Жаңалықтар

АРТЫҢДА IНIҢ БОЛСА IЗIҢ БАСАР

ашық дереккөзі

АРТЫҢДА IНIҢ БОЛСА IЗIҢ БАСАР

Журналист Талғат Батырхан туралы бiрер сөз

Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ

99-жылдың ақпанында «Астана ақшамы» газетiне Бiрiншi орынбасар болып бара қалған кезiм. Менен кейiнгi «жай» орынбасар – Талғат Батырхан деген келсаптай келiстi жiгiт екен. Қырыққа жетер-жетпес шағы-ау дедiм. Кабинетiмiз – бiреу. Төрде – мен, төменде – ол отырады. Танысқан күнгi бiрiншi әңгiмемiз – осы кешеге дейiн мына мен отырған жерде «бiрiншi…» болып кеткен Жәкең, Жанболат Аупбаев төңiрегiн ұзақ шиырлаған. « Сiз Жәкеңдi бiлесiз ғой…» деп басталады Тәкең-Талғаттың әр сөзi. Оның аяғы: «Ой, Жәкең бiздiң сондай болды ғой» бiр түйiнделiп тасталады. Одан кейiнгi әңгiме тағы да «Жәкеңнен» өрбiп жүре бередi. «Осы кiсi расында Жәкеңнiң қандай азамат екенiн бiле ме екен?» дегендей Тәкең ара-кiдiк маған барлай қарап та қояды. Бұл қарастың астарында: «Әй, осы сiз Жәкеңдей болар ма екенсiз?» деген де ишара жатқандай көрiнедi. Сөйтiп түске дейiн жыр етiлген Жәкең туралы әңгiменiң тарыдай жерiнен бiр мiн шықпаған. Қысқасы, Тәкең сөзiнде Жәкеңнiң төбесiнен құс ұшпайды, шыбын қонбайды. Бұл әңгiмеге мен риза болып қалдым. Өйткенi жақсының қасиеттерiн көре бiлу, айта бiлудiң өзi – жақсы қасиет қой. Осындай қасиет қасыңдағы адамнан табылып жатса, оған қалай риза болмасқа.

Ал Талғатпен түстен кейiнгi «сұхбатта» «Ақшамның» сүттей ұйып отырған ұжымы туралы болған. Оның сөзiне қарағанда, мұндағы Бас редактор Жұмағүл Саухатовадан бастап – қарапайым тiлшi Амангелдi Қиясқа дейiн… бәрi-бәрi ағып тұрған ақмылтық журналистер; Шетiнен сен тұр мен атайындар; Бұлармен қандай қамалды да қиналмай алуға болады. (Бұл сөздiң растығына көп өтпей-ақ көзiм жеткен. Бiр сөзiңдi екi етпей есесiмен орындайтын сондай азаматтарды өз басым оған дейiн де, кейiнде кездестiрмеген шығармын).

Бiрақ… осы әп-әдемi әңгiмемiздiң ауаны бiртiндеп әркiмнiң тұрмыс-жайына қарай ауысқанда, Талғаттың дауысы кенет бәсеңсiп, құдық түбiнен шыққандай құмыға түскен.

– «Адам игiлiктi бiр iспен айналысу үшiн iшерге тамағы, киерге киiмi, басында баспанасы болу керек» деп Энгельс жарықтық жақсы айтқан ғой, – деп ол жағын таянған күйi бiр жағына қарай қисая түскен. – Бiрақ қазақ бұны одан да бұрын айтып қойған. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» деп. Әрине, бiздiң жiгiттер аш та емес, жалаңаш та емес. Дегенмен баспана жағынан қиналмай жүргендер мұнда жоқтың қасы. Бiреуi – орыстың үйшiгiнде, бiреуi – шүршiттiң шалашында дегендей. Ал осылар сонау Алтай мен Атыраудан, Қордай мен Торғайдан не iздеп келiп жүр бұл араға? Пәтер iздеп! Пәтер алсақ деп! Алдының жасы елуден асқан. Әрқайсысының қызылқарын, көкқарын балалары бар. Бұрын ешқайсысының қолы үйдi қойып, үйшiкке де жетпеген…

Бетiм ду ете түстi. «Бұрын ешқайсысының қолы үйдi қойып үйшiкке де жетпеген!…» Ал мен ше? Алматының төрiнде үш бөлмелi үйiм бар. «Түркiстанда» бос тұрған орным бар. Онда «қайтып келсең, үстелiңнiң шаңын сүрт те, отыра бер» деп қалған Қалтай ағам бар. «Бiреу тойып секiредi, бiреу тоңып секiредi». Ал менiкi осы қай секiрiс, қай талтаң?..

Менiң бiр сәт iшкi дүниемнiң iрiп сала бергенiн Талғат сезе қойды ма:

– Әрине, сiзге пәтердi бiрiншi кезекте бередi ғой. Шақырумен келдiңiз. Бiзге қарағанда жолыңыз да, жөнiңiз де бөлек, – деп, үстелге қисая жатқан қалпынан түзеле отырған.

Мен үндегем жоқ. Үндейтiндей халiм де, көңiл күйiм де жоқ едi…

Ертеңiнде… қызмет орныма ертерек келiп жетсем, Талғатым менен бұрын келiп алыпты. Алдында – кеше өзiм сыйлаған «Жер аңсаған сары атан» деген кiтабым жатыр.

– Ой, аға, мен сiздi журналист-жазушы деп жүрсем, жоқ, сiз жазушы-журналист екенсiз ғой, – дейдi күле сөйлеп.

Сосын екеуiмiз де өз орындарымызға жайласып отырысымен, ол кiмдердiң журналист-жазушы, кiмдердiң жазушы-журналист екенiн тiзбелей жөнелген. Тiзбелеп қана қоймай, мен бiлетiн, бiлмейтiн қаламгерлердiң шығармашылығы жөнiнде жан-жақты ой толғайды, пiкiр қозғайды. Сөз арасына тарих та, жағрафия да кiрiп кетедi. Байқаймын, өнер мен әдебиетке деген бағасы әдiл, талғамы жоғары, ниет-пиғылы таза секiлдi. Үлкен болсын, кiшi болсын, әр нәрседен хабары бар бiлiмдi де түйсiктi адаммен сыр-сұхбат құрудың өзi бiр олжа ғой. Мен олжаны алыстан емес, жақыннан тапқандаймын.

Сөйтiп Талғат екеуiмiздiң таныстығымыз осылай басталған да, бiр бөлмедегi қызметiмiз бес айға созылған. Осы бес айда мен оның адамдығы мен азаматтығына, бiлiмдiлiгi мен бiлiктiлiгiне ғана емес, iшкi жұмыстағы ұйымдастырушылық қабiлетi мен жазу-сызудағы шеберлiгiне де талай рет тәнтi болғам. Ол аз жазса да саз жазады екен. Не жазса да қысқа етiп, әдемi түйiндеп жазады екен.

Бүгiнде 50-ге толып жатқан ол туралы осы бiрер ауыз сөзiмдi мен де қысқа қайырсам, мүмкiн бұным Талғат iнiмнен аз да болса үйренгенiм болар.

Артыңда iзiңдi басар iнiң болған қандай жақсы!

18 тамыз 2011 жыл

Дидахмет Әшiмханұлы