ПРЕЗИДЕНТТIККЕ — СЕКСЕН ҮШ ҮМIТКЕР, ҮШ КЕДЕРГI
ПРЕЗИДЕНТТIККЕ — СЕКСЕН ҮШ ҮМIТКЕР, ҮШ КЕДЕРГI
5 тамызда Қырғыз Республикасының Сайлауларды және референдумдарды өткеру бойынша орталық сайлау комиссиясы (ОСК) президенттiк қызметке үмiткерлiкке арыз бергендердi тiркеудi аяқтады. Жоба бойынша арыздарды қабыл алуды түнгi он екiде тоқтату белгiленген, соны арқа тұтып, кешкi сағат алтыдан кейiн де арыз тапсырғандар толастамай, нәтижеде тiркелгендердiң саны 83-ке жеттi. Президенттiк таққа бұлайша қызығып, қызу атсалысу әлемдiк тарихта бұрын-соңды болмаса керек. Бұл көрсеткiш таңданыс туғызғанымен, байыптап қарағанда, өлкенiң беделiн түсiрмесе, арттырмайтыны хақ.
183-тiң 16-сы саяси партиялардан, 67-сi өзiн-өзi көрсеткендер. Қолданыстағы заңға сәйкес, үмiткерлердi партиялар немесе өздерiн-өздерi ұсынады. Әлбетте, партиялардың атынан шыққандардың сайлану мүмкiншiлiгi жоғарырақ екенi айтпаса да түсiнiктi.
Арыздарды қабыл алу – үмiткерлердi тiркеудiң бiрiншi кезеңi ғана. Ендi олардың үмiткерлiктiң талаптарына сәйкестiгi тексерiлiп, електен өткендерi 25 қыркүйекке дейiн ресми түрде үмiткер болып тiркеледi. Алда 30 мың адамның қолын жинау, ОСК-ның есепшотына сайлау кепiлдiгi үшiн 100 мың сом ақша құю, мемлекеттiк тiл – қырғыз тiлiнен емтихан тапсыру сияқты үш кедергi бар. Сайлануға қатысқан үмiткер дауыс берген барлық сайлаушылардың 5 пайыздық қолдауын ала алмаса, кепiлденген ақша қайтарылмайды. Бұл өзiне сенбеген "кедей" үмiткерлердi дереу жолдан шығарары сөзсiз. Демек, нағыз бәсекелестер 25 қыркүйекте анықталмақшы. Үмiткерлердiң көптiгi, тiптi сайлау бюллетенiнiң айналасында да қиындық туғызады екен. Былтырғы парламенттiк сайлауда парақшаға 29 партияның аты жазылып, кейбiр ауылдық азаматтар "Атажұрт" пен "Атамекен" партиясын шатастырып алған. Бюллетень парақшасының ұзындығы 70 сантиметр болыпты, "биыл қанша сантиметрге тапсырыс беремiз" деп сайлау комиссиясындағылар қалжыңдасып отырған шағы.
Конституцияға лайық, 35 жасқа толған, 70-тен аспаған, Қырғызстанда 15 жыл тұрған, мемлекеттiк тiлдi бiлген ел азаматы 6 жылдық мерзiмге өмiрiнде бiр рет қана президент болып сайлана алады.
Президенттiкке талаптанғандардың арасында уақытша жұмыссыздар (19 адам), зейнеткерлер, мұғалiмдер, кәсiпкерлер, экономистер, диқандар, инженерлер, оқымыстылар, сот, милиция, әскер және қауiпсiздiк қызметкерлерi, қоғамдық бiрлестiктердiң жетекшiлерi, газет-журналдардың редакторлары, ақын-жазушы, елшi, Жоғарғы Кеңештiң депутаттары, саяси партиялардың лидерлерi және премьер-министр бар. Жолы жiңiшкелерден "үлкен президенттiк жолға" бұрын да шығып жүрген Тоқтайым Үметалиеваның қатарын бұл жолы тағы төрт айым толықтырып отыр. Тiркелгендердiң 80-i – қырғыз, екеуi – орыс, бiреуi – қазақ (Еркiн Бөлекбаев).
14 тамызда, жексенбi күнi Қырғызстанның Социал-демократтар партиясының съезi өтiп, партия өзiнiң лидерi – премьер министр Алмазбек Атамбаевтi президенттiк қызметке талапкерлiгiн қолдап, ол тiркеуден өттi. Премьер-министр сайлаудың үгiт-насихат науқаны кезiнде 35 күн – 25 қыркүйектен бастап 30 қазанға дейiн және сайлаудан кейiн 10 күн, барлығы 45 күн құзыретiн тоқтатады. "Үгiт-насихат науқанына дейiн және сайлаудан он күн өткеннен кейiн Президенттiң қызметке кiрiсу рәсiмi күнiне – Жаңа жылға дейiн өз мiндетiмдi атқара берем", – дедi А.Атамбаев журналистерге берген сұхбатында. "Жаңа жылға дейiннiң" астарында "одан кейiн өзiм президент болып қалуым мүмкiн" деген сыр жатқандай.
Президенттiкке үмiткерлердiң iшiнде жарқ етiп көрiнген жаңа, ерекше адам жоқ. Аламан тартыс партия лидерлерiнiң ортасында болатын сыңайда. Бiр ғана турда болашақ президенттiң сайлана қалуы да екiталай.
Үмiткерлердiң арызын қабылдап жатқан 15 тамызда Үкiмет үйiнiң, сондай-ақ Жоғарғы Кеңеш пен Президент аппараты бiрге орналасқан ғимараттың жанында өздерiнiң үзiлдi-кесiлдi талаптарды қойған 100-ге жақын ереуiлшiлердiң шеруi болды. Олар сағат ертеңгi тоғыздарда Жоғарғы Кеңешке кiретiн темiр қақпаның алдына жиналып, ғимаратқа кiрiп үлгермеген депутаттардың жолын тосып, оларды iшке кiргiзбей тұрды. Iштен сөйлесуге шыққан депутаттардың арасындағы Садыр Жапаровты көздеп, аяқ киiмдерiн лақтырды.
Шерудi ұйымдастырушылар – "Айкөл Алатау" және "Мекен шейiттерi" қоғамдық бiрлестiктерiнiң белсендiлерi өткен жылдың 7 сәуiрiндегi оқиғаға кiнәлi деп айыпталып, Ұлттық қауiпсiздiктiң мемлекеттiк комитетiнде тергеу мекемесiнде сұрақ берiп жатқан сол кездегi қорғаныс министрi Бақтыбек Қалыевтың 61 депутаттың (120 депутаттың жартысынан бiр дауыс басымдықпен) рұқсатымен үй қамағына босатылғанына қарсы. Ол – халықаралық iздеу жарияланған "бакиевтiк топтың" қырғыз фемидасы қолына ұстап отырған жалғыз "көзiрi" болып отыр. Ереуiлшiлердiң басшыларын қабыл алған Жоғарғы Кеңештiң төрағасы Ахматбек Келдiбеков 15 депутат өз қолдарын керi қайтарып алғандығын бiлдiрiп, мәселе Жоғарғы Кеңештiң жиынында қайта қаралатынын айтты.
Жақында сот қызметкерлерiн таңдау үшiн арнайы құрылған кеңес республиканың Жоғарғы сотының және Конституциялық палатаның мүшелерiн анықтап, президенттiң бекiтуiне жөнелткен. Ереуiлшiлер өлкенiң ең жоғарғы екi әдiлеттiк мекемесiнiң қызметкерлерiн iрiктеу әдiл өтпегенiне де наразы болуда.
Ол былай тұрсын, осыдан екi ай бұрын ғана құрылған соттарды таңдайтын арнайы кеңестiң өзi сыбайластық сазына қазiрдiң өзiнде батып қалғаны жөнiнде дабыл жиi-жиi қағылуда.
Алдағы сайлаудың қарсаңында Қырғызстанда тағы бiр саяси қозғалыс, оппозицияшыл "Елдiк майдан" ("Народный фронт") деген ұйымның дүниеге келгенi 15 тамызда көпшiлiкке мәлiм болды. Ұйым қазiргi президенттi, парламенттi және үкiметтi мойындамайтынын бiлдiрiп үндеу таратқан. "Елдiк майданшылардың" пiкiрiнше, 1 қазанда барлық саяси элита билiктi жаңа прогрессивтiк күштерге тапсырып, келмеске кетуi керек. Олардың талабы бойынша, 1993 жылдан берi өткен барлық сайлаулар және референдумдар жоққа шығарылуға тиiс. 1993 жылғы парламент қана заңды. "Елдiк майдан" Қырғызстанның саяси және экономикалық тетiгiн қалыптастыру және өлкеде тағы да қан төгiлiп кетпеуi үшiн Ұжымдық қауiпсiздiк келiсiмi ұйымының басшыларын жәрдемге шақырып отыр.
Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның " Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi 18 тамыз 2011 жыл