Жаңалықтар

«Таугүл 3»-те – күн сайын ауызашар

ашық дереккөзі

«Таугүл 3»-те – күн сайын ауызашар

Оған осы дүйсенбiнiң кешiнде, қасиеттi рамазан оразасының ифтар дастарханында тағы бiр көз жеткiздiк.

"Таугүл 3" мешiтi – Алматы қаласындағы мешiттердiң ең жасы. Ашылғанына 3-ақ жыл болса да ақсақалдық өнеге көрсетiп отырған ғибадат орны. Мұнда қаладағы кейбiр мешiттерде кездесе бермейтiн ерекшелiктер бар.

Бас имамы Орынбасар Дәуренбеков – қашан, қай мәселеде сөйлессең де "жағдай" айтпайтын иманды, сергек, елгезек, iскер азамат. Әрдайым iзденiс үстiнде жүредi.

Бiрiншiден, мешiт ауласы мен аурасының аралығындағы тазалық, тәлiм-тәрбие құралдары келушiнi өзiне тез баурап алады. Қасиеттi Құран аяттары, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өнегелi хадистерi мешiт қақпасының қабырғаларына арнайы жазылып iлiнген. Хикметтi сөздердi оқып шыққанда шағын кiтапша тауысқандай күй кешесiз. Мешiтке келушiлердiң иманын оятып, тақуалық жолына түсуiне себепшi, тұңғыш "қабырға кiтапшасының" құрастырушысы – "Таугүл 3" мешiтiнiң ұжымы. "Қабырға кiтапшасының бұл жолғы тақырыбы қасиеттi Құран түскен нұрлы, сырлы Рамазан айын, парыз оразаны жан-жақты қамтыған. Тақырыпқа сай ол, 3 ай сайын өзгертiлiп тұрады.

Ал ауладағы арнайы ыдыстарда өсiп тұрған түрлi-түстi дала гүлдерi көздiң жауын алады.

Тағы бiр айта кететiн нәрсе, дәрет алатын орын бұл мешiтте өте ыңғайлы. Және оның тазалығы көп жылдан берi жұмыс iстеп жатқан кейбiр мешiттермен салыстырғанда жер мен көктей.

Әйелдердiң намаз оқитын жерiндегi төгiлiп тұрған алтын түстес перде де бұрын-соңды мешiттерде көрмеген дүниемiз. Қысқасы, жамағат өздерiне мешiттiң ұнағанын, өзгешелiгiн айтуда.

Сонымен жылдағы дәстүр бойынша "Таугүл 3" мешiтi биыл да үзбей ауызашар жасап жатыр. Қарттар үйi, жетiмдер үйiнен бастап, әр түрлi сала қызметкерлерiне күн сайын ауызашар бере отырып, иләhи уағыздар айтуда.

Бiз барған кеште "Таугүл 3" мешiтiнiң ауызашарына Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасының қызметкерлерi О.Өмiрбек, С.Смайыл, Әуезов ауданының әкiмi Торғаев Бекқали Нұрғалиұлы өз ұжымымен, бiрқатар бұқаралық ақпарат өкiлдерi т.б. қатысты.

Ифтар үстiнде қонақтар сөз сөйлеп, мешiт ұжымының iзгi амалдары экраннан көрсетiлдi. Осы кезде Пайғамбарымыз Мұхаммедтiң (с.а.с.) мына хадисi есiме түстi: "Кiм ораза ұстағанға ауызашар берсе, оған оның сауабындай сауап болады. Сонымен бiрге, ораза ұстаған сауабынан да еш нәрсе кемiтiлмейдi".

Исламда жария садақалар рия ниетiнде емес, өзгелерге үлгi болу мақсатында жасалатыны айтпаса да түсiнiктi. Бүгiнгi әңгiмемiздi сабақ алар сауапты iстi айтуға арнағандықтан "Таугүл 3" мешiтiнiң бас имамы Орынбасар Орынбайұлы Дәуренбековтi тыңдасақ: "Бисмилләһир-Рахмәәнир-рахим, мiне Құран айы, береке мен бiрлiк айы, сабыр айы, жомарттық айы рамазанның ортасы да ауып барады. Бiз "Таугүл 3" мешiтiнiң ұжымы, рамазанның алғашқы кешiн қарттар үйiнiң тәрбиеленушiлерiне ауызашар беруге арнап, ақсақалдардан бата алып, сәлем бердiк. Содан соңғы күндердiң бәрiнде Алматы қалалық әкiмшiлiгiнен жергiлiктi жетiмдер үйiнiң тiзiмiн алып, олардың директорларымен келiсiп, жетiм қалған ұл-қыздарды арнайы көлiктермен алдырып, ауызашар берiп, уағыз-тiлектер айтып, соңында мекен-жайларына қайта апаруды өз мойнымызға алдық.

Қамкөңiл жандардың тағдыры қиын ғой, қарап тұрып езiлесiң. Жетiмдердiң басынан сипап, сый-сыяпат жасадық. Ондағы мақсатымыз – күнделiктi қайталана беретiн тiрлiктен бiр сәт ойлары бөлiнсiн, мешiттi көрiп, уағыз тыңдасын деген ой. Пайғамбарымыздың (с.а.с.): "Сапар шегiндер, саламат боласыңдар",– деген хадисi бар. Сапарда адам көрмегенге куә боп, iшiп-жемеген тағамдардан дәм татып, әр қилы елдiң табиғатына орай пiсетiн түрлi-түрлi жемiс-жидегiн жейдi. Құдiреттi Құдай Тағаланың жаратқан ғажайып нәрселерiн көрген адамның ой-өрiсi кеңидi.

Қаскелеңдегi "Кәусар" жетiмдер үйiнiң тәрбиеленушiлерi бiзде қонақта болғанда өздерiнiң дiни әндерiн айтып, көрiнiстерiн көрсеттi. Барлығы да ислами тәрбиеде екен.

"Бағанашыл", "Үмiт үйi", т.б. жетiмдер үйiнiң балаларына да бiр-бiр күндi арнадық. Қонақтарымызға намаз, ораза кiтаптарын сыйға тарттық.

Алдағы күндерде Халыққа қызмет көрсету Орталығы, Iшкi iстер саласы, Перзентхана қызметкерлерiн әрқайсысын жеке-жеке шақырып, ауызашар жасауды жоспарлап қойдық. Жасыратыны жоқ, бүгiнгi таңда әйел мен бала денсаулығы өте алаңдататын жағдайда. Кейбiр дәрiгерлер кесер тiлiгi деген желеумен жап-жас келiншектердi алғашқы сәбиiнен бастап өкiндiретiн жағдайларға барып жүр. Бiр баламен шектелiп, тiптi бiр перзентке зар болып қалатындар көбейдi. Осындай келеңсiздiктердiң алдын алу үшiн Перзентхана дәрiгерлерiн ауызашарға шақырып, болашақ аналарды босандыруда бар мүмкiндiктi сарқа пайдаланудың үгiт-насихатын жүргiземiз. Iшкi iстер болсын, т.б.сала болсын өз iстерiне адалдық таныту керектiгiн, Алла Тағаланың алдында адам өмiрiне жауапты екендiгiн айтамыз.

Бiз жаназаларда, қонақтарда болғанда бiреудiң дастарханында ашылып ешнәрсе айта алмаймыз.

Ал мешiт дастарханының үстiнде көп мәселенi уағыздауға мүмкiндiк мол.

Жетiмхана директорларына да арнайы бiр күн ифтар жасап, жетiмнiң ақысын артылып қалса да алмауды айтсақ деймiз.

Тар қапаста торыққан түрмедегi бауырларымызға рамазанның iшiнде барып, ауызашар, дiни кiтаптар беремiз, иншаллаh!

Ауызашар – бүкiл мұсылман елi мен үйiнде болатын теңдессiз мейрам. Бұл елiмiзге Азаттықпен қайта келген ұлық той! Алаш ардақтыларының, Алаш жұртының армандаған еңселi елiне айналдық. Алла Тағала азаттық жолында жанын пида еткен ардақтыларымыздан, бiзден разы болсын!"

Оразаларыңыз қабыл болсын!

Күлпара ЖҰМАҒАЛИ, исламтанушы 18 тамыз 2011 жыл