Жемқорлықпен күрес: НИЕТ ДҰРЫС, ӘРЕКЕТ ӘЛСIЗ
Жемқорлықпен күрес: НИЕТ ДҰРЫС, ӘРЕКЕТ ӘЛСIЗ
«Сiздердiң орынбасарларыңыз, комитет басшылары сыбайластыққа жол берiп, қылмыстық жауапкершiлiкке тартылса, онда ол сiздердiң автоматты түрде отставкiге кеткендерiңiздi бiлдiредi». Елбасының биылғы сәуiрде жаңадан жасақталған үкiмет мүшелерi, облыс әкiмдерiмен өткiзген жиынында министрлерге қарата айтқан осы сөзiнен оңтүстiктiң шенеунiктерi нақты қорытынды шығаруға бiлек сыбана кiрiсiп кеткенiн бiз өткен нөмiрлерiмiздiң бiрiнде жазып едiк. Президенттiң берген тапсырмаларын орындау үшiн облыста жасалған iс-шарада мекеме басшыларының сыбайлас жемқорлықпен күрестегi жауапкершiлiгi қатаң қаралып, облыс басшысы «қосшысы парамен ұсталса, басшысы қызметiнен кетедi» деген қағиданың ендi нақты жүзеге асатынын мәлiмдеген едi. Барлық аудан, қала әкiмдерi, басқарма басшылары бiрауыздан осыған бәтуа жасасқандай болған.
Жалпы, облыста «қарамағындағы қызметкерi парамен ұсталса, басшысы қызметiнен кетедi» деген мәселенi алғаш болып осыдан үш-төрт жыл бұрын сол кездегi облыс әкiмi Нұрғали Әшiмов көтерген болатын. Бiрақ ол iс жүзiнде жүзеге асқан жоқ. Өзi тағайындаған басқарма бастығы, аудан әкiмдерi, олардың орынбасарлары iрi көлемде парамен құрықталған кезде облыс басшысы «өз қолын өзi кесе алмады». Десек те Отырар ауданы әкiмiнiң орынбасары әлдебiр құрылыс фирмасының басшылығынан iрi көлемде пара дәметiп, қаржы полициясының құрығына түскен кезде аталған ауданның әкiмi Әлiмжан Құртаевтың өз еркiмен қызметiн тапсырып кеткенiн айта кеткен жөн. Құртаевтың ерлiгiн қайталайтындар әзiрге табылмай тұр.
Нақты дерекке жүгiнейiк, жуырда Шымкент қаласындағы кафелердiң бiрiнде Созақ ауданы әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Болат Айдарбеков және осы аудандағы Қыземшек ауылының әкiмi Жомарт Белқожаев пара алу үстiнде қаржы полицейлерiнiң қолына түстi. Олар параны жергiлiктi бiр кәсiпкерден жылыжай мен сауда орталығын салуға жер бөлiп беру үшiн сұраған көрiнедi. Алған 7 мың долларды екi шенеунiк қызметтерiне қарай бөлiсiп алмақ болғанға ұқсайды. Бұдан бөлек Айдарбеков сол кәсiпкерден бақ егуге 10 гектар жер бөлгенi үшiн 3 мың доллар көлемiнде пара алған деп айыпталып отыр. Қылмыс үстiнде қаржы полицейлерiнiң құрығына түскен екi шенеунiк қазiр қамауда. Тергеу амалдары жүрiп жатыр.
Алдын ала белгiлi болған мәлiметтерге қарағанда Болат Айдарбековтi ауыл әкiмдерiнiң арасынан аттай қалап, құтты орнына қондырған Созақтың қазiргi әкiмi Берiк Мейiрбековтiң өзi көрiнедi.
Осы жуырда ғана қаржы полициясы тағы бiр операциясын сәттi аяқтады. Олар Шымкент қаласы әкiмдiгiнiң сауда бөлiмiнiң меңгерушiсiн пара алу үстiнде қызметтiк кабинетiнде ұстады. Ұсталған шенеунiк параны бақша өнiмдерiн сатуға рұқсат беру үшiн кәсiпкерлерден әлденеше рет алған көрiнедi. Қазiр оның үстiнен қылмыстық iс қозғалып, қамауға алынды. Алайда жемқорлар қамауға алынғанымен, оларды қызметке тағайындаған басшылардың жауапкершiлiгi қатаң қаралғанын көре қойғанымыз жоқ. Неге? Айтылған сөздiң тағы да жерде қалып, жеме-жемге келгенде бәрi де «баяғы жартас сол жартас» қалпында қалғаны ма?
Өткен аптада облыстық прокуратурада өткен баспасөз мәслихатында журналистер жоғарыдағы қағиданың қалай жүзеге асатынын, оның заңдық негiзiн облыс прокуроры Берiк Құлтасовтан сұраған болатын. Ол мынадай жауап қайтарды:
«Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2009 жылдың 22 сәуiр айындағы Жарлығында белгiленген талаптарға сәйкес сыбайлас жемқорлыққа байланысты заң бұзушылықтарға жол берген қызметкерлердiң дербес басшыларының жауапкершiлiгi шешiлу қажет. Осыған байланысты, аталған заң бұзушылықтарға жол берген мемлекеттiк қызметшiлердiң тiкелей басшылары қатаң жауапкершiлiкке тартылуға тиiс. Ол үшiн лауазымды тұлға пара алу кезiнде ұсталынып, оның кiнәсi сот үкiмiмен дәлелденсе, сол мекеменi басқарып отырған басшы өзiнiң бағынышты қызметкерлерiмен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған профилактикалық жұмыс жасамағанының салдарынан заң бұзушылықтар орын алса немесе оған тiкелей қатысы болса ғана жауап бередi. Сондықтан осы мән-жайлар дәлелденген кезде, пара алу фактiсiн анықтаған құқық қорғау органдары бiрiншi басшының жауапкершiлiгiн шешу жөнiнде тиiстi ұсыныс енгiзедi».
Қаржы полициясы парамен ұсталған шенеунiктердiң тiкелей басшыларының қызметтiк мәселесiн қарауды ұсынды ма, жоқ па, ол жағы бiзге беймәлiм. Мүмкiн сот үкiмiнiң шығуын күтiп отырған шығар. Кейде сот процесiнiң сағызша созылып кететiнi бар. Мұндай жағдайда ыстығы басылып, қызуы кеткен iс бойынша шенеунiктердi жазалау шарасының ешкiмге керек болмай қалатыны тәжiрибеден белгiлi болып отыр. Облыстық прокуратураның әлеуметтiк-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасы бастығының орынбасары Батыр Ергешовтiң берген мәлiметтерiне қарағанда, 7 қала, аудан әкiмдiктерiне бағынышты 12 бөлiм басшылары мен 2 ауыл округi әкiмдерi сыбайлас жемқорлық санаттағы қылмыстар жасағанымен (Сарыағаш – 4, Төлеби – 1, Бәйдiбек – 3, Түркiстан – 1, Ордабасы – 1, Түлкiбас – 1, Шардара – 1) олардың тiкелей бастықтарының, яғни аталған қала, аудан әкiмдерiнiң дербес жауапкершiлiгi шешiлмей қалған.
Әйтеуiр сыбайлас жемқорлықпен күреске келгенде ниетiмiз дұрыс. Алайда әрекетiмiз соған сай болмай тұрған сияқты.
Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ 18 тамыз 2011 жыл