Жаңалықтар

ХИКАЯТ ЖАНРЫНЫҢ ЖАҢА КЕЛБЕТI

ашық дереккөзі

ХИКАЯТ ЖАНРЫНЫҢ ЖАҢА КЕЛБЕТI

Эстетикалық болмыстың мазмұны белгiлi бiр дәрежеде қоғамдық қозғалысқа, тарихи пайымдауларға тәуелдi екендiгiн бiлдiретiнiн жоққа шығаруға асықпаған абзал. Осының типтiк көрiнiсi елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi жылдардағы қазақ әдебиетiнiң болмысынан да сезiлiп жатты. Хикаят жанрында еңбек етушi қаламгерлердiң ойды жеткiзудi жаңаша пайымдап, қоғамдық пiкiрлердi қарпып айтуға, тәуелсiздiк рухына акцент жасай отырып, қазақ тағдырының өзiне тән болып келетiн ұлттық болмысын ашуға ден қойғаны байқалады. Осы тұжырымға келу үшiн тәуелсiздiк жылдарында жарық көрген бiрнеше хикаятқа шолу жасап өтсек те, жеткiлiктi шығар деп олаймыз.

Қуаныш Жиенбайдың – «Аполлон көбелегi» деп аталатын хикаятының бас кейiпкерi Қырмызы есiмдi кiшкене қыз – Кеңес дәуiрiндегi ұғыммен алатын болсақ, пионер жасындағы, мектептiң белсендiсi болып жүре алатын жеткiншек. Бiрақ ол – елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi жаңадан дендей енiп келе жатқан қоғамның жас өкiлi, сондықтан оның күнделiктi өмiрi қоғам, ұжым арасынан гөрi өзiнiң балалық тiршiлiгiнiң ауанымен өтiп жатады.

Балалық шақ – адам өмiрiнiң айналадағы құбылыстарға күлiп қарайтын, түрлi қиялдың жетегiнде жүретiн бiр тәттi кезеңi екендiгi белгiлi. Он бiр жасар Қырмызы да көбiнесе нақ сондай тәттi елестердiң құшағында. Ол бiрде адамдар арасындағы күрделi қатынастарды шет жағалап, өзiнше түсiнiп, соған орай түрлi пайымдаулар жасап жүрсе, ендi бiрде нақты оқиғалардың байыбына бара алмай, тым аңғалдық та танытып жатады.

Жалпы шығарма оқиғасы оқырманның назарын баурап алып, бастан-аяқ жiптей тартылған қызықты сюжетке құрылмаған. Жас қыздың өмiрдi тану жолындағы әртүрлi ұсақ оқиғалардың жекелеген үзiктерi ғана. Олардың өздерi үнемi дерлiк iшiнара iлгерi-кейiндi шегiнiстермен берiлiп отыратындықтан, кейде бiр линияның ұшығын ұстау қиынға соғып жатады. Белгiлi бiр шиеленiстiң түйiнi қалай шешiлетiнi айтылатын тұста шығарманы керi қарай парақтап, ол шиеленiстiң неден басталғанын еске түсiруге тура келетiн жерлерi де бар. Бiр сөзбен айтқанда, жазушы кейде оқырманның өзiне жұмыс iстетiп, шығарманың мазмұнына тереңiрек қайтара үңiлiп отыруға мәжбүрлейдi.

Бастан аяқ бiр арқауға байланған сюжет болмағандықтан және кейiпкер өмiрi хронологиялық тұрғыдан iлгерi-кейiндi баяндалып отыратындықтан, ненiң не болып жатқанын түсiну зейiнге әжептәуiр салмақ түсiруге тура келмек. Мұның өзiн бүгiнгi таңда жазушылар арасында мода болып кеткен модернистiк, постмодернистiк ағым үрдiсiнiң бiр сипаты деп бағалауға болатын да шығар. Хикаятта орын алған шұбалаңқылық та оның оқуын ауырлатып тұрған сияқты.

Оқиға мазмұнының ұзын-ырғасы Қырмызы атты кiшкене қыздың өзiне тән ерекшелiгiн, отбасындағы жағдайын, ата-анасымен, басқа да үлкендермен және қатарлас құрбыларымен қарым-қатынасын көрсетуге келiп саяды. Айналасында болып жатқан әрбiр құбылысқа, өмiрдiң iрiлi-уақты детальдарына қиял көзiмен, ерекше сезiмталдықпен қарайтын қыздың жан дүниесi уақыт iлгерiлеген сайын бiртiндеп ашылып отырады. Кiрпiктерiнiң ұзындығын күн көзiнде көп жатқандықтан деп түсiнуiнiң өзi Қырмызының балалық қалпынан хабар беретiн ұтымды деталь. Және ол шығарманың өнбойында қайталанып, белгiлi бiр риторикалық сұрақтарға жетелейтiндей әсер қалдырады.

Көзқарасы кеңейе түскенiмен, Қырмызының балалық қиялдан ажырап, алыстап кете алмауының басты себебi – оның жандүниесiне қиял әлемiнiң әбден сiңiсiп кетуiнде, жандүниесiндегi бұлжымастай болып орнығып қалған балаң тазалығында. Түрлi уақиғалар мен iс-әрекеттерге қарым-қатынасын бейнелеу арқылы жазушы жас кейiпкердiң жан әлемiн мейлiнше жалаңаштап, айқындап көрсете алған деуге болады.

Қырмызының әкесi – Қожамсейiт, анасы Шәрипа – бала тәрбиесiнен гөрi өмiрдiң қарапайым түйткiлдерiне көбiрек мән беретiн жандар. Өйткенi өтпелi кезеңнiң ауыртпашылықтары, бiр үзiм нан табу жолындағы күнкөрiс қарбаластары қолы қысқа адамдар үшiн оңайшылыққа соғып тұрмағаны белгiлi. Қожамсейiттiң жеке тiршiлiктi, қарақан басын көбiрек күйттеуiн қызы Қырмызы қабылдай беруге құлықсыз. Туған әкесiнiң үнемi жанталасып жүруiн тек пайдакүнемдiгi деп ұғады. Қырмызының бойына жылылық дарытатын – туған ата-анасынан гөрi көршiсi Тамара апай, үш жасар Досболдың әжесi Азат апай сияқты адамдар.

Хикаятта Қырмызының әкесi Қожамсейiттiң жұмысына қатысты мәселелерге бiраз орын берiлген. Оның әрiптесi Күнтуғанмен арақатынасында бүгiнгi өмiрдiң ащы шындығы төбе көрсетiп қалады. Ақ көңiл де, түзу пейiлдi жас жiгiт Күнтуған Қожамсейiттiң түсiнуiнше, бүгiнгi заманның пiрадары. «Мына келе жатқан қалқан құлақтан озат жүргiзушi шықса, басымды кесiп берейiн» (256-б.) дейтiн Қожамсейiттiң «Мұндай миғұланың мекенi бұл емес, мешiт-медресе» деп пайымдауы Күнтуғанның кандай жан екендiгiнен жақсы хабардар етiп тұр.

Өмiрге асқан құштарлықпен қарап жүрген Қырмызының күрт өзгерiске түсуi ата-анасының үйлерiн ауыстырып, басқа жаққа қоныс аударғаннан кейiн. Қала сыртындағы жер үй Қожамсейiт сияқты жүк машинасының жүргiзушiсiнiң жеке тiрлiгiне қолайлы болып шықты. Бiрақ үй ауыстыру әңгiмесi шыққаннан бастап-ақ, үнжырғасы түсiп кеткен Қырмызының көңiл-күйi ендi қайтып көтерiле алмайды.

Жалпы алғанда бас кейiпкерiнiң жас жеткiншек болуына қарамастан, «Аполлон көбелегi» хикаятына ересектерге арналған шығарма деп бағалаған оңды тәрiздi. Оның мазмұндық құрылымына белгiлi бiр дәрежеде Ш.Айтматовтың «Ақ кемесiнiң» ықпалы тигендей көрiнедi. Ортақ мотив – жас жеткiншектi үлкендердiң түсiне алмауы және соның салдарынан ушығып келiп, орын алатын кiсi өлiмi.

Бiрақ Қырмызының өлiмге душар болуына орай «Неге?» деген сұрақтар көлденеңдеп шығады. Ақыр соңында табиғат аясында жүрiп жас қыздың қазаға ұшырауының өзi – аталған шығарманың идеялық бағытын өзгертiп жiберген күтпеген шешiм. Оқырманның осы арада әрi-сәрi күйде қалу себебi, жас кейiпкердiң мұндай оқыс жағдайға душар болуында логикалық дәлелдiң жетiспей жатуына байланысты дер едiк. Жалпы кiсi өлiмi жөнiнде әңгiме қозғау – өмiрде ғана емес, көркем шығарма үшiн де аса жауапты фактор. Сондықтан кейiпкердi «өлтiру» барысында көркемдiкке нұқсан келмейтiндей етiп мықтап ойластырып алу шарт.

Әр сөйлемiне жауапкершiлiкпен қарауға тырысатын Қуаныш Жиенбайдың бұл шығармасында да ойды бейнелi түрде жеткiзу үрдiсi басым. Олпы-солпы құрылған олақ сөйлемдер сирек.

«Аполлон көбелегi» хикаяты – талдау барысында көрсетiлгендей, жекелеген бөгелiстi тұстарына қарамастан, уақыт тынысына сай жаңаша формалық iзденiстерге барлау жасаудың кезектi мысалы. Сол арқылы жиырма бiрiншi ғасырдағы қазақ прозасының пiшiндiк сипатынан ептеп хабар берiп тұр деп айтуға болады.

Қ.Түменбайдың «Түрмедегi торғай» хикаяты да – тәуелсiздiк кезiнде жаңғырған көркем ойдың кезектi көрiнiсi. Мамандығы нейрохирург жас дәрiгер Есенбай ауруханада жатқан науқас Әйтшуовтың миына операция жасамақ болады. Мемлекет қамқорлығындағы денсаулық сақтау мекемелерiнiң жағдайлары төмендеп, бюджеттен тарығып тұрған уақыт. Бiрақ адамның денсаулығы оған қарамайды. Науқастарға ем қонуы үшiн азды-көптi ақшаның әрқашан да қажет екендiгiн басынан өткiзгендер бiлуi тиiс. Науқас Әйтшуовтiң денсаулығын қалпына келтiру үшiн ауруханадан бөлiнген дәрi-дәрмектен тыс тағы да дәрi керек. Оған қаржыны науқастың өзi төлемесе, жағдай көтермейдi. Дәрiгер осыны айтқан кезде операцияға дайындалып жатқан сырқат келiсiп, қалған дәрiнi өзi алмақ болады. Бiрақ артынан ойланып, ол дәрiнi өзi таба алмайтынын, ақшасын берсе, дәрiгердiң өзi табуға көмектескенi жөн болатынын айтады.

Келiсiм бойынша, ол дәрiге жұмсалатын 500 теңгенi дәрiгерге бередi, дәрiгер ойланбастан, төс қалтасына тоғыта салады. Сол кезде заң орнының қызметкерлерi жетiп келедi де, оны пара алу үстiнде қолға түстi деп санап, қамауға алады. Түрмеде бiраз уақыт жатқан дәрiгер сот кезiнде ақталып, ақыры бостандыққа шығады. Повесть фабуласының ұзын-ырғасы, қысқаша айтқанда, мiне, осындай.

Жазушы бұл сюжет арқылы елiмiз тәуелсiздiк алып, нарықтық экономикаға көшкен кездегi әлеуметтiк мәселелердiң қаншалықты күрделенiп кеткенiн, соның салдарынан адамдар арасындағы қарым-қатынастардың да қалыпты арнасынан ауытқып, тосын түйткiлдер орын ала бастағанын суреттейдi. Әдiлетсiздiк деген қай қоғамда да болған, бола беретiн де шығар. Бiрақ өтпелi кезеңдегi жүйесiздiктi пайдаланып, парақорлар ғана емес, түрлi қылмыскерлердiң де көбейiп кеткенiн естен шығармаған абзал екендiгiн ескертедi шығарма.

Қарапайым адал адамның, тамаша маманның жазықсыздан-жазықсыз түрмеге қамалуы қай қоғамда да тосын құбылыс емес. Бiрақ сыбайлас жемқорлық дендеген бүгiнгi таңда осынау әдiлетсiз оқиғалардың, көпе-көрнеу жасалатын қиянаттардың типтiк құбылысқа айнала бастағаны нелiктен?

Жазушы осы қоғам өмiрiнде кездесiп қалатын көлеңкелi құбылысты тартымды оқиғамен ширықтырып, суреттеу барысында оқырманды осындай ойға жетелейдi. Қысқа да шымыр жазылған повесте астармен сөйлейтiн детальдар айтылар идеяны орнықтыра түсуге қызмет етедi. Атап айтқанда, түрме терезесiне келiп, қайта-қайта қонақтай беретiн торғай – шығармадағы негiзгi көркемдiк ойға қызмет етiп тұрған ұтымды деталь. Оқырман оны шығарманың бас кейiпкерi жас дәрiгер жiгiттiң өзi деп қабылдай алады. Екеуiнiң тағдырындағы ұқсас параллелизмдер көркемдiк идеяны бағындыру үшiн қызмет етпек. Торғай бұл арада – символдық мәнге ие.

Саяси-әлеуметтiк астары бар шығармада автордың ойын тiкелей айтып салып, қарап отырмай, осындай жекелеген деталь, штрихтарды сөйлеткенi қашанда ұтымды шықпақ. Бiрақ эстетикалық талаптар тұрғысынан келiп қарағанда, шығарманың көркемдiкпен ұсынылуында ойды кiдiртетiн де тұстары да жоқ емес. Соның бiр мысалы – шығарманың прологы. Онда автор ешқандай көркемдiк талаптарына сай орағытып немесе суреттеп жатпастан, публицистикалық леппен ойын ашып айтып тастаған. «Адамзат бостандықта қалай өмiр сүрсе, түрмеге де солай көндiккен. Бiрақ адамның болмысы қызық. Олар өздерiн емдеп, сәбилердi өлiмнен алып қап жүрген ақ желеңдi дәрiгерлерден гөрi қызыл жаға тәртiп сақшыларын артық көредi, тiптi бiрге отырған жерде дәрiгердiң дәрежесiн төмен санап, әлгiлерден именедi. Прокурор, сот, милиция десе, тiкесiнен тiк тұрады, дәрiгер мен мұғалiмдi айтсаң, көптiң бiрiндей көңiлсiз қарайды» (28-б). Осынау журналистикалық шегiнiске бармаған күннiң өзiнде де повестiң айтар ойы олқы соғып тұрмағаны белгiлi.

Екiншi бiр ойландыратын түйткiл – Есенбай сияқты жас дәрiгердiң моральдық қарсыласы ауру Әйтшуовтiң бейнесi. Кейiпкер тағдырының күрт өзгеруiне тiкелей ықпал жасаған осынау кейiпкердiң өмiрлiк ұстанымы айқынырақ аша түсудi қажетсiнедi. Осы орайда туындайтын сауалдардың сипаты мынандай болса керек.

Өзiне шын мәнiнде жанашырлық танытып, науқасынан айығуына бар ықыласымен көмектескiсi келiп тұрған дәрiгердi өзiнiң қас жауы санап, сатқындықпен арандатқан себебi неде? Екiншiден, басқа уақытта емес, өзiне операция жасау қарсаңында, яғни, шыбын жанына араша табар шақта ұстатқаны несi? Тек емшi дәрiгерге ғана емес, соншалықты өзiне-өзi қастығы бар ма? Бұл сауалдарды тиянақтататын писхологиялық немесе моральдық дәлелдердiң дiлгiрлiгi сезiледi.

Осындай бiрер кiбiртiгi болмаса, «Түрмедегi торғай» туындысын тәуелсiздiк кезеңiнде қоғамдық өмiр шындығын, етекжайып келе жатқан терiс құбылыстардың нобайын сызып көрсете алған туынды деп бағалағанымыз абзал.

Елiмiз тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi уақыт тынысын дәл бейнелеп жеткiзудi мақсат еткен шығармалардың бiрi – Нұрғали Ораздың «Тазқара» повесi. Тiлдiк бағыттағы iзденiстер тұрғысынан алып қарағанда, аталған туынды оқырманды «еһ» деп елең еткiзе қоймауы әбден ықтимал. Бiрақ бас-аяғы жұмырланып, ширақ жазылған шығарманың өзiнiң әу бастағы дiттеген көркемдiк-идеялық мақсатына жеткенiнде дау жоқ.. «…қаладан ұзағалы берi жақ ашпай, қалғып-мүлгiп отырған Кәрiм Меңдiғалиевичтiң» (188-б) сапары өзi туып-өскен ауылына барып бiр-ақ тiреледi. Кейiпкерлер тағдырларының айқынырақ ашылатын тұсы да, басқалар өздерiнiң аты-жөндерiмен айтылып жатқанда, бұл кiсiнiң елден ерекшеленiп, неге ресми түрде «Кәрiм Меңдiғалиевич» болып аталатын себебi де осы сәттен бастап, бiртiндеп тарқатылады.

Өз ауылының тұсына Кәрiм Меңдiғалиевич бұрын аялдап көрген емес. Өйткенi «МАИ-дың көк жолақ машиналары қызыл сиреналарын бажылдатып алға түсiп, жол-жөнекей қыбырлаған көлiк атаулыны шетке ысырып, бiр сәтке кiдiру дегендi бiлместен, зулап өте шығатын». (189 б.) Осыдан-ақ бұл кiсiнiң бұрын аса үлкен лауазымдық қызмет атқарғанын бiлемiз.

Сол үлкен бастық болып жүрген уақытында қызының тағдыры үшiн iсi түсiп, алдына келген ауылдағы тағдырлас құрбысы Тағайдың бiр ауыз тiлегiн орындаудан бас тартады. Қол ұшын беруге мүмкiндiгi болып тұрса да, аттап баспайды. Өйткенi жәрдем жасайтын болса, үлкен бастықтың өзiне зияны тиiп кетуi мүмкiн. Кеңес империясы құрамынан қазақ халқына азаттық алып берудiң бастау көзi болған атақты 1986 жылы орын алған Желтоқсан оқиғасы – тарихтың өшпес беттерi. Сол оқиғаға қатысқан Тағайдың қызы Ләйла ақыры қазаға ұшырап, әке-шешесiн аңыратып кетедi.

Ендi, мiне, сонда жәрдем сұрап барған кезде иiлмей қойған сол кездегi бастық Кәрiм Меңдiғалиевич ауылдастарының ортасында, Тағай үйiнде қонақта. Әңгiменiң барысын бiлетiн қыз шешесi қонағын күтiп отырып, оңаша жылап-сықтаудан аса алмайды. Ал шығарманың соңына қарай туған жерiнiң ауасын жұтып, табиғатын тамашалап тұрған Кәрiм Меңдiғалиевичтiң көзi аспанда қалықтап жүрген үлкен құсқа түсiп, соған орай едәуiр толғанады.

– Туған жердiң қырандары қалай-қалай самғайды, ә?! – дедi Кәрiм Меңдiғалиевич аспанда баяу қалқып жүрген құстан көз алмай.» Сөйтсе, құрметтi қонақтың тамашалап, тамсанып тұрғаны – қыран емес, жай ғана тазқара болып шығады. Өлексемен күн көретiн жаман тазқара. Өкiнiштiсi – кейiпкер оны сол қыран деп түсiнген қалпы ауылдан аттанып кетедi. Ендеше туындыдағы адамның тазқарасы – бiр замандарда үлкен бастық болып, тәуелсiздiктен кейiн де ұпайы түгенделiп тұрған Кәрiм Меңдiғалиевичтiң өзi. Оның жалғыз ұлын дұрыс тәрбиелей алмай, шолжаң қылып өсiруi де осыған ишаралайды.

Осындай меңзеулер арқылы жазушы кейiпкердiң адам ретiндегi таным-түсiнiгiн, пенделiк болмысын ұтымды аша бiлген. Желдей жүйiткiп өтiп, талайларды жер қаптырып кеткен жекешелендiру үрдiсiнiң ауылды жердегi салдары, әлеуметтiк теңсiздiктiң ұлғая түсуiне себепшi болуы да шет-жағалап әңгiме өзегiне айналған.

Уақыт тынысы айқын сезiлетiн шағын повестiң идеялық түйiнi өзiнiң әу баста дiттеген көркемдiк мақсатының көмбесiне бiршама таяп қалған деп тұжырымдай аламыз.

Дүние – жалған

Бақұл бол, қайран актер

Барлық ғұмырын қазақтың театр және кино өнерiне сарп еткен Қазақстанның Халық әртiсi Қасым Әбекұлы Жәкiбаев 82 жасына қараған шағында дүниеден озды.

Жәкiбаев Қасым Әбекұлы – ҚР Халық әртiсi, «Парасат» орденiнiң иегерi.

Жәкiбаев Қасым Әбекұлы (12. 12. 1929 ж. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылында дүниеге келген) – актер, Қазақстанның Халық әртiсi (1996; 1966 жылдан Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi). 1944-48 ж. Алматы көркемсурет училищесiн тәмәмдаған. 1948-1984 жылдар аралығында Қазақ балалар мен жасөспiрiмдер театрында, 1984-1994 ж. «Қазақфильм» киностудиясында актер болып қызмет iстедi. 1994 жылдан берi Қазақ балалар мен жасөспiрiмдер театрында актерлiк қызметiн жалғастырды. Осы театрда алғашқы ойнаған рөлi А.Толстойдың «Алтын кiлт» ертегiсiндегi мысық Базилио рөлi болатын. (1948 ж.) Актерлiк шеберлiгi өнерсүйер қауымның жүрегiне жол тапты. Отандық, шетелдiк қойылымдар қатарында ол сомдаған рөлдер М.Ақынжановтың «Алтын сақасында» Сарман, «Есiрткен еркеде» Марат, «Ыбырай Алтынсаринде» Жақай, У.Шекспирдiң «Гамлетiнде» Полоний, Ф.Шиллердiң «Зұлымдық пен махаббатында» Вурле, С.Мұқановтың «Мөлдiр махаббатында» Қайрақбай, С.Бодықовтың «Отырар ертең қирайды» Бүкiр, Ғ.Мүсiрепов пен Қ.Ысқақтың «Ұлпан Есенейiнде» Тоқай, Ш.Айтматов пен М.Шахановтың «Миғұла терiсi үстiндегi сотында» Шыңғыс хан, Б.Жәкиевтiң «Әке тағдырында» Жеңiсбек, Ә.Тәжiбаевтың «Жомарттың кiлемiнде» Сайтан, Островскийдiң «Жылы орынында» Юсиф, Қ.Мұхамеджановтың «Қуырдақ ертең дайын» Ережеп т.б. 200-ге жуық әртүрлi рөлдерде ойнаған. Қ.Жәкiбаев, сонымен қатар, кино саласына да елеулi үлес қосқан танымал актер. «Дерсу Узала», «Жансебiл», «Қан мен тер», «Үшеу», «Дәнекер», «Сұрапыл сұржекей», «Шоқ пен Шер», «Отырар», «Махаббат станциясы», «Тоғысқан тағдырлар» фильмдерiндегi рөлдерi кино өнерiнiң тарихында қалды.

Қасым Жәкiбаев… Оның актерлiк болмысы қазақ сахнасында бұрын-соңды болып көрмеген өзгеше бiр құбылыс екендiгi бұл өнердiң тылсым сырын жан-жақты терең зерделеп, салиқалы, дәйектi, тоқтамды оймен толғайтын аса бiлiктi театр мамандарының өзiн әрқилы толғанысқа салумен келедi.

Қай кезде, қандай сәтте, қандай жағдайда көрсең де Қасым ағамыз «Мен бiр жұмбақ адаммын, оны да ойла!» деп, Абайдың ойлы сөзiн айтып, өзiңе сынай қарап, сиқырлы сезiммен буып, ар жақ-бер жағыңнан өткен қысық көзi жасаурай жыпылықтап, «ойнап» тұрады. Дәл осы көзқарасы атақ пен даңққа күпiнiп, өзiн-өзi… тiптi, өз кейiпкерiн ұмытқандай боп, дүйiм жұрттың төбесiнде бұлғақтап жүрген кейбiр мейманасы асқан, өзiмшiл де тәкаппар актерлердiң сұсын басады. Жай ғана езу тартып тұрып, тәубасына келтiретiн едi ардақты ағамыз.

Нұрдәулет АҚЫШ,

жазушы, әдебиеттанушы

11 тамыз, 2011