Жаңалықтар

«Атандым барымташы АЯЗБАЕВ...»

ашық дереккөзі

«Атандым барымташы АЯЗБАЕВ...»

(Ерғалидың айтқан әнi)

Бүгiнге дейiн аты немесе заты өзгерiске ұшыраған әндер саны өте көп, олар туралы айтар сөз бiр мақала аумағына сыймайды. Осындай иесiн таппай алаңдаулы болып келген туындылар қатарынан «Шайтан қара» орны ерекше. Өткен ғасырдың 1930 жылдары қазақ зиялыларының басынан ауыр кезең өттi. Заманындағы белсендi, ұлтжанды зиялы қауымның халқы үшiн жасаған еңбегiнен, iс-әрекетiнен ғана емес, олардың өнерiнен, ән мен күмбiрлеген күйдiң үнiнен де «қоғамға жат» мiндер табылды. Ол үшiн бiр ғана «58-статья» күйiнiң тарихына үңiлсек те жеткiлiктi. 58-статья бойынша «ұлтшылдыққа қарсы» ұранмен талайлардың тағдыры аяусыз езгiге түстi… Осы жылдарда қуғынға ұшыраған авторлары секiлдi, әндерiнiң сөздерi «тәртiпке түсiп», өзгерiске ұшырады, ән иесiнiң есiмдерi ауызға алынбады, есесiне, қазақтың халық әндерiнiң «саны артып» отырды. Мысалы «банды» атанған атыраулық әншi-композитор Аманғали Кенжеахметұлының (1888-1928) шығармасы «тыйым салынған есiмдер» тiзiмiнде болып, Ғарифолла Құрманғалиевтiң репертуарында бүгiнге дейiн «Серi жiгiттiң әнi» болып сақталып келдi. Туынды мәтiнi алғаш рет 1963 жылы «Қазақ әндерi» жинағында халықтық үлгiлер қатарында «Жiгiт әнi» болып жарияланған. Оған тағдырлас қоғамға «жат мiнездi» әндердiң сөздерi қайта жазылып, мазмұн-мағынасы да өзгертiлiп жатты. Осындай өнер иелерiнiң бiрi – Батыс өңiрiнде «барымташы» айдары тағылған Ерғали Аязбаев (туған жылы белгiсiз – 1927 қ.б.) Бiзге жеткен деректерге қарағанда, өз өмiрiн қара халыққа көмектесiп, әлсiзге жақтасуға арнаған Ерғали заманында барымташылықпен айналысып, дәуiрiндегi қоғамдық-әлеуметтiк қайшылықтарға бағытталған күрестiң құрбаны болады. Алғаш рет Ерғали есiмi белгiлi жазушы Қ.Исабаевтың «Соңғы ерлiк» еңбегiнде аталады. Онда: «Ерғали Аязбаев – Таловка өңiрiне аты әйгiлi барымташы. Бiрақ ол кедейден лақ алыпты дегендi естiген жан жоқ. Не iстесе де байларға iстейдi… Аязбаев – өлеңдерi халық арасына көп тараған ақын адам. Бұл өңiрде Ерғали өлеңiнсiз той өтпейдi», – дейдi, сондай-ақ бұл деректi шығармада оның ел аузында кең тараған өлең шумақтары берiлген: Атандым барымташы Аязбаев, Жасымнан күн қақтады аяз қарып, Кедейден сынық ине алмасам да, Банды деп айдар тақты жала жауып. Түсiнер жан сырымды жан таба алмай, Қарысып өктемдiкке таласамын. Өзiң бiл кейiнгi ұрпақ не десең де, Әйтеуiр ханың емес қарашаңмын. Дүниенiң мынау пәни түнегiнде, Жөн таппай қараңғыда адасамын. Кедейге байдың малын айдап берiп, Тобырға туысымдай қарасамын. Амал не, уа халқым, жауға сендiң, Төзбедiм бұл қорлыққа дала кездiм. Соғып жеп қастасқанды аш қабандай, Басымды аршылмастай дауға бердiм, – деген жолдар Ерғалидың қара халықтың жоқтаушысы болғандығының куәсi. «Елдiң iшiнде банды атанған Аманғали, оған тағдырлас Ерғали секiлдi етi тiрi, пысық азаматтар бай-манапқа көнгiсi келмей, қызыл әскердiң қолшоқпары болудан қашып, кедейге болысып, «барымташы», «ұры» атанып отырған. Олар нағыз халықтың, көптiң адамдары болған. Ол халық өнерпазы», – дедi жазушы берген сұхбатында. Ерғали Аязбаев туралы мына бiр мәлiметтi 2000 жылғы Атырау облысына жасалған музыкалық-этнографиялық экспедицияда Махамбет кентiнiң тұрғыны, соғыс ардагерi, ақын С.Бердiмұратов (1921-2009) бердi. Ол соғыс жылдарында майданда Оралдың Таловка өңiрiнен келген Ғаббас деген жiгiтпен жолдас болады. Ерғалидың өлеңдерiн айналасындағы жауынгерлерге айтып жүрген Ғаббастан жеткен мәлiметтiң бiрiнде «Кеңес үкiметiнiң жауысың» деп Ерғали көп уақыт бойы қуғынға ұшырайды. Соңына түскен адамдар оны ұстай алмай, айлаға көшедi. Оған сөзi жүретiн жолдасына барып: «Ерғалиға айт, бiзден қашпасын, осы жүрiсiн қойсын, өздiгiнен берiлсе, бәрiн кешiремiз, тимеймiз», – дейдi. Үгiттеген құрдасының сөзiне сенген Ерғали өзi келгенде оны ұстап алып, «халық жауы» деп атып тастайды. Соғыстан соң елге оралған С.Бердiмұратов жауынгер Ғаббастан естiген Ерғалидың ұзақ өлеңiнiң есiнде қалған шумақтарын қағазға түсiредi. Өлеңнiң үнтаспаға түскен нұсқасы Құрманғазы атындағы ҚҰК-ның фольклорлық кабинетiнде сақтаулы (2000 ж.). Бұл өлеңдi Ж.Тұрмағанбетовтiң редакциялауында алғаш рет ұсынып отырмыз (редакцияланған тұстары тiк жақшамен берiлдi). Информатор айтқандай, өлең желiсiнен логикалық бiрiздiлiктi байқау қиындау, себебi бұл Ерғали сөзiнiң хатқа түскен кейбiр шумақтары ғана: Сөйлейiн, сөйле десең Алашым-ай, Айтулы мен жүйрiктiң баласындай. Бұл жауың дауылдатып, борандатып, Жiгiттiң келмей кеттi-ау шамасына-ай. Бұл заман азғындаған, тозғындаған Айттырсақ Алашыңның баласына-ай Қой, көңiлiм, әлде болса ренжiме, Ойласам тағы мiнез даласындай. Көңiлiм басқаларға сыя алмай жүр, Артыңа бiр айналып қарарсың-ай. Айтпаса қайдан шықсын көңiл назы, Қатардың өлшенбейдi көп пен азы. Бiреулер ойын-күлкi шаттықпен жүр, Бiреулер қасiретте қыс пен жазы. Қандай жан баспас дейсiң қазулы орды, Секiлдi сағым қуған құмай тазы. [Үмiтсiз бiр қонуға] зар болып жүр, Кешегi айдын көлдiң қу мен қазы. Көңiлiм көп ойлайсың әр тараптан, Бұл көңiлiм қауiп етер дұшпан жақтан Айттым ғой әлдеқашан қайран көңiл, Досың мен дұшпаныңнан бiрдей сақтан. Айырмай досың менен дұшпаныңды Ақыры болып келер шалалықтан. Арасы екi өзеннiң өскен жерiм, Кiр жуып кiндiгiмдi кескен жерiм. Дәм айдап елден шығып жүрген күнде, Елдегi не дейдi екен теңдестерiм. Өздерi не дейдi екен теңдесiм-ай, Қиындық сендерде емес өз басымда-ай. Кешегi ел iшiнде жүрген күнде, Аралас болып едiм қандасымдай. Жақсы едi бiрге жүрген ағаларым, Дұшпанның [жырттым] талай жағаларын. Басыңнан сөйтiп жүрген бақыт тайса, Жамандар бiлiп жүрмiн табаларын. Алаша Байбарақты елiм едi, Талөкпе туып өскен жерiм едi. Шыққанда жүйрiк жүзден, тұлпар мыңнан, Қадiрi әрдайым да бiлiнедi. [Жат жұртқа шарасыздан келiп едiм], Қорлықты өз жұртымнан көрiп едiм, [Бұл елде бiр мұсылман көзге түспейдi], Көңiлiм ойлап соны бөлiнедi. Даласы қазағымның дәл өзiндей, Шамасы қарап тұрсам бiлiнедi. Мен-дағы қия алмаймын өскен жердi, Кiр жуып кiндiгiмдi кескен жердi. [Келтiрiп көз алдыма сағынамын], [Айсыз түн, аспанда бұлт] көшкен жердi. Хайуанды нәсiп ет деп жолға түстiм, Зорлаумен өзiмдi-өзiм зорға түстiм. Iстерiм ұнамады елге сөйткен [Ақыры осы жолға әкеп салды] Араздық арпалысқан өңшең итпен. Атаның айналайын әруағынан, Құтқарған дұшпан иттiң қармағынан. Бақ тайса ердiң сөзiн кiм тыңдайды, [Жауыздар қоршап] тұрса жан-жағынан. Дұшпандар қамалады оң мен солдан, Көп қайрат келе бермес жалғыз қолдан. Тап болып талай ерлер құрған торға, Құдыққа түсiп кеттi тура жолдан. Арындап тауда ойнаған құлан едiм, Бұл күнде не келiп жүр бiздiң қолдан. Түссем де дарияның ағысына, Танбайтын жүйрiк едiм шабысынан, Сөз тыңдар жан тап келсе бағытыма. Аққудай пырылдаған көлде жүзген, Бүркiт ем құлан иек шөлде жүрген. Жақпады iстеп жүрген iсiм жұртқа, Жүремiн бой тасалап қаңқу сөзден. Демедiм көрiнгенге қас қылайын Жалғызға жар бола көр бiр құдайым. Жарлының алғаным жоқ жалғыз тайын Айдасам айдап кеттiм байдың малын. Iшiнде бiрен-саран болса болар, Өтiрiк алмадым деп ақсынбайын. Иә, Ерғалидың өмiр бейнесi бiзге жетiп отырған оның «Шайтан қара» әнiнде де суреттеледi. Бұл – халық арасында сақталған оның бiр ғана шығармасы. «Шайтан қараның» бiздiң уақытымызға жету жолының көптеген халық композиторларының мұрасы сияқты өзiндiк сан қилы тарихы бар. Әр жылдарда жарық көрген «Қазақ әндерi» Антологияларында, мысалы алғаш рет 1955 жылы «Сұрша қыз», «Маңмаңгер», «Көкаршын», «Айнамкөз» үлгiлерiнiң қатарында халық әнi, 1961 жылы Сейтектiң әнi болып жарық көрсе, 1963 жылдан бастап Ерғали Аязбаевтың әнi деп авторымен жариялана бастаған. Әннiң поэтикалық мәтiнiне назар аударғанда, автордың оралдық екендiгi әрi барымташылықпен айналысатындығы және бұл iсiн болашақта жалғастыру ойында барлығы ашық айтылады: Мiнгенiм астымдағы шайтан қара, Оралдан жылқы айдадым өңшең ала. Осыдан осы жылқы бойға сiңсе, Тағысын тағы айдармыз, қосшы бала. Кеңес кезеңiнде «феодалдық дәуiрдi жырлайтын ескiнiң сарқыны» бар әндердiң қатарынан орын алған «Шайтан қара» Махамбет кентiнiң тұрғыны Iзтай Есқалиевтан үнтаспаға жазылып, алғаш рет нотаға түстi: Сондай-ақ информатор бұл туынды ел аузында «Мақпал қара» деп те айтылады деген мәлiмет бердi. Нұсқаның екiншi шумағында автордың барымташылық әрекетi нақтылай суреттеледi: Әуелi арқанменен жiптi ұрладым, Қосайдың көк байталын қоса ұрладым. Ау! Iшiп-жеп бойға сiңiп, дем алған соң Осымен болады деп тек тұрмадым. Ал әннiң екiншi варианты әншi Қайрат Какимовтың айтуында нотаға түстi. Қ.Какимов вариантының екiншi шумағында Ерғали өзiнiң туған өлкесi Орал жерiн суреттей келе, барымташылық әрекетiне тiсiн қайрап жүрген байларға сес көрсете: Оралдың тауы биiк, жерi дала, Ат мiндiм күрең төбел, көзi қара. Сыртынан ер жiгiттi жамандаған, Дұшпанды кез келтiргей айдалада, – дейдi. Аманғали, Ерғалидың өмiр жолы ақын-әншiлер Жаяу Мұса, Мәди, Иманжүсiп, Батақтың Сарысы, Сарышолақ тәрiздi тұлғалардың тағдырымен сабақтас. Бұл өнерлi дарындардың бәрi де ән айтып, күй тартып, салдық құра сайрандауға шамалары келмей, қоғамдағы елеулi оқиғаларға араласып, әлеуметтiк теңсiздiкке арашашы болуды көксеген «бүлiкшiлер» едi… Мақалада қолдағы мәлiметтер ғана жүйеленiп, ұсынылып отыр. Ерғалидың өмiр жолы мен шығармашылығы әлi де зерттеудi, үңiле түсудi қажет етедi. Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА, өнертанушы 18 тамыз 2011 жыл