Жаңалықтар

«А», «Б» ... НЕМЕСЕҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУ ТУРАЛЫ

ашық дереккөзі

«А», «Б» ... НЕМЕСЕҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУ ТУРАЛЫ

«Қазақстан-2030» стратегиялық жобасында мемлекеттiк қызмет етудi ұлтқа қызмет ету деңгейiне жеткiзу қажеттiлiгi жайлы айтылады. Iс жүзiнде мұндай жоғары дәрежеге жету әзiрге қиындау болса да, биiк мақсат, таудай талап қылғанның айыбы жоқ шығар.Ал шындығында, бұдан былай мемлекеттiк қызметтi ұлтқа қызмет ету ұғымымен астастыру – Мемлекеттiк қызметтiң жаңа моделi туралы тұжырымдаманың басты мақсаттарының бiрi. Ал қарапайым халық мемлекеттiк қызметтi тұтынушының ролiне бейiмделуi тиiс.

Осылайша, тамыздың басы ұлттық кадр саясатына жаңа көзқарасты бекiтумен есте қалмақ. ҚР Президентiнiң Жарлығымен ҚР Мемлекеттiк қызметiнiң жаңа моделi туралы тұжырымдамасы бекiтiлдi. Бұл тұжырымдама Қазақстанның 2020 жылға дейiнгi даму стратегиялық жобасы аясында қабылданып отыр. Тұжырымдаманың жүзеге асырылуын толығымен Президент Әкiмшiлiгi өз жауапкершiлiгiне алмақ.

Жалпы, республикадағы кадр саясаты бұрыннан да Президент Әкiмшiлiгiнiң қолында екенi жасырын емес. Мемлекеттегi жоғары лауазымды қызметтерге тағайындаулардың қай-қайсысы да осынау құзырлы мекеменiң мақұлдауынсыз шешiлмейдi. Президенттiк билiктiң бар сипаты анық аңғарылатын қыры да – осы кадр саясаты.

Жаңа тұжырымдама бұрыннан қалыптасқан қағидаларды құжаттық-нормативтiк жүйеге түсiрiп бердi. Кәсiби мемлекеттiк қызмет әрдайым халыққа есеп беруге дайын болуы тиiс. Бұған дейiнгi "Мемлекеттiк қызмет туралы" заң бұл саладағы барлық олқылықтарды жоя алмады.

Бұл тұжырымдама биылдан бастап 2015 жылға дейiнгi аралықты қамтиды.

Жалпы, Қазақстан заңдарына сәйкес, мемлекеттiк қызметке республиканың әрбiр азаматы тұруға құқылы. Бос әкiмшiлiк қызмет орындарын лайықты үмiткерлер ашық байқау нәтижесiнде таңдап алынады. Олардың ҚР Заңдарын бiлу деңгейi, кәсiби дәрежесi т.б. қасиеттерi тестiлеу және әңгiмелесу сынақтары кезiнде анықталады. Әрине, қағаз жүзiнде бәрi орынды. Ал iс жүзiнде осы байқаулардың қорытындысы алдын ала белгiлi екенiне кiмнiң күмәны бар? Бүгiнде әлдекiм мемлекеттiк қызметке (оның үстiне лауазымды қызмет болса) бiлiмi мен бiлiктiлiгiне сүйенiп, әдiл байқау нәтижесiнде жұмысқа тұрыпты дегенге сенетiндер көп пе? Мiне кадрлық саясаттың ең ақсап тұрған тұсы. Бүгiнгi таңда Қазақстанда мемлекеттiк қызмет сыбайлас жемқорлыққа тонның iшкi бауындай жақын деген көзқарасты өзгерту керек. Жаңа тұжырымдамада осы мәселе ашық айтылып, бұл үшiн байқау сынақтарын қатаңдатып, оны жария түрде өткiзу қажеттiгi айтылған.

Әттең, бұл нақты нұсқаудың да сөз жүзiнде қалмасына кепiл жоқ…

Ұлттық кадр жасақтаудың бiр қыры – бiлiктi кадрлар резервiн дайындауға тiреледi. Соңғы жылдары "Нұр Отан" партиясының "Жас Отан" жастар қанаты жастар кадр резервiне талапкерлер арасында тұрақты түрде байқау өткiзiп жүр. Дегенмен үш-төрт жылдың айналасында осы кадрлық резервке енген жас мамандар қазiр қандай қызметтерге орналасыпты? Өкiнiшке қарай, қоғамдық орта бұл жөнiнен хабарсыз.

Ал жалпы республика бойынша саяси кадрлар мен "А" тобындағы басқару корпусына қажеттi кадрлар резервiн ҚР Президентi жанындағы Кадр саясаты жөнiндегi ұлттық комиссия анықтамақ.

Бұған дейiн кадрлық саясаттағы бiр өзгерiс министрлiктерде жауапты хатшы қызметiнiң енгiзiлуi едi. Лауазымды қызметтердегi кезектi ауыс-түйiстердi "командамен көшу" сияқты келеңсiз сипаттардан арылтуға тиiс бiрден-бiр тұлға осы жауапты хатшылар болатын. Алайда бұл қызметтiң кадрлық ауыс-түйiстердi реттеуге айтарлықтай септiгi тиген жоқ. Тiптi өзi саяси қызметке жататын болғандықтан, белгiлi бiр министр ауысқанда көбiне жауапты хатшының өзi орын ауыстыруға мәжбүр болған жағдайлар да аз емес.

Ендi жауапты хатшылар беделiн арттыруға мән берiлмек. Жаңа модель жүйесiне сәйкес, жауапты хатшылардың жауапкершiлiк деңгейi, бұл қызметке тағайындалған тұлғаның кәсiби бiлiктiлiгi қатаң сүзгiден өтiп, оның ролi мен функциясы нақтылана түспек. Оның үстiне, бұдан былай бұл қызмет "А" тобындағы басқару тобына жатқызылатын болды.

Осы орайда, Қазақстандағы мемлекеттiк қызмет бұдан былай үш топқа: саяси мемлекеттiк қызметкерлер, "А" басқару тобы, "Б" орындаушылық тобына бөлiнетiнiн айта кету ләзiм. Осыған орай, 2012 жылы мемлекеттiк қызметтердiң жаңа реестрi бекiтiлуi керек.

Дегенмен "Б" тобынан "А" тобына өтудiң де жолдары қарастырылған көрiнедi.

Жалпы, жаңа модель саяси лауазымды қызметтер тiзiмiн қысқартуды көздейдi. Жаңа модель арқылы мемлекеттiк саясатты тиiмдi жүзеге асыратын жоғарғы әкiмшiлiк мемлекеттiк қызметкерлер корпусы жасақталмақ.

ӘКIМ САЙЛАУ КӨЗДЕН БҰЛ-БҰЛ ҰШТЫ

19 мамырда ҚР Президентiнiң жергiлiктi мемлекеттiк басқаруға қатысты №86 Жарлығы шықты. Осы құжатқа сәйкес, бұдан былай облыстық маңызы бар қалалар мен облыс аудандарының әкiмдерi, облыстық маңызы бар қалалардағы аудан әкiмдерi, республикалық маңызы бар қалалар мен астаналық аудан әкiмдерi, аудандық, елдi мекен, ауыл (село) аймақтардың әкiмдерi өзiнен бiр саты жоғары әкiмдердiң пәрменiмен қызметке тағайындалатын және қызметiнен босатылатын болды. Бұл тағайындаулардың барлығы жергiлiктi мәслихат депутаттарының құптауымен жүзеге асырылуы тиiс, әрине. Дегенмен бүгiнгi қоғамда жергiлiктi әкiмге қарсы келген мәслихат депутаттарын көрдiңiз бе?

Дегенмен осы Жарлыққа сәйкес, кез келген аймақ басшысы, мейлi ол бiр облыстың әкiмi немесе кiшкентай ауылдың әкiмi болсын, ҚР Президентiнiң жеке шешiмiмен де қызметiнен босатылуы мүмкiн.

Әкiмдердi жоғарыдан тағайындау деген нәрсе бiзге таңсық емес. Бiрақ бұл Жарлықтың жаңалығы – осы құжатқа қол қойылған күнi 2004 жылы қабылданған "ҚР ауылдық (село), аймақтардың, ауылдардың (село), елдiмекендер әкiмдерiнiң сайлауын өткiзу туралы" заңның күшi жойылды. Жетi жыл бұрын қазақстанда ауыл әкiмдерiн сайлау тәртiбi енгiзiлiп, одан кейiнгi жылдары төрт ауданда тәжiрибе түрiнде әкiм сайлаулары өткiзiлгенi есте. Уақыт өте бiз республикадағы барлық аудан, қала және облыс әкiмдерiн сайлауға көшуiмiз керек едi. Жетi жыл бұрынғы мақсат осындай деп жарияланған-ды. Ал шын мәнiнде ендi бiз алғашқы бағыттан ауытқып, аймақ басшыларын тағайындауға толықтай қайта көштiк. Қазақстанда билiк вертикалi ресми түрде бiржола орнықты.

Бiр қызығы, көршi Ресей 2004 жылдан бастап губернаторларды сайлауды тоқтатып, оларды жоғарыдан тағайындауға көштi. Сол уақыттан берi ресейлiк қоғамда аймақ басшыларын сайлаған дұрыс па, әлде тағайындаған дұрыс па деген қызу пiкiрталас басылған емес. Алайда Ресей президентi Дмитрий Медведев жақында губернаторлар сайлауларын қайта енгiзу қажеттiгi жайлы айтып қалды. Шамасы, ресейлiктер ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан мемлекеттi басқаруда бiрыңғай орталықтандыру жүйесiнiң олқы түсетiнiн сезiнсе керек.

Ал саяси қызмет түрiне жататын облыс әкiмдерiн сайлау Қазақстан үшiн әзiрге бұлдыр елес қана сияқты.

ШЕНЕУНIК БОЛУ – ПАЙДАЛЫ…

Соңғы бес-алты жылда мемлекеттiк қызмет атқарудың артықшылықтары көп екенiне көпшiлiктiң көзi жете бастады. Әкiмшiлiк тарапынан баспаналы болу, заң аясындағы әлеуметтiк жеңiлдiктердi пайдалану мен қоғамдық абырой-беделден басқа, мемлекеттiк қызметтiң халық арасында ашық айтыла бермейтiн талай "жетiстiктерi" бар екенiн екiнiң бiрi бiледi. Қазiргi таңда шенеунiк болу деген сөз – баланы балабақшаға кезексiз орналастыру сияқты тұрмыстық қажеттiлiктерден бастап, шетелдерде ауқаттылар демалатын курорттарға жолдама алуға (немесе жекеменшiк сарай сатып алғанға) дейiнгi "игiлiктер" кiлтiне ие болуға бара-бар. Оның iшiнде, туысқанға қол ұшын беру мен көзтанысты жұмысқа орналастыру сияқты "шаруалар" күнделiктi күйбеңнiң арасында орындалар әдет-салтқа айналды.

Қазақстандық қай шенеунiк тек жалақыға қарап күн көрiп отыр дейсiз? Дегенмен ресми статистиканың өзi шенеунiктердiң материалдық жағдайы жыл сайын оңалып келе жатқандығынан хабар бередi. Қазiргi таңда мемлекеттiк қызметкерлердiң орташа айлығы 69 027 теңгеге жеткен. Әдiлдiк үшiн айталық, қаржы және сақтандыру саласындағы орташа жалақы көлемi 148 680 теңге екен. Дегенмен жалақы мөлшерiнiң орташа сипатына қарамастан, соңғы бесжылдықта мемлекеттiк қызметтiң ел арасындағы абыройы артқаны жасырын емес. Осыдан бес-алты жыл бұрын талантты, талапты жастар мемлекеттiк қызметтi қамыттан кем көрмесе, ендiгi жерде әкiмшiлiк орындардағы төменгi лауазымды қызметтердi сатылап өсудiң алғашқы баспалдағы немесе болашақ саяси қызметтiң капиталы ретiнде қарастыру басым.

Қалай дегенмен де, ендiгiде Қазақстанда шенеунiк болудың немесе мемлекеттiк қызмет атқарудың "пайдалы" iске айналғаны шүбәсiз.

Дамыған елдердiң барлығында дерлiк мемлекеттiк қызметкерлердiң абырой-беделi жоғары екенiн де мойындау керек.

Мемлекеттiлiк орныға түскен сайын, мемлекеттiк қызметтiң имиджi өсiп келедi, ендi оның сапасын көтеру керек-ақ. Халықтың маңдайына бұйырған ен байлықты адал игеру үшiн де мемлекеттiк қызметкерлер мемлекетшiлдiк көзқарасқа илануы тиiс. Жаңа тұжырымдама қазiргi Үкiмет қабылдаған көп бағдарламаның бiрi болып қалмай, жүйелi түрде iске асса, құба-құп…

11 тамыз, 2011

Гүлбиғаш Омарова