сүзiп шыққан ханзулық Хун Тау дейтiн тарихшы "Қазақ хандықтарының қысқаша тарихы" дейтiн кiтап жазып бастырды. Қытайлар Керей мен Жәнiбек туралы не дейдi екен, соны оқып көрелiк: "ХV ғасырдың 60-жылдарында өзбек хандығына Әбiлқайыр билiк жүргiзген кезде (1428-1468 жылға дейiн) билiк басындағы топтардың жағында ұлық таластарына орай өзара қырқысқан соғыс туылып, қалың малшы қауымдарды торғайдай тоздырды. 1456 Жылы Керей мен Жәнiбек сұлтандар Әбiлқайыр ханның тiзе батыруына төзе алмай елiн бастап Моголстанға, яғни кейiнгi Шыңжиянға қашып келдi. Ол кезде Шыңжияң ауданына Шыңғыс ханның екiншi ұлы – Шағатайдың ұрпағы Есенбұға үстемдiк ететiн. Ол өзбек ханымен жау едi. Ол Керей мен Жәнiбектi шығысына әкеп қоныстандырып, қарсы жақты дәрменсiз етпек болды. Сол себептi ол өзiне қарасты жердiң шығыс бөлiгiн, яғни Шу, Талас, Жетiсу өңiрiн оларға бердi. Өзбек хандығынан қол үзген осы малшы халық "қазақтар" деп аталды. (Профессор Сәбит Жолдасов. "Шежiрелi Оңтүстiк" Қазақпарат. Алматы. 2002. (62-63-беттер.) Әрине, бұл айтылғандардан басқа ғылым докторы, профессор, Қаныш Сәтпаев атындағы Ұлттық техникалық университетiнiң оқытушысы Керейхан Аманжоловтың "Түрiк халықтарының тарихының" 2-кiтабын қарап шығуға кеңес беремiз. (Алматы. "Бiлiм". 2002. Толықтырылып екiншi рет басылуы. "Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi жоғарғы оқу орындарының студенттерiне оқу құралы ретiнде ұсынған) Оқып көрелiк: "1456-57 жылдары Әбiлқайыр хан Сығанақ маңында Өз (Iз) Темiр тайшы бастаған ойраттармен соғысып, жеңiлiп қалды. Әбiлқайыр Сығанақ бекiнiсiне тығылды. Қарсылық көрмеген ойраттар Түркiстан мен Ташкент маңайын еркiнше тонады. Осы жеңiлiстен соң көшпелi халықтың бiр бөлiгi Жәнiбек пен Керей сұлтандардың басшылығымен Әбiлқайырдан бөлiнiп, Моғолстанға көшiп кеттi де, Шу өзенiнiң аңғарына барып қоныстанды"(113-бет). "Әбiлқайырдың 1456-57 жылы қалмақтардан ойсырай жеңiлуiне байланысты… Керей мен Жәнiбек шебер пайдаланды". "Керей мен Жәнiбек сұлтандар өздерiне қараған қолмен Әбiлқайыр хандығынан бөлiнiп 1456 жылы Моғолстанға көшiп келдi". "…Сонымен жеке Қазақ хандығының тарихы ХV ғасырдың екiншi жартысынан басталды. Оның құрылуының тарихы 1456 және 1466 жылдардағы Өзбек ұлысының бiр бөлiгiнiң бағынбаған сұлтандары Орыс ханның ұрпақтарының бастауымен (көшуiмен) Моғолстанның шекарасынан тысқары көшiрiлген және "Көшпелi өзбектер" деп аталатын мемлекеттiң 1468 жылы Әбiлқайыр хан өлiмiнен кейiнгi құлдырауымен байланысты". Ендi осыған керiсiнше, тағы бiр ордалы оқу орнында дәрiс оқитын – әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң тарих факультетiнiң доцентi, тарих ғылымының докторы Берекет Кәрiбаев өзiнiң өзектi ойларын айта бастайды. Оқып көрелiк: "1446 жылдан бастап Сыр өңiрi Әбiлқайыр ханға қарады дедiк. Осы жылдардан бастап 1457 жылға дейiн Керей мен Жәнiбек бастаған сұлтандардың Әбiлқайыр ханға наразылығы өсе түседi". "1457 жылы Сығанақ түбiндегi қалмақтармен ұрысқа түсу үшiн…" "Керей бұдан бiр мүшел жыл бұрын хан сайланған, яғни 1457-58 жылы хан болған". "Жазба және ауыз әдебиетi деректерiнiң мәлiметтерiн бiр-бiрiмен толықтырып, 1457-1458 жылдар оқиғаларының даму барысын былайша қалпына келтiруге болады. 1457 жылы жазда Әбiлқайыр хан қалмақтардың жорығы туралы естiп, қарауындағы елге жасақ жию туралы жарлық етедi. Сол жылдың күз айларында ол қалмақтардан жеңiледi". "Екi сұлтан да 1457 жылы жазда өз жайлауында болып, хан жарлығын естiген". "Жарлыққа сай әскер жiбермегендiктен олар Сыр бойындағы қыстауларына барудан қауiптенiп, 1457 жылдың қара күзiнде Шу бойына жеткен, әрине, алдын ала Есенбұға ханмен келiсе отырып. Ал келесi жылы, яғни 1458 жылдың көктемiнде Тұлпарсазда Керейдi хан етiп сайлаған". "Керей 1458 жылы хан сайланса да ол толық дербес мемлекеттiң ханы емес едi". "Ал толығымен дербес мемлекеттiң құрылуының аяқталуын бiз 1470-71 жылы жүзеге асқан деп санаймыз…" Сонымен Берекет Кәрiбаевтың пайымынша, Керей мен Жәнiбектiң "ұлы көшi" бiр жыл кейiн 1457 жылы қара күзде басталған. 1458 жылы Керей хан сайланған. "Ал толығымен дербес мемлекеттiң құрылуының аяқталуы 1470-71 жылы жүзеге асқан". "Жәнiбек хан туралы айтылатын шежiрелiк мәлiметтерде оның шын есiмi-Әбу Сайд. Ал лақап есiмi – Жәнiбек екенiн бiлемiз" – деп шегелейдi автор. Әрине, айрықша әспеттелiп, "Әз Жәнiбек" деп те атанғанын автор қалыс қалдырыпты.(Мұны Сұлтан Сартаев ағамыз қалай түзеткенiн жоғарыда "Ненi көкседiк, неге жеттiк?" деп аталатын мақаласынан үзiндi келтiргенде айтқан болатынбыз). Бiрақ Берекет Кәрiбаев ұлы хан Керейге келгенде ептеп мүдiредi. Мiне, қараңыз: "Жазба деректер мен тарихи зерттеулерде алғашқы қазақ ханының есiмi – Гирей, Герей, Кирай, Керей түрiнде кездеседi"– дейдi ол. Бұл, әрине, дұрыс емес. Оның азан шақырып қойған шын аты – Шахкерей болған. Бұны қазақтың ұлы ақындарының бiрi Шәкәрiм Құдайбердiұлы жазған шежiреден табуға болады.Тiптi сол "Шәкәрiмнiң" өзiнiң есiмi – "Шах Кәрiм" деген сөзден шыққан. Бұл ерекше атаудың қазақшаланған нұсқасын: Құйрық атып құлия, Түлкiдей қашқан жылмия. Бiзден де өтiп барасың, Қайран да, қайран сұм дүния, – деп толғанған Шәңгерей Бөкеевтен табасыз. Мұндағы "Шәңгерей" – сол Шахкерей ханнан қалған. Мұнан бөлек Шах-и-Мардан Есенов дейтiн Қазақ ССР Ғылым академиясын басқарған асыл ағамыз да болған Б. Кәрiбаев аталмыш мақаласында: "1428 жылы Барақ хан өлiп, хандық билiк шайбанилық Әбiлқайырға көшкенiмен, Ақ Орда хандарының ұрпақтары Сыр өңiрiнде қала берген. Олардың iшiнде Керей де, Жәнiбек те және басқалар да бар. 1446 жылы Әбiлқайыр хан Сыр өңiрiн Мауренахрды қайтарып, өз астанасын Сығанаққа көшiредi" – деп жазады. Берекет Кәрiбаев Сырдың орта тұсын жақсы бiлмейтiндiгi бiрден байқалып қалды. Сыр-Анамыз Өзбекстан шекарасын Шыназдың маңында басып өткеннен кейiн, солтүстiкке қарай құлдилайды. Жолай Арнасайда, Шардара су қоймасында кiдiредi. Арыс қаласынан күнбатысқа таман "Көксарай" су реттегiшiнде де аз-кем демiн басады. Осыдан кейiн Шәуiлдiрдiң тұсында, Отырартөбеден он шақты шақырым төменiрек, Арыстың суын қосып алып, Түркiстан қаласына қарай жөңкидi. Ұлы қалаға 15-20 шақырымдай күнбатыс тұстан орап өтiп, Шиелiге қарай жақындайды. Жаңақорғанның тұсында дариясу бiрте-бiрте күнбатысқа – Аралға қарай бiржолата бұрылады. Тарихта таңбаланған ұлы оқиғалардың бәрi де – Кир-Тұмар ханым шайқасы, кешегi Әбiлқайыр-Үз Темiр тайшы қақтығысы осы орамда болған. Әмiр Темiрдiң Ақсүмбе-Ұлытау жорығы да осы жерден басталған. Б.Кәрiбаев былай дейдi: "Екi сұлтан да 1457 жылы жазда өз жайлауында болып, хан жарлығын естiген. Жарлыққа сай әскер жiбермегендiктен, олар Сыр бойындағы қыстауларына барудан қауiптенiп, 1457 жылдың қара күзiнде Шу бойына жеткен, әрине алдын ала Есен Бұғамен келiсе отырып…". Екi мыңыншы жылдары екi ұлы хан Шу бойына көшiн алып өткен қасиеттi жердi арнайы барып көргенiм бар едi. Оны "Таңбалы тас" дейдi. Созақтан тiкелей тартсаңыз 350 шақырымдай жерде тұр. Уран өндiретiн "Қыземшек" қалашығынан күнбатысқа 150 шақырымдай жер. "Тайқоңырдан" 90-100 шақырымдай болады, арғы жақтан Арқадан Сарысу өзенi келiп түйiседi. Телiкөлдi де осы жерден табасыз. Шамалы жер жүрсеңiз "Қызылжыңғылдан" академик-сыншы Мұхамеджан Қаратаевтың кiндiк қаны тамған алқапқа ұшырасасыз. Бiр қол созым жерде "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" жырында суреттелетiн "Балталы-Бағаналы ел аман бол, Бақалы, балдырғанды көл аман болды" көрiп көзайым боласыз… Мiне, дәл осы араға, жақпар тасқа Керей мен Жәнiбек "автограф"–"қолтаңба" қалдырған. Қазақша мәтiнi былай: "Қыпшақ, алшын, арғын, қаракесек, үйсiн, табын иллахи қар рәсиге һамиша хаһа рахмет қыл сен алтауын, екiншi түрде айтқанда, "О, Ием, үмiтiне жету үшiн осы алтауына рахметiңдi бере көр!" Араб әрпiмен жазылған. Тапқан А.И.Шренк пен Х.Бекхожин. Олар оны Л.Кузнецовпен бiрлесiп көшiрiп алған. Оны "Записки Семипалатинского отдела русского географического общества, Вып. ХVI. 16-927 г" жариялаған. Оны бiзге жеткiзген академик Әлкей Марғұлан. Мiне, қараңыз: "Тамғалы тас сыры", "Қазақ тарихы" журналы, 1993 жыл. №3, 28-бет. Демек Керей мен Жәнiбек Сыр бойынан бiр түмен елмен көшуi мүмкiн емес. Олай болған күнде Керей мен Жәнiбекке ергендер солтүстiкке қарай 500 шақырым жол жүрiп, iзiнше керi бұрылып, Шуға, Мойынқұмға қайта оралады. Қарт Қаратаудан терiскейге өтетiн жол тек Ақсүмбе-Ақбикеште, Шиелi-Шәулiмшеде ғана бар. Парсының патшасы Кир осымен жүрген. Сырдан Арқаға асатын жол да осы жерде. Берекет Кәрiбаевтың тағы да қайта – қайта өзiне таяныш ететiн бiр "дерегi"мынадай… "Әбiлқайыр ханның өмiрiн тарих етiп жазған ХVI ғасыр тарихшысы Масуд ибн Осман Кухустани оның қайтыс болуын "874 жылы тышқан жылы 57 жасында…" деп көрсетедi дейдi ол. (ХV-ХVIII ғ.ғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А. 1969, 171-б) Бiрақ бұның дұрыстыққа жатпайтынын тым ертерек, ХХ ғасырдың басында Қазақ хандығы тарихының бiлгiрi В.В.Бартольд "Абулхайр" атты еңбегiнде "1469-1470 жылға сәйкес келетiн хижра бойынша 874 жылға қате теңестiрген" деп (390-бет) анықтап қойған болатын, (қараңыз: В.В.Бартольд. "Тюрки-Двенадцать лекций") Тiптi Бартольдты былай қойғанда өз замандасымыз, "Қазақ хандығы" тақырыбына көптен қалам тартып жүрген тарих ғылымының докторы, профессор Сәйден Жолдасбаев қарсы шығып отыр. Ол былай дейдi: "Бұл оқиғаны көрсетiп отырған басты себебiмiз, бiрiншiден, Әбiлқайыр ханның қаза болған кезiн "тышқан жылы" деп жаза отырып, оны хиджраның 874 жылы деп қателесiп, "сиыр" жылының көрсетiлуi, – дейдi ол ағынан жарылып. – Жалпы, мүшел жыл мен жыл аттарын көрсететiн ел аузында сақталған аңыздар ешқашан қате жiбермейтiнiн ескерген жөн. Мәселен Махмұт ханның түрiк сұлтаны Мехмед Фатихқа жолдаған хаты шындығында да тауық жылы – хижраша 870 жылдың 5 ақпанында жазылғанын есепке алып қарағанда, шындығында "тышқан жылының" 1468 жыл екендiгiне ешбiр дау жоқ". ("Қазақ хандығы қашан құрылған", "Қазақ әдебиетi", 9.03.2001 жыл.) Ал Берекет Кәрiбаевтың қайталай беретiн сөзi былай: "Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бiр түмен елмен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнiбек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жеттi". Ал тарих ғылымының докторы, профессор, Сәйден Жолдасбаев: "…шындығында да "тышқан жылының" 1468 екендiгiнде дау жоқ" десе. (Шынында да 1465 – тауыққа келедi) "Шығыс жылсанауын" қарай салу қиын ба? Сонымен салыстырамыз – Сәйден Жолдасбаевша – 1468 – тышқан болғанда оған дейiнгi 1467 – доңыз, 1466 – ит, 1465 – тауық, 1464 – мешiн, 1463 – қой, 1462 – жылқы, 1461 – жылан, 1460 – ұлу, 1459 – қоян, 1458 – барыс, 1457 – сиыр, 1456 – қайтадан "тышқан" боп шығады… Ал Берекет Кәрiбаевша "тышқан" 1457 жыл болса, онда 1468 жыл "тышқан" болмайды, "доңызға" айналады. Тарих ғылымының докторы, профессор Сәйден Жолдасбаев "доңызға" көне қояр ма екен?! Содан ба екен Сәйден Жолдасбаев мынадай "өкiнiшiн" бiлдiредi: "Қазақ хандығының құрылғандығы жайлы өз пiкiрiн ашық айтып жүрген жас ғалымдарымыздың бiрi – Б.Кәрiбаев. Әрi оның ғылыми зерттеу жүргiзiп жүрген тақырыбы да осы мезгiлмен байланысты. Сондықтан ғалым бұл мәселеге ерекше назар аударып, соңғы екi-үш жылдың iшiнде бұл мәселенiң төңiрегiнде көптеген ғылыми пiкiрлер айтып, баспасөзде бiрнеше мақала жариялады. Амал қанша, егер ғалым араб не парсы тiлiн бiлгенде бiзге көптеген мәселелердiң бетiн ашып беретiндiгi оның мақалаларынан көрiнiп-ақ тұр". ("Қазақ хандығы қашан құрылған?") Тағы бiр өкiнiштiсi, бiрқатар тарихшылар күннiң екi "айналымы" барын бiлмейдi. Оның бiрi – әрбiр үш жүз алпыс бес күн және тәулiктiң төрттен бiр бөлiгiнде Күн Тоқты (Зодиак бойынша аспанның үлкен шеңберi – Күннiң жылдық айналымы өтетiн эклиптиканың бойындағы он екi шоқжұлдыздың бiрi. Жылдық айналымында Күн бiр айда Зодиактың он екi шоқжұлдызының бiреуiн басып өтедi. Күн Тоқты шоқжұлдызымен қиылысқан күн көктемгi күн мен түннiң теңескен сәтi. Эклиптика 360 градусқа бөлiнедi. Зодиактың әрбiр шоқжұлдызы 30 градусты алып тұрады. Күннiң екiншi айналымы осы. Мұны белгiлi ақын әрi математик Омар Хайам "Наурыз-наме" деп аталатын еңбегiнде көрсеткен шоқжұлдызының бiрiншi минутында өзгермейтiн бiр нүктеге айнымай қайтып оралып тұрады. Жыл сайын бұл мерзiм қысқарып отырады. Ай күнтiзбесi бойынша жылына 11 (он бiр ) күн қалдық қалады да, 33 жылда 1 (бiр) жылға теңеледi. Осыдан келiп, "хижраның 1386 жылы" десек, оны бiздiң жыл санауымызға көшiру үшiн, мiндеттi түрде осы "33"-ке бiр бөлiп аламыз. Сонда "42"-ден келедi. Ендi сол "42"-нi бастапқы, хижрада көрсетiлген 1360-тан алып тастаймыз. Сол уақытта "1344" қалады. Жалпы "хижра" айы тарихтың 662 жылы жазда, шiлдеде басталады.(Бiздiң қазiргi жыл санауымыз үнемi 1465-1466 жыл деген сияқты екiге айырылып, қоса қабаттанып тұратыны сол себептен.) Осы хижра жылының басталған 662-нi 1334-ке қоссақ, бiз iздеп отырған "1966" жыл қолымызға тиедi. Сонда ғана "хижраның" 1366 жылы бiздiң қазiргi 1966 жылға айналады. Тарихқа табан тiрегендер өздерi қолына қалам алмай, әлдекiмнiң жаза салған сандарды айналымға қоса салып, жаңылысып жататындары сондықтан… Мысал керек болса, тағы да айтайық, "Егемен Қазақстан" газетi, 1996 жылдың 22 наурызындағы саны. Мақаланың аты "Керей хан" деп аталады. Авторы Берекет Кәрiбаевтың өзi. Ол былай деп жазады: "Бiз де Т.И.Сұлтановтың дәлелдеулерiн негiзге ала отырып, Қазақ хандығы 1458 жылдың күзiнде құрылған деп жазған едiк…" Сонда "бiз" деген кiм деген сұрақтың басы қылтияды. Болса да "құрылды ма, жоқ "ұлы көш басталды" ма деген ой туады. Жарайды, Берекет Кәрiбаевша, әрине, "ең соңғы тұжырым бойынша" "Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бiр түмен елмен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнiбек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға жетiп", "Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде Тұлпарсазда Керейдi ақ киiзге көтерiп, хан сайласа" естерiне бiрдеме түсiп кеткендей, тағы да бiр "күзде"(1458) не "құрып" жүр өздерi… Осындай "мен не деймiн, қобызым не дейдiлердiң" арқасында 1456 жылды Ұлттық Бiрыңғай тестiң (емтихан) сұрағына ендiре алмай отырмыз. Әзiрге мемлекетiмiздiң тарихы аттай 10 жылға кейiн шегерiлiп, "1465-66" жыл көрсетiлiп жүр. Сонда Керей мен Жәнiбек хандар 10 жыл бойына "ай қарап" жүрген бе?! "Қазақ хандығы", болмаса "Керей мен Жәнiбектану" көшi ендiгi жерде дұрыс бағытпен қозғала ма деген үлбiр үмiтiмiз бар. Қасиеттiмiз де, қастерлiмiз де Қазақ хандығы болған соң, бiр ауыз пiкiр айтқанды жөн көрдiк… Жарылқасын БОРАНБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, "Қазақ хандығы" қоғамдық қорының төрағасы 18 тамыз 2011 жыл