550 ОТБАСЫ БАСПАНАСЫН КҮТУДЕ
550 ОТБАСЫ БАСПАНАСЫН КҮТУДЕ
Биыл қазан айында мемлекеттiк «Тұрғын үй құрылыс» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған 550 отбасы баспаналы болады. Бұл жайында Алматы қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Қайрат Нұрқадiлов журналистерге берген сұхбатында кеңiрек айтып бердi.
2014 жылға дейiн «Алғабас», «Ақбұлақ» ықшам аудандарынан 5 қабатты 87 үй бой көтермек. Олардың барлығы 2005-2007, 2008-2010 жылғы мемлекеттiк «Тұрғын үй» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған қала тұрғындарына тиесiлi. Ал жыл аяғына дейiн 20 үйдiң құрылысы аяқталып, пайдалануға берiлмек. Айта кетейiк, мемлекеттiк бағдарлама бойынша баспанадан 11 мың адам, ал коммуналдық-кепiлдiк баспанадан 14 мыңнан астам адам үмiттi.
Қаланың оңтүстiк-батыс бөлiгiнен қоныс тебетiн баспананың құрылысына 4 миллиардтай қаржы құйылуда. Аталмыш сома қала бюджетiнен облигациялық қарыздар есебiнен алынып отыр. Осы уақытқа дейiн 25 мың отбасы шаршы метрi 72 мың теңгелiк тұрғын үймен қамтылған болатын. Биыл пәтердiң шаршы метрi 102 мың теңгеге дейiн қымбаттады. Бiр бөлмелi баспананың аумағы – 40, екi бөлмелi – 60, үш бөлмелi – 80 шаршы метрден келедi. Алматы қалалық Тұрғын үй басқармасының бастығы Қайрат Нұрқадiловтiң айтуынша, Алатау ауданына – тиесiлi ықшамауданда 2014 жылға қарай 87 үй бой көтеруi тиiс. Ағымдағы жылдың қазан айында 15, ал желтоқсанда 4 үй пайдалануға берiледi. Бұдан өзге 320 орындық балабақша, отбасылық дәрiгерлiк амбулатория және мектеп, үш үлкен паркинг салынбақшы. Қазiрдiң өзiнде шаршы метрiне 102 мың теңге төлеп, пәтер алуға 3000 азамат өтiнiш бiлдiрген. Бiр бөлмелi пәтердiң құны 27 мың, екi бөлмелi пәтер 42 мың, ал үш бөлмелi пәтер 56 мың АҚШ долларын құрайтын болады.
«Алғабас» ықшамауданы қала сыртында орналасқандықтан, Момышұлы көшесi 4 шақырымға ұзартылып, Райымбек-Момышұлы және Райымбек-Рысқұлов көшелерi түйiскен жерден айналма жол салынады. Алғабас ықшам ауданын қаламен жалғайтын төтенше тас жол жыл аяғына дейiн пайдалануға берiледi деп жоспарланған.
Жәнiбек ӘШIМ 18 тамыз 2011 жыл