Кендебай ҚАРАБДАЛОВ, "Қылует" этномузейiнiң директоры: САЗ ҚҰМЫРАЛАРДА МӘҢГIЛIК СЫР БАР
Кендебай ҚАРАБДАЛОВ, "Қылует" этномузейiнiң директоры: САЗ ҚҰМЫРАЛАРДА МӘҢГIЛIК СЫР БАР
– Кендебай, бұдан жиырма жылдай бұрын сiз бейнелеу өнерiнiң графика, акварель жанрларымен айналысқаныңыздан хабардармыз. Тiптi майлы бояумен кенепке салған кескiндемелерiңiз де әртүрлi деңгейдегi көрмелерде жақсы бағасын алып едi. Бiрақ бұл өнердi бiрден қойып кеттiңiз де, саздан – бұйымдар, қамыстан – сырнай, ағаштан – қобыз, терiден дағара жасауға ауыстыңыз. Суретшiлiктен өзге кәсiпке көшуiңiздiң сыры неде?
– Иә, өнердегi өткен жолымды көз алдымнан өткiзсем, сурет салуды алтыншы сыныптан бастаған екенмiн. Ақ қағазға гуашьпен, қаламмен акварель, графика салатын едiм. Мектепте сурет сабағы болғанымен, бұл пәннен бiздiң бiлiм ұясында түгiлi, бүкiл Қызылқұм ауданында арнайы оқулық та, мұғалiм де жоқ едi. Бұл сабақты бiзге басқа пәндердiң ұстаздары кезектесiп жүргiзе беретiн. Туған жер табиғатының сұлулығына сүйсiнiп, әсем көрiнiстердi қағазға түсiруге өз бетiмше талаптандым. Көкмардан ауылындағы орта мектептi 1976 жылы бiтiрген соң, Шымкент педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетiне түстiм. Бұл факультет те осы жылы алғаш рет ашылған болатын. Бұрын бiр факультеттiң iшiнде сызба геометриясы бөлiмi едi. Менiң орыс тобында оқуыма тура келдi. Өйткенi қазақ бөлiмiне студенттер толып қалған екен. Ауылдық мектептi тәмамдаған маған бастапқыда өте қиын болғанын да мойындаймын. Бiрақ көштен қалмайын деп намысқа тырысып, өзiмдi-өзiм қамшыладым. Маған оқытушымыз әрi факультет деканы Исақ Құсманұлы Кәдеевтiң ұстаздық ұлағатының көмегi де көп тидi. Жоғары оқу орнын 1980 жылы аяқтап, Шәуiлдiрдегi Ленин атындағы /қазiргi Ш.Қалдаяқов/ мектепке сызу-сурет пәнiнiң мұғалiмi болып орналастым. Бiлiм ұясында шәкiрттерге сабақ бере жүрiп, кенепке майлы бояумен кескiндеме жасаумен шұғылдандым. Өзiмнiң қабiлетiмдi байқамақ ниетпен салынған "Көкмардандағы ескi қала орны", "Арыс жағасында", "Таң алдында" деп аталатын шығармаларым бiрқатар көрмелердiң бәйгесiн алды. 1986 жылы салынған "Таң алдында" туындысында, мiне өзiңiз көрiп тұрғандай, таудың ұшар шыңын шапаққа нұрландырып күн ендi көтерiлiп келедi. Заңғар баурайындағы пирамидалардан тартылған жол етектегi балбал тасты, құмыра күйдiретiн жерошақты жанамалай өтiп, бұлақ айналасындағы шешек атқан жетi аппақ гүл шоғырына келiп тiреледi. Бастау басында екi жiгiт отыр. Мiне, бұл картинада ел тәуелсiздiгiн аңсаған азаматтардың арманын, қазақтың мәдениетi мен өнерi шетелдiкiнен асып түспесе, бiр мысқал да кем еместiгiн, ұлтымыздың құндылықтарын жаңғыртуды астарлап болса да сездiргiм келдi. Осы суреттегi балбал тас пен жерошақ құмырашы ұсталарға арналған ескерткiштi бiлдiредi. Осы шығармам Кеңес Одағы кезiнде дүниеге келгендiктен, талай қыспаққа ұшырады. Қаншама байқаулардан шеттетiлдi. Бағы елiмiз егемендiк алғанда ғана ашылды. Бұл еңбегiмде саздан жасалған бұйымдарды күйдiретiн жер ошақты бекер бейнелемеген екенмiн. Халқымыздың ертеде қорғасындай балқыған саз балшықтан қамырдай иленiп, тұрмысында көп пайдаланған құмыралары, әртүрлi ыдыс-аяқтары түсiме жиi кiретiн болды. Түсiнiксiз бiр тылсым күш қазақтың осы өнерiнiң қыры мен сырына қанығуға, соны игеруге ой-санамды баурап, өзiне тартты да тұрды. Ақырында суретшiлiктi бiржола доғарып, балшықты тұрмыстық, кәдесыйлық заттарға айналдырумен айналысуға көштiм. Халқымыздың ықылым замандардан берi қалыптасқан өмiр салты, материалдық және рухани мұралар жасау машығы қатты қызықтырды менi. Талпыныс – болашақтың алғы шарты. Мақсатыма жеттiм де. – Жердiң керектi қыртысын тауып, одан иiн қандырып илеген саздан түрлi қалыпқа келтiрiлген құмыраны, ыдыс-аяқты отқа қақтап шығару өте күрделi шаруа екенi мәлiм. Жалпы, қолөнершiлiкке ептiлiк тегiңiзде бар ма едi? – Ата-бабам, әке-шешем бұл тiрлiктен бейхабар. Өз үрiм-бұтағымызда ешкiм мұндай iспен шұғылданбапты. Әкем Әбжаппар бастауыш мектепте мұғалiм болды. 1994 жылы 82 жасқа жетiп, өмiрден озды. Әкем жарықтық, бала оқытып жүрсе де тiлек бiлдiрушiлерге жасырын түрде дiни сауатлын ашуға көмектесетiн. Дұғамен тiл-көздiң сұғын қайтаратын емшiлiгi де бар едi. Ал қолөнерiне епсектiлiгiм нағашы атам Халық Сержановтан ауысқан-ау деп топшылаймын. Ол темiрден, ағаштан, мал мүйiзiнен түйiн түйген танымал ұста болыпты. Жұртшылықтың сұранысы бойынша балта, шалғы, пышақ, ыдыс-аяқ жасай бередi екен. Алты, он екi қанат киiз үйлердiң жадығаттарын да әзiрлептi. Сонымен менiң саздан бұйым жасауға құштарлығым артқаны соншалық, құмыра құпиясын жатпай-тұрмай зерттеуге, зерделеуге кiрiстiм. Қилы кезеңде жау шапқыншылығынан жермен-жексен қираған Отырар қаласын қазғанда табылған құмыра сынықтарының, сазды қыздыратын жерошақтың қалдық-қаңқасының сырына үңiлдiм. Солардың нобайына қарап, саз илеуге қажеттi топырақтың да осы маңнан алыс еместiгiне, құмыралардың да нақ осы жерде күйдiрiлгенiне және мұны жергiлiктi тұрғындардың өздерi атқарғанына анық көзiм жеттi. Құрамында темiр, алтын, мыс, басқа да көптеген пайдалы заттар бар, майлылығы жеткiлiктi топырақ Арыс өзенiнiң бойынан табылды. Алдымен ошақтың бiрнеше жобасын жасадым. Жоқтан құрастыру қиын. Әуелгiде қатты қиналғаным рас. Өзiмнiң болжамыммен сұлбалаған ошаққа от жаққанымда қайта-қайта шытынап, тiптi жарылып кете бердi. Бәрiбiр алған бетiмнен қайтпадым. Өзiмдi-өзiм қайрадым. Тағы бiрнешеуiн қалыптап, этнограф-тарихшы Карл Байпақовты үйге арнайы шақырып көрсеттiм. Ол менiң жұмысымды әрi-берi қарап, жалынға қаншалықты шыдайтынына, оның үлгiлiк дәлдiгiне нақты бағасын айта алмады. Күмәнiн де келтiрдi. Ақырында Тәшкенге барып, өзбек ұсталарынан үйренiп қайтуды ұсынды. Бiрақ мен әйгiлi ғалымның бұл кеңесiнен бас тарттым. Адамның iстегенiн адам iстейдi. Қазақтың төлтума өнерiн оның өз перзентi меңгеруi тиiс. Әуелгiдегi әрекеттерiм сәтсiздiктерге ұшыраса да, ұнжырғамды түсiрмей, жұмысымды тоқтатпадым. Қасарысқан қарекетiм түптiң түбiнде дiттеген ниетiме жеткiздi. Ошақ оңдалды. Саздан құмыра қырлау қиынға соқпады. Осы тұста мына жайға жұртшылық назарын аударғанды жөн санаймын. Жалпы, саздан бұйым жасау өнерi қазақтың төл кәсiбi деген деректi ешбiр кiтаптан, тарихи жазбалардан кездестiре алмадым. Мәскеудiң, Санкт-Петербургтiң, Алматының iрi кiтапханаларында, мұражайларында талай құжат ақтардым. Алайда бiр де бiрiнде ұлтымыздың тума дүниесi екенiн айғақтайтын дәйек сөз айтылмайды. Құмыраға байланысты қазақтың бiр руының немесе баласының атын бiлдiретiн жазба мүлдем жоқ. Бұл бабаларымызды қасақана бұратана санағандардың әдейi қолдан ұйымдастырған қиянаты екенi даусыз. Қазақ халқы отаршылық кезiнде ұлттық төлтума мәдениетiн жоятын рухани экспансияны бастан кешкенi белгiлi. Мен саздан құмыра, ыдыс-аяқ жасау – қазақтың ежелден ата кәсiбi болғанын, халқымыз оларды тұрмысында күнделiктi кеңiнен пайдаланғанын көне Отырар, Сауран қалаларының қирандысынан табылған үлгiлер бойынша дәлелдеп шықтым. Саздан бұйым жасаушылыққа өзге халықтардың авторлық құқықты иемденiп кетпесi үшiн ол қазақтың бiрге жасасып келе жатқан төл өнерi екенi жөнiнде 2004 жылы әдiлет органына тiркетiп, авторлық куәлiк алдым. Әйтпесе, тек бiздiң ұлтымыздың брендiне айналған қымызды ыдысқа құйып және таблеткаға айналдырып рынокқа шығару құқын немiстер меншiктеп кеткенiн көрiп отырған жоқпыз ба? Ал құмыралар қазақтың тарихынан сыр ақтарар, шежiре шертер қыш кiтабы емес пе? "Өткеннiң парқын танымай тұрып, бүгiн мен болашақты дұрыс бажайлауға болмайды" демей ме даналық. Сөйтiп, сурет салып жүргенiмде де, кейiннен ұсталыққа ауысқанымда да туындыларымның Египетте бiр көрмесi өтсе деп көксейтiнмiн. Құдай сәтiн салып, бұл арманым да орындалды. Сол елде жерленген әл-Фарабидiң, Сұлтан Бейбарыстың зираттарына туған жерi – Қазақстаннан, Отырардан бiр уыс топырақ салуға барған облыстық делегацияға әртүрлi көлемдегi бiрнеше құмыраларымды берiп жiбердiм. Осы мемлекеттiң мұражайында сыртына ұлттық өрнек оймышталған, қазақша жазуы бар менiң саз бұйымдарым тұр. – Көрмеңiздiң дәл Египетте болуында қандай мүдденi көздедiңiз?.. – Ұлылардың кiндiк қаны тамған жерiндегi топырақтан жасалған заттар киелi де қасиеттi өнер туындылары олардың рухымен жақын болсын деген тiлегiм едi бұл. Әл-Фараби туған сахарада ежелгi көне өнердiң, кәсiптiң өшпегенiн сол мәңгiлiк мекенiн тапқан жерде де бiлсiн дегенiм едi ол. Қазақтың жерiнен бiрi – iлiм-бiлiм iздеумен жаһанды шарлап, ғұлама атанып, бiрi бала кезiнде құлдыққа сатылып, соңында батырлығымен, әскер бастаған қолбасшылығымен, Египет елiнде мұсылман мемлекетiн құрған қайраткерлiгiмен тарихи тұлға дәрежесiне жеткен бабаларымыздың рухына туған жерiнiң белгiсiн қауыштыру арманым едi. Туған жерiн, елiн аңсаумен ғұмыр кешкен бекзат та дегдар Бейбарыс жасы жетiп, қартайып дүниеден озарда өзiнiң сүйегiн жерлесi әл-Фарабидiң бейiтi жанына қоюды өсиет еткенi де тарихтан мәлiм. Мiне, осы ұлы бабаларымыздың қасында туған жерiнiң топырағынан жасалған құмыра мен саз сырнайдың тұруын жас кезiмнен мақсат етiп едiм. Оған жеткенiме өзiмдi бақытты санаймын. "Алмағайып күн туса да басына, Тектiлiгiн жоғалтпаған Бейбарыс. Тар қапасты қақ жарып, Дiн Исламға қорған болған Бейбарыс" деп ел билеген Сұлтанға арнап төрт жол өлең де шығарғанмын кезiнде. Шәуiлдiрдегi мұражайыма арнайы ат басын бұрған Әкiм Тарази, Серiк Тұрғынбеков, Ақселеу Сейдiмбеков осы жолдарды тыңдағанда "Бiз төрт том етiп жазатын дүниемiздi сен бiр шумаққа сыйғызып жiберiпсiң" деп әзiлдеп, – едi. – Айтпақшы, кезiнде саздан сырнайды шебер құйған ұсталық қабiлетiңiзбен елдi таңдандырып едiңiз. Бұл кәсiппен қазiр де айналысасыз ба? – Әрине, шұғылданамын. Бұл өнерiмнiң бiр қыры. Осы өнердi бастауыма жергiлiктi этнограф Асантай Әлiмовтiң Отырартөбеден тауып алған, үрмелi музыкалық аспапқа жататын екi тесiктi саз сырнайына қызығушылық негiз болды. Оныншы ғасырға жататын бұл музыкалық аспапты жетiлдiрудi ойладым. Халықтық музыка аспаптарын зерттеушi Болат Сарыбаевтың жасаған алты ойықты саз сырнайымен де таныстым. Мұны мен де қолға алып көрейiн деген тәуекелмен 1986 жылы он ойықты саз сырнай жасап шығардым. Оған "Отырар уiлдегi" деген ат бердiм. Тұсауын қазақтың бiртума перзенттерi Өзбекәлi Жәнiбеков пен Нұрғиса Тiлендиев кестi. 1988 жылы Мәскеуде 155 елден 255 ұлт пен ұлыс қатысқан бiрiншi дүниежүзiлiк халықаралық фольклорлық фестиваль өттi. Әр халық өзiнiң салт-дәстүрiн паш еткен сол байқауда он ойықты "Отырар уiлдегi" бас жүлденi жеңiп алды. Осы жылы тағы да Кеңес Одағы астанасында ұйымдастырылған әлемдiк көрмеде менiң саз сырнайым ЮНЕСКО-ның бас жүлдесiне ие болды. Сол фестивальде және көрмеде көрермендерге саз сырнайдан қазақ әуендерiн өзiм орындап бердiм. Өзге ұлттың саздарын да салдым. Мәскеуге сырнай жасайтын сазды, құралдарымды да ала барғанмын. Фестиваль, көрме кездерiнде қазақтың осы көне музыкалық аспабын көзбе-көз жасап та көрсеттiм. Ал, бұл әлемдiк дәрежедегi байқауда қазақтың ежелгi музыкалық аспабына берiлген шын мәнiндегi жоғары баға деп санаймын. Халқымыздың өзiмен бiрге келе жатқан сан ғасырлық тарихы бар, ежелгi құнды музыкалық құралының маңыздылығын да, құдiреттi әуенiн де әлемнiң мойындауы деп есептеймiн. Он ойықты саз сырнайдың үлкейтiлген үлгiсi қазiр Шымкенттiң орталық көшелерiнiң бiрiндегi тұғырда тұр. – Саздан көзенiң неше түрiн, тiптi сырнайды да жасауды шебер игергенiңiзге көпшiлiк тәнтi. Ал мұражайда тұрған қамыс сырнайды, қобызды, даңғыраны көрiп тұрмыз. Жәдiгер ретiнде қойғансыз ба? – Жоқ. Оларды да өзiм жасаймын және ойнап та бере аламын. Қалың өскен қамыстың қасынан, әсiресе күзде өтсеңiз немесе жақындасаңыз сояулары желмен бiрге уiлдеп, әуез тербетiп тұрғанын ауыл қазағы талай аңдаған болар. Оның жазда пiскен таяғының iшiнен үлпiршегiн алып тастап, сыбызғы оюды бала шағымнан үйренгенмiн. Ал бұрын-соңды жасап та көрмеген, тартып та байқамаған қобызды жонуға бiр бейтаныс науқас қояр да қоймай өтiнiш айтып келдi. Мен одан ешқандай хабарым жоқ. "Қолымнан келмейдi, Шымкенттегi, Алматыдағы әйгiлi шеберлерге ертiп апарайын. Солардан-ақ әперейiн, iздегенiңiздi" деп азар да безер болдым. Артынан бiлгендей, Бағлан Танабаев деген әлгi сырқат "тек сен жасаған қобызды тартсам ғана, құрысқан арқа-басым жазылып, ауруымнан айығам" деп жата-жабысып тұрып алды. Дерттi жанның меселiн қайтара алмай, ақыры бiр Аллаға сыйынып, нартәуекелмен өзiме мүлдем таңсық тiрлiктi бастап та жiбердiм. Жасағаным бiреуге шипа болса, өзiме де сауабы тиер деп түйдiм. Түн ұйқымды бөлiп, көздiң майын тауыса еткен еңбегiм зая кетпедi. Жасаған қобызымды дыңылдатып тартудан жаңағы адам жүйке дiмкәстiгiнен сауыққанын естiдiм. Содан кейiн қобыз жонуға именбей кiрiстiм. Мен жасаған осы саз құралдарым Алматыдағы орталық мұражайда тұр. Қазақтың ақиық ақыны Мұхтар Шаханов пен әлем әдебиетiнiң қайталанбас классигi Шыңғыс Айтматов та бiр-бiрден алған кезiнде. Мен жасаған қобыздар бiрқатар халық аспаптары оркестрiнде пайдаланылады. Қазақтың қыл қобызы – киелi аспап. Оның жан тебiрентер құдiреттi үнi елдi ынтымаққа, адамдарды бiр-бiрiне қамқор болуға шақырады. Дыбысын тыңдағанда жылаған бала уанады. Менмендердi тәубасына түсiредi, еңсесi түскендерге жiгер бередi. Қобыз – қазақпен егiз ұғым. Оның даусында ұлтымыздың тереңiнен тартылған тарихи сарыны, мұңы мен қуанышы бар. Түркi халқына ортақ ойшыл абыз Асан Қайғы қобызын арқалап, желмаясымен желiп жүрiп, халқына жерұйық iздеген жоқ па?! Елiне құтты адам атанған Қорқыт баба қобызының асқақ үнiмен, құдiреттi күшiмен қалың жұртын қилы заманда ымыраға шақырып, айналасына жинағаны да белгiлi емес пе? Қобызды жасау да, оны тарту да – өте күрделi өнер. Оны жонуға тораңғыл, жаңғақ, жиде, қарағаш, тұт ағаштары жарай бередi. Тек оны өңдей бiлiп, жұмбағын ашып жасаса, сайрамайтын қобыз жоқ. Соққанда дүбiрi жүректi дiр еткiзер даңғыраның үнi де алысқа меңзейдi, бабалар рухымен тiлдестiредi. Оны жасауға да аса қиналмадым. Кейiннен шалып тартар шаңқобызды жасауды да үйренiп алдым. Әр аспаптың өзiне тән ерекше үнi мен саздылығы болады. Ал, ендi саз сырнайдан бастап, дыңғыраға дейiнгi аспаптарды мен тартайын, сiз тыңдап көрiңiз. Бұларда ойнауды да өз бетiмше үйренгенмiн. Әлгiнде айтқанымдай, адам бiрнәрсеге ықыласы, құштарлығы ауса, оны түбiнде еңсермей қоймайтыны анық. /Ол аталған барлық аспаптарда қазақтың ежелгi, дәстүрлi және жаңа әуендерiн бiрiнен кейiн бiрiн ойнап шықты/. – Кендебай, сiз Отырар ауданында қызмет iстеп жүрiп, этнографиялық мұражай аштыңыз. Сол ауылда жүрiп-ақ қазақтың көне өнерiн жаңғырту арқылы танымал болдыңыз. Ал, Шымкентке көшiп келiп, мұражай ашуыңыздың сыры неде? Мәдени мұраға бай көне Отырар жерiнде де өнердегi жұрт мойындаған тiрлiгiңiздi жалғастыра беруге болмас па едi? – Мен өзiм де бұл туралы көп толғанғанмын. Дұрыс айтасыз, қолға алған iсiмнiң негiзi қаланған және ол қалыпты жүйеге түсiп қалған өңiрде шаруамды одан әрi дамыта беруiме болатын едi. Алайда мен көп ойлана келiп, түйсiк-сезiмнiң жетелеуiмен халық тығыз шоғырланған және келiмдi-кетiмдi қонақтары көп үлкен қалаға, мәдениеттiң ордасына қоныс аударайын деп шештiм. Облыс орталығында қолөнершiлiк ата кәсiбiмдi мейлiнше өркендетуге мүмкiндiк мол және сан қырлы өнерiмдi дамытуға, ұлттық құндылықтарымызды көпшiлiкке барынша танытуға мұнда қажеттi жағдай да бар. Экономикалық, әлеуметтiк мәдениетi жағынан да iрi орталық болған соң, әуежай, темiржол, автокөлiк арқылы жан-жақтан келетiн адамдар мұражайыма бас сұғатынына сендiм. Сөйтiп Шәуiлдiрдегi шеберханамды, мұражайымды сатып, 1996 жылы отбасыммен Шымкенттiң iргесiндегi Тұрлан экспедициясы кентiне табан тiредiк. Алдымен мұражай ашуға рұқсат сұрап, тиiстi құжаттар дайындауға бiраз уақыт кеттi. Жетi жылдан берi мұражай жұмыс iстеп келедi. Үйiмнiң алдында саз илейтiн, одан балшық күйiндегi қалыпта әзiрленген құмыраларды, сырнайды отқа күйдiретiн жерошақ, жалпы, кешендi шеберхана ұйымдастырдым. Онда дайындалған әр көлемдегi түрлi бұйымдарды мұражайға қоямын. Мұнда Отырар төбе қалашығында, басқа да жерлерде археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан сәттерiмде табылған ерекше жәдiгерлердi жинаймын. Негiзiнен өзiм әу баста жасауға қызыққан көзелерге көңiл аударамын. Солардың әлi күнге дейiн бүтiндей кезiксе де, сынығы iлiнсе де сол жасалған кезiндегi сiңдiрiлген алуан түрлi бояуларының, қақталған саздың шiрiмей, мүжiлмей, қалыңдығы да жұқармай жеткенiне таңданамын. Шыныдай жалтыраған бояуларының құпиясына қаныққым келедi. Олар қайта өңдеуге жатпайды. Бiрақ қалай да әлi толық ашылмаған тұңғиық сырын ұғуды тоқтатқан жоқпын. Бабалардан қалған не деген таңғажайып дүние! Әлем ғалымдары оларды "қыш кiтап" деп атауы бекер емес. Арада қаншама ғасырлар өтсе де олардың сыртына жазылған қазақтың, ата-бабаларымыздың өмiр салтын бiлдiретiн белгiлер мен бейнелер сол қалпында жетiп отыр. Қағаз жоғалып немесе шiрiп кетуi әбден мүмкiн. Алтын да көмескi тартады. Ал көзедегi бедерлер ешқашан өшпейдi. Мiне, мен көнеден жеткен осы ерекшелiктi өз жұмысыма пайдаланамын. Жасаған құмыраларыма туған жерiмнiң, елiмнiң атрибуттарын жазамын. Қолымнан шыққан көзелердi, саз сырнайды талай шетелдiктер алды. Қазiр де әкетiп жатыр. – Мұражай ашқаныңыз түсiнiктi. Оның тәрбиелiк мәнi аса зор екенi де мәлiм. Ал, жер астынан қылует қазуыңыздағы мақсатыңыз көп адамға жұмбақ болып тұрғанын несiне жасырамыз. Мұражайыңызды "Қылует этномузейi" деп атапсыз… – Ата-бабамыздың саздан бұйымдар, музыкалық аспаптар жасау дәстүрiн жалғастыруды өзiме аманат, мирас ретiнде қабылдасам, қылует қазуды адамдарды өздерiнiң ар алдындағы тазалығын сақтауға, кiсiлiк қасиеттерiнен айырылмауға тәрбие беру орны деп санадым. Яғни Ясауи жолын жүргiзудi өзiме мiндеттедiм. Мұражай мен қылуеттi тәлiм үйретудiң қос қанатындай бағамдаймын. Көненiң көзiндей көзелер ұлттық құндылықтарымызбен қауыштырады. Ал қылуеттi бiр көрiп шығу жер-ананың киелiлiгiне бас идiредi. Қылуеттiң тереңдiгi – 7 метр, енi 4,5 метр. Мұнда "Қыш кiтаптары бөлмесi", "Рухани тазару немесе махаббат жазығы", яки Алланың адамдарға шексiз сүйiспеншiлiгiн сезiну бөлмесi, "Қылует бөлмесi", яғни Құран оқитын орын және ағартушылық бөлме, демек ғибрат тыңдау, пiкiр алмасу деген бөлiктерi бар. Соңғы бөлмеде имандылық иiрiмдерiн саз сырнайдың, қамыс сырнайдың, қобыздың сиқырлы үнiмен бойға сiңдiруге болады. Жалпы, Ясауидiң ойлау дәрежесiне жетсек, жаман өмiр сүрмеймiз. Бабалардың ғибратын бойымызға ұйыта алсақ, мол асыл мұрасын игерген жағдайда кесапаттан өзiмiздi-өзiмiз сақтайтынымыз, ешкiмге жамандық ойламайтынымыз ақиқат. Қылуеттi бiр жылда отбасыммен қазып шықтық. Оны қазу кезiнде-ақ Ясауидiң болмысын, ғұламалығын терең түсiне бастадым. "Қылует этномузейi" деп атауымның себебi, шетелден келген қонақтарға да түсiнiктi болсын дегенiм ғой… Ұлдарым Ерболат пен Шынболат, қызым Гүлназ да көзе, саз сырнай жасаумен айналысады. Екi балам Ақ Азиада ойындары кезiнде қолөнерiнен ұйымдастырылған думанды бағдарламаға өз туындыларымен қатысты. Абай атындағы Алматы Ұлттық университетiнiң туризм факультетiнде оқитын Гүлназ да қолөнершiлердiң республикалық, халықаралық байқау көрмелерiнде бағын сынап жүр. – Мұражайыңыз қала орталығынан шеттеу екен. Адамдардың келуi қалай? – Мен бұл жердi әдейi таңдағанмын әуел баста. Мұражайдың жауын-шашыннан мүжiлген, қажалғанын көрiп тұрсыз. Мұны да өзiм қолдан жасадым. Бұл ескi заман көрiнiсiн бейнелейдi. Шымкенттен, облыстың аудандарынан, шетелден қонақтар келiп жатады. Интернеттегi сайтымыз арқылы бiздiң мұражайға қызығушылық бiлдiрiп, жақын-алыс елдерден де атсабылтатындар бар. Интернет арқылы құмыра жасауды үйренудi қалайтындарға сабақ та беремiз. Бiз ҚР Туризм және ақпарат министрлiгiмен тығыз байланыстамыз. Бiздiң өңiр Ұлы Жiбек жолы бойында орналасқандықтан, биыл мұражайымыз ЮНЕСКО-ның бекiткен халықаралық бағыттарының бiрнеше бағдарламасына енгiзiлгенiне қуанышымызда шек жоқ. Сұхбаттасқан Жеңiс БАҺАДҮР 18 тамыз 2011 жыл