Жаңалықтар

Су – үйдiң жанында, ал иесi ?..

ашық дереккөзі

Су – үйдiң жанында, ал иесi ?..

2001 жылға дейiн Қарақыстақ каналы бас тоғанымен бiрге Т.Рысқұлов ауданының су және суландыру жүйелерi басқармасына (УВС) қарасты болатын. Осы жылы мекеменiң қаржылық жағдайы қиындап, канал Меркi ауданының меншiгiне өттi. Шын мәнiнде ол тiкелей Меркiге емес, республикалық меншiкке берiлген болатын. Бiрақ, 6,4 шақырымға созылатын каналдың игiлiгiн көрiп, пайдаланатын – Т.Рысқұлов ауданындағы Каменка, Жаңатұрмыс, Абай ауылының тұрғындары. Өйткенi ол осы ауданның аумағында орын тепкен. Бүгiнде олар каналдың суын тұтынғандары үшiн қосымша ақы төлеп отыр. Әрине, мұның жергiлiктi халықты қынжылтатыны өзiнен-өзi белгiлi.

2003 жылы ауданда «Құлан-су» коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорны құрылды. Сөйтiп, көршi ауданға өтiп кеткен Қайыңды, Шөңгер, Көкдөнен, Ботбай-Сиқым, Қарақат секiлдi нысанды және жер арналарын өз балансына қабылдап алды. Бiрақ, солардың iшiнде ең үлкенi саналатын Қарақыстақ бұл тiзiмде жоқ. Кәсiпорын директоры Марат Өсеровтың айтуынша, аталған ауылдармен қоса Жалпақсаз, Тасшолақ секiлдi бiрнеше учаскелердiң иелерi де жерлерiн осы тораптың суымен суарады екен. Олар Меркi аудандық су шаруашылығы мекемесiне «су тасымалдау» қызметi үшiн судың әр текше метрiне 4 тиыннан ақы төлейдi. Ақысына қарай бас тоғаннан су жiберiлiп тұрады. Мәселен, былтыр «Құлан-су» бiр жылда 205 мың теңге төлемақы төлеген. Одан бөлек, су бойында орналасқан пионер лагерiнен, «Степан» шаруа қожалығынан жылына 50-100 мың теңге аралығында төлемақы алып отыратын көрiнедi. Ал бiз сөз етiп отырған Меркiдегi су шаруашылығы мекемесi тiкелей «Тараз су шаруашылығы» республикалық мемлекеттiк кәсiпорнына бағынады екен.

– Егер Қарақыстақ бiздiң қарамағымызға берiлсе, оны ұстап тұруға толық мүмкiндiгiмiз жетедi. Жуырда ғана каналдың жиектерi жөндеуден өткiзiлдi, техникалық жағдайы жақсы. Сонда судың ақысы да мұнша қымбат болмас едi. Ал Меркi бiзден 40 шақырым қашықтықта орналасқан, сондықтан ондағы мамандар каналға дұрыс қарамайды. Негiзi, үнемi келiп, қарап, жөндi күтiм жасап тұрулары тиiс. Бас тоғанда бiр ғана жұмысшы отырады. Су ақысын мерзiмiнен сәл кешiктiре қалсақ, жағдайымызға қарамастан су берудi тоқтатып қояды. Ақшасы төленбесе – су да жоқ. Мейлi, бақша суару маусымы болсын, мейлi егiн науқаны болсын, оларға бәрiбiр. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген осы ғой, бiрақ ол жұмысшыны барып жазғыруға тағы болмайды. Жоғарыдан бастықтары хабарласып, «өшiр» десе, өшiредi, «жiбер» десе, жiбередi. Сонымен бiрге, текше метрiне – 4 тиын деген тариф рысқұловтықтар үшiн тым қымбат, – дейдi М.Өсеров.

Және осында атап өтетiн бiр жайт, «Құлан-су» кәсiпорны жергiлiктi бюджеттен бiр тиын да ақша алмайды екен. Өзi мемлекеттiк кәсiпорын неге мемлекеттен қаржыландырылмайды? Сол жағы түсiнiксiздеу.

Ал Қарақыстақ каналына қатысты «Тараз су шаруашылығы» республикалық мемлекеттiк кәсiпорнының директоры Iлияс Қазыкеев мынадай жауап бердi:

– 2004 жылы 21 желтоқсанда ҚР Үкiметiнiң «Республикалық меншiктегi су шаруашылық объектiлер тiзiмiн бекiту туралы» Қаулысына сәйкес, Қарақыстақ су торабы республикалық меншiкке жатады. Эксплуатациялық және жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлiнiп, игерiлуде. Соған қарамастан, аудан басшылары аталған су жүйесiн өз меншiктерiне алғысы келедi. Бiрақ ҚР ауыл шаруашылығы министрлiгi су ресурстары комитетiнiң төрағасы А.Рябцев бұл мәселеге соңғы нүктенi 2007 жылы қойған. Қарақыстақты облыстың қарамағына беру мүмкiн емес.

Иә, кiмнiң меншiгiнде болса да, арнаның игiлiгiн көрiп, суын пайдаланатын жергiлiктi ел. Егер Қарақыстақтың жағдайын жақсарту үшiн мол қаражат бөлiнiп жатса, судың сол елге жеткiзiлуiн, дұрыс тасымалдануын да ретке келтiретiн мүмкiндiктiң болғаны ғой. Канал бойында қоныстанған ауыл тұрғындарының тiлегi бiреу – баға тиiмдi әрi тұрақты және судың бас тоғаннан жiберiлуi қанағаттанарлық деңгейде болса; республикалық кәсiпорын шаруаларға бiр уақ жанашырлық танытса. Суармалы су үйiнiң жанында болғанымен, иелерiнiң басқа ауданда отырғаны олардың да жанына батады.

Жанат ҚАПАЛБАЕВА 18 тамыз 2011 жыл