Жаңалықтар

«ТЫШҚАНҒА – ӨЛIМ, МЫСЫҚҚА – ОЙЫН...»

ашық дереккөзі

«ТЫШҚАНҒА – ӨЛIМ, МЫСЫҚҚА – ОЙЫН...»

Өмiр адамға бiр-ақ рет берiледi. Сұм ажал да адамға айтып келмейдi. Ал аңдаусызда келген ажалды саяси ұпай жинаудың құралына айналдыру үшiн түрлi қитұрқылыққа салыну – ешкiмге абырой әпермейтiн әрекет екенi айтпаса да түсiнiктi. Жаңаөзендiк 28 жасар жұмысшы Жақсылық Тұрбаевтың 3 тамыздағы қайғылы қазасы жұрт күткендей, бiрқатар оппозициялық БАҚ-тың негiзсiз шу көтеруiне алып келдi. Әрбiр адамның өмiрiнен асқан құндылық жоқ. Бұл – баршаға айдан анық. Осы жұмысшының өлiмiне қатысты нақты шындықты бiлуге қазақстандық қоғам да, билiк те мүдделi. Жақсылық Тұрбаевтың өлiмiне кiм немесе кiмдер кiнәлi, қандай жағдай себепшi? Мұндай сауалдардың тууы заңды да. Оқырмандардың естерiнде болса, басынан ашық жарақат алған Тұрбаевтың денесi өзiнiң жұмыс орнынан табылған болатын.

Маңғыстау облыстық Iшкi iстер департаментiнiң хабарына сәйкес, тергеу амалдары жүргiзiлiп, оны өндiрiстiк жарақат деп қарастыруда. Осыған қоса басқа да жорамалдардың болуы мүмкiн екенi назардан тыс қалдырылып отырған жоқ. Әйтсе де күнделiктi қылмысқа бiртабан жақын екенi аңғарылады. Тiптi Тұрбаев өлiмi қаладағы қалыпты жағдайды бұзуға ниет еткендер және жағдайды үкiмет бақылауынан шығаруды көздеген адамдар үшiн қолайлы себеп болуы да ықтимал. Бiраз уақыттан берi ереуiлге шығушы мұнайшылар арасында қылмысқа бейiм топтардың, арандатушылардың бой көрсетiп жүргенiн iстiң басы-қасындағылар ашық айтқан да болатын. Әдетте осындай кикiлжiңдер кезiнде әпербақан бiреулердiң, рухани тайғанақ, жуан жұдырық бұзақылардың отқа май құюға ұмтылатыны құпия емес. Әлемдiк тарих беттерiнде сайрап жатыр. «Гапондар» қай қоғамнан да табылады. Жасырары жоқ, ереуiлге қатысудан бас тартқан жұмысшыларды күшпен қорқытқан жағдайлар да болғаны аян. Бұзақылар бiреудiң жеке мүлкiн өртеуге жол берсе, ендi бiреулерiн кешкiсiн қараңғы көшеде «әңгiмелесуге» шақырған. Жүздеген жiгiттердiң апталап көшеде салпақтап бос жүруiмен бiрге мұнайшылардың қалашығында ұрлық жасау, iшiмдiкке салыну да көбейгенiн айтпай кетуге болмайды.

Баса айтатын нәрсе, «Мұнайфилдсервис» бөлiмшесiнде iстейтiн Жақсылық Тұрбаев ереуiлге белсене қатыспағаны даусыз жайт. Осыған қарамастан бiрқатар газеттер мен сайттар оның ереуiлдi қолдап-қоштағаны жөнiнде негiзсiз хабар таратып үлгердi. Қазiр ол туралы ұжымдық келiсiмдi қайта қарау бастамашысы, ереуiл лидерi Наталья Соколованың идеялық серiгi болған деген қаңқу үдеп түр. Мәселен жергiлiктi тiркелмеген «Народный фронт» бiрлестiгi құрылтайшыларының бiрi, театр режиссеры Болат Атабаев мырза Тұрбаевтың қазасын жұмыс берушiнiң «қызметкерлер қарсылығының мойнын жұлып алуы, одан басқа ештеңе емес» деп есептейдi. «Жұмыс берушiлер Тұрбаевтың жергiлiктi кәсiподақты басқарғанын қалаған, сол арқылы кәсiподақ тұтқасын ұстауды көздеген. Бiрақ ол бұған мүлдем келiспедi. Ұрыс-керiс, соңынан төбелес болған болуы керек, нәтижесiнде оны өлтiрген», – дейдi Атабаев. Осынау орынсыз жорамалымен ол Тұрбаев өлiмiне «ӨзенМұнайГаз» компаниясын тiкелей кiнәламақ болып отыр. Белгiлi режиссердiң қиялы жүйрiк екенiне дау жоқ, тек марқұм Тұрбаевқа кәсiподақ тұтқасын ғана емес, мұнай компаниясының барша тұтқасын «ұстатуды» неге жорамалдамағаны түсiнiксiз. Ақыры жорамал жасаған екен жарты жолда тоқтап қалғаны несi? Кәсiподақ жүгiн арқалау оңай ма екен? Әр iске бiлiм, бiлiк, кәсiби шеберлiк керек емес пе?! Үстiрт болжамыңды орынсыз тықпалау еш азаматқа абырой әпере қоймасы кәдiк. Оның үстiне ереуiл белсендiлерiнiң өздерiнiң айтуынша, марқұм Жақсылық Тұрбаев кез-келген сөздi тыңдауға құлықты болса да, соңынан басқалар ерiп кете беретiн көшбасшы болмаған.

Өзендегi осы даудың жай-жапсарынан толық хабары болмаса да, кез келген бейтарап бақылаушы марқұм Тұрбаевтың кездейсоқ өлiмiнен кейiн оның есiмi жергiлiктi тар ауқымдағы саяси ойынға жиi араластырыла бастағанын анық сезедi. Ойланып қарасақ, күнделiктi осындай түсiнiксiз жағдайда, беймезгiл ажал құшқан жандар елiмiздiң басқа қалаларында, өңiрлерiнде аз ба? Адамдар олардың аянышты өлiмiне iштей жаны ашып, айтып келмейтiн ажалға ғана наразылығын танытары белгiлi. Ал марқұм Жақсылық Тұрбаевтың өлiмi сан-саққа жүгiртiлiп, кейбiреулер үшiн нелiктен саяси ұпай жинаудың құралы боп тұр? Негiзiнде, мұндағы саяси «ойыншылар» үшiн Жақсылықтың шындығында неден қаза болғаны маңызды емес. Олар үшiн басты мақсат – идея үшiн мерт болған жiгiттiң бейнесiн қандай әдiспен болса да сомдау. Осы арқылы ел тыныштығын бұзып, қол жеткiзiлген тұрақтылықты шытынату. Дауылды теңiздегi жеңiл қайықты әдейiлеп шайқап, үрей мен сенiмсiздiк туғызу. Қайтыс болған азаматтың не үшiн күрескенi, тiптi күрескер болған-болмағаны да, нақты кiмге кедергi жасағаны қазiрше үлкен жұмбақ.

Бiрақ оның өлiмiнен саяси ұпай жинауға ұмтылушылардың кiмдер екенi және не үшiн қажет болғаны жұмбақ емес. Әңгiме айдан-анық – жанжал адам құрбандығына жеткеннен кейiн, адам өмiрi құнсызданғаннан кейiн Жаңаөзен жанжалына дем берушiлердiң тасасында байсалды күш тұрғаны сөзсiз. Және олар өздерiнiң алға қойған мақсаттарына жету үшiн ешқандай айла-амалдан бас тартпақ емес. Оларға не керек? Бұл да құпия емес… Маңғыстау аймағында, кеңiрек алсақ, бүкiл Батыс Қазақстанда әлеуметтiк тұрақтылықты бұзу, қоғамға iрiткi салу. Мұнайды талас-тартыстың нысанына айналдыруға ұмтылушылар газет пен сайттарда бұл «жасанды» жанжалдың не үшiн керегiн де онша жасыра қоймайтын сияқты. Жаңаөзендегi кампанияның түпкi мақсаты – Қазақстандағы үкiметтi мейлiнше әлсiретiп, бүкiл аймақтағы жағдайды әлеуметтiк жарылуға дейiн жеткiзу сыңайлы. «Тұрбаевтың өлiмiнен кейiн ереуiлге қатысушылар бiр кiсiдей «Нұр Отан» партиясынан шығатынын хабарлады», – дейдi интернет-басылымдардың бiрi. Кез келген партияға мүше болу немесе мүшелiктен бас тарту әркiмнiң өз еркiндегi мәселе, азаматтық құқығы емес пе, ал оған әдейiлеп саяси өң беру осы жаңалықтың режиссерлерiн әйгiлеп тұрғаны аңғарылады. Атпал азаматты қайта тiрiлту мүмкiн емес, әрине. Ең өкiнiштiсi, әлгiндей саяси «ойыншыларға» бiр жұмысшының бары да, жоғы бәрiбiр секiлдi. Тек кездейсоқ өлiмнен қорқынышты аңыз туғызса болды олар үшiн. Жақсылықтың өлiмi кiмге керек деген сұрақтың жауабы да осы емес пе?

Жағдай бұдан қарапайым болуы мүмкiн, әрине. Жұмыс орнында Жақсылыққа темiр сынығы құлады ма, әлде басқа бiр бақытсыз жағдай орын алды ма, не болмаса ол безбүйрек бiреумен жанжалдасып қалды ма? Мұның бәрiн мұқият жүргiзген тергеу мен әдiл сот анықтауы керек. Әйткенмен трагедияның тағы бiр қыры, маңыздылығы алғашқысынан кем емес екiншi түйiн қылтиып тұр. Мұндай қайғылы оқиғалар әлi жалғаса ма деген сауал баршаны мазалайды. Жанжалды өңiрдегi Тұрбаевтың өлiмi сияқты бақытсыздықтың қайталанбауына ешкiм кепiлдiк бере алмайтын сияқты. Қазiр Жаңаөзен қаласында өте көп ақша айналымы бар. Сондықтан қаладағы тәртiпсiздiк пен бейберекетсiздiк қаншалықты көп болса, содырлық пен қылмыс та қаулап, тамырланып өседi. Кәсiпорын үшiн де қалыптасқан жағдай өте өзектi, мәселе бейбiт келiсiммен аяқталып, жемiстi еңбек жалғасын табуға тиiс. Бiрақ қоқан-лоққы, қасақана арандатулар ешқашан оң жемiсiн бермейтiнi түсiнiктi. Иә, қарсы тұру акциялары бiртiндеп тоқтауда. Ендi алаңдарға, негiзiнен, жұмыстан шығарылғандар жиi жиналатыны байқалады.

Шындығында, алаңға шыққан адамдарға обал-ақ. Жағдайы бүгiнгiдей болса, оларға болашақтарын елестету оңай емес. Осыған дейiн адал еңбегiнiң өтемiне алып келген 250-400 мың теңге еңбекақы, тоқсан сайын берiлетiн сыйақы, он үшiншi еңбекақы және толық әлеуметтiк пакеттен қағылу ешкiмге де оңай тимейтiнi аян. Оның үстiне, қоғамға жiк салып, тынымсыз жүгiрiп жүрген «диссиденттер» құлқынын қампайтқан күмәндi белсендiлер босқа бас қатырған шығар… Осындай ауыр ойлар қаумалап, тепсе темiр үзетiн жiгiттердiң көңiлiне тыныштық бермей, жанын күйзелтер. Компаниядағы жұмыстан кетушiлер санының ұлғайып бара жатуы да ешкiмнiң көңiл-күйiн көтере қоймайтыны түсiнiктi. Әйткенмен өзiнiң мойнына мемлекеттiк мiндеттердi жүктеген «ӨзенМұнайГаз» компаниясына одан әрi де мұнай қазуы керек, ел бюджетiн толтыруға тиiс. Ереуiлшiлердiң орнына жұмысқа тұру ниетiн бiлдiрiп, жұмыс сұраушылар да жеткiлiктi. Әркiмге жұмыс керек, бала-шағасын бағып, өсiру керек. Бiрақ мұндай табиғи қажеттiлiк ешкiмнiң ызасын өршiтiп, наразылық тудырмауы тиiс. Әрбiр адамның табысты еңбек етуге қақысы бар.

Қалай десек те, Жаңаөзеннiң бүгiнгi жағдайы көңiл қуантарлықтай емес. Бәлкiм жұмысшы қазасы – құзырлы органдар мен үкiметтiң тәртiп орнатуы үшiн маңызды негiз болар деп үмiттенедi нәтижесiз ереуiлден бас тартқандар. Әйтпесе, тек өз мүддесiн көздеген кейбiр топтар желқайықтай жылмаңдауын тоқтататын түрi жоқ…

Құрбан ЖАЙЛАУОВ 18 тамыз 2011 жыл